Сенбі, 21 шілде 2012 7:48
«Менің ағаларым» циклынан
Адамзат тарихында замана тегершігін диірменнің тасындай дөңгелеткен небір билеушілер өткен. Жазу-сызуы кенжелеу дамыған халықтардан шыққан сондай тұлғалардың өзі де, сөзі де уақыт өте келе көмескі тартып, ақиқаттың орнын аңыз басқан жағдай да аз болмаған. Мәселен, Еуразиядай апайтөс, алып құрлықтың алғашқы мыңжылдығының жон арқасында даланың дырау қамшысының ізін қалдырған ғұндардың ұлы көсемі Атилланың ордасынан кейінгі заманға, ең болмағанда, жалқы құжат та жетпеді.
Сенбі, 21 шілде 2012 7:48
«Менің ағаларым» циклынан
Адамзат тарихында замана тегершігін диірменнің тасындай дөңгелеткен небір билеушілер өткен. Жазу-сызуы кенжелеу дамыған халықтардан шыққан сондай тұлғалардың өзі де, сөзі де уақыт өте келе көмескі тартып, ақиқаттың орнын аңыз басқан жағдай да аз болмаған. Мәселен, Еуразиядай апайтөс, алып құрлықтың алғашқы мыңжылдығының жон арқасында даланың дырау қамшысының ізін қалдырған ғұндардың ұлы көсемі Атилланың ордасынан кейінгі заманға, ең болмағанда, жалқы құжат та жетпеді. Сондықтан ол туралы жазылған сансыз көп зерттеу, салынған сурет, шығарылған опера, түсірілген фильмдердің бәрі дерлік шындыққа емес, аңызға құрылды. Өйткені, Атилла бастаған шығыс ғұндардың тарихын кезінде ұлы қолбасшы басын игізіп, тізесін бүктірген, жеңілген елдердің тарихшылары жазды. Ал мұндай жағдайда шындықтың өңі қалай айналатынын көзі қарақты оқырманға дәлелдеудің өзі артық.Жаһан тарихының тағы бір жойқын тұлғасы – Шыңғыс хан. Америка мен Австралия ашылмай тұрғанда Еуропа мен Азиядағы ат тұяғы жететін ең құдіретті елдерді бірінен соң бірін дәргейіне келтірген қаһарман қолбасшы да көзі тірісінде, ең болмағанда, өзі құрған ұлы империяның тарихын хатқа түсіру жағын құнттамаған. Сондықтан шыңғыстанушылардың бәрі дерлік күні бүгінге дейін ұлы қаған тақырыбына қалам тарта қалса, Құлағу ханның шөбересі Қазан ханның уәзірі қызметін атқарған атақты парсы ғұламасы Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарихына» жүгінеді.Тарихшылар қауымы «орта ғасырлар» деп айдар таққан кезеңнің тағы құдіретті тұлғасы, Ұлы Моғолдар императоры – Акбар. Бабырдай оқымысты патшаның туған немересі болса да жазу-сызуға шорқақ болған Акбар көзі тірісінде-ақ бас кеңесшісі Әбу-л-Фазылға өз ғұмырнамасын жазуға тапсырыс береді. Нәтижесінде, бүгінгі заманға мұрты бұзылмай жеткен «Шахнаме» тектес «Акбарнаме» атты Әмір Темірден тартып, Бабырмен жалғасатын Акбар патшаның жарық дүниенің есігін ашқан кезінен бастап, бүкіл жеңісті жорықтарынан сыр шертетін тамаша туынды дүниеге келді. Батыс, Шығыс жұртындағы үндітанушылардың бұл еңбекке соқпай кететіндері сирек. Әсірелеп жазылса да ақиқаттың шеңберінен шықпаған осы ғұмырнамалық баянның желісімен дүниеге келген әдебиет пен өнер туындыларында қисап жоқ десе де болғандай.Осыдан тура 20 жыл бұрын тарих сахнасына тәуелсіз Қазақ мемлекеті шықты. Тамырын тереңнен: ертедегі – сақ, алыстағы – ғұн, берідегі – көк түрік, кешегі Қазақ хандығынан алатын ұлы даладағы ұлан-ғайыр ұлыс еңсесін тіктеп, қанатын көкке жазды. Жаңа мемлекет жаңа тарих түзді. Егемен елдің тұңғыш Елбасы сайланды, жаңа елордасы – Астана бой көтерді. Аз ғана уақыт ішінде Қазақ елі әлем таныған абыройлы мемлекетке айналды.Тарихты халық жасайтыны бесенеден белгілі, бірақ оның беталыс, бағдарын Мемлекет басшысы айқындайды. Елбасы төңірегіне топтасқан қайраткер тұлғалар ел саясатын қалыптайды. Тәуелсіздік тұсында жарқырап көзге түскен осындай саясаткер тұлғалардың бірі – Махмұт Қасымбеков. Ол ел мен Елбасының арасын жалғаған алтын көпірдей азамат. Ендеше, бүгінгі әңгіме егемендіктің елең-алаң шағынан бастап, бүгінгі күнге дейін әрдайым Елбасының жанынан табылған ең сенімді серігі, Ақорданың бас жылнамашысы Махмұт Базарқұлұлы жайында.Мен Махаңмен тәуелсіздік тұсында ғана таныстым. Әрқашан өзін сабырлы, салмақты қалыпта ұстап, ешқашан асып-таспайтын осы бір азаматпен тез арада достасып, ежелгі таныстай етене араласып кеттім. Кейін Ақордадағы кабинетіміз де қатар болғандықтан күн сайын дерлік жүз көрісіп, пікір алысып жүрдік. Сондай сансыз көп жүздесу, сырласудан есте қалған Қасымбековтер әулетінің тауариғы төмендегідей болып шықты.Қазақ даласының соңғы жолбарысы қаһарман хан Кене 1847 жылы қырғыздар қолынан мерт болған соғыста шұбыртпалы Ақжолтай Ағыбай батыр жаудың шебін қақырата бұзып шығып, аман қалған жаужүрек батырларды төңірегіне топтастырып, қырық жылға жуық уақыт бойына қарулы күресін тоқтатпаған екен. Ертіс пен Есілді еркін билеп, Сарыарқада сайран салған орыс отаршылары Ағыбай әулеті төтеден тартып жол салған Бетпақтың шөліне кіруге жүрегі дауаламаған. Сол бір бастан бақ тайып, атақонысты адыра қалдыра көшкен кезеңде батырдың ұрпақтары Ағыбай бабасын Сарыарқа мен Бетпақтың ұштасқан тұсындағы Тайатқан – Шұнақ деген жерге арулап қойып, өздері суы да, нуы да мол, қамысты, қопалы, малға да, жанға да жайлы, дұшпан құрығынан да алыс Мойынқұмның бойына қоныс теуіпті. Тегіне тартып туған текті ердің тұқымы жаңа ортаға тез сіңіп, өсіп, өніп, өркен жайып, бір қауым елге айналады. Махмұттың әкесі Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Даңқ орденінің иегері Базарқұл атамыз осындай атақты батыр әулетінен тамыр тартқан жан екен.Біреуден ілгері, біреуден кейін, ортадан гөрі жоғарылау дөңгелеген шаруасы бар, өз ісіне мығым Қасымбек атамыз 20-шы жылдары «байдың тұқымы» деген желеумен қуғынға ұшырайды. Зобалаңның жақындап қалғанын анық сезген Қасымбек үлкен ұлы Сөкетаймен бір-ақ түнде түйеге жүгін артып, Қырғыз Алатауының арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайындар арасынан шығады.Көп ұзамай мұнда да көзге шұқып, көре алмаушылардың қатары көбейе түскен кезде оңтүстік арқылы Қызылдың құмын кешіп отырып, түркімен төріне келіп табан тірейді. Әуелі патшалық Ресей, кейін коммунистік Кеңес тарапынан қуғынды көп көрген Ағыбай ұрпақтары 32-нің ақсүйек ашаршылығынан бабалар дәстүрімен үздіксіз көшіп-қона жан сақтап, ел аяғы тынышталған 36-ның күзінде сол баяғы құтты қоныс Әулиеата жеріне қайта оралып, біржола тұрақтап қалады.Көшудің де көшуі бар. Бабалардан қалған атақоныста ескі сүрлеумен жыл сайынғы жайлау мен қыстаудың арасында көшу бір басқа да, бұрын ойы мен қырын білмейтін, бөтен жұрт, беймәлім орта, тіпті атасы басқа елге қоныс аударудың жолы мүлде бөлек. Мұндай нартәуекелдік өмірдің кез келген қиындығына қаймықпай қарсы тұратын қайсар жандарға ғана тән болса керек. Жоқтан бар жасап, айналасы үш ғасырға жетер-жетпес уақытта әлемдегі ең алпауыт мемлекет атанған АҚШ-тың артықшылығы неде деп ойлаймыз. Сізді қайдам, өз басым оны бүгінгі америкалықтардың геніндегі бір кездері шетсіз, шексіз көк мұхитты көктей өтіп, жаңа құрлыққа жол салған америкалық алғашқы буынның қайтпас-қайсарлығында ма деп ойлаймын. Ендеше қара қазан, сары баланың қамы үшін Бетпақтан өтіп, Алатаудан асып, Қызылқұмды кешкен Қасымбек әулетінің нартәуекелге бел буған қарекетін қайткен күнде өз ұрпағын сақтап қалу жолындағы қайсарлық демегенде не дерсің.Орайы келгенде айта кеткен жөн – Базарқұлдың туған ағасы Сөкетай кезінде Құран оқып, кітап ашқан, емші-тәуіпшілігімен Шу-Мойынқұм өңіріне аты шыққан дамолла болыпты.Махмұттың нағашы жұрты да осал болмай шықты. Оның анасы атақ-даңқы Әулиеата өңіріне молынан тараған әйгілі Кеншім бидің немересі болып келеді. Күләнда апамыз 10 құрсақ көтеріп, соның алтауын аман-сау жеткізіпті.Махмұттың әдебиет пен өнерге жақындығына, қоғамдық ғылымдар саласында еңсере еңбек жазғандығына қарап, мамандығы тарих пен әдебиеттің айналасында болар-ау деп шамалаушы едім. Кейін білдім: ол «қып-қызыл» математик екен.Махмұт орта мектепті үздік бітірген соң, бір жыл өзі туған ауылда математика пәнінен ұстаздық жасап, 1970 жылы қазақ жоғары оқу орнының қарашаңырағы – ҚазПИ-дің математика факультетіне оқуға түседі. Әйгілі білім ордасының 4-ші курсында оқып жүргенде-ақ институт комсомол ұйымының хатшысы болып сайланады. Бүгінде бұл өзі оп-оңай сияқты болып көрінгенмен, сол заманда төрт мыңнан астам мүшесі бар институт комсомол ұйымның аудандық комсомол комитетімен дәрежесі бірдей болатын. Оның үстіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен, үлкен-үлкен қалалардағы орыс, қазақ мектептерінің ең үздік бітірушілері келіп түсетін атағы да, айбыны да мықты оқу орнындағы жастардың жетекшісі болу жүзден озған жүйріктерге де бұйырмай, мыңнан озған тұлпарлардың ғана маңдайына жазылатын. Махмұт сондай өз ортасынан оза шапқан тұлпардың санатында болды.Орысша, қазақша екі тілде де ағып тұрған, дала мен қаланың тірлігінен бірдей хабардар жас азаматтың бұдан кейін де тасы өрге домалап, көп ұзамай әуелі Алматы қалалық, екі жылдан соң Алматы облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметінен бір-ақ шығады. Сол кездегі номенклатураның жазылмаған заңы бойынша бұл республикадағы өңірлік комсомол ұйымдары үшін өте үлкен лауазым болатын. Астаналық қала мен астаналық облыстың комсомол ұйымының хатшылығынан кейінгі баспалдақ Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің хатшысының орынтағы болуға тиіс еді. Оқиғаның барысы да соған келе жатқан. Дәл сол кезде жымия жылмиып, көлгірси күліп, орынсыз шешенсіп, қисынсыз көсемсіп сөйлейтін республика комсомолының жетекшісі «келесі пленумда-ақ хатшылыққа сайланасың» деген құрғақ уәдемен бөлім меңгерушілігіне шақырды. Бірақ көп ұзамай пысықай басшы алған қол, берген серттен айнып шыға келді. Жылмақайдың өзіне де, сөзіне де қолын бір сілтеген алғыр азамат Алматы облыстық партия комитетіне қатардағы нұсқаушылыққа ауысады.Кездейсоқ келген қиындық арқауы бос адамды жүндей түтсе, рухы мықты азаматтарды одан әрі ширықтыра, шынықтыра түседі.Күн сайын көрігі қызып тұратын комсомолдық қызметтен келген Махмұт әбден қалыпқа түскен партиялық жұмысты ұршықтай үйіріп әкетеді. Суырылып алға шығып, тағы да жарқырап көзге түседі. Тәжірибесі молайып, абыройы да өседі. Дәл сол кезеңде оның бұдан былайғы өмірін күрт өзгерткен оқиға орын алады.Қанша жамандасақ та орыстың турашылдығын аттап өту қиын-ақ. Алматы облыстық партия комитетінде жүргенде Махмұтты Орталық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Борис Александрович Демин сектор меңгерушілігіне шақырады. Махмұт бұған ойланбастан келісімін береді.Бұл Қазақ елін ұлы өзгерістер күтіп тұрған кезең еді. Көп ұзамай бар қазақтың тағдырын күрт өзгерткен ұлан-ғайыр оқиғалар басталып та кетті.Қазақ елі тұңғыш рет өз Президентін сайлады. Осылайша Президент аппараты мен Министрлер Кабинетінің Әкімшілігі құрылды. Махмұт әуелі осы құрылымның, кейін дербес бөлініп шыққан Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі, ал 1996 жылдан Президент Кеңсесінің бастығы болып тағайындалды.Шынын айтқанда, мен ресми деректерге тым жиі жүгінгенді ұнатпаймын. Мұндайда ел тағдыры, ер тұлғасы көбінесе сол қаптаған деректердің қапталында қалып қояды. Бұл жолы бәрін қаттап-шоттап отырғаным – азамат ер тағдырының азат ел тағдырымен өзектес өрілгенін көрсету. Өйткені, дәл осыдан кейінгі Махмұттың бүкіл өмірі тәуелсіз Қазақ еліне, ел тізгінін ұстаған Елбасына қызмет етуге арналады.Мемлекеттік қызметтің ұңғыл-шұңғылы, қатпар-қалтарысы өте көп. Соның бірі – іс қағазын жүргізу. Былай қарағанда онда тұрған ешнәрсе жоқ, тіпті кәкір-шүкір сияқты көрінетіні де рас. Ал шынтуайтқа келгенде, жаңадан ашылатын аудан, қала, белгіленетін бюджет, миллиардтаған қаржы-қаражат, тіпті мемлекет тағдырына әсер ететін ұсыныстардың бәрі әуелі қағазға түсіп, хат ретінде тіркеледі. Осындайда бір ауыз орынсыз айтылған пікір, қисынсыз қолданған термин, орашолақ құрылған сөйлем тәп-тәуір ұсыныстың тас-талқанын шығарып, тамаша жоба, кемел ұсыныстардың жолын шорт кесуі әбден мүмкін.Іс қағаздары – мемлекет сауаттылығының да көрсеткіші десем артық айтқандық бола қоймас. Тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік тілде іс жүргізуді берік орнықтырған азамат Махмұт Базарқұлұлы болды.Тоқсаныншы жылдардың ортасында Махаң телефон шалды. Бұл кезде мен кәсіпкерлікпен айналысып, баспагерлік жұмыстың қайнаған ортасында жүрген едім.– Іс қағаздарын қазақша жүргізу қиындап барады. Қолдан термин жасаушылар көбейіп кетті. Соның салдарынан республика – облысты, облыс – ауданды түсінуден қалды. Бұл «қазақ тілі іс қағазын жүргізуге қауқарсыз» деген кереғар пікір туғызуда. Осыған тоқтау салу үшін бір анықтамалық жасадық. Соны басып шығаруға қол ұшын беріңіз. Ақын-жазушылардың кітабын шығаруға бөлінетін мемлекеттік бюджеттің азық-аулақ қаражатына ортақтасқым келмейді, – деп салмақ сала ұсыныс айтты.Мен бірден келістім. Осылайша 1994 жылы «Екі тілде іс жүргізу» сөздік-анықтамалығы жарық көрді. Дәл осы кітап тәуелсіз Қазақстанда іс қағазын мемлекеттік тілде жүргізудің канондық нұсқасын қалыптастырды десем артық айтқандық болмас.Тоқсаныншы жылдары «дочерняя компания – қыз компания», «валютная единица – валюта единицасы», «валютный курс – валюта курсы», «пошлина – алым» болып жүретін, сөздік «дочерняяны» – «еншілес», «единицаны» – «бірлік», «курсты» – «бағам», «пошлинаны» – «баж» деп тігісін жатқыза белгілеп берді.Іс қағаздарында жиі қолданылатын бұрыштамалар «срочные – жедел», «неотложные – қауырт», «экстренные – шұғыл» болып осы сөздікте орнықты.Кітаптың екінші бөлімінде бұрын ала-құла жазылып жүрген мемлекеттік билік пен басқару органдарынның, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің атауларын дұрыс жазудың негізгі ережелері бекітіліп, өмірбаян мен іссапар куәлігін толтырудың үлгілеріне дейін тайға таңба басқандай көрсетіп берді.Тәуелсіз Қазақстан тарихында «жарлық» деген қазақтың байырғы сөзіне өзгеше реңк беріп, оған өшпестей өмір сыйлаған Махмұт Базарқұлұлы болды. Дәл солай: егер сіз Кеңес Одағы кезіндегі Қазақстан архивтерін түгел қотарып, сансыз көп сарғайған газет тігінділерін ақтарсаңыз да сол кездегі билік шығарған құжаттардан жарлықты таба алмайсыз. Өйткені ол заманда жарлықты Мәскеу ғана шығарып, Қазақстан «үкіммен» шектелетін. «Указды» – «жарлық» етіп, «распоряжениені» – «өкім» деп балталаса да бұзылмайтындай бекіткен қазақ дәл осы Махаң болатын.Мамандығы математик Махаңның біз әлдеқашан ұмыта бастаған физика-математика терминдерінің қазақша баламасын шемішкедей шағатынын оның айналасындағылардың бәрі біледі. Кейін бұған өзі қызмет барысында жиі қолданатын саясат, заң, экономика терминдері қосылды. Оның осы саладағы ізденістері 1992 жылы жарық көрген қоғамдық-саяси терминдердің сөздік-анықтамалығына ұласты. Қай іске болмасын ерекше ыждаһаттылықпен қарайтын Махмұт біртіндеп термин түзудің тамаша маманына айналды. Айналып қана қойған жоқ: қазақ тарихында жарық көрген 30 томдық «Қазақ тілінің орысша-қазақша терминологиялық сөздігі» атты іргелі еңбектің авторлары мен құрастырушыларының тобын басқарып, оны басып шығаруға мұрындық болды.Еліміздегі ғылым мен білімнің алуан түрлі саласындағы жетекші ғалымдар мен айтулы терминологтардың кеңінен қатысуымен дайындалып, қазақ тілінде Кеңес Одағы кезінде қалыптасып, тәуелсіздік кезінде түрленген барша терминдерді ғылыми, әдеби сүзгіден өткізген 31 томдық бұл іргелі еңбек ұлт терминологиясындағы аса үлкен жетістік ретінде бағаланды. Дәл осы еңбегі үшін бірқатар ғалымдармен қатар Махмұт Қасымбековке де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Орыстың «награда иесін тапты» дегені дәл осындайда айтылса керек.Махмұт үш бірдей жоғары оқу орнын бітірген азамат. Математик, экономист қана емес, саясаткер. Саясаткер деп саясатты жасаушы тұлғаны айтса керек. Қазақстан өз тәуелсіздігін жарияламастан бұрын-ақ Президент Әкімшілігінің бөлімін басқарып, еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуына қатысты алуан түрлі құжаттарының қабылдануы мен жүзеге асуының басы-қасында болған азамат саясаткер болмағанда кім болуы мүмкін. Махмұттың басқа саясаткерлерден тағы бір ерекшелігі, Елбасының сан қырлы қызметінің саяси жылнамасын жасап, осы тақырыпқа арналған саяси публицистикалық шығармалардың тұтастай сериясын жазып шықты. Жазғандарын жүйелеп, жинақтап, бірнеше кітаптар шығарды. Президенттік биліктің қалыптасып, дамуы мен оның елімізді саяси жаңғырту рөліне арналған докторлық диссертация қорғап, саясаттану ғылымының докторы атанды. Және біреулер сияқты ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрмей, тыңнан түрен тартып, дәл осы тақырыпта докторлық диссертация қорғаған алғашқы ғалым болды.Махмұт өмір бойы атағынан ат үркетін мекемелерде қызмет істеп келе жатса да мейірбандық пен ізгіліктен көз жазбаған жан. Соның бір дәлелі: ана бір жылдары бәріміз жапатармағай Астанадан үй салдық. Махмұт та жып-жинақы баспана көтерді. Ол салған үйдің ішіне кірген адамды былай қойғанда, сыртынан қараған жанның өзіне жылылық шуағын сыйлайтын бір ғажап ерекшелігі бар еді. Оның ауласында Махмұттың өз қолымен ағаштан қиып жасаған Қараөткелдегі зәулім үйлердің бірінде жоқ қараторғайдың сүп-сүйкімді ұясы болатын…Махмұттың қалың көпшілік қауым жете біле бермейтін тағы бір қыры – әдебиет пен поэзияға әуестігі. Көңіл қошы келгенде төгілдіре жыр жазатыны тағы бар. Осындай бір көңілді сәттерінің бірінде:– Омар Хайям бастаған шығыс шайырларының бәрі дерлік математик болған. Ұлы математик Софья Ковалевская өлең де, повесть те, тіпті роман да жазған. Тағы бір әйгілі математик, Қазан университетінің ректоры Николай Лобачевский де Пушкиннің әсерімен өлең шығарған. Орыс әдебиетіндегі «күміс ғасырдың» керемет өкілі Андрей Белый Москва университетінің физика-математика факультетін бітірген, тіпті оның әкесі Борис Бугаев математика профессоры болған, – деп шешіле сөйлегеніне куә болғанымыз бар.Махмұттың әдебиетке, қалам ұстаған қауымға ерекше құрметін байқаған ақын, жазушылар да оған әрдайым үйіріліп тұрады. Қазақ қаламгерлерінің Елбасы қабылдауында жиі болатынының тағы бір сыры осында екенін көзі қарақты қауым енді айқын аңғарған шығар деймін. Махмұттың қолы қалт еткенде домбыра тартып, ән салатыны да бар. Бильярдтың тасын сақпандай сатырлата соғып, қазақ зиялыларының ермегіне айналған осы бір өнерді де еркін меңгергенін талай рет өз көзімізбен көрдік. Ұзақ жылдар бойы Президент Әкімшілігі футбол командасының капитаны болғанын да жақсы білеміз. Футбол дегеннен шығады, осыдан 2-3 жыл бұрын Махаңның жүрегі сыр беріп, операцияға түсті.Сонда:– Мен доп теуіп жүргенде біраз әріптестерім аяғымды теуіп тастапты. Балтырдан тамыр алайын десе, әй жігіттер-ай, саутамтығын қалдырмаған екен, – дегені есімде.Сөйткен Махаң әлі күнге дейін футбол десе ішкен асын жерге қояды.Махмұт – үнемі қаламы құрғамай өндіре жазып келе жатқан азамат. Әсіресе, өзіне тән ұқыптылықпен жыл сайын шығарып келе жатқан «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: қызмет жылнамасы» атты көп томдық еңбек Елбасының өмірімен, тәуелсіздік тарихымен, замана саясатымен айналысатын бүгінгі һәм болашақтағы қазақ ғалымдары үшін ақиқат шындыққа негізделген бірден-бір қайнар деп білемін.Елбасы туралы жазамын деушілер де, жазылған еңбектер де аз емес. Өкінішке қарай, солардың ішінде ақиқатты аттап өтіп, жанынан оқиға қосып, шындықтың өңін айналдырушылар жеткілікті. Осылардай Мемлекет басшысы өмірбаянын көпе-көрінеу бұрмалаушылардың қатары көбейе бастаған кезде Махмұт тағы бір берекелі істі қолға алып, оны тамаша нәтижемен аяқтап шықты. Ол – «Нұрсұлтан Назарбаев. Ғұмырналық баян» атты Елбасының нақты деректер мен фактілерге негізделген канондық өмірбаяны. Әлі баспаханалық бояуы кеуіп үлгермеген бұл еңбек те Қазақстанның Тұңғыш Президенті өмірін зерттеушілер үшін ақиқат қайнары болады деп сенемін.Махмұт замандасымыз қазір жігіт ағасы жасына жетті. Бергені аз емес, беретіні де әлі мол. Өмірде қызметін, шығармашылықта тақырыбын тапқан жан. Ол – Ел мен Елбасына адал қызмет ету, туған халқы мен Тұңғыш Президенттің арасын жалғау, Мемлекет басшысының бас жылнамашысы ретінде елдің ақиқат тарихын жазу. Еліне де, Елбасына да адал серік болған жан. Қазақ тілінде «елсерік» деген сөздің бар-жоғын анық білмедім. Болса, соған бірден-бір лайық тұлға Махмұт деп білемін, болмаса, дәл осы сөз аға достың тойына мен салған олжаның бірі болсын.Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД