• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Шілде, 2012

«Халық жауына» айналған прокурор

480 рет
көрсетілді

«Халық жауына» айналған прокурор

Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:42

ХХ ғасыр басында еліміздің барлық өңірінде жаппай орын алған белсенді ұлт-азаттық қозғалыс легіне араласқанға дейін, Жаһанша Досмұхамедов патшалық сот органдарында қызмет атқарып, маңызды мемлекеттік іспен шұғылданған. Алғашқыда Орал аумақтық сотының жанындағы сот лауазымына үміткер ретінде қызмет атқарып, бітімгершілік соты және қылмыстық бөлім хатшысы көмекшісінің міндеттерін орындаған.

 

Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:42

 

ХХ ғасыр басында еліміздің барлық өңірінде жаппай орын алған белсенді ұлт-азаттық қозғалыс легіне араласқанға дейін, Жаһанша Досмұхамедов патшалық сот органдарында қызмет атқарып, маңызды мемлекеттік іспен шұғылданған. Алғашқыда Орал аумақтық сотының жанындағы сот лауазымына үміткер ретінде қызмет атқарып, бітімгершілік соты және қылмыстық бөлім хатшысы көмекшісінің міндеттерін орындаған. 1912 жылдың жазында Барнауыл уезінің 10-учаскесіндегі бітімгершілік сотының міндеттемелерін орындау үшін іссапарға шығып, кейін Омбы сот палатасына аға үміткер ретінде ауыстырылды. 1913 жылы аталған лауазым бойынша Змеиногорск уезінің 1-учаскесіне және осы жылдың күзінде Барнауыл қалалық прокуратура органдарына шақырылып, 1914 жылдың наурыз айында Каин уезі бойынша Том округтік сотында прокурордың орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы міндетті атқарып жүріп, ол әділет генералы шенін иеленді.

1915 жылғы «Памятная книга Томской губернии» атты кітапқа Томск губернаторының нұсқауы­мен сол өңірдегі көрнекті қай­раткерлердің аты-жөндері енгі­зілген. Сондағы «Прокурорлық қадағалау» бөлімінде Ж.Дос­мұ­ха­медовтың да есімі тұр.

Біз қандасымыздың Ресей заң­­дарын терең біліп, адалдығы мен шынайылығы арқасында зор беделге ие болғандығын аңға­рамыз.

Осындай тұлғаның 1917 жыл­ғы қазан төңкерісінен кейін Алашорданың Батыс Қазақ­стан­дағы бөлімшесін басқарғандығы белгілі. Ол жазушы Хамза Есен­жановтың «Ақжайық» трилогиясында өте жақсы жазылған. Ал одан кейін ше? 20-шы жылдары Ж.Досмұхамедов Ташкентте тұр­ған. Түрлі қоғамдық жұмыстарға араласқан. Соның бірі оған заң­гер ретінде Түркістан әділет Ха­лық Комиссариатының өтініші­мен «РСФСР-дың Қылмыстық кодексін» қазақ тіліне аудару тапсырылады. Ж.Досмұхамедов аударманы басқарды және 1924 жылы Ташкент қаласында тұң­ғыш рет Түркістан Республикасы ХКК Арнайы комиссиясының бас­пасымен «РСФСР-дың Қыл­мыстық кодексінің» қазақ тілін­дегі аудармасы тұңғыш рет жа­рыққа шықты.

1927 жылдың қараша айы мен 1929 жылдың аралығында Ж.Дос­мұхамедов Қызылорда қа­ла­сында ауыл шаруашылығы бан­кінің заң кеңесшісі болып, 1928 жылы адвокат қызметін атқарды.

Қызылорда облысының мұра­ғат және құжаттама бөлімінен табылған деректерге сәйкес, Қы­зылорда округтік халық сотының қорынан 1927 жылдың желтоқ­сан айында Ж.Досмұхамедовке сенімхат берілген. Онда Қазақ КСР халық шаруашылығы орта­лық кеңесінің заң кеңесшісі Дос­мұхамедов Жаһанша Досмұха­мед­ұлына аталған ұйымның атынан барлық сот отырыстарында талапкер және жауапкер ретінде шығу, істерге үшінші тұлға ре­тінде қатысу және іске үшінші тұлғаларды тарту, талап арыз ұсынып, соттан қамтамасыз етуін сұрау, актілердің шынайылығына күмән келтіру, жалғандығы туралы наразылық білдіру немесе дау­ласу және мұндай талаптар мен арыздарға жауап беру, айып тағу және мұндай істер бойынша жауап беру, сот отырыстарында Қа­зақ КСР халық шаруашылы­ғы­ның орталық кеңесінің істерін қорғау және т.б. өкілеттіліктер берілген.

Астананың 1929 жылғы кө­шірілу кезеңінде Ж.Досмұ­ха­медов Алматыға келіп, ма­ман­дығы бойынша жұмыс жасайды, 1930 жылдың ақпан айында жұмыс бабымен Мәскеуге ауыс­тырылып, бірінші қамауға алын­ғанға дейін жұбайы Ольга Константиновнамен сонда тұрады.

1930 жылдың 31 қазанында Ж.Досмұхамедов Мәскеу қала­сын­дағы «Мал шаруашылығы» басқармасында аға экономист қыз­метін атқарып жүргенде «Алаш» партиясы және бұрынғы Алашорда үкіметінің мүшесі ре­тінде Қазақ КСР БСМБ (ОПГУ) органдарымен қамауға алынды. Мәскеуде, Замосквореченск ауданы, Шабловка-Хавский көшесі, 11 үй қиылысы, 265, 7 корпус мекенжайында ұстап, Бутырка түр­месіне жіберілді. Кейін Алматыға ауыстырылды.

Анықталған процессуалдық құ­жаттардың, алдын ала тергеу кезіндегі беттестіру, жауап алу хаттамалары негізінде, Ж.Дос­мұхамедов өзінен жауап алу барысында өзін кінәлі деп мойындамады және контрреволю­ция­лық ұйымның мүшесі бол­ма­ғанын және ешқандай кон­тр­революциялық жұмыстармен шұ­ғылданбағанын мәлімдеді. Кон­трреволюциялық ұйымның мү­ше­­лерімен өзінің байланысын жоққа шығарып, мұндай ұйым туралы естімегенін, кеңеске қар­сы үгіт насихат жүргізбегенін атап көрсетті.

1930 жылдың 5 қара­ша­сын­дағы Ж.Досмұхамедовтан жауап алу хаттамасында ол: «Мен Мәс­кеуден Ташкентке 1920 жылдың қазан айында келдім. Бұл жылы және 1921 жылы да Ташкенттегі қазақ жиындары туралы біл­меймін. 1922 жылдың көкте­мін­де, кешкі мезетте «Ақ жол» га­зетінде жұмыс жасайтын­дар­дың бірі, кешкілікте «арқалық» қазақ­тары (яғни, солтүстіктің қазақ­тары) бір іс жөнінде әңгімелесу үшін жиналатынын айтты. Қан­дай іс туралы деген менің сауалыма барған соң білетіндігім туралы айтты. Сол күні менің үйіме 7-10 қазақ азаматтары келді, олар­­­­­­­дың кейбірі есімде, Ж.Дос­мұ­хамедов, М.Дулатов, Бірімжа­нов секілді, ал қалғандары есімде жоқ. Келгендер, «Алаш» қазақ қайраткерлерінің бұрынғы бағ­дар­ламасы ешкіммен қабылдан­бағанын, уақытылы жасалма­ға­нын және жасау қажеттігін, саяси сауалдарға қатысты бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің рә­сім­делген саяси пікірі болғанын айтты. Мен ашық түрде, мұндай қайта өңдеуге қарсылығымды білдіріп, біріншіден, біз, алаш­ордалықтар саясаттың жекелеген сауалдары бойынша әр түрлі саяси көзқараста екендігімізді, бұ­рын бізді тек ұлттық белгілеріміз біріктіргенін және қазір біздер саяси жағынан нөл, сондықтан да аталған мақсатсыз бағдарламаны жасау төтенше органдар тарапынан тек жағымсыз салдар алып келетінін жеткіздім.

Алайда, саяси келбеттің қа­жет­тігі туралы қызу пікірлерден соң, бағдарлама жобасы жасалып, бұ­рынғы Алаш орданың қай­рат­кер­лерімен келісуге Орын­бор­ға жолдау үшін оны «Ақ жол» газетінің жұмысшылары алып кетті.

Кейін, мен Түркөн­діріске­ңес­тің жұмыстарымен Пржевальс­кіге (Қаракөл) іссапармен кетіп қалдым, Ташкентке үш айдан соң, көктемде келдім. Іссапарда болған мезетте, менің балдызым Надежда Константиновна Т.Рыс­құловқа тұрмысқа шыққан. Т.Рыс­­құлов Ташкентке Түркістан Рес­публикасы Халық Кеңесі ко­миссариатының төрағасы ретінде келген. Екеуміз жақсы араласып, жиі кездестік. Сол мезеттен бас­тап, жоғарыда аталған тұлға­лардың қызметі, бағдарламамен не жасағандығы туралы біл­меймін. Қызылордада мен олармен аталған бағдарлама туралы сөйлеспедім, олардан мүлдем алыстап, өзімнің кәсібіммен шұ­ғылдандым. Бұл жәйттерді ал­ғашқы жауап алу барысында хабарламау себебім, біріншіден, ме­нің көзқарасым бойынша, атал­ған әрекетті «еріккен сарт … уқалайды» деген қазақ мәтелімен сипаттауға болады. Екіншіден, маған өзге фамилияларды атау қиын болды. Мен КСРО-да ке­ңестік билікті төңкеретін күш бар екендігіне бұрын және қазір де жол бермегенмін және бермеймін де, ешқашан Кеңес билігіне қар­сы шыққан жоқпын, және қазір он жыл бойы өзімнің кәсібім бойынша адал әрі шынайы жұ­мыс жасаудамын», деп айтқан.

Ж.Досмұхамедовты айыптау туралы қылмыстық істің зерделенген материалдары, сондай ақ, тергеудің процессуалдық құжат­тары негізінде келесідей қоры­тынды жасауға болады, ол жауап алу барысында бір ұстанымда болып, анық әрі нақты жауап беріп, ұсынылған айыпты шынайы дә­лелдеме жоқтығына байланысты мойындамады.

Кеңестің қылмыстық заңна­ма­сының контрреволюциялық қыл­мыстың жалпы ұғымына және оның нақты құрамдарына қа­тысты тұжырымдаманың тиянақ­сыздығы туралы ерекшеліктерді атап өту қажет. Бұл тергеу, анықтау және сот органдарының алдына фак­тілерге еркін қарап, манипуляция жасауға, істерді жасанды жалған жасауға, кінәсіз тұлғаларды жауап­кершілікке тар­туға немесе неғұр­лым ауыр жазалармен айып тағуға мүмкіндік берді.

Процессуалдық құқық қуғын­дап, жазалау мақсаттарына бе­йімделіп, таза айыптау бағытына ие қылмыстық істерді қарау және тергеу рәсімін, кінәсіздік призумпциясы қағидасын бұзып, процесте объективті шындыққа қол жеткі­зуге бағытталмауды бекіткен.

Қазақстанда 1932 жылдың 20 сәуіріндегі БСМБ (ОГПУ) жа­нындағы Үштік отырысының №3/к хаттамасынан үзіндіге сәйкес, РСФКР Қылмыстық ко­дексінің 58-7, 58-10, 58-11 және 59-3-баптары бойынша Ж.Дос­мұхамедов сотталып, сот шеші­мімен 5 жыл мерзімге Воронежге айдалды. Воронежде Жаһанша зайыбы Ольга Константиновнамен 9 қаңтар көшесінде тұрып, мамандығы бойынша қызмет атқарып, жоғары оқу орындарында сабақ берген.

Айдау мерзімін өтеген соң, Ж.Досмұхамедов 1938 жылдың 1 маусымында Мәскеу облысы бо­йынша КСРО ІІХК басқарма­сы­ның (НКВД) органдарымен қай­тадан қамауға алынды. Қамауға алу кезінде отбасымен Мәскеу қаласы, Хавско-Шабловск қиы­лысы, 11 үй, 265 пәтерде тұрған. Ол «контрреволюциялық, ұлт­тық, көтеріліс ұйымының бас­шыларының бірі, көтерілісшілер құрамына тартумен айналысу, адамдарды контрреволюциялық рухта тәрбиелеу», яғни РСФКР ҚК-нің 58-бабының 10 және 11-бөліктерімен қарастырылған қылмыстар үшін айыпталды.

1938 жылдың 16 шілдесіндегі Мәскеу облысы бойынша ІІХК басқармасының (НКВД) жанын­дағы Үштіктің шешімімен Жа­һанша Досмұхамедовке жеке өзі­не тиесілі мүлкі тәркіленіп, ату туралы үкім шығарылды. Үкім 1938 жылдың 3 тамызында орындалды.

Ж.Досмұхамедов басым көп­шілік қазақ қайраткерлері секілді, Құрылтай жиналысын белгілеуі тиіс буржуазиялық демократия­лық федеративті республиканы жақтаған. Ол Қазақстанда жер­гілікті өзін өзі басқару және аумақта жалпы, автономды бас­қару арқылы демократиялық құ­рылым болу қажет деп есептеді және АҚШ-тың қоғамдық саяси құрылымын үлгі ретінде ұсынды. Нәтижесінде, ұлтшылдар Қазақ аймағының кеңестенуіне жол бермеу туралы нақты шешім қабылдады. 1917 жылдың жазында Алаш белсенділерінің жартысында автономдылық және ке­ңестік билікке қарсы ұстаным қалыптасты.

Мәскеу облысының ІІХК басқармасының (НКВД) 3-бөлім, 5-бөлімшесінің төтенше өкілі   Х.Кайтов жауап берушіге: «Тергеу сіз 1930 жылы қамауға алын­ғанға дейін, және айдаудан келген соң қазіргі сәтке дейін контр­рево­люциялық әрекеттеріңізді жал­­ғастырғандығыңыз туралы мә­лі­меттерге ие», деп мәлімдеді. Жа­һанша: «Буржуазиялық ұлт­шыл, демократиялық құрылым­ның жақ­таушысы, өзіндік ұс­та­нымым бойынша халықшыл, про­летариат диктатурасына қар­сыласушы ретінде, эсер пар­тия­сының жа­ғында болып, Кеңес билігіне қарсы болдым, түрлі кезеңдерде Кеңес билігіне деген көзқарасым өзгеріп отырды. 1923 жылдан бе­рі Кеңес билігіне қар­сы белсенді күрес жүргіз­бедім. 1929 жылы ұжымдас­тыруға байланысты Ке­ңес билігіне деген менің көзқа­расым мүлдем жа­ғымсыз жаққа өзгерді. Себебі, ұжымдастыруды қазақ халқы үшін жоюшы, ал өткізілу әдісі Қазақстан үшін түбегейлі қолай­сыз деп есеп­тедім», – деді.

Ж.Досмұхамедовты айыптау туралы қылмыстық іс 1957 жыл­дың 2 желтоқсанында Мәскеу қалалық сотының президиумымен қайта қаралды. 1938 жылдың 16 шілдесіндегі Мәскеу облысы бойынша КСРО ІІХК (НКВД) басқармасының жанындағы Үш­тіктің шешімі бұзылды, 1887 ж.т. Ж.Досмұхамедовке қатысты іс әрекетінде қылмыс белгілерінің болмауына байланысты өндіріс­пен қысқартылды.

1958 жылдың 28 ақпанында Ж.Досмұхамедовты айыптау туралы қылмыстық іс Қазақ КСР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен қаралды, Республика прокуроры­ның наразылығымен, Қазақстан­дағы бұрынғы БСМБ (ОГПУ) Үштіктің 1932 жылдың 20 сә­уі­ріндегі қаулысы бұзылып, қыл­мыс белгілерінің болмауына байланысты іс өндіріспен қысқар­тылды.

«Жаппай саяси қуғын-сүр­гiндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегi N2200 Заңының негізінде Жаһанша Дос­мұхамедов саяси қуғын-сүр­гiн құрбаны ретінде ақталды.

Равиль МАЖИТОВ,

Батыс Қазақстан облыстық прокурорының аға көмекшісі 2-ші сыныпты заңгер, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Батыс Қазақстан облысы.