Сейсенбі, 31 шілде 2012 7:20
Қазақта қарақан басынан гөрі халқының қамын жеген азаматтар қашанда болған. Сондықтан да ата-бабамыз: «Аттан аттың несі артық, қазанаты бір басқа. Адамнан адамның несі артық, азаматы бір басқа», деп ондай ұлдарына ерекше сүйсініп, естерінде сақтаған. Сондай асыл жандардың бірі еліміз үшін күрделі де қиын кезеңдерде Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Алматы, Шымкент облыстары атқару комитетінің төрағасы,
Сейсенбі, 31 шілде 2012 7:20
Қазақта қарақан басынан гөрі халқының қамын жеген азаматтар қашанда болған. Сондықтан да ата-бабамыз: «Аттан аттың несі артық, қазанаты бір басқа. Адамнан адамның несі артық, азаматы бір басқа», деп ондай ұлдарына ерекше сүйсініп, естерінде сақтаған. Сондай асыл жандардың бірі еліміз үшін күрделі де қиын кезеңдерде Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Алматы, Шымкент облыстары атқару комитетінің төрағасы, Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған, экономика ғылымдарының докторы Нұрдәулет Күзембаев десек ақиқаттан аттай қоймаспыз. Бұл кісінің еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы еңбегі осылай деуімізге әбден лайық.Алыс ауылдан шығып, ат жалын тартып азамат болған оның өмірбаяны өз қатарластарынан оза туған тұлға екеніне көңіл аудартады. Сөз еткелі отырған азамат Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Доңызтау жерінде малдың жайымен көшіп-қонып жүрген орта шаруа Күзембайдың отбасында дүниеге келді. Зарығып, сағынып көрген бала болған соң ба, оның жарық дүние есігін ашуы ата-анасын ғана емес, ағайын-туғанды, ауыл-аймақты қуанышқа бөледі десе де болғандай. Жасынан түйінді, зеректігін аңғарған әкесі Күзембай ұлы ес білген соң-ақ Темірдегі орыс-қазақ мектебіне береді. Ол кезде мұнда революциялық көзқарастары үшін Петербургтен жер аударылған оқыған-тоқығаны мол атақты мұғалімдер сабақ беретін-ді. Талапты жас Темірдегі төрт кластық орыс-қазақ мектебін үздік бітіріп, Доңызтаудағы елге оралып, осындағы көшпелі жұрттың балаларын оқытады.Жаңа ғана ержетіп, оң-солын аңғара бастағанда елде ақ кетіп, қызыл келіп, алағай да бұлағай кезең басталып, байларды кәмпескелеу, бақуаттыларды қамау, мәжбүрлеп ұжымдастыру басталып, оның арты ашаршылыққа ұласады. Осы бір қиын кезеңде әкесі Күзембай өмірден озып, Нұрдәулет ағамыз тағдырдың тауқыметін көп көреді. Ел ағалары кәмпескеге ұшырап, күші барлар шетелге ауа көшіп жатқанда солардың арасында ол да болады. Сөйтіп, Доңызтаудан үдере көшкен елмен бірге 1928 жылы Қарақалпақстанға табан тірейді. Білімді адам жерде қалған ба, онда барғаннан кейін Кегейлі, Қыпшақ аудандарындағы қаржы бөлімдерінде кіші қызметкер деңгейінде жұмыс істеп, кейін Қыпшақ аудандық партия комитетінде статист болып қызмет атқарады. Ақтөбеге оралған соң Ленинградтағы қаржы институтына оқуға түседі. Ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен осы институтта оқып аман қалған сыңайлы.Институттың соңғы курстарында оқып жүргенде Мәскеуде әлемге белгілі атақты әнші Күләш Байсейітовамен бірге театр оқуында оқып жатқан Ақмарал жеңгемізге үйленеді, көмейіне бұлбұл ұя салған әншімен аралас-құралас жүреді. 1937 жылы институтты тәмамдаған жас жігіт елге келіп, Қазком банкіне қызметке тұрады. Іскерлігі мен білімділігін, адамгершілігі мен азаматтығын аңғарған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің басшылары Нұрдәулет Күзембаевқа үлкен сенім артып, 1939 жылы жаңадан ашылған Шығыс Қазақстан облысына ұйымдастыру комитетінің басшысы етіп жібереді де кейін осы облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне сайланады. Ал ол кезде осы өңірдегі Лениногор кен орнының басшысы Димекең – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев еді. Міне, халқымыздың екі бірдей атпал азаматы шығыста осылай тізе қосып, еңбек етеді. Мұнда екі жылдай жұмыс істеп, кейін Министрлер Кеңесінің Іс басқарушысы қызметіне жоғарылатылады. Ұйымдастырушылық қабілетін, сауаттылығын, білімділігін сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұртас Оңдасынов жоғары бағалап, соңы сыйластыққа ұласып, көп жыл бірге қызметтес болады.Бір кездескенде Нұрекеңнің Абай атындағы академиялық опера-балет театрының қалай академиялық атағын алғанын айтқаны бар. Ол кісіге осы театрды ашуға қарар дайындау тапсырылады. Нұрекең құжатты әзірлеп алып барғанда Нұртас Оңдасынов: «Академиялық» дегенді қос, біз қазір осылай істемесек, бұл театр мұндай атақты ешқашан ала алмайды, деп ескертеді. Солай істеледі де. Міне, қазақтың нарқасқа ұлдарының көрегендігі қандай! Сол кездің өзінде ел тағдырына қатысты шаруаларға ұлттық тұрғыдан келген ғой олар.Нұрдәулет Күзембаев он жылдай Алматы және Шымкент облыстық атқару комитеттерінің төрағасы болғанда қыруар жұмыстың басын қайырып, халқына қалтқысыз қызмет етті. Екі жылдай Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Бұл елді Никита Хрущев басқарып тұрған қиын кезең еді. Ол кісінің Қазақстанға деген көзқарасының қаншалықты болғанын иісі қазақ біледі. Республика басшылығынан Жұмабай Шаяхметовты ығыстырып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Пантелеймон Пономаренконы әкеліп, екінші хатшылығына Брежневтің келген кезі болатын. Ұрда-жық, әпербақан Хрущевтің мұнысы ұлттық кадрларға деген қысастығы екені бірден белгілі болды. Мұндай солақай саясаттың салқыны Нұрдәулет ағаны да айналып өтпеді. Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан Алматы облысындағы Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына төмендетілді.Шыны керек, Нұрдәулет аға Күзембаев қызметін жетік білетін, достыққа берік, өзара ортақ тіл табуға ықыласты жан болатын. Өзі басшылық жұмыстарда жүргенде Ораз Жандосов, Жұмабай Шаяхметов, Нұртас Оңдасынов, Ғабидолла Қаржаубаев, Жұмабек Тәшенов, Хайдар Арыстанбеков, Мінайдар Салин және басқа тұстастарымен қоян-қолтық бірге қызмет етті, сырлас-сыйлас болды. Сол кезеңнің ауыр жүктерін бірге көтерді.Зейнетке шығар алдында Нұрекең Алматы облыстық статистика басқармасымен Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінде бөлім бастықтары бола жүріп, экономика саласында бірнеше кітаптар жазды, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Осылай еңбектене жүріп, экономика ғылымдарының докторы атанды. Ол кісінің тікелей араласуымен Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетіне қарасты экономикалық ғылыми-зерттеу институты ашылды. Оның бірінші директоры да өзі болды. Бұл институт еліміздің экономикалық әлеуетін зерттеп, үкіметке нақты ұсыныстар түсіріп отырды. Мұнда республика дамуына қажетті экономика саласының білікті ғылымдары шоғыры даярланып шықты. Әлі есімде, оның «Жезқазған –Бейнеу» теміржолын салудың экономикалық тиімділігі туралы жұмыстары 1980 жылы жазылған болатын. Бірақ, бұрынғы Кеңес өкіметі оған көңіл бөлмеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жолдың тиімділігін түсініп, батыл қолға алды, қаржы бөлді. Сөйтіп, биыл құрылысын бастап та жіберді. Міне, елінің қамын ойлаған ақиық азаматтың халқына қызмет етуінің бір үлгісі еді бұл. Өзі өмірден озса да асыл азаматтың ақыл-ойының елінің ертеңіне қызмет етіп жатқанының дәлелі осы.Асыл азамат өзінің кіндік қаны тамған Ақтөбе жерін үнемі аңсап, сағынышпен еске алып жүретін. Қандай басшылық қызметте жүрсе де елмен байланысын үзген жоқ. Туған жеріне келіп, аңсарын басып, аунап-қунап қайтатын. Сондайда қазақылығын ұмытпай, өмірден өткендерге көңіл айтып, қуаныштарын бөлісетін-ді. Жасының ұлғайғанына қарамастан Ираннан келген көне араб жазба алфавитін білетін азаматты өзі бастап алып келіп, Барақ атаның басындағы құлпытасты оқытып, оның қай жылы туып, қай жылы қайтқанын анықтап бергені де ұрпаққа үлгі болар іс.Нұрдәулет Күзембаев ерен еңбегі, білікті басшылық қызметі, халқына тигізген пайдасы үшін Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту және екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталып, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің бірнеше шақырылымдарының депутаттығына сайланған аға ұрпақ өкілі. Елінің ертеңі үшін ұлан-ғайыр іс тындырған абзал жанның туғанына биыл 100 жыл толады. Оны өз ретіне қарай өңірлік деңгейде атап өтсе де артық болмас еді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды», дейді қазақ.Олай болса, Нұрдәулет Күзембаев есімін жадымызда жаңғырту мақсатында ол кісі кезінде еңбек еткен Ақтөбе, Алматы, Шымкент қалаларынан, өзі туып-өскен Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді селосынан көшенің аты берілсе, тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл асыл азаматтың рухына деген құрмет қана емес, ұрпақтарға үлгілі іс болатыны сөзсіз.Мүсіран ҚИЫНБАЕВ, экономика ғылымдарының кандидаты, зейнеткер. Ақтөбе облысы.