Сенбі, 11 тамыз 2012 7:15
Қазіргі күні ел игілігіне, ұлттық мүддеге қызмет етіп жүрген философтарымыз баршылық. Дегенмен, олардың арасынан ұлтымызға ең жақыны – жерлесіміз, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есімнің есімін бөле-жара атасақ ешкім таласпасы анық. Себебі, ол – ұлттық тәрбие, болмыс-бітім, діліміз бен дініміздің, мемлекеттік тіліміздің өзекті мәселелерін тереңінен қаузап, астарын ашып көрсетуде қашанда алдыңғы шептен көрініп жүрген ғалым. Әрі ұлы философтардың шеберлік мектебінен өтіп, өрелі ойларын ел кәдесіне жаратып, халықтың санасын оятуға бір кісідей атсалысып келе жатқаны анық.
Сенбі, 11 тамыз 2012 7:15
Қазіргі күні ел игілігіне, ұлттық мүддеге қызмет етіп жүрген философтарымыз баршылық. Дегенмен, олардың арасынан ұлтымызға ең жақыны – жерлесіміз, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есімнің есімін бөле-жара атасақ ешкім таласпасы анық. Себебі, ол – ұлттық тәрбие, болмыс-бітім, діліміз бен дініміздің, мемлекеттік тіліміздің өзекті мәселелерін тереңінен қаузап, астарын ашып көрсетуде қашанда алдыңғы шептен көрініп жүрген ғалым. Әрі ұлы философтардың шеберлік мектебінен өтіп, өрелі ойларын ел кәдесіне жаратып, халықтың санасын оятуға бір кісідей атсалысып келе жатқаны анық.
Академик ағамыз, әсіресе, Тәуелсіздік алған кезден бастап ұлттық құндылықтарымызды түгендеуге білек сыбана кіріскенін жарық көрген еңбектерінен айқын байқауға болады. Ол еліміздің егемендігін баянды ету жолында баса мән беретін қажетті тұстарды, нақтырақ айтсақ, халықтың санасын жаңғыртуды дер кезінде бірінші орынға қоя білді. Яғни, кеңестік идеология құрығынан шығып, егемен елімізде халық санасын жаңа еңселі биікке көтерудің айла-тәсілдерін іздестіруге кірісті. Себебі, кез келген елдің ұлттық рухының асқақтығы дәл осы санаға тікелей байланысты болса керек. Философтың «Сана болмысы» деген атпен жарық көрген тоғыз кітабы осы сөзімізге айқын дәлел болмақ. Адамдар санасындағы өзгерістер жайындағы философиялық ойлары топтастырылған бұл жинақтарда қазіргі заман туралы терең тұжырымдар жасалған. Автор айналадағы түйткілдерге байланысты тұшымды ойларын ортаға салады. Сана азаттығының, тәуелсіздігінің мәнін түсіндіруге, оның оңы мен солын танытуға күш салған. «Бөгде сана» мен «төл сананың» аражігін ажыратып беруі де көпке көмек екені сөзсіз.Әрбір еңбегінен ұлттық болмыстың бөлшегін көреміз. Мәселен, «Бүгінгі күннің бедерлері», «Халықтың дүниетанымы», «Ұлттық сана және ұлтшылдық туралы» деген мәселелерге кеңінен тоқталған еңбектерінде ұлттық дүниелер кеңінен көрініс тапқан. «Тағы да қазіргі заман туралы», «Суфизмге кіріспе» деген еңбектері де халық үшін құнды. Мысалы, «Тағы да қазіргі заман туралы» материалында Абайға жүгіне отырып, «заман» ұғымы жайында өзінше тың ой түйді.Ол Абай, жыраулар, көне ақындар да қоғам демей, заман дегенін, бұл ұғым халықтық түсінік екенін алға тартады. «Қоғам кеңес заманында «қолдан жасалған ұғым» деген түйінге келеді. Әрине, талас тудыратын ой. Өйткені, уақыт жаңа терминдерді әкелетіні белгілі. Бірақ, автордың тұжырымы оқырманға ой салары анық.Сана болмысын түптеп тануды мақсат еткен Ғарифолла Есім кез келген тақырыптың тамырын дөп басуымен ерекшеленеді. Қайсыбір ұғымның көкжиегін кеңейте отырып, мақалаларына өзек ететіні өзгеге үлгі. Заман жайында ой айту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапты әрі күрделі іс. Бұл орайда, философ әбден қалыптасқан, тиісті бағасын алған заманды сөз етпейді, ол әрдайым иіні қанбаған, шешімін күткен дүниелерді нысанасына алады. Әрі күрделі тақырыпқа қалам сермегенде парасаттылықпен, биік пайым, берік байлам тұрғысынан кіріседі. Жұртшылықтың көкейіндегі түйткілдерді, жаһандану сияқты күрделі ұғымдар төңірегінде, халық тағдыры, ұлттық мүдде, ел ертеңі жайында айтылған кез келген түйіні азаматтық тұрғыдан жасалғаны сезіледі.Ғарифола Есім Тәуелсіздік таңы атқаннан бері халқымызға жаңа ойлауды қалыптастыру жолында өз ғұламаларымыздың терең ойларына жүгінді. Яғни, Абай мен Шәкәрім сияқты ғұламалардың көрсеткен бағыт-бағдарын негізге алып, жұртына жөн сілтеді. Мәселен, ғалымның өзгеден ерекшеленіп тұруына ықпал еткен, ғылымға қосқан үлесін еселей түскен шығармасы «Хакім Абай» десек, артық айтқандық емес. Автор дәл осы туындысы арқылы қазақ санасын жаңаша жаңғыртуға кірісті. Яғни, Абайдың философиялық ойларын жаңа қырынан зерттеп, кеңестік дәуірде басқаша көрініс тапқан тұстарын таразылады. Ұлы бабамыз Абайдың ойшылдық тұлғасын жан-жақты ашудың амалдарын қолданды. Сол арқылы халықты «бөгде санадан» арылтуға еңбек етті. Кезінде қазақтың сана болмысына кереғар әсер еткен идеологияны ашып көрсетті.Философ-ғалым Қорқыт, Әл-Фараби, Ясауи, Қашқари, Жами сынды Шығыс шайырларының, XX ғасыр басындағы ұлылар легі – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, әдебиетіміздің алдаспан ақындары Абай, Махамбет, Шәкәрім, Жамбыл, Ілияс, Мұқағали шығармаларынан ой түйіп, оларды ұлтымыздың інжу-маржандары деп көрсетеді. Әрі олардың рухани-тарихи бай дүниелерін зерттеп, ұрпақ санасына жеткізуді басты парызы санауы – даналықтың белгісі екені хақ.Кім-кімді де терең ойға жетелейтін Ғарифолла Есімнің этюдтері ертең-ақ үлкен-үлкен бір туындыға айналары анық. Себебі, онда айтылған әрбір түйінде философиялық ой жатыр. Қорқыт, Абай, Альбер Камю, Мұхтар Шахановтардың шығармаларына жасаған философиялық көзқарастары еріксіз ой тұңғиығына сүңгуге жетелейді. Әсіресе, Альбер Камюдің «Бөгде» деп аталатын шығармасына жасаған терең талдауы тәнті етеді. Талдауға қарап, академик дүниетанымның кеңдігіне таң қаласың. Астарлы сауалдарға жауап іздеуде өзіндік шеберлігі байқалып-ақ тұрады. Бұқара халық үшін тосын тақырыптарда зерттеу жүргізгенде ғалым алдына жан салмайды. Мәселен, «Қиын», «Торғай», «Жар жағасы», «Бәрібір, адам неге разы?», «Рахат», «Нүкте», «Адам тарихы», «Бөгде сезім», «Шайтан», «Соңғы сұрақ» сияқты тақырыптарды түп-тамырымен зерделеп, болмыс-бітімін айшықтайды. Бұл ұғымдардың қай-қайсысы да адамды еліктіріп әкетеді. Аталмыш еңбектеріне үңілген жан өзін, қоршаған ортаны жан-жақты танып, білген-түйгенін тереңдете түсуге құштарланады. «Нүкте», «Жар жағасы», «Шайтан» деген этюдтерде бұрын айтылмаған оқшау ойларды кездестіресіз. Мұнда «нүкте» арабтардың түсінігінде философиялық ұғым екені айтылған. Автор нүктесіз сана, ол – мифология деген тоқтамға келеді. Оның пайымдауынша, адам болмысындағы нүкте – өлім. Демек, Нүкте деген – тағдыр. Ал тағдыр кімнің қолында, кімнің ырқында болса, сол адам Нүкте де қоя біледі. «Жар жағасында» талқыланған ойлар адамдардың жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың арасындағы айырманы түйсінуіне жол бастайды. Мұнда адамгершілігі мол адам адал жолдан тайып, жамандық пен зұлымдыққа бой алдырса, ол бір қадам жасап-ақ құрдымға құлдилайтынын айтады. Осындай терең философиялық түйіні арқылы халқын жамандықтан жиренуге жетелейді.Ғарифолла Есімнің қолға алған әрбір туындысы ұлттық мәдениетіміздегі шоқтығы биік шығармалардың қатарына жатады. Мәселен, «Бостандықтың бағасы» еңбегі ел тәуелсіздігі идеясына арналған. Автор оқырманына бостандықтың мәнін жіті түсіндіруге күш салған. Мұнда ол парасаттылық пен ізгілік бостандықтың шынайы болмысы деген түйін жасапты. Яғни, бұл қос қасиет болмаса, бостандықтың болашағы бұлыңғыр, іргесі берік болмайды дегенді алға тартады. Осылайша, халқын азаттықтың ақ таңын бағалай білумен қатар, оның келешегін бекемдеуге күш жұмылдыруға шақырады. Ал еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы тоқырау кезеңдерінің себебін ғалым «бостандық пен нарық бірге келгенімен, егемен мемлекет ретінде тәжірибеміздің болмағанынан» деп түсіндіреді. Ғарифолла Есімнің тарихи кезеңдердің қатпарларына үңіліп, кез келген қиыншылықтың себеп-салдарын дөп басуы оның парасаттылығының биіктігін, пайымының беріктігін білдірсе керек.Жерлес ғалым дүниетанумен қатар әдебиетке де қомақты үлес қосып келеді. Философиялық туындыларында бастаған терең ойларын әдеби шығармаларға үйлесімді ұштастыра білуі ғалымның өзіндік ерекшелігі, шеберлігі деп түсінген жөн болар. Сондай-ақ, бір шығармасы екіншісінің заңды жалғасы ретінде дүниеге келуі, алғашқысында айтылған ойлардың тереңдей түсуін философтың көптеген туындыларынан аңғаруға болады. Мәселен, «Социализм. Күнә мен кінә туралы роман» шығармасында айтылған ойлар бертін жарық көрген «Ақ өлең – аққулы мекен» атты роман-эссесінде жалғасын тапқан. Бұл туындыларын оқыған адам ғалымның Отанға деген сүйіспеншілігін, елімізге келген тәуелсіздіктің мән-маңызын жіті түсінетіні анық. Өйткені, автордың оны әдеби тәсілмен әрлендіре, әспеттей беруі оқырманды өзіне еріксіз тартады. Дәлірек айтсақ, Ғарифолла Есім – ғылымдағы жолымен қатар еркін шығармашылық, ойшылдық табиғатымен ерекше тұлға.Шыны керек, замандастарымыздың арасында өткенді аңсап, бүгінгі істерден кінәрат іздеп әлектенетіндер аз емес. Осы орайда, мұндай жандарға ғалымның «Саяси философия» шығармасын оқыған дұрыс болар. Өйткені, бұл туындыда барша халқымызды ертеңгі күнге сеніммен қарап, жарқын болашақтан үміт күтуге шақырады. Оптимистік сананың қалыптасуына осылайша үлес қосқан. Қоса да бермек. Ғалымның еңбектері боямасыз, шынайы өмір негізімен тартымды.Ғалым жан-жақтылығының арқасында, қай мәселені қолға алса да, асқан ыждаһаттылықпен атқарып, биіктен көрініп жүр. Мәселен, бүгінде мәдениет, дін, саясат, антропология жайында даналық еңбектері арқылы көпшілікке ой салуда. Әсіресе, ұлтының философиясына үңіліп, оның тарихы мен теориясын тереңінен зерделеу нәтижесінде халқына жол тартқан «Хакім Абай», «Фалсафа тарихы», «Раритет», «Қазақ философиясының тарихы», «Санадағы таңбалар», «Сана болмысы» деген кітаптары ұлтымен бірге жасай бермек. Себебі, аталмыш шығармаларда айтылған ақыл, түйген ой өміршеңдігімен ерекшеленеді.Философ-ғалымның мәдени құндылықтарымызға да айрықша мән беріп, осы бағыттағы атқарып жүрген жұмыстары да бір төбе. Туған жеріне деген перзенттік парызын ұмытпауы да академик ағамыздың даналығы деп білген жөн. Соның бір дәлелі – өзінің кіндік қаны тамған жері Лебяжі ауданының рухани-мәдени өміріне үлес қоспақ мақсатында ұлы Абайдың бюстін орнатуға деген ниетін танытты. Мұндай шешімінің сырын ғалым көп жыл абайтанумен айналысқанымен, сондай-ақ, туған жері Кереку мен Семей арасының қақ ортасы екендігімен түсіндіреді. Ұлы ақынға орнатылатын бюсттің жанында түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру арқылы ұрпақ тәрбиесіне мән беруді мақсат тұтады. Осылайша философ-ғалым тағы да парасаттылығын паш етті.Жалпы алғанда, бүгінгі тәуелсіз ұрпақтың азат санасын қалыптастыруда жерлес ғалымның атқарғаны көпке дейін рухани азық болары анық. Әрі бұл бағыттағы өміршең идеялары, байыпты бағыт-бағдарлары, келешекке деген сенімділігі ел игілігіне жарап, егемендігіміздің іргесін бекемдей түсуге оң ықпал ететіні айқын. Өйткені, философ-ғалымның рухани бай дүниесі, шығармашылық әлеуеті, жарқын болашақ, ұлт мүддесі үшін қызметі әлі де сарқылмайтынына сенеміз. Ендеше, ойшыл ағамыздың еңбегіне жеміс, жаңа шығармашылық белес тілейміз.Ерлан АРЫН, Павлодар облысының әкімі,экономика ғылымдарының докторы, профессор.