• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2012

Константин Симонов киносының кейіпкері

412 рет
көрсетілді

Константин Симонов киносының кейіпкері

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:20

Даңқ ордендерінің толық иегері. Бұл Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақпен пара-пар. Ұлы Отан соғысы қы­­зып тұрған 1942 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі осы соғыста айрықша ерлігімен көзге түскен солдаттар мен сержанттарды марапаттау үшін бұл орденді арнайы тағайындаған еді. Айталық, соғыс кезін­де айрықша бір ерлігімен көзге түс­кендер Кеңес Одағының Батыры атағын алып жатса, Даңқ ордендерінің үш дәрежесін бірдей алу үшін үш рет ерекше ерлік жасап, үш рет өліп-тірілуі керек.

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:20

Даңқ ордендерінің толық иегері. Бұл Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақпен пара-пар. Ұлы Отан соғысы қы­­зып тұрған 1942 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі осы соғыста айрықша ерлігімен көзге түскен солдаттар мен сержанттарды марапаттау үшін бұл орденді арнайы тағайындаған еді. Айталық, соғыс кезін­де айрықша бір ерлігімен көзге түс­кендер Кеңес Одағының Батыры атағын алып жатса, Даңқ ордендерінің үш дәрежесін бірдей алу үшін үш рет ерекше ерлік жасап, үш рет өліп-тірілуі керек. Біздің кейіпкеріміз Тайыр Тастандиев те осылайша «үш өліп, үш тіріл­ген» талайлы тағдыр иесі. Бүгінде ол кісі туып-өскен Жуалы ауданында бір мектепке, екі көшеге оның есімі беріл­­­ген. Мектептің алдына шағын бюст қой­­­ыл­ған. Аудан тұрғындары ағамызды жақ­сы білгенімен, бүгінде республика жұртшылығы біле бер­­­мей­­­­тіні шындық. Орыс­тың атақты майдангер-жазушысы Константин Симонов 1974 жылы, Жеңіс­тің 30 жылдық мерекесіне орай, қазақ батыры Тайыр Тастандиевті «Шел солдат» деп аталатын деректі хроникалық фильмге тү­сіргенін де көпшілік біле бермейді. Кезінде естіп білсе білген шығар, бұл киноны көрсе көрген де болар. Бірақ қазір бәрі де ұмытыла бастаған.

Тайыр Тастандиев Жамбыл облысы, Жуалы ауданына қарасты «Қы­зыларық» ауылында 1924 жылы туған. Осы ауылдан майданға аттанып, со­ғыс­тан кейін, өмірінің ақыр­ғы сәті – 1974 жылғы қыр­­­күйекке дейін осы ауылда тұрып, қызмет істе­ді, тіршілік кешті. Дәл осы ауылдың перзенті бол­­­ғандықтан мен Тәкең­ді жақ­сы білетін едім. Орта бойлы, төртбақ келген қа­раторы кісі. Мінезі аш­ық-жарқын, үнемі аңқыл­дап жүретіні әлі есімде. Біздің бала кезімізде оның аты Тайыр батыр деп дүрілдеп тұратыны да көз алдымда. Мектепте ол кісімен кездесулер өткізетінбіз. Тайыр ағаны Түркістан және Орта Азия әскери округтерінің қолбасшылары, саяси бөлім басшылары жиі шақыртып, жауынгерлер алдында әскери-патриоттық тақырыпта әңгімелер айтқызатынын да біз жақсы білеміз. Сонау 1970 жылы жауынгерлік Даңқ ордендерінің толық иегері Тайыр Тастандиев туралы қазақтан бұрын көршілес Қырғыз телевидениесінің бір сағаттық телеочерк бергені де есімде. Ол кезде іргелес отырған Қырғыз елінің телехабарларын біздің ауданның теледидарлары жақсы қабылдайтын. Тәкең туралы сол хабарды бүкіл ауыл болып көрге­німіз бар… 1974 жылдың маусымында армиядан бір айлық демалыс алып елге келдім. Әскерден келген жасты ел болып, жұрт болып қарсы алып, кезек-кезек үйлеріне шақырып, мәре-сәре болып жататын берекелі кез. Бір күні мені ауылдың орталық көшесінде тұратын Тұрғыналы Жүз­баев деген құ­да­­­мыз қ­о­нақ­қа шақырды. Сол дастар­қа­н­да Тайыр Тастандиевпен жүздестім.

– Мен таңертең Москваға ұшамын, – деді Тайыр аға тамақтан соң асығып. – Константин Симонов киноға түсіруге шақырып жатыр.

Мен бұл хабарға елең ете қалсам да, сыпайылық сақтап үндемедім. Көп ұзамай демалысым бітіп, әскери борышымды өтеуге Забайкалье әскери окру­гіне аттанып кеттім. Қыркүйек айында елден хат алдым. Амандық-саулық сұ­рас­қан соң: «Тайыр ағаң қайтыс болды» деп жазыпты үйдегілер. Әскери полигонда қызу жаттығуда жүргенбіз. Бұл суық хабар төбемнен жай түскендей болды. Кеше ғана бір ауылда өніп-өсіп, балаларымен бір сыныпта оқып, өзімен бір дастарқаннан дәм татқан ер мінезді, аңқылдап-жарқылдап жүретін батыр аға­ны өлді деуге қия алмай бірнеше күн қайғырып жүрдім.

Бір жылдан кейін әскери борышымды абыроймен атқарып елге келген соң Тәкеңнің үйіне барып, отбасына көңіл айттым. Бұл Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіне 30 жыл толып, бүкіл ел жеңіс тойын алқып-шал­қып тойлап жатқан 1975 жылдың мамыр айы. Бір күні: «Бүгін клубта Тайыр Тастандиев туралы кино көрсетіледі екен», деп ауыл дүрлігіп кетті. Кешке қарай елдің бәрі клубқа ағылды. Мен де жет­­тім. Көп ұзамай кино басталды. «Шел солдат» деректі фильмі майдан даласын­­дағы қанды қырғынды көрсететін бейнесюжеттен басталды. …Артиллериядан жауған снарядтар жер бетінің астан-кестеңін шығаруда. Жаңбырдай жауған оқ астында Кеңес жауынгерлері: «Отан үшін, алға!» деп атойлап шабуылға көтерілді. Алдан атылған жау оғы мен снарядтары жауынгерлерді баудай түсі­руде. Соған қарамай кеңес әскерлері жау­дың бетін қайтарды… Осы сюжеттерден кейін Ұлы Отан соғысының бүкіл қияметін өз көзімен көріп, ұрыс даласында толарсақтан қан кешкен қаламгер, осынау алапат соғыс туралы үш томдық «Живые и мертвые» («Өлілер мен тірі­лер») трилогиясын жазып, кеңес халқы­ның ерлігі мен елдігін бүкіл әлемге паш еткен атақты майдангер-жазушы Константин Симонов экранға шығып, Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлер мен сержанттардың ерлігі туралы тебірене сөйлеп кетті. «Бұл соғыста жеңіске же­туіміз алапат соғыстың бүкіл ауыртпа­лығын екі иықтарымен тік көтерген қа­рапайым кеңес жауынгерлерінің арқасы. Қазір сол жауынгерлердің өкілдері менің қасымда отыр, – дей келе Константин Симонов Кеңес Одағының түкпір-түкпі­рінен осы студияға шақырылған бес-алты «Даңқ» ордендерінің иегерлерімен таныстыра бастады. Ресейден…, Украинадан…, Белоруссиядан мына кісілер, ал Қазақстаннан Тайыр Тастандиев қаты­сып отыр, – деді.

Аппақ шашты қос қанатын қырандай қомдаған ер тұлғалы жазушы соғыстың қиын-қыстау кезеңдерін еске ала келіп, студиядағы майдангер-жауынгерлерге ке­зек-кезек сөз бере бастады. Батырлар­дың әрқайсысы өздері куә болған соғыс оқиғаларын әңгімелеуде. Майдангерлермен болған диалогта қазақстандық батыр Тайыр Тастандиевке 4-5 рет сөз кезегі тиіп, ол таза орыс тілінде майдан даласындағы кеңес жауынгерлерінің жан­қиярлық ерлігі туралы тебірене сөй­леп кетті.

– Тайыр Тастандиевич, айтыңызшы, сіздіңше, соғыстың қай сәті қиын да күрделі болды деп ойлайсыз? – деп сұрады бір кезде Константин Симонов Тәкеңе қарап.

– Әрине, соғыстың оңай болған жері жоқ. Бірақ неміс-фашист басқыншы­ла­ры­мен бетпе-бет келіп, қолма-қол шай­қас­қан кез соғыстың ең ауыр сәті. Жаумен талай-талай бетпе-бет келіп найза­ласқан кезіміз аз болған жоқ. Сенің бүкіл батырлығың, жауынгерлігің, шы­нық­қандығың, әскери тәсілді қалай мең­гергенің сыналар кез нағыз осы сәт…, – деп Тайыр ағамыздың фильмде ақтарыла сөйлеген сөздері есімде қалып қойыпты.

Константин Симоновтың бұл фильмі Ұлы Отан соғысындағы кеңес солдаттары мен сержанттарының, яғни, кешегі қарапайым жауынгерлердің басқыншы жауға қарсы күрестегі асқақ рухын, отаншылдық, патриоттық сезімдерін шынайы бейнелеген бағалы туынды болды. Көзі тірі майдангерлердің жүрек түк­пірінен шыққан жалынды сөздері ру­хыңды көтермеуі мүмкін емес еді.

Ауыл клубында көрсетілген Константин Симоновтың «Шел солдат» фильмі­нен кейін ел-жұрттың Тайыр ағамызға деген құрметі арта түсті. Осы фильмдегі сөздері арқылы Тәкең бүкіл қазақ жау­ынгерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан өл­шеу­сіз үлесін, соғыстағы жанқиярлық ерліктерін паш етіп, кеудемізде елімізге, ерімізге деген мақтаныш отын тұтата түскендей еді. Бірақ батырдың өзі бұл киноны көре алмай кеткені өкінішті-ақ. Алайда, оның аты соғыс тарихында, соғыс туралы деректі фильмдердің алтын қорында мәңгі қалды.

К.Симоновтың «Шёл солдат» туындысы Жеңіс мерекелеріне орай Ресей телеарналарында арагідік көрсетіліп жүр деп естимін. Сол киноның көшірмесін Қазақстанға әкелетін кез жеткен сияқты.

*   *   *

Мен енді қазақ батыры Тайыр Тастандиев пен орыстың атақты жазушысы Константин Симоновтың арасындағы байланысты айғақтайтын бір-екі деректі келтіре кетсем деймін. Константин Симонов 1974 жылғы 27 ақпанда Тайыр ағаға Мәскеуден мынадай хат жолдапты.

«Қымбатты Тайыр!

Москвада, Орталық кинохроникалар студиясында, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына арнап, осы соғыстың бүкіл қияметін өз иықта­­ры­мен көтеріп, шекарадан Москва мен Сталинград іргесіне дейін шегіне келіп, онан соң фашист басқыншыларын Берлинге дейін қуып барып талқандаған қатардағы кеңес солдаттары туралы көлемді деректі фильм түсірілмек.

Бұл фильмде қарапайым солдаттың соғыстағы батырлығын, оның жауын­герлік ерлігін және майдандағы өмірін, жалпы, солдат тұрмысы қалай болды – міне, осының бәрін көрсетпек.

Маған осы фильмнің авторы болуды ұсынып отыр. Мен бұл киноның сце­на­рийін жазу үшін көптеген адамдардың, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, бірінші кезекте, бұрынғы майдангер-солдаттардың жан-жақты көмегі керектігін біле отырып, осы жұмысқа құлшына кірістім.

Жұмыстың басында мен еліміздің әр қиырындағы көптеген әскери комисса­ри­аттарға хат жазып, олардан осы ай­мақ­тарда тұратын жауынгерлік Даңқ ор­ден­­дерінің толық иегерлерінен, яғни, бас­қалардан гөрі соғыстың не екенін жақ­сы білетін майдангерлер ішінен кім­дермен кездесіп, сұхбаттасуға болатыны туралы мәліметтер берулерін өтіндім.

Көп ұзамай әскери комиссиараттар маған осы сұхбатқа лайық деген Даңқ ордендерінің толық иегерлерінің есімде­­рін жазып жіберді. Кейбіреулері мұндай майдангерлер туралы толық мәліметті қоса жіберсе, кейбіреулері мардымсыз ғана мәлімет беріпті.

Сондықтан мен сізден, әрине, басқа­лардан да, алдын ала бірқатар сұрақ­тарыма қысқа да болса жауап жазып жіберуіңізді сұраймын. Егер мүмкінді­гі­ңіз болса сұрақтарыма кеңірек жауап жазғаныңыз жөн болар еді. Бұл сұрақ­тарды осы хатқа тіркеп отырмын.

Сізді құрметтеуші

Константин Симонов.

Менің адресім: 125318, Москва.Черняховский көшесі, 2 үй, 1-пәтер»

Орыстың атақты майдангер-жазушысы Константин Симоновтың осы хатын алысымен Тайыр Тастандиев оның сұрақтарына жауап жазып жібереді.

1974 жылғы мамыр айында Тайыр ағамызға Константин Симоновтан екін­ші рет хат келеді.

«Қымбатты Тайыр!

Сіздің хатыңызды алып қуанып қалдым. Сұрақтарыма түсінікті және өте мазмұнды жауап жазыпсыз.

Сізді алдағы айларда киноның тү­­­сі­­ріліміне шақырып қалуымыз мүмкін. Жол шығынын киностудия көтереді. Қарсы­­­лық білдірмесеңіз жауабыңызды күтеміз.

Құрметпен, К.Симонов. Москва, 05.05.1974 ж.

Бұл хатқа Тайыр ағамыз былай деп жауап жазып жібереді. «Маған, қара­­­пайым кеңес солдатына деген ықыла­­­сыңызға мың рахмет. Айтқан уақыты­­ңызда Москвада боламын».

Шын көңілмен, Т.Тастандиев,

Қазақ КСР-ы, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қызыларық селосы.

20.05.1974 ж.

Көп ұзамай Тайыр Тастандиев КСРО Министрлер Кеңесінің Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетіне қа­­рас­ты деректі кинохроникалар студиясы­­ның директоры Т.Кононовадан шақырту алады.

Қымбатты Тайыр!

Біз Сіздің Москваға, кино түсірі­­­лі­­­міне келемін деген келісіміңізді алдық.

Сізді осы жылдың 11 маусымында күтеміз.

Келер алдында поезд бен вагон но­мерін немесе ұшақ рейсін хабар­л­а­уыңызды өтінемін.

Телеграф адресі: Москва, Кинохроника, Кононова

Құрметпен, фильм директоры Т.Кононова

Москва, 30 мамыр 1974 ж.

Тайыр Тастандиев 1974 жылғы 9 маусымда Алматы – Москва рейсі бой­ынша Москваға ұшып барады. Оны киностудия өкілдері әуежай­дан күтіп алып, қонақ үйге жай­ғас­ты­ра­ды.

10 маусымда Тайырды және КСРО-ның әр шалғайынан келген тағы да төрт-бес Даңқ орден­­д­е­рінің толық иегерлерін атақты жазушы, «Шел солдат» фильмінің авторы Константин Симонов киностудияда қабылдап, олармен дайындық жұмысын бастайды. «Маған Тай­­­ырдың ұстамдылығы, білімділігі және Кеңес жауы­н­герлеріне тән өр мінезділігі қат­ты ұнады. Екеуміз бірден шүйір­­­ке­ле­сіп кет­­тік. Оның тұшымды жауаптары мен маз­мұнды әңгімелері маған кино­ның же­лісін еркін жүргізуіме көп кө­мек­тесті», деп жазыпты, сол кинодан кейін К.Симонов баспасөзге берген сұхбатында.

*   *   *

Батыр Тайыр Тастандиевтің ерлігі туралы оның көзі тірісінде-ақ КСРО Қорғаныс министрлігінің органы «Красная звезда», Түркістан және Орта Азия әскери округтерінің «На страже родины», «Фрунзевец» газеттері, әскери журналдар көптеген мақалалар жариялады. 1969 жылғы ақпанда «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің сол кез­де­гі тілшісі (қазіргі үлкен жазушы) Кәдір­бек Сегізбаев «Шоқ жұлдыз» деп аталатын очерк жариялады. Өкінішке орай, бұлардың бірде-біреуі сақталмаған. Жер­гілікті қаламгер Тұрсынбек Сыдығалиев облыстық «Еңбек туы» газетінде көлем­ді мақала шығарды. Тайыр Тастандиев­тің есімі Мәскеуден шыққан «Ұлы Отан соғысы» (1941-1945 ж.ж.) деп аталатын көлемді энциклопедияға енгізілді. Жамбыл облысы шығарған «Тараз» энциклопедиясында ол кісі туралы қысқаша мәлімет берілген. Алайда, бұлардың бір­де-біреуі Тайыр Тастандиевтің май­дан­­дағы ерлігі туралы толық мәлімет бере алмайды. 1972 жылы Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы Әбді­ғап­пар Айтақов батырдың өзімен сұх­баттасып, ол туралы «Тайыр Тастандиев» деп аталатын очерк жазған. Бүгінде қарт журналист Әбдіғаппар Айтақов Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылында тұрады. Жасы 85-ке таянса да қолынан қаламы, аузынан өнегелі әңгімесі түспеген көшелі қария. Кезінде Тайырмен сырлас, дос, үзең­гілес кісі болған.

Мырзахан АХМЕТ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы.