• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2012

Ел тағдырын еңкеймей көтерген

396 рет
көрсетілді

Ел тағдырын еңкеймей көтерген

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:22

103 жастағы тыл еңбеккері Қадиша Төлегенова әже туралы

Бірде аудандық ардагерлер кеңе­­сінің төрағасы Садық Әлиев мырза: «Шәке, «Мырзабай ахун» ауылында жасы жүзден асқан Қадиша атты әже бар. Сол жайлы газетке жазсаңыз», – деген ой білдірді.

 Келісімімді берсем де бір ғасыр жасаған ана туралы жазу мені қатты ойландырды. Ақыры тәуекелге бел байлап, 103 жасқа келіп отырған анамен кездесу үшін жолға шықтық. Жолсерігім Күншығар Нұрділдаев атты зейнеткер азамат. Ол өзінің сол ауылда туып-өскенін, Қадиша әжейді жастайынан жақсы білетінін тілге тие­к етті.

 

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:22

103 жастағы тыл еңбеккері Қадиша Төлегенова әже туралы

Бірде аудандық ардагерлер кеңе­­сінің төрағасы Садық Әлиев мырза: «Шәке, «Мырзабай ахун» ауылында жасы жүзден асқан Қадиша атты әже бар. Сол жайлы газетке жазсаңыз», – деген ой білдірді.

 Келісімімді берсем де бір ғасыр жасаған ана туралы жазу мені қатты ойландырды. Ақыры тәуекелге бел байлап, 103 жасқа келіп отырған анамен кездесу үшін жолға шықтық. Жолсерігім Күншығар Нұрділдаев атты зейнеткер азамат. Ол өзінің сол ауылда туып-өскенін, Қадиша әжейді жастайынан жақсы білетінін тілге тие­к етті.

Осылайша екеуара әңгімелесіп отырып, «Мырзабай ахун» ауылына келіп те қалыппыз. Мәшинеміз қам кесектен салынған шағын үйдің алдына кеп тоқтады.

– Міне, Қадиша әже осы үйде тұрады – деді жолсерігім.

Аулада жүрген жас жігіт бізді жылы шыраймен қарсы алып, сәлемдескеннен кейін:

– Үйге кіріңіздер, – деді.

Айтқан сөзіне қарағанда әжесіне сәлем берушілер жиі келетін болғандықтан болу керек деген ой келді. Әңгімені тағы да Күншығар бастады.

– Шәке, бұл Қадиша әже­­­­нің немересі Ертай деген жігіт.

Содан соң үй иесінің бастауымен үйге кіріп, қарияның бөлмесіне барып сәлемдесіп болғаннан кейін аты-жөнімізді айтып, келген шаруамыздың мәнісін баяндадық. Сабырлық сақтаған әжеміз әңгімемізді бұзбай тыңдады. Бір мезетте:

– Балаларым, сендердің ме­­ні сыйлап, маған келіп сәлем беріп отырғандарыңа мың да бір рахмет. Алла тағала ұзақ өмір, мықты денсаулық берсін. Ал енді мені газетке жазайық деген ниеттеріңізге айтарым, мен осы жасқа келгенше қа­­­лың көпшілік таң қаларлықтай ештеңе жасағаным жоқ. Осы жұртпен қатар өмір кешіп келе жатқан жайым бар, – деді.

Қарияның айтқан сөзі салмақты, үні жұмсақ, қимылы ширақ көрінді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші кескін-келбетінен, жүзі­нен әлі де әйелге тән сұлулықтың белгілері байқа­лып-ақ тұрды. Киген киімі, орамал тартысы, тіп-тік отыр­ы­сының өзіне қарап жүз жастан асқан адамның осындай ажарының сақталғанына, қимылының тың, айт­қан әңгімесінің сауаттылығына қайран қаласың.

Содан соң кейуанаға: «Өміріңіздің қызықты сәт­те­рінен әңгіме айтып берсеңіз. Соны қаз-қалпында оқырман қауымға жеткізсек», деген тілегімізді білдірдік.

– Олай болса, – деді ол немересі Ертайға қарап, – келінге тапсырма бер. Мына балаларға жақсылап тұрып самаурын дайындасын. Сосын әңгімемізді шай үстінде жалғастырамыз.

Әңгімені Қадиша әжеміздің өзі бастады.

– Жастық шағыңнан артық бақыт бар дейсің бе? Бірақ, біз сол жастық шақтың қызығын қызықтай алмадық. Өйткені, жастық дәуреніміз аласапыран уақытқа тап келді. Ендеше менің өмірімді үш кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезеңім – ол жақ, мен жақ болып әке-шешемнің келісімі бойынша шөмекей руының сарғасқа атты аталығымен құдандалы болып, мені он бес жасымда Төлеген баласы Әлішерге қосты. Әлішермен жиырма үш жыл тату-тәтті, ерлі-зайыптыларға тән өмір кештік. Отбасымызда 1935 жылы Тәрбие, 1938 жылы Қазына, 1940 жылы Патыма атты қыз балалар өмірге келді.

Ол кездері келіндер қазақы дәстүр бойынша отба­сының тіршілігімен, бала тәрбиесімен айна­лыс­қан. Ерте тұрып үйдің тазалығын сақтау, сауын малдарына қарау және де кемпір-шалдың құмандарына жылы су құйып дайын ету, ертеңгілік шайын қойып беру, осылайша басқа да тіршілік көзі жалғаса беретін. Бұл келіндік парызды өтеудің бастамалары ғана болатын.

Марқұм енем: «Үйге үлкен адам келсе, сәлем ет. Үйде де, түзде де ер адамның алдын кесіп өтпе, ер адамның бетіне бадырайып қарама, қайныларыңның атын атама, өздеріне лайықты ат қоя біл. Күйеуіңе орынсыз дауыс көтеріп сөйлеуші болма. Көрпе-төсек жинаудың тәртібін сақта, шай құйғанда кесе-аяқтың дыбысы шықпасын, ыдыс-аяқтарды жуғанда салдырлатпа», деп айтып отыратын. Біздер одан жаман болғанымыз жоқ. Қайта ауылдың абысын-ажындары замандастарына: «Төлегеннің келінінен үлгі алың­дар», деп мені өнеге тұтатын. Әр заманның өз талабы, өз тәртібі, өз қызығы болады деген осы шығар. Біз сол талапты бұлжытпай орындаған келіндердің соңымыз-ау.

Менің өмірімнің екінші кезеңін былайша баяндауға болады.

Сүттей ұйып отырған шаңырағымыздың тынышын 1941 жылғы басталған Ұлы Отан соғысы бұзды да жіберді. Бұл жағдай тек жалғыз біздің отбасымызда ғана емес, бүкіл ауылды күңіренткен. Ауылдағы еркек біткеннің бәрі соғысқа аттанды. Солардың қатарында менің күйеуім Әлішер де 1941 жылдың қыркүйек айында соғысқа алынды. Сол кеткеннен ол елге оралмады. Оның қай жылы, қай жерде оққа ұшқандығы әлі күнге дейін белгісіз.

Күйеуім соғысқа аттанғаннан кейін менің қарауымда қарт атам мен енем және үш қыз балам қалды. Бұларды асырау өз борышыма айналды. Колхозға мүше болып кіріп, сол кездің тәртібі бойынша тапсырған қол жұмысының қандайына болса да белді буып кірісіп кеттім. Жұ­мыстың түрлері көп болатын. Ол кезде қазіргідей техника деген атымен болмайтын. Тех­никамыздың үлкені кетпен еді. Сол кетпенмен егіс егетін алқап­тар­ға арық қазу, атыз-жабықты со­ғу жұмыстарын жүргізетінбіз. Кү­­­ріш отау, ору және орылған күрішті арқалап молотилкаға жеткізу біздің мойнымызда. Сол кездері ең ауыр жұмыс «Мәдениет» каналы мен біздің ауылдың үстінен өтетін «Көк­­қасқа» каналдарын қазу болды. Шамамен «Мәдениет» кана­лының ұзындығы 12 шақырым, «Көк­қас­қаның» ұзындығы 6 ша­қырым. Осы каналдарды қазудың бас-аяғына дейін қатыстым. Канал қазу жаппай жүргізілмейтін, әр адам­ға бір күнде қазатын жердің өлшемін беретін, оны бітірмей үйіңе қайтпайсың. Тапсырманы орындап үйге кеш қайтатынбыз. Отбасына оралған соң да үйдің тіршілігі жетіп-артылып жататын. Кеш жатып, ерте тұратынбыз.

Соғыстан кейінгі жылдардағы жұмыстарда оңай болған жоқ. Майда шаруашылықтарды ірілендіру шаралары іске асырыла бастады. Мәселен, 1950-1951 жылдары «Әдебиет», «Мәдениет», «Шаған», «Қы­­зыл дихан» ауылдары қосылып «Қазақстанның ХХ жылдығы» колхозы болып атанды. Оның орта­лы­ғы осы күнгі «Қалжан ахун» ауылы болды.

Қадиша әже өз өмірінің үшінші кезеңі деп еліміздің Тәуелсіздік алған жылынан бастап, осы кезге дейінгі мерзімді айтты.

Ол халықтың көп тілеген, көп армандаған мақсатына жетіп, егеменді ел болғанына өзінің де куә болып отырғандығын ғасырлық ғұмырындағы ештеңемен теңестіруге болмайтын ең бақытты кезеңім дейді. Бұл ана жүрегінен атқылап шыққан, жаманшылықты артқа сілкіп тастаған туған халқын айналып-толғанған нағыз қуаныштың өзі еді.

Ең алдымен әр адам өз туған халқының перзенті. Сол перзенттік парызды орындау жолында Қадиша әже де талай қиындықтарды бастан кешіріпті. Бірақ ол кездескен қиындыққа мойымады, оны жеңе де білді, ал жеңілген кезінде сағын сындырмады. Сөйтіп, өмірдің талай-талай қилы кезеңі мен тар жол тайғақ кешу өткелін бастан кешірді.

Қыздарының барлығы да өз теңдерін тауып, өмір кешуде. Үлкені Тәрбие мен Науқанбай алты балалы болып, Жаңаталап ауылында, екінші қызы Қазына мен Нұрғазы бес баланы өмірге әкелсе, үшінші қызы Патыма мен Сәттай алты балалы болды. Бұлардың соңғы екеуі «Мырзабай ахун» ауылында тұрады. Бұл үш шаңырақтың үшеуі де ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған. Өз заманының бақытты отбасылары. Олардың бақытын: «Бұл менің де бақытым ғой», дейді Қадиша әже.

Қадиша әженің еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдардағы тыныс-тіршілігі жөнінде айтпай кет­ке­німіз жөн болмас. Әрқашанда бақытын еңбектен тап­қан оның зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі жа­са­ған жұмысының өзі ауыз толтырып айтуға тұ­рарлық, көпке үлгі боларлықтай. Мысалы, ауласын­дағы бір жарым гектардай жерді күтіп, баптау өзінің мойнында. Балаларының: «Демалсаңызшы, өзіміз-ақ атқарамыз ғой», дегеніне: «Менің ұзақ жасауыма тілектес болсаңдар, жермен еңбек етуіме кедергі жасамаңдар», дейтін көрінеді. Енді бұған не дерсіз. Осы жерге жаз басталуымен қауын, қарбыз, сәбіз, жуа, картоп егеді. Жеміс ағаштары өз алдына. Жаз бойы ерте тұрып осы дақылдардың дұрыс суарылуын, дұрыс қоректенуін қадағалап жүргені. Еткен еңбек зая кетпейтіні анық. Соның арқасында жыл сайын дақылдардың бұл түрінен қысқа жетерліктей өнім алып келеді.

– Күзде бұл жерді кетпенмен шауып, сүдігер көтереді. Өзінің айтуынша соңғы 5-6 жылдың төңі­регінде жер шабу жұмысын балаларыма жасатып жүрмін. Келер жылға жерді осылай дайын­да­масаң, ойдағыдай өнім ала алмайсың. Сондықтан да бұл жұмыстың басы-қасында өзім жүріп бақылау жасаймын, – дейді Қадиша әже.

Соңғы кездері Қадиша әже оқу­­­­шы-жас­тар тәр­­биесіне жиі араласып келеді. Оны ауылдағы №122 орта мек­тепке кіреберіс­тегі кең ауланың қа­быр­ғасына ілінген үлкен стендтен кө­руге болады. Бұл билборд түге­л­дей Қа­диша әжеге арналыпты. Одан оның мектеп­тегі ата-аналар коми­те­тінің құр­метті төрайымы екенді­гі­нен, оқу­шылар­мен кездесу сәттері­нен, та­қы­рыпты өзіне арнап өткізіл­ген тәр­бие сағаттарына қаты­суынан, оқу­шы­лар­дың ата-аналар жиналысында сөй­леп тұр­ған кез­де­рінен, жастар­дың үйлену тойына бата бе­­­ріп тұрған сәт­те­рінен хабардар боласыз.

Мектеп директоры Сәлима Оспанова­ның айтуынша, Қадиша әже қай кез боласа да мектепте өтетін шараларға шақырған кезде кешікпей уақтылы келеді, оқушы­лар­ға ең­бек­тің құдіретті күші жөнінде әң­гі­ме айтудан әсте жалықпайды.

Ештеңеге қаймықпайтын, қоңыр күйді қанағат тұтқан Қадиша әженің зейнет­ақы­сы 25 мың теңге екен. Солай дегенде ерік­сіз: «Япыр-ай», дейсің. Қаншама жыл ауыр ең­бектің азабын тартып, Отан өзімдікі деген ниетпен өмір кешіп, жүз жылды артта қал­дырған абзал ананың зейнетақысының мөл­ше­рін заң шығарушы азаматтар білсе ғой. Бірақ өмірде осындай адамдардың бар екен­дігін олардың біле бермеуі де ғажап емес. Бірақ бар.

Бұған қосарымыз оның отырған үйі де ескі. Бұдан алпыс бес жыл бұрын салыныпты. Алайда, бізде анау жетіспейді, мынау жетіспейді деп алақан жайып, көмек сұрап отырған ол жоқ. Барын базар тұтқан мұн­дай аса парасатты жанды өмірімізде бірін­ші рет көргенімізге біз де қайранбыз.

Келген шаруамыздың бетін қайырып кетуге ынғайлана бастағанымызды сезген Қа­ди­ша әже:

– Бұл үйден құр алақан шықпаңдар. Кә­не­­кей қолдарыңды жайыңдар, батамды берейін:

Я, Құдайым қолдасын,

Еш жамандық болмасын.

Жорытқанда жолың болсын,

Қыдыр ата жолдасың болсын.

Бала-шағаң аман болсын,

Еліміз тыныш жақсы заман болсын.

Мәдинада Мұхаммед,

Түркістанда Қожа Ахмет,

Жарылқа да, жарық ет,

Не тілесең әзір ет.

Алла тағала сендерге менің жасымды берсін.

Аумин!

Сонымен, 17 немере, 61 шөбере, 18 шөп­шек сүйіп отырған 103 жастағы Қади­ша Тө­ле­генова әжеміздің шын ықыласы мен берген батасын алып, ойлап келгендегі мақса­ты­мыз­ды іске асыратындай берік сенімде болдық.

Қайтарымызда ауыл әкімі Мырзамұрат Ыбы­раевқа жолығып, Қадиша әженің зей­нет­ақысы мен үй жағдайы жайлы көргені­мізді айтып бердік. Әрине, ауыл әкімінің қолында оны бірден шешетіндей мүмкіндік жоқ екен­­дігі баршамызға аян. Әйтсе де аудан бар, облыс бар – тиісті орындар арқылы мәселе көте­ріп, мүмкін біздің бастау айтып, қозғауы­мыз­дың оң шешімін табуға септігі тиер ме дегендік еді.

Осы кеңседе ауылдың ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Сұлтан Із­таевпен де кездестік. Ол да Қадиша әжеге қандай құрмет көрсетсе де артық болмайтындығын тілге тиек етті. Оны уақытында замандастары мен тұстастары ақ кетпенді Қадиша деп атағандары жайлы да сөз қозғады. Оның мәнісі басқалардың кетпені тот басқан қара болса, мұ­ның кетпені аппақ болып, иығына салып бара жатқанда күн сәулесі­мен шағылысады екен. Әрине, ақ кетпен жасалмайтыны дүйім жұртқа мәлім. Оның кетпенінің аппақ болу себебі кезінде жас Қадиша жерді шапқанда кетпеннің басы түгелдей жерге еніп кетеді екен. Ұдайы осындай қарулы күштің қолына түскен қара кетпен көп ұзамай аппақ күйге түсетін болыпты. Осындай қарулы қолдың иегері Қадиша әже жайлы ел арасында айтылар әңгімелер көп-ақ.

Әже десең, ауылдың кең пейілділігімен ауызбіршілігі еске түседі. Осындай әжелер­дің әжесі – Қадиша Төлегенова. Ендеше өмір жолында бір ғасырлық асудан асқан, 103 жасқа қадам басқан Қадиша әже әлі де жасай берсін…

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы.