• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2012

Қазы

521 рет
көрсетілді

Қазы

Сейсенбі, 26 маусым 2012 7:13

ДҮБІР

Олимпиадаға 31 күн қалды

Бақытжан Жақсықұлов  Лондон күрес кілемінде төрешілік жасайды

Жаныңда жүргеннен кейін қасиетін байқай бермейсің ғой. Біз кеудесі аяқ­қаптай, нығыздап басқанда қара жерді ойын жіберердей көрінетін балуан Бақыт­жан Жақсықұловты білетін едік. Талай талантты шәкірттерінің балақ бауын шешіп, томағасын сыпырған бапкер болатын ол. Азия чемпионаттарында, халықаралық жа­рыстарда төбе бидей төреші болып жү­ретін.

Сейсенбі, 26 маусым 2012 7:13

ДҮБІР

Олимпиадаға 31 күн қалды

Бақытжан Жақсықұлов  Лондон күрес кілемінде төрешілік жасайды

Жаныңда жүргеннен кейін қасиетін байқай бермейсің ғой. Біз кеудесі аяқ­қаптай, нығыздап басқанда қара жерді ойын жіберердей көрінетін балуан Бақыт­жан Жақсықұловты білетін едік. Талай талантты шәкірттерінің балақ бауын шешіп, томағасын сыпырған бапкер болатын ол. Азия чемпионаттарында, халықаралық жа­рыстарда төбе бидей төреші болып жү­ретін. Ал, күрес түрлерінен әлемдегі таңдаулы, Лондонда қазылық ететін 50 төрешінің қатарына кіргенін естігенде аузымыз ашылып қалмағанымызбен: «Ойпыр-ай, мынауың мықты екен ғой», деп таңданып қалғанымыз рас.

Бақытжан таэквандодан КСРО құрама­сына кіріп, ең алғашқы Ресей чемпионатында топ жарған досымыз Шадияр Қон­дыбаев басшылық ететін спорт мектебінің жаттықтырушысы. Жақында грек-рим кү­ресінен бір алтын күтіп жүрген Алмат Кебісбаев: «Азия, Еуропа, әлем чемпионаттары – Олимпия ойындарына дай­ын­дық», деген. Дәл анықтама.

Сол Олимпиадағы төрешілік жасауға дүние жүзіндегі ең таңдаулы 50 төреші іріктеліп алынған. Үшеуі кейінгі жолда­малық жарыстарда қате жіберіп қойып, FILA тарапынан бақылаушылардың сүзгі­сі­нен өте алмады. Сонда қалғаны – 47. Со­ның біреуі қазақ. Ол – Бақытжан Жақ­сы­­құлов. Ал, таңданбай, сүйсінбей көр.

Төрешінің өсу, өрлеуі оның білімділі­гіне, біліктілігіне қатысты. Мәселен, бір балуанды алайық. Ең әуелгі спорт дә­ре­жесі нормативін орындайды. Үштен бі­рін­ші дәрежеге дейін. Қалалық, облыстық жарыстарда жеңімпаз болып жатса, спорт шеберлігінен үміткер. Сосын спорт шебе­рі. Халықаралық жарыстарда, Азия чемпионаттарында бірінші, әлем чемпионатында үштікке кіріп жүрсе, халықаралық дәреже­де­гі спорт шебері атанады. Ал, спорт жа­рыс­тарының ең биік шыңы – Олимпия ой­ындарында олжа салып жатса, еңбегі сіңген спорт шебері атағын алады. Бұл – атақты спортшының жүріп өткен жеңісті жолы. Және оңай жол емес. Барын салса да спорт шеберлігінен үміткер нормативін орындай алмай кеткен спортшылар да болады.

Төрешілерде де осы тәртіп. Халық­ара­лық төрешілікке жеткен судья катего­рия­сының өзі үшке бөлінеді. Әуелі жасөс­пірімдер арасындағы халықаралық турнирлерде, Азия чемпионатында қазылық жасайсың. FILA бекіткен инспекторлар шеберлігіңді байқаса жастар арасындағы Азия ойындары, Азия чемпионаты секілді айтулы жарыстарға төрелік етесің. Осы екі кезеңнен сүрінбей өткен төреші Азия, Еуропа, әлем чемпионаттарындағы бәсе­келерге жіберіледі. Қазір күрес түрле­рінен әлемде халықаралық дәрежедегі 1873 төреші бар болса, соның 700-дейі үшінші санатта, 400-дейі екінші санатта. Қалғаны біріншіге өткен төрешілердің ішінен Олимпия ойындарында қазылық ету үшін 50 төреші іріктеліп алынады.

Біздің Бақытжан Жақсықұлов осы әлем бойынша іріктелген елудің ішінде. Мұнда да арқаны кеңге салып жүруге болмайды. Соңғы ірі жарыстарда төрелік етіп тұрып, қате шешім қабылдаған үш төреші Олимпиада тізімінен сызылып қалды. Инспекторлар бәрін бақылап отырады.

– Мұның бәрі үлкен еңбекпен келеді, –дейді Бақытжан. – Төрешілікпен айналысып жүргенімде өзі халықаралық дәре­жедегі төреші, ұстазымыз марқұм Түсіп­хан Сайханов мені шешуші, қиын белдесулерге салатын. “Аға, неге оттың ішіне кіргізесіз?” деп ренжитін едім. Кейін байқасам, мені піссін дейді екен ғой.

Олимпиада алдында осы төрешілер Сербияда соңғы тест тапсырған. Жақ­сы­құлов електен жақсы өтті. Грек-рим және еркін күрестен Қазақстан Лондонға 15 жолдамамен барады. АҚШ, Ресей мемле­кеттері 16-18 жолдамамен қатысатынын ескерсек, бұл – жақсы көрсеткіш.

Семинарда талқыланатын көп мәсе­лер­­дің ішінде мемлекеттердің күрестегі өсу деңгейі сөз болды. Азия чемпионаты, Азия ойындарын және әлем бірінші­ліктерін есептегенде мемлекетіміздің балуандары айтулы жеңістерге жетіпті. Бұл – Лондон алдындағы жақсы баға. Қуатты жас толқын өсіп келеді.

– Қазақстанмен қазір барлық мемлекет санасады, – дейді Бақытжан. –Азия елде­рі­нің ішінде өте жақсы өсіп келесіңдер. Назарбаев мықты дейді.

Ал, Еуропа мамандарының аузынан Дәулет Тұрлыханов түспейді. Хал-жағ­дайын сұрайды, сәлем айтып жатады. Күрес академигі ағамыздың беделі бізді де марқайтады. Еркін күрестен бас бапкер Алтай Танабаев “бізді бұрынғыдай төре­шілер кілемде қыспайтын болды” деп қуа­нады. Сол жетістікте өзіміздің де мыс­қал­дай болса да еңбегіміздің барлығына тәубе етеміз.

– Бақытжан, Лондонда қазылық ете­тініңе бүкіл ел қуанады. Ал, төл шәкіртің Ермек Байдуашевтың да Олимпиадада күресетіндігі құтты болсын. Ермекте бір балуанға керек қасиеттің бәрі бар сияқты. Неге жолы оңғарылмай жүр?

– Дұрыс айтасыз. Ермекте бәрі бар, күш те, әдіс-айла да. Бір-ақ нәрсе жетіс­пейді, ол – спорттық ызақорлық, ашу. Мына Кап тауының жігіттері жетпей жат­қан тұсын өркөкіректікпен, ызақорлықпен толтырады. Қарсыласының мысын басуға тырысады.

Біздің жігіт – өте мейірман, өте дархан, өте ақкөңіл. Жаттығуда оның зілте­мір­де көтерген салмағын ауыр салмақ­та­ғылардың өзі көтере алмайды. Жүгіргенде елдің алдында келеді.

Кейде: «Сенің атыңды әке-шешең жұрт­тың ермегі болсын дегендей Ермек қойғаны дұрыс болмапты. Сенің ендігі атың – Ербатыр», деп әзілдеймін. Әйт­пе­се, Ермектің әлем чемпионы болатындай қажыры бар.

Бақытжан Жақсықұлов Лондонда алтыннан олжа салуға Алмат Кебісбаев пен Нұрмахан Тінәлиевтің мүмкіндігі жете­тін­­дігін айтады. Иншалла, айтқаны келгей.

Сол атақты балуандарымыздың жеңісі ұрланбауы үшін де қазы Бақытжанның атқаратын жұмысы тау көтерген Толағайдай болмақ.

Тек бір өкініштісі, спорттың нысана көздеу түрі бойынша облыс орталығында нысана көздеуші мылтық атудан мерген көптеген жастарды тәрбиелеген жаттық­тырушы Сергей Дрешер Лондонға бірге еріп бара алмайтын көрінеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.