• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Шілде, 2012

Жанкүйер

703 рет
көрсетілді

Жанкүйер

Сейсенбі, 10 шілде 2012 7:29

Спортты білетін, ыс­тығына күйіп, суығына тоңатын, қолынан келгенше көмегін беріп жү­ретін жақсы ағала­ры­мызды жағалаймыз. Со­лардың бірегейі – Мүс­ілім Дайырбеков. Бұл ағамызды қанша Олимпиада ойындары, әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарына барды дегеннен, қаншасына бармады деген оңайырақ. Дұрысы, ешқай­сы­сынан қал­май­ды. Көңіл көтерейін, жа­қын мен жуықты шолайын деп бармайды, қиын сәтте­рін­де інілерімнің қа­сында болсам, қи­налған­да иы­ғымды төсесем, ақыл-кеңесімді берсем, көмек көрсетсем деп барады. Сондықтан да Мүсі­лім ағаны қазақ боксы­ның жанашыры деп атайды.

 

Сейсенбі, 10 шілде 2012 7:29

Спортты білетін, ыс­тығына күйіп, суығына тоңатын, қолынан келгенше көмегін беріп жү­ретін жақсы ағала­ры­мызды жағалаймыз. Со­лардың бірегейі – Мүс­ілім Дайырбеков. Бұл ағамызды қанша Олимпиада ойындары, әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарына барды дегеннен, қаншасына бармады деген оңайырақ. Дұрысы, ешқай­сы­сынан қал­май­ды. Көңіл көтерейін, жа­қын мен жуықты шолайын деп бармайды, қиын сәтте­рін­де інілерімнің қа­сында болсам, қи­налған­да иы­ғымды төсесем, ақыл-кеңесімді берсем, көмек көрсетсем деп барады. Сондықтан да Мүсі­лім ағаны қазақ боксы­ның жанашыры деп атайды.

Дүбірлі дода қарсаңында Мүсілім ағаны арнайы іздеп бардық. Сұрағымыз белгілі ғой.

– Өз басым осы Олимпиадада Серік Сәпиевтің алтын аларына сенемін, – дейді ол. – Өзгелерден артықшылығы өте еңбекқорлығы, жылдамдығы, адами таза болмысы. Қазақтың жалпақ тіліне салып айтсақ, ақылды батыр.

– Сол балаңыз кемшіліктен де құралақан емес-ау.

– Оның рас. Үнемі шабуыл өтінде жүріп ашылып қалады. Ал­ғашқы раундта бірер ұпай жіберсе, жанығып алға ұмтыла беретіні бар. Кейде барабан ұрғандай үздіксіз соққы жасайды. Содан соққының қуаты кетеді, энергиясы артық жұм­салады. Бірақ, кесіп айтайын, Серік Сәпиевтей хас, толассыз шабуыл жасайтын боксшы әлемде сирек.

– Түсіндік. Боксты бір кісідей білетін кісісіз. Тағы қандайбала­ла­рыңызға құсыңыз түсіп жүр? Қуат­ты жас толқын дегендей…

– Сақа боксшылардан Біржан Жақыпов олжа салуы мүмкін. Өте талантты боксшы, бірақ психоло­гия­лық жағынан осы жігітке үлкен демеу керек. Өз-өзіне сенімділігі жетпей жатады.

Лондонда Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов және Иван Дычко өздерін көрсетеріне сенгім келеді. Данияр – табиғи дарын. Өте жылдам. Әділбек – ақылды боксшы. Қарсыласының сырын көзі­нен, қимылынан оқып қояды. Се­зім­тал. Мұндай қасиет тума дарындарда болады. Дычконы қос­қанда үшеуі­не де сәл жарыс тәжі­рибесі жетіс­пейді. Келешекте қазақ бок­сы­ның ұстыны осы үшеу болады.

– Қалған жігіттер ше? «Аузы дуалы Мүсілім ағамыз бізді ауызға алмапты,Лондонға сая­хат­қа бара жатқан жоқпыз ғой», деп өкпелеп қалмай ма?

– Өзім де осы жағын айтайын деп отыр едім. Сидней Олимпиадасында Ермахан Ыбырайымов алтын, Болат Жұмаділов пен Мұхтар­хан Ділдәбеков күміс пен қола медальға таласады деген болжам болды. Ал Бекзат Саттарханов пен Олжас Оразалиев секілді қуатты жастар екі жекпе-жек өткізсе қана­ғат делінген. Соңы не болды? Қазақстанда ересектер арасынан чемпион болмаған Бекзат Саттарханов қазақ боксындағы алғашқы алтынды жұлып әперді. Артқа шегініп бара жатып та ұрыс салатын Бекзаттай оғланның биігі келесі Олимпиада дегенбіз. “Алмас кездік қын түбінде жатпайды” – деген осы. Сондықтан, басқа жігіт­тердің атын атамасам, ғафу өтінем. Бекзаттай саңлақ шығып жатса, ұлы той ғой. Сәттілік тілеймін.

– Әсілі, қазақтың алғашқы Олимпия ойындарының жеңім­пазы Серік Қонақбаев болуы керек еді сияқтанып тұрады. Юрий Цхаймен сөйлестік. Серік жеңді деді. Серікпен сұхбат алғанымызда: “Сол жекпе-жекті талай рет көрдім. Жеңілмеген сияқтымын”, дейді. Мәскеуде Серіктің жанында демеуші болып жүрдіңіз. Сіз не дейсіз?

– Серік саясаттың құрбаны болып кетті ғой. Кубалық Хосе Агилармен болған ауыр жекпе-жектен кейін сәл ауырыңқырап қалғаны рас. Патрица Олива Мәскеу олимпиадасына капиталистік елдердің бойкот жариялағанына қарамай қашып келген. Шаршы алаңдағы төреші ГФР азаматы-тын. Осының бәрін есепке алып, Серікке қиянат жасамасын деп төрешілерге атақты Барвихадан ресторан жалдап қонақасы бермек болғам. Юрий Цхай басқа жаққа келісіп қойып едік деп ырық бермеді. Кейін естігенімдей, онда төрешілерді жақсы күтпепті. Мен төрешілерді көңілін аулайын деп емес, әділ жекпе-жек өткізсін деп шақырғым келген.

Жеңгеніне Патрицаның өзі де күмәнданып тұрды ғой. Хабарла­ғанда сылқ етіп еденге отыра кетті. Кейінірек Патрица Олива Қазақ­станға келді. Семірген, үрлеген доп­тай. Баяғы бұйра шашы жоқ. Әзілдедім. “Серік екеуіңе жекпе-жек ұйымдастырайын”, деп. “Шы­ғам, – деді ол. – Бірақ Серікпен шаршы алаңға емес, спагетти жеп жарысуға”. Осындай да қызық болған.

– 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында Болат Жұмаділовтің Олим­­пиада ойындарының жеңім­пазы болуға кереметтей мүмкін­дігі болды. Екі раунд ұтып жат­қан жампозды жеңіске қол созым қалғанда төрешілер сүрін­дірді. Осының бәрін білесіз. Айтар уәжіңіз бар ма?

– Болат Жұмаділовтің алтыны ұр­ланды. Оның алдында  Куба боксшысы мен ресейлік Олег Сайтов шаршы алаңға шыққан. Төрешілер Куба боксшысын жығып берді. Кубалықтар протест жасамақшы болған. Соның салдары бізге тиді. Жұмаділовті құлатты. Кейініректе Кубада Теофило Стивенсонның үйінде қонақта болдым. Қазақ боксы сөз болды. «Қайсысы мықты?» – дедім. Стивенсон: “Ибрахимоф”, деді. Ал Куба боксын әлемдегі ең биікке көтерген Алсидес Сагарра: “Жумадилоф”, – деп бас бармағын көрсетті. Болатқа қысастық жасал­ғанын ол біледі. Қайтесің, саясат деген осы.

– Мүсілім аға, бізге ой тү­сірердей біраз сөз айт­тыңыз. Лондонның төбесі қыл­тиып көрі­ніп тұр. Жора­малыңыз қа­лай? Қор­жынымыз­дың қос бүйі­рі тола ма?

– Оған сөз бар ма?! Он бестен кем медаль алмаспыз. Серік Сәпиев, Нұрмахан Тінәлиев, Алмат Кебісбаев, Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Ольга Рыпакова секілді атлеттеріміз ал­тынға таласады. Қайсысының маң­дайы жарқырайтындығы бір Алланың қолында. Бәріне сәттілік тілейік.

Бақтияр ТАЙЖАН,

“Егемен Қазақстан”.

Алматы.