• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2012

Көрші елдің көшбасшысы

385 рет
көрсетілді

Көрші елдің көшбасшысы

Сенбі, 6 қазан 2012 8:05

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин 1952 жылдың    7 қазанында Ленинград қаласында дүниеге келген. 1975 жылы өзі туған қаладағы университеттің заң факультетін бітірген. Бүгінде ата жасы алпысқа толып отырған оның саяси олимпке шығу жолы осы университетпен тығыз байланысты. Мұнда ол өзінің кейінгі өмір жолында белді жолбасшысы болған сол кездегі доцент Анатолий Собчакпен жақын танысады.

 

Сенбі, 6 қазан 2012 8:05

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин 1952 жылдың    7 қазанында Ленинград қаласында дүниеге келген. 1975 жылы өзі туған қаладағы университеттің заң факультетін бітірген. Бүгінде ата жасы алпысқа толып отырған оның саяси олимпке шығу жолы осы университетпен тығыз байланысты. Мұнда ол өзінің кейінгі өмір жолында белді жолбасшысы болған сол кездегі доцент Анатолий Собчакпен жақын танысады.

Университетті бітірген Владимир Путин Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне (МҚК) қыз­метке жіберіледі. Бұл сол кездегі көп жұрттың қолы жете бермейтін таңдау-тын. Өйткені, МҚК-ге барған адам пәтермен, жақсы еңбек­ақы­мен бірден қамтамасыз етілетін. Қызмет бас­палдақтарымен тезірек өсуіне де жағдай жа­салатын. Ең бастысы бұл биліктің оған сөзсіз сенім білдіргенін сездіретін ишара еді. Ал ол сол кездегі жастардың көбінің басты арманы бол­ған. Биліктің сеніміне кіру жолында бола­ша­ғын қатты ой­ла­ған қыз-жігіттер үлкен белсенділік көрсетіп бағатын. Ондай жастар тіпті студент аудиториясынан партия қатарына өтіп алуға тырысатын. Өйт­кені, ол жарқын бола­шақ­қа жа­рық сәуле түсіру деген сөз еді. Жас Владимир де сондай белсенділердің бірі болғаны көрініп тұр: ол да студент болып жүргенде-ақ партия қа­тарына өткен.

МҚК қатарында жүргенде түрлі курстар, аттестация сияқты сынақ­тардан өтіп 9 жыл бойы шыңдалған ол 1984 жылы МҚК институтының бір жылдық факультетіне оқуға қабылданады. Мұнда оған басқа пәндермен қатар неміс тілін жетік үйренуге жағдай жасалады. Оқуды 1985 жылы «сыртқы барлау» маман­дығы бойынша бітірген соң кейіпкерімізді ГДР-ге жасырын қыз­мет атқаруға жібереді. «Барлаушылық» әре­ке­тін ол Дрезден қаласындағы «КСРО-ГДР дос­тық үйінің» дирек­торы қызметімен байланыс­ты­ра жүріп 1985 жылдан 1990 жылға дейін атқарған.

Владимир Путин шетелдегі «іссапардан» оралған соң МҚК Ленинград басқармасының КСРО аума­ғын­дағы барлау бөліміне қызметке тұрады. Ал ресми қызметі ЛГУ-дің ректоры С.Меркурьевтің халықара­лық мәселелер жөніндегі көмекшісі деп аталған. Демек, ол осы университетте де «барлау» жұмыстарын жүргізген сияқты.

Бұл кезең КСРО-да демократия­лық қозға­лыс­тардың бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан уақыты еді. Сол дүмпумен демократ депутат, аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін шешен, алғыр заңгер, ЛГУ-дің про­фессоры Анатолий Собчак Ленинград қаласы кеңесінің төрағасы болып сай­ла­на­ды. Ескі танысты­ғының арқасында Владимир Путин оның кеңесшісі болып ауысады. Ал 1991 жылы Собчак қаланың мэрі болып сайланғанда Владимир Путин сыртқы байланыстар жөніндегі ко­ми­теттің төрағасы қызметіне тұра­ды. Осы істе жүргенде оның іскерлігі алғаш рет көзге түседі. Мэрдің қолдауына сүйене отырып ол Санкт-Петербургке шетелдік фирмалардан инвестиция тарту жұмысын жақсы жолға қояды. Өзінің іскерлігі әрі тиянақты орындаушылығымен ол А.Собчактың сеніміне кіре түседі. 1994 жылдан бастап  Санкт-Петер­бург билігі төрағасының бірінші орынбасары қызметіне көтері­леді. Арты­нан осы қалада өзімен бірге қызмет еткен И.Сечин, Д.Медведев, В.Зубков, Г.Греф, А.Миллер Д.Козак,  С.Нарышкин және тағы басқа­ларды Ресейдің билік олимпіне шыққанда өзімен бірге алып жүріп, түрлі орынтақтарға отырғызды.

1996 жылы Анатолий Собчак губернатор сай­лауында жеңіліп қалды. Бірақ оның іскер ко­мандасы жұмыс­сыз қалған жоқ. Көбі Мәскеуден орын тапты. Владимир Путин де Ресей Президенті Іс басқарушысының орынбасары қызме­тіне шақырылды.

Сол, 1996 жылдың тамызынан 1999 жылдың тамызына дейінгі үш жылда Владимир Путин адам таң­ға­ларлық карьера жасады. Көптеген адамдар олимпке ұзақ жылдар бойы халыққа танымал болып, қайрат­кер­лік істерімен көзге түсіп, көпшілікке белгілі орындарда жүріп көтері­летін болса, ол үн-түнсіз келіп, биіктен бір-ақ шықты деп айтуға болады. Алдымен ол Іс басқарушының орын­басарлығынан 1997 жылы Президент Әкімшілігі басшысының орынбаса­ры­на, бірінші орынбасары қызметіне көтерілді. 1998 жылғы шілдеде Федералдық қауіпсіздік қыз­меті директоры қызметіне та­ғайындалады. Арада бір жыл өтпей жатып, 1999 жылдың тамыз айында ол Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы болды. Дәл сол күні Б.Ель­цин халыққа теледидар арқылы айтқан сөзінде оның өзінің ізбасары болатынын ашық айтты. Әрине, Ре­сейдің билік басындағы адамдар арасында сол кезде көпке танылған беделді қайраткерлер көп еді. Бірақ Б.Ельцин оларды емес, көп жұрт біле бермейтін Владимир Путинді таңдағаны таңқалдырарлық іс. Бұл арада Б.Ельцин белгілі адамдардың белгісіз қырлары көп болатынын, ал белгісіз адам белгілеп берген жолдан таймайтынын қатты ескерсе керек. Соның есесіне Владимир Путин­нің де Президенттің міндетін атқарушы ретінде бірінші қол қойған құжа­ты бұрынғы Мемлекет басшысының барлық қауіпсіздігіне кепілдік беретін жарлық болды.

Владимир Путиннің Үкімет бас­шысы болған уақыты чешен жан­кештілерінің Дағыстанға ба­сып кіруі, Буйнак, Мәскеу және Вола мен Донда террористердің тұрғын үй­лерді жаруымен сәйкес келді. Бә­рінде де Владимир Путин сал­қы­н­қандылық көрсетіп, лаңкесшілер деп та­ныл­ған жандарға қатты соққылар берді. Бұл істер оның халық алдын­дағы беделін көтеру үшін әдейі ұйымдастырылған деген пікірлер ай­тыл­ға­нымен, іс жүзінде бәрібір оның рейтингі арта түсті. 1999 жыл­дың 31 желтоқсанында Б.Ельцин биліктен өз еркімен кетіп, прези­денттің мін­детін атқаруды Владимир Путинге жүктеді. Осы кезден бастап Владимир Путин Ресей Федерациясындағы жоғарғы билікті уысынан шығарған емес. Ол 2000-2008 жылдар аралы­ғын­да екі рет Президент болып сайланды, ал 2008-2012 жылдарда өзінің ұзақ жылдардағы сенімді серігі Д.Медведевтің сайлануына жағдай жасап, өзі Үкімет басшысының міндетін атқар­ды. Ал биыл ол қайтадан Президент болып сайланды.

Владимир Путиннің билік ба­сын­дағы уақытын көптеген адамдар орталық билікті күшейту үшін демократияны, сөз бостандығын шектей бастағанымен байланыс­ты­рады. Адам құқын қорғау жөніндегі уәкіл В.Лукин Владимир Путиннің билік құрған кезеңі Ресейде шовинизм пен расизмнің, ұлттық азшы­лықтарға қысым көрсетудің қатты өскенімен сипат­тала­ты­нын айтады. Бұл істің бір мысалына Владимир Путиннің ұлттық аймақтар мен респуб­ликалардың орта мектептерінде жергілікті халықтың тілін қоса оқытуды алдырып тастаған 309-шы заңды қабылдағанын көлденең тар­тады. Бірақ экономикалық көрсет­кіштер бойынша путиндік Ресей 90-жылдарда жоғалтқан позиция­ларын толық қайтара отырып, жа­ңадан, бұрын-соңды болмаған өмір­шең секторларды шұғыл дамытуға қол жеткізді. Қазір Ресейдің алтын-валюталық қоры дүниежүзінде үшін­ші орынға шыққан. Экономи­ка­ның дамуына орай халық­тың тұрмысы да жақсара түсуде.

Владимир Путин өзін Қазақ­станның досы санайды. Екі елдің арасындағы саяси, экономи­ка­лық ынтымақтастықтар Владимир Путин Ресейді басқарған жылдарда жақсара түсті. 2012 жылы Президент болып сайланғаннан кейін бізге келген сапарында ол өзінің Қазақ­станға тек қуа­ныш­ты көңіл-күймен келетінін, біздің елдері­міздің арасындағы экономикалық мүмкін­шілік­терімізді кооперациялайтын Кеден одағы, БЭК сияқты айрықша қатынастың қа­лып­тасқанына тәнті екенін атап өтті. Сонымен бірге, ол 2011-2012 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жос­парының табысты түрде іске асып жатқа­нына қанағат білдірді. Және Ресей Президенті Қазақ­стан­мен инновациялық ынтымақ­тас­тықты дамыту бағытындағы жоба­лар­ды іске асыру бүгінгі күні стра­тегиялық бағыт екенін айтып отырады.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».