Сенбі, 13 қазан 2012 7:06
Шалқар ауданының құрылғанына сексен жыл толу мерекесіне қатысу үшін республикамыздың түкпір-түкпірінен туған мекенге ат басын туралаған перзенттер, қадірлі қонақтар тойлы ортада тоғысты. Сөйтіп, шежірелі өңірдің өткені мен бүгіні, белесті кезеңдері арналы әңгіме арқауына айналды, тарих қайта бір түгенделіп, алғы күннің атқарылар істері де арнасын тауып жатты.
Сенбі, 13 қазан 2012 7:06
Шалқар ауданының құрылғанына сексен жыл толу мерекесіне қатысу үшін республикамыздың түкпір-түкпірінен туған мекенге ат басын туралаған перзенттер, қадірлі қонақтар тойлы ортада тоғысты. Сөйтіп, шежірелі өңірдің өткені мен бүгіні, белесті кезеңдері арналы әңгіме арқауына айналды, тарих қайта бір түгенделіп, алғы күннің атқарылар істері де арнасын тауып жатты.
Аудандық Мәдениет үйіндегі мереке салтанатында аудан әкімі Рахат Сыдықов жан-жақтан жиылған қонақтарға жылы сөзін айтып, кеше мен бүгіннің байланысын сабақтастырып, жүріп өткен жолдарға шолу жасады. Арнайы дайындалған телекөрініс көркемдік желімен көп кезеңдер сырын ашты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің арнайы құттықтауын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов заман ағымына сай тіршілік кешіп жатқан шежірелі өңірдің ертеңі де елеулі өзгерістерге толы болатындығына сенім білдірді. Ол бұл ізгі ойын ел тұрғындарының бірқатар әлеуметтік игіліктерді көріп отырғандығымен, мәселен, қазірдің өзінде көптеген жерлерде «көгілдір отын» пайдалану мүмкіндігі туғандығымен сабақтастырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта тартылатын жаңа темір жол желісі, басқа да жаңа өндіріс орындарының ашылуы көптеген өзекті проблемаларды шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Көршілес Қызылорда облысы Арал ауданының әкімі Нәжімеддин Мұсабаев іргесі бөлінбеген, тарихы тамырлас екі өңірдің талай кезеңдерді бірге өткеріп келе жатқанын тілге тиек етті. Астана, Алматы қалаларында жауапты қызметтерде жүрген шалқарлық азаматтар өздерінің осы өңір перзенттері екенін мақтан тұтатынын айтып, көпшілікті мерекемен құттықтады.Салтанатты мерекеде журналист Бердібай Кемалдың сценарийі бойынша режиссер Елтай Кемал сахналаған «Батырлар рухы» атты қойылымды Тахауи Ахтанов атындағы драма театры актерлары көпшілік назарына ұсынды.Бұл өңір сексен жылдық тарихтың кешегі бір бөлшегі болып табылатын кеңестік кезеңнің өрлеу жылдарында арзан ет пен жүннің фабрикасы атанғаны да жиналғандар жадында жаңғырды.– Шалқар уезд атанған 1927 жылдары бұл аумақта 42 мыңдай жылқы, осындай мөлшерде түйе, 56596 сиыр, 153081 қой, тіпті 47609 ешкі болған. Мұның өзі өңірдің малға жайлы болғандығын көрсетеді. 1938 жылы ауданда 50 колхоз ұйымдастырылады, – дейді өңірдің кенен қарттарының бірі Қалмақан Төлеуов.1964 жылы ауданда колхоздар біріктіріліп, он кеңшар құрылды. Кейін оның екеуі жабылып, сегізі 1995 жылға дейін, яғни жекешелендіру кезеңіне дейін жетті. Сол бір тұстарда басқа мал басын қоспағанда қой саны өңірде 370 мыңға жетті. Мемлекетке жыл сайын 9,0 мың тонна ет, 750 тонна жүн, 1,0 мың тонна сүт тапсырылды. «Тоғыз», «Сарыбұлақ», «Айшуақ» кеңшарлары одақтық, республикалық жарыстардың жеңімпазы атанды. «Тоғызды» ширек ғасырға жуық басқарған Нағым Қобыландин Социалистік Еңбек Ері атанды. Қазір аудандағы 474 шаруа қожалықтары, бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік және бір өндірістік кооператив негізінен мал шаруашылығымен шұғылданады.Салтанатты мереке аясында аудандық «Шалқар» газетінің де сексен жылдығы әдемі аталып өтті. Өңір тынысының шежіресі іспетті бұл басылымның беделі қай кезде де биіктен түсіп көрген емес. Газеттің алғашқы шығарушысы әрі редакторы болған Әбидолла Биекенов кейін республика Жоғарғы Сотының төрағасы болды. Не-бәрі отыз бес жасында өмірден өткен тұлғаның ұлы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Марат Биекеновтің келіп, игі тілек білдіруі ұрпақтар сабақтастығын сездіргендей. «Социализм туынан» бастау алып, «Коммунизм таңы» арқылы бүгінгі «Шалқар» дәрежесіне жеткен басылымда Тілеужан Шойғариннің шәкірттері, бір шоғыр журналистер еңбек етті. Аудан әкімі Рахат Сыдықов алқалы жиында «Шалқар» газетінің редакторы Қыдырәлі Әлинге арнайы құттықтау тапсырып, сый-сияпат жасады. «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы өздері қамқорлық аясында ұстап отырған газет ұжымына «Нива» автокөлігін бөліп, қызметкерлерге ақшалай сыйлық берді.Осы той төрінде белгілі сатирик Үмбетбай Уайдиннің болуы да салтанат сәнін арттыра түсті. Еңбек жолын балаң кезінде осы газеттен бастаған қазақтың белгілі қаламгеріне ел атынан астына ат мінгізіліп, үстіне шапан жабылды.Аудандық тарихи-өлкетану музейінің жиырма бес жылдық белесі де ерекше аталды. 1987 жылдың қараша айында есігін ашқан бұл мәдени орында алғашқы уақытта 500-дей ғана экспонат болса, қазір оның саны сегіз мыңнан асып отыр. Мұражай 2007 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, мұндағы жәдігерлер жеті бөлімге жинақталыпты. 2009 жылы облыс бойынша «Үздік музей» атағын алған бұл мұражайда Есет Көтібарұлының мылтығы, Әзберген батырдың найзасының ұшы, Қарағұл батырдың қылышы, Тотан байдың қазаны, басқа да қолға түсе бермейтін, сирек құндылықтар келушілерге тарихтан сыр шертеді. Енді ғана құрылысы қолға алынған «Шалқар – Бейнеу» темір жол желісінің ашылу салтанатында берілген кілт – мұражайдың кейінгі экспонаты.Қала сыртындағы ипподром маңы түс ауа басталған думан орталығына айналды. Ұлттық ойындар, қыз қуу, теңге алу, аударыспақ, аламан бәйге бірінен соң бірі жалғасып жатты. Аламан бәйгеде бозойлық Әлім Дарханның аты мәре сызығын бірінші қиып, бас бәйге – жеңіл автокөлікті олжалады. Екінші, үшінші орындарды темірлік Өтеген, Есет Мырзағалиевтар бөлісті. Түйе балуан бәйгесінде Азамат Тұрымбетов жеңіс тұғырына көтерілді. Қалған салмақ дәрежелерінде Аңсаған Аманжолов, Қайнар Қажымұқанов қарсыластарына дес бермеді.Ал ақындар айтысында шалқарлық Аян Сейітов пен Қайнар Алакөзов сөз сайысында қатар шауып, бас жүлдені қақ бөлісті. Есентүгел Әзиев пен Жұлдыз Қожабекова екінші және үшінші орындарды иеленді. Классикалық күрестің ардагері Аманғали Төлебаевқа жас ұрпақты жаттықтырып жүрген жемісті еңбегі үшін құрмет көрсетілсе, грек-рим күресінен ірі жарыстардан жеңіс әкеле бастаған жас талапкер Мейрамбек Нәдірбаевқа «темір тұлпар» мен арғымақ қатар сыйланды. Тойдың сәні осындай құрметтермен жалғаса түсті.Нұрмұханбет ДИЯРОВ, журналист,Сатыбалды СӘУІРБАЙ,«Егемен Қазақстан».Ақтөбе облысы,Шалқар ауданы.