• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Қазан, 2012

Абырой

647 рет
көрсетілді

Абырой

Сәрсенбі, 17 қазан 2012 7:33

Жер-ананың бетін мекендеген қаншама ұлт болса да олар­дың мінез-құлық, дүниетаным, пси­хологиялық ерекшеліктерін былай қойғанда, салт-дәстүр, та­ным-сенімдеріне дейін ерекше болып келеді. Туған халқымыз­дың да өзге жұрттарға ұқсамай­тын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан түсінік-талғамы бар­шылық. Кейде осындай ерек­шеліктері жайлы бөтен елдердің өкілдеріне түсіндіріп жеткізе ал­майсың. Мысалы, біздің халқы­мызда «ат басын тірейтін» деген ұғым бар. Бұл тіркес: «Ауы­лыңда немесе еліңде жөн-жосық білетін, қарапайым жұртқа сөзін тыңдата алатын, жақсы мен жаманды бір көргеннен байқайтын адам бар ма?» деген мағынада айтылады.

 

Сәрсенбі, 17 қазан 2012 7:33

Жер-ананың бетін мекендеген қаншама ұлт болса да олар­дың мінез-құлық, дүниетаным, пси­хологиялық ерекшеліктерін былай қойғанда, салт-дәстүр, та­ным-сенімдеріне дейін ерекше болып келеді. Туған халқымыз­дың да өзге жұрттарға ұқсамай­тын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан түсінік-талғамы бар­шылық. Кейде осындай ерек­шеліктері жайлы бөтен елдердің өкілдеріне түсіндіріп жеткізе ал­майсың. Мысалы, біздің халқы­мызда «ат басын тірейтін» деген ұғым бар. Бұл тіркес: «Ауы­лыңда немесе еліңде жөн-жосық білетін, қарапайым жұртқа сөзін тыңдата алатын, жақсы мен жаманды бір көргеннен байқайтын адам бар ма?» деген мағынада айтылады.

Қазақы тәрбиеде қалың ел түйінді мәселелерге келгенде осын­­дай данагөй азаматтардың, ақылгөй аналардың пікіріне құлақ салып: «Ол не дер екен?» деп елеңдескен. Тіпті ат үстінде жүр­ген есті әкім-қаралар да елдегі осындай бірен-саран ақыл иесінің пікірімен есептесіп отырған.

Ана бір жылы Иманғали інім­нің ұшақ ішінде айтқан сөзі ылғи ойымнан кетпейді…

– Апа, сіз бен біз өскен өл­кеде жеке басы мен бала-ша­ға­сының, немере-шөбересінің жай-күйін күйт­­теуден аспайтын адамдар кө­бейіп, елге бар­ғанда ағыңнан жарылып ақ­та­­рыла әңгімелесетін ағалар си­реді-ау… – деп мұңая сөйлес­кен­дегі кел­беті әлі күнге көз алдымда.

Ол Иманғалидың еліміздің Бас министрі болған жылы еді. Нұртай, Иманғали екеуі Атыраудан Астанаға ұшып, сонда олар арнайы ұшақпен Атырауда жүр­ген мені де ала кеткен болатын.

Ұлтының қамын есінен шы­ғармайтын перзенттердің әрқай­сысы Қазақ елінің әрбір аймағы туралы осылай ойлайтын болса керек.

Ұрпаққа ұлағатты ұстаз, ке­йінгіге аға болу – тек қазақ деген халыққа ата-бабаларымыз қал­дыр­­­ған теңдесі жоқ мұрадай дәстүр.

Иманғалидың сөзі есіме түс­кен кезде өзім туған өлкеде: «Елге аға болар кімдер бар еді?» деп ойға батамын.

Біз елден кеткелі де жылдар легі талай ұрпақты ауыстырып, ересектерді өмір сахнасынан тайдырды. Жалаңтөс батырдай жас буын жетіліп, ат жалын тартып мінді.

Ұрпақтар арасындағы байланыс та жіңішкеріп, күні кеше мекеме, аудан, тіпті облыс бас­қар­ған аға-апайларға бүгінгі кейбір жас­тар: «Мынау кім?» дегендей шікірейе қарап, алдарынан көл­денең өтетін болды. Алайда ел­дігіміздің алтын қазығындай бір­лі-жарым азаматтар респуб­ли­камыздың әрбір аймағында бар екенін көргенде құдайға шүкір­шілік дейміз.

Осындай таутұлға азамат­тар­дың бірі – Амангелді Селбаев. Ол он алты жасында қазақ жеріндегі темір жол жүйесінде ұлттық мамандар арпа ішіндегі бір бидай секілді кезінде Ескене мұнай кәсіпшілігінің шойын жол саласына орналасты. Орта мек­теп­ті жаңа бітірген жасөспірім жол бұрушы жұмысына ілес­кенде өзін бүкіл елдегі жол жү­йесінің басшысындай сезінетін. Жіңішке жол үстімен Ембі мұ­найын таситын тепловоздар ерсілі-қарсылы өтіп жатқанда ор­та бойлы, бидай өңді жұқал­таң келген сүйкімді жас өрен шілдедегі шақырайған күн аптабының, күз бен қыстағы жаң­­бырлы жел, төпелеген қар­дың астында тұрса да, өзін аса жауапты постының қызметкері сезіне­тін. Оның да өзіндік себебі бар болатын. Осы он алты жасқа дейін ол талай қиындықты басынан кешіріп еді. Жан-жағына, алды-артына оймен қарауға үй­реткен де сол соғыстан кейінгі жоқшылықтың құрсауында өт­кен балалық шақ.

Атасы Селбай 1916 жылы ағасының он үш жасар қызын ер-азаматтар ауылда жоқ кезде тар­тып алып кеткен қара шек­пенділердің соңынан қуып, оққа ұшқан. Орыс патшасының саясаты қазақтарды Еділ мен Жа­йық­тан ығыстыру еді, ал сол мақ­сатты іске асырушы солдаттарды ел ішінде «қара шекпенділер» деп атап кеткен.

Амангелдінің әкесі Сисенға­ли көп сөзге жоқ, айтқанынан қайт­пайтын, жек көрген адамы­ның сәлемін алмайтын, жақсы көрген адамына жаны қал­май­тын, осы мінезін қарапайым жұрт қадір­лейтін, ал әкім-қа­ра­лар оның алдында ығысып жү­ретін кісі бол­ған. Ұлы Отан со­ғысына қаты­сып, жарақатпен елге оралған. Анасы Шолпан – Тә­жен ақсақал­дың алты ұлының арасында өскен жалғыз қызы, ақыл иесі, ұл-қыз­дарын мейі­рі­міне бөлеп өсірген абзал жан. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі өзін де, үй ішін де таза ұстайтын өте талғампаз адам еді. Қандай жоқ­шылықта жүріп, жер үйде тұрса да, жаулығына қылау түспейтін. Балалы-шағалы үйдің шағын екі бөлмесін ғана емес, сыртқы есіктің алдын, үй айналасын шыбын тайып жығыла­тындай айнадай жарқыратып ұстайтын және балаларынан да алақ-жұлақ болмай таза жүруді талап ететін.

Тәжен – өз заманында аса бе­делді, Орынборда тұрған, орыс-қазақпен тіл табыса білетін, сол кездің өзінде сауда-саттықпен айналысқан кісі. «Түбінде ақыл сұрайтын адамдарың осы Аман­гелді болады, бұның бетінен қақпаңдар», – деп отырады екен нағашы атасы.

Амангелді Ескенеде төртінші сыныпты бітіріп, Гурьев қала­сы­ның Жамбыл атындағы №4 қазақ орта мектеп-интернатының бе­сін­ші сыныбына түсу үшін қар­шадай болып жалғыз өзі жүк пойызына ілесіп жолға шығып­ты. Мектеп-интернат директоры Атырау облы­сының білім са­ласының тарихында есімі алтын әріппен жазылған ардақты ұстаз Қатира Дүтбаева түу жер тү­бі­нен келіп тұрған кіп-кішкене баланы боса­ғасында жаутаңдатпай бірден қа­былдап, өтінішін тың­дады. Бірақ облыстағы ол кезде қазақ тілін­дегі жалғыз мектеп-интернатқа отбасы жағдайы онша емес балалар қабылданатын. Үйдегі жеті баланың бірі Аман­гелді Ескенеге қайта жол тартып, әкесінің Ұлы Отан соғысының мүгедегі, отбасында жұмыс іс­тейтін ешкім жоқ екені жайлы поселкелік әкімші­ліктің қол­ха­тын әкелу керек болды. Посел­келік әкімшілік Байшонаста еді. Ескенеге дейін тағы да жүк пойызына жармасып келгенде кеш түсіп, айналаны қараң­ғылық басты. Он жасар Аман­гелді түн жамылып он жеті шақырым жер­дегі Байшонасқа жаяу тартты. Ол кезде автобус, такси деген атымен жоқ. Ойы ертемен кеңсе ашылған бойда қол­хатты алып, қайтадан Гурьевке тарту. Кешігіп қалса, арман бол­ған мектеп-интернатқа қабыл­данбайды. Бұл оқу орнына әр бала отыз сомнан ақы төлеуі керек екен. Бірақ Амангелдінің үй жағдайын ес­тіген Қатира апай қабылдауға шешім шығарды.

Орта мектепті бітіре сала жоғары оқу орнына түсу үшін жүріп-тұруға қаражат жоқ. Арманы – теміржолшы болу. Ол оқу тек Ташкент қаласында. Бі­рер жыл Ескенеде жол бұрушы болып істегесін Амангелді Ташкент темір­жол институтына тү­сіп, үздік бітіріп шықты.

Ол кезде темір жол мемлекет ішіндегі мемлекет секілді болатын. Бәрі Мәскеудің қолында. Батыс аймақтағы темір жол жү­йесінде екі қазақ, өзгесі «ұлы халықтың» өкілдері. Қатардағы қарапайым инженерден бастаған жас маман өзінің тәртібі, білімі, қарапайым жұмысшылармен тіл табысуы секілді қабілет-қа­сие­тімен өз ортасының сүйіспен­шілігіне бөлене бастады.

Бірде Алматыдан Қазақ темір жолының бастығы Көпжасаров Құдайберген Дүйсенұлы Аты­рауға келіп, мұндағы темір жол бөлімінің ішкі-сыртқы алаңдары мен бөлмелерін аралап болып, Амангелді Селбаевты қабыл­да­уына шақырды.

– Арақ ішесің бе? – деді сал­­ған жерден орысша сөйлеп. – Сені осындағы басшының орынбасары етіп тағайындаймын.

– Мен әзір емеспін, – деп жас жігіт өз пікірін жасқанбай айтып еді, бірақ мансабы министрмен бірдей басшы айтқанын орындамай қоя ма!

Амангелді өз өмірін темір жол жүйесін жақсартуға арнаған жылдардың бәрінде ұстазы Құ­дайберген Дүйсенұлының қа­таң талабын, енді бірде жанашыр ағасындай мейіріммен айтқан өсиеттерін бір сәт те көңілінен шығарған емес. Құдайберген Дүй­сенұлы оның есіне Тәжен атасын түсіреді. «Текті адамдар деп халық осындай кісілерді айтатын болар». Ол ылғи осылай ойлайды. Ойлайды да өмірдің үлкен жолында осындай ұстазға тап қыл­ған Жаратушыға тәубе етеді.

Темір жол саласында істеген жарты ғасырға жуық уақыттың соңғы отыз жылы Атырау және Қазақстанның батысында темір жол басшысы болды. Сол кездегі Гурьевтің өзіндегі осы саланың елуге жуық мекемесінде бұрын бір ғана қазақ басшы болса, Амангелді басқарған алғашқы үш жылда бәрін жергілікті мамандар басқарды. Мұның да өзіндік себебі бар. Құдайберген Дүйсен­ұлы мұны Атырау темір жолының басшысы қызметіне ұсынғанда, Дінмұхаммед Ахмет­ұлы Қонаев­тың қабылдауында болған. Сонда ол кісінің: «Гурь­евтегі жергілікті кадрларды өсі­ру керек. Себебі, онда саған де­йін ылғи транзиттік басшылар болды. Осыған батыл көңіл бөл, қарағым», дегені бар. Сол кезде Амангелді бар болғаны отыз жаста болатын.

1989-1994 жылдарғы екі сайланымда республика Жоғарғы Ке­­ңесінің депутаты болды. Ол кезде Кеңес Одағының темір жол жү­йесі Мәскеудегі министрлікке қа­райтын. «Халықтар достығы», «Құр­мет», «Еңбек Қызыл Ту» ор­дендерін КСРО министрі И.­Г.Пав­ловтың өз қолынан алып, «Те­мір жолға еңбегі сіңген қайраткер» атағымен марапатталды.

Шынында бұл жылдары тын­дырылған шаруа да айтарлықтай еді. Астрахань – Бейнеу темір жолы, облыстағы локомотив, вагон деполары, теміржолшылар үшін Атыраудың өзіндегі үш шағын аудан, Маңғыстауда, Мақатта, Атырауда бой көтерген ауруханалар Амангелдінің артында қалған із. Сондай-ақ, Ганюшкин мен Мақат, Құлсары, Маңғыстауда үйлер тұр­ғызылып, жүздеген темір­жол­шы­лар баспаналы болды.

Асты мұнай мен газға толы Атырау мен Маңғыстау жері қашанда суға тапшы келеді. Атал­­мыш өңірдегі темір жол бе­кет­терінің бойындағы артезиан құ­дықтарын қазып іске қо­суды да Амангелді Селбаев бас­таған еді.

Қоғам өзгерді, еліміз тәуел­сіз­дік туын көтеріп, Жер шары­ның бір нүктесінде Қазақстан деген жеке мемлекет пайда болды. Бұрын өз алдына монополия болып келген темір жол бөлімі деген жүйе жабылып, жаңа ба­ғытта жұмыс істей бастады. Енді елі­міздің батыс облыстарындағы бұл сала бөлімдері біріктіріліп, бас­қаруы Ақтөбеге қарады. Аман­гелді Селбаевтың іскер басшы екенін байқаған еліміздің Пре­зиденті оны Қазақстанның батыс аймағындағы өзінің өкілі етіп тағайындады. Бұл істі де ол абыроймен атқарды.

Талай жыл темір жолда аға инженер болып қызмет еткен Бақыт Мақашева кейіпкеріміз Амангелді Селбаев туралы: «Талапты қатты қоятын, өз ісін өте жақсы білетін, білімді басшы болды. Атыраудағы темір жол саласына көп еңбек сіңірген сол кісі», дейді. Ал, бүгінгі Қазақ темір жолындағы жолаушылар тасымалы акционерлік қоға­мы­ның пре­зиденті Ақболат Жағы­паров: «Біз секілді қазақ жастарына қамқор болған, білмей­ті­німізді жалықпай үйреткен, өмір­дің ағымын алдын ала бай­қайтын көреген ұстаз болды. Біз ол кісіні әкеміздей көре­міз», деп тебірене сөйлейді.

Елінің елеулісі, халқының қалаулысы, замандастарының қол­­­даушысы Амангелді Селбаев – бұл күнде абзал әке, сүйікті ата, үлкен отбасының қадірлі отағасы. Оның алтын босағасын ұстап отырған Сәния Сусақызы екеуі Анардай әдемі қыз, Исатайдай саналы ұл өсіріп, Аина, Димаш, Имаш, Диас атты сүй­кімді не­мерелерін аялап тәр­биелеуде.

Амангелді Селбаевтың қара­уын­­да істегендер өздерінің ұла­ғатты ұстазы болған ағаларын ардақтап: «Біз Әбекеңнің қаба­ғынан тәрбие, жанарынан жаны­мызға жылу алғандармыз», – деп мақтанышпен айтады.

Амангелдінің әулиедей көре­тін нағашы атасы Тәжен ақсақал:

«Балам, ақшаң болмаса да, абыройың болсын. Осыны есің­де сақта», дейді екен кішкентай жие­ніне. Атасының осы қағи­дасы Амангелдіні қандай шыр­ғалаң шақтарда да, кейде көңілі құла­зып ойға батқанда да тапжылмайтын темірқазықтай өмір деген тылсымның бұралаң жолдарында адастырмай алға бастап келеді. Сөз соңында оған:

 

Тумысы бөлек жақсы адам,

ерекше келер басқадан:

қаншама биік болса да,

басына бақ-құс қонса да,

орынсыз асып-таспаған;

шаршы топтарда іркілмей

ағалық сөзін бастаған;

жарамсақ біткен жармасса,

қабағымен-ақ жасқаған;

қадірін білмей жақсының,

тасыраңдаған басшының

есігін мүлде ашпаған, –

деген өлең жолдарын арна­ғың келеді.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

________________________________

Мансабы үлкен қол­даушыдан өзіңнің биік абыройың әлдеқайда жоғары.

Түркімен мақалы

 

Ұстазың ұлы болса, өсиетімен ойыңды жем­­дейсің; сол ұстаздың нұрықонса, биікке өрлейсің,

Лао-цзы

 

Қандай терең сайда отырса да, таудай көрінетін тұлғалар болады.

Рабиндранат Тагор