• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2012

Қателескен қара қағаз

515 рет
көрсетілді

Қателескен қара қағаз

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:30

Сұрапыл соғысқа көппен бірге ойылдық Мәлік Мавлюдов та аттанды. Ол 258-атқыштар дивизиясының 999-атқыштар полкінің құрамында ұрысқа қатысып, Воронеж қаласын жау әскерлерінен азат етуге үлес қосты. Одан соң Сталинград шайқасына қатысты. «Сталинградты қорғағаны үшін» медалін иеленді. Дегенмен, майдан даласында соғыстың соңына дейін жаумен қарсыласа алмады. Ауыр жараланып, елге оралды…

 

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:30

 

Сұрапыл соғысқа көппен бірге ойылдық Мәлік Мавлюдов та аттанды. Ол 258-атқыштар дивизиясының 999-атқыштар полкінің құрамында ұрысқа қатысып, Воронеж қаласын жау әскерлерінен азат етуге үлес қосты. Одан соң Сталинград шайқасына қатысты. «Сталинградты қорғағаны үшін» медалін иеленді. Дегенмен, майдан даласында соғыстың соңына дейін жаумен қарсыласа алмады. Ауыр жараланып, елге оралды…

 

43-ші ЖЫЛДЫҢ ТАМЫЗЫ

1943 жылы Сталинградтан Ойылдағы Мавлюдовтар отбасына баласы Мәліктің «қаза тапқандығы» жөнінде қаралы қағаз келіпті. Соның алдында ғана 30-40 минуттай уақыт бұрын ұлдарының аман-есен елге оралғандығы жөнінде хабарлама алған әке-шеше есеңгіреп қалыпты.

– Содан ата-анам жаманат хабарға сенерін де, сенбесін де білмепті. Мәселенің мәнісі былай еді. 1942 жылы Сталинградты қорғау үшін шайқастық. Майдан даласы: әр адым жерде жарылған снарядтар, қарша жауған оқ. Қантөгіс. Тіпті, өліктен аяқты алып жүру қиын. Жаралылар қаншама…

Майданға Ойылда 7 жыл бірге оқыған сыныптасым Сапа Өтегенов екеуміз бірге аттанғанбыз. Көз алдымда ол да оққа ұшты. Маған снаряд жеткізіп тұрған Трошин, Селезнев, Жолдыбаев та бірінен соң бірі көз жұмды. Сол ауыр шайқаста мен де ауыр жараландым. Есімді жиып, көзімді ашқанымда бір ғимаратта жатыр екенмін. Аяғым қозғалыссыз қалған. Денемді де көтере алмаймын.

Бір топ жаралылар кемемен жолға шықтық. Онда ем қабылдайтын жағдай болмады. Дәрі-дәрмек түгілі, жараны залалсыздандыратын медициналық құралдар да жоқ. Ақыры, аяғым құрттап кетті. Жараның аузында үйме-жүйме боп жыбыр-жыбыр етіп жүрген құрттар жаныңды көзіңе көрсетеді. Сол кездегі аурумен арпалысқаным әлі күнге көз алдымда… Әйтеуір аман-есен Қазанға жеттік. Бірақ ондағы әскери госпиталь қабылдаған жоқ. Орын болмады. Содан бізді Горькийге жіберді. Ондағы госпитальде маған операция жасады. Мүмкіндігінше медици­налық көмек көрсетілді. Сөйтіп, онда 6 айдан астам уақыт емделдім. Дегенмен, құлан-таза айығып кеткенім жоқ. Аяқтарымдағы ісік қайтпады. Аяқ киімімді өздігімнен кие алмайтынмын. Маған мақта мен матадан дорбалар тігіп берді. Ендігі «аяқ киімім» сол қалталар болды. Екі балдаққа сүйеніп, пойызға міндім. Шұбарқұдықтан түстім. Сол жерде менің аман-есен елге оралғандығымды хабарлап, ауылға хабарлама жіберілді. Ол кезде көлік қатынасы қиын. Күн сайын жүретін көлік жоқ. Сөйтіп, оншақты күн өткеннен кейін үйге әрең жеттім.

Біраз уақыт екі балдақпен жүрдім. Одан соң бір балдаққа сүйеніп те жүре алатын болдым. Сөйтіп, екі аяғымды нық басатын халге де жеттім, — дейді Мәлік ақсақал.

«ҮШ БАҚЫТЫМ…»

– Сұрапыл соғыстан аман қалдым. Бұл – бірінші бақытым. Қар­тайған шағыңда кемпіріңнің қарайып, қасыңда аман-есен жүргенінен қымбат ешнәрсе жоқ. Аллаға шүкір, екеуміздің шаңырақ көтерге­німізге биыл 67 жыл болды. Кемпірім екеуміз түйдей құрдаспыз. Жасымыз – 89-да. Бұл – екінші бақытым. Үшіншісі, балаларым аман. 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірдім. Үлкен ұлым Вадим – құрылыс инженері. Қостанайда тұрады. Кенже ұлым Тоқай Мәскеудегі ірі зауыттардың бірінде бас энергетик болып қызмет істейді. Қызым Надия – дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында еңбек етеді, – дейді Мәлік ақсақал. Оның 4 немере, 4 шөбере, 1 шөпшегі бар. Ақса­қал алыстағы балаларымен үнемі телефонмен хабарласып, ғалам­тор желісі арқылы хат алысып тұрады екен. Тіпті, веб-камераның көмегімен балаларын, немерелерін, шөберелерін, шөпшегін көріп, мәз-мейрам боп қалатыны бар.

– Балаларым хабарласқан күн біз үшін – мереке. Үлкен ұлым әр сенбі сайын қоңырау шалып, хал-жағдайымызды сұрайды. Ал кенже ұлым әр жексенбі сайын хабарласады. Ғаламтор желісінің арқасында балаларымызды көріп, бір жасап қаламыз, – дейді кейіпкеріміз.

ЕҢБЕК ПЕН ҚҰРМЕТ

– Бірнеше жылдан бері облыстық билік тарапынан көп қолдау, көмекке ие болып отырмыз. Газ, су, жарық үшін ақша төлемейміз. Ақтөбе қаласындағы «Ардагер» емханасында соғыс ардагерлері мен мүгедектер тегін ем қабылдайды. Мұның өзі бізге көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз.

Кемпірім екеуміздің зейнетақымызды көп деп айтуға болады. Шүкір, үйде тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Аздап ауыратынымыз болмаса, жағдайымыз жақсы, – дейді ақсақал.

Мәлік Мавлюдов облыстың қаржы саласында 54 жылдан астам уақыт еңбек етті. 1945 жылы Ойыл ауданында, одан кейін Ақтөбеде қызмет істеді. Әр жылдары облыстық тұтынушылар одағында бас есепші, төрағаның орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

– Облыстық тұтынушылар одағы төрағасының қаржы және құрылыс жұмыстары жөніндегі орынбасары болып қызмет еткенімде, Ақтөбе кооператив техникумы еңсе тіктеді. Ақтөбе қаласындағы 41-разъезден 33 гектар жер алып, сауда базасын салдық. Одақтың 3 қабатты ғимаратын тұрғыздық. «Светлый» пионер лагері бой көтерді. Міне, осы жұмыстардың бәрінде менің ізім, менің еңбегім бар. Соған қуанамын, – дейді ақсақал.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

АҚТӨБЕ.