Жұма, 13 шілде 2012 7:54
Күнде құбылған заманның ыңғайымен “келімсек” деген сөз тауып алдық. Бұл, әсіресе, спортшыларға көп қолданып жүр. Біздің кейбір әріптестеріміз: “Ол – келімсек. Ақшаны алған соң еліне кетіп қалады», деп аймен күннің аманында дабыл қағып жүр. Келімсектің де қолданылатын өз орны бар. Мәселен, футболдан Еуропаның ортаңқол құрамалары түгілі Ресейдің төменгі дивизионындағы клубтармен жеңіске жете алмайтын құрамамыздағы сырттан келген ойыншыларға ашуланғанда осылай айтуға болар.
Жұма, 13 шілде 2012 7:54
Күнде құбылған заманның ыңғайымен “келімсек” деген сөз тауып алдық. Бұл, әсіресе, спортшыларға көп қолданып жүр. Біздің кейбір әріптестеріміз: “Ол – келімсек. Ақшаны алған соң еліне кетіп қалады», деп аймен күннің аманында дабыл қағып жүр. Келімсектің де қолданылатын өз орны бар. Мәселен, футболдан Еуропаның ортаңқол құрамалары түгілі Ресейдің төменгі дивизионындағы клубтармен жеңіске жете алмайтын құрамамыздағы сырттан келген ойыншыларға ашуланғанда осылай айтуға болар. Өйткені, оларда тұрақ жоқ. Қай клуб жақсы ақша төлейді, тайлы-таяғы қалмай сонда көшіп жүреді. Онысын өздері де мойындайды. Намыс дегеніңіз жоқ. Ақша үшін келгенін жасырмайды. Бірер ай жалақысын төлемей көрші, сотқа шағынып, есігіңді теуіп кетеді. Олар Қазақстан футболына ештеңе әкелген жоқ. Бұлардың ойынын өзіміздің футболшылар да ойнай алады.
Ал Қазақстан ауыр атлетикасының кеңесшісі Энвер Туркелериді келімсек деп айта аласыз ба? Жоқ! Олай дей алмаймыз.
Сонау кеңес мектебінің тамаша үлгісін көрген Анатолий Храпатыйдан кейін ауыр атлетикамыз беделін біраз уақытқа жоғалтқан. Өзіміздің бапкерлер барын салғанымен ештеңе істей алмады. Сол кезде Найм Сүлейменоғлы мен Халил Мутлу секілді екі жампозды, Олимп биігіне бір емес, үш рет шығарған Энвер Түркелериге таңдау салынды. Спорт функционерлері қателескен жоқ. Оның қызылордалық жалындап тұрған бозбала Илья Ильинді көргенде-ақ: “Мына жас жігіт Олимпия ойындарының чемпионы болады”, дегені есте. Солай болды. Илья үш әлем чемпионатында топ жарып, Бейжіңде оң қолының тамыры зақымданғанына қарамастан Олимпия ойындарының алтынын жанқиярлық ерлікпен жұлып алды.
Аспандағы жұлдыз көп бе, Қазақстанның халқы көп пе деген сауалға тосылып қалсаңыз қытайдағылар тосылмайды. Онда адамдар жұлдыздан да, құмнан да көп. Бір шағын ауданның өзінен ортаңқол жарысқа мыңнан аса спортшы қатысады. Міне, осындай бәсекеде Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы Түркелеридің нұсқауымен ана сүті аузынан әлі кеуіп үлгермеген екі қыз әкелген. Қытай өзінің спорт жұлдыздарының басқаға жалын да ұстатпайды. Егер саңлақ спортшыны шетке шығаруға бапкерлердің, спорт функционерлерінің қатысы болған болса, адамы құмырысқадан көп аспан асты елінің иелері оларды қабырғаға тіреп қояды. Не қылатынын білесіз.
Ал Зүлфия мен Майя Қытайдағы ауыр атлетикада аяғы-аяғына шалынысып жүрген мыңдаған қыздардың бірі еді. Елеген, еленген жоқ болатын. Түркелеридің тәлімінде тер төккен осы қос қызбен Ресей құрамасына ілікпей, күресінге шығарылып тасталған Светлана Подобедова әлем чемпионаттарында екі жыл қатарынан топ жарды. Сол кезде ғана Қытай мен Ресей құрамаларының бас бапкерлері бармағын тістеді. Қайталап айтайық, егер осы үш қыз өз елінде керек болса үшеуіне ат басындай алтын берсең де жібермес еді. Сондықтан, үш қызды әлемдік бәсекеде ешкімге бас бәйге ұстатпауына ауыр атлетика құрамамыздың бас бапкері Алексей Ни мен кеңесші Энвер Түркелери бастаған бапкерлер құрамы өлшеусіз еңбек сіңірді. Таланттардың өзін жарқырата көрсетуіне Қазақстан Үкіметі барлық жағдайды туғызды.
Енді ауыр атлетиканың 8 жолдамасын сарапқа салған соңғы Қазақстан чемпионатын алайық. Оған Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Ольга Некрасовадан бастап қола жүлдегер Мария Грабовецкая, әлем чемпионы Владимир Седов, әлем чемпионатының қола жүлдегері Владимир Кузнецов, Азияда алда болған Сергей Истомин қатысты. Бұлар – елімізге еңбегі сіңген өз атлеттеріміз. Таразыға салынған сегіз жолдаманы жеңіп алуға оларға ешкім бөгет жасаған жоқ, бірақ бәрі өте алмай қалды. Илья Ильин, Алмас Өтешов, Анна Нұрмұхамедова, Светлана Подобедовадан бөлек, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Арли Шонтей мен Фархад Харки жолдаманы жеңіп алды. Соңғы екеуі аңдап отырғаныңыздай Қазақстан спортына бейтаныс есімдер. Оңтүстік Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысының атынан түскен қос талантты атлеттер де аспан асты елінің түлектері. Қазақстан азаматтығын алған. Бәрі заңды. Қытайда үштік түгілі ондықтың маңайына жуымайтын осы жігіттер Лондонда олжа саларына өз басымыз кәміл сенеміз.
Соңғы төртеудің кіндік қаны бөтен елде тамды демесеңіз, үлкен спорттағы биік нәтижелері Қазақстан спортымен тікелей байланысты. Оқу-жаттығу жиындарын ойдағыдай өткізді. Қаржыдан қағылған сәттері жоқ.
Ал осылармен терезесі тең тартыста жолдамаға таласқан өзіміздің жоғарыдағы атлеттеріміз жеңіліп қалып жатса, кімге кінә артуымыз керек. Біздің көптеген қыз-жігіттеріміз Қазақстан құрамасы бас бапкерімен келісе алмай, жеке жаттығуға бел буса, шешуші сәтте шідердегі аттай күй кешуінің мәнісі осы. Бұл Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігі басшыларының ойласатын мәселесі. Бүгінде біздің бірінші спортшыларымызға айналып отырған ауыр атлетикада кеудемсоқтық, бетімен кетушілік бой көрсете бастады. Олимпия ойындарының чемпионы, әлем чемпионы құрамадан тыс жаттығу жасап, табысқа жетем деген болса түбі бір жамандыққа ұрындырады. Дана Абай айтқандай, “бас-басына би болған өңкей қиқымның” күйін кешіп жүрмейік. Құрамамыз бір қолдың саласындай біртұтас болмауы жеңістерге бөгет болмайды дегенге сену қиын. Бұл кейінірек кеңінен талқыланатын келелі мәселе.
Егер біз ауыр атлетикадан жоғары медальдарға 6 спортшымыз даусыз таласады десек, соның 5-уі біздің кейбір ағайындар “келімсек” деп ағаш атқа мінгізген атлеттер. Ал осылардың орнына өз беттерінше жүріп мінез көрсеткен жоғарыдағы отандастарымызды жіберсек, Лондон – жиеннің қолына құрық іліп, қырық серкешін айдап қайтатын нағашы жұрты емес. Олимпия ойындарында бір қола медальға да қол жеткізе алмай жерге қарап қалатын мемлекеттер көп. Өзіңіздің Отаныңызға сондай тілек тілесеңіз, не болғаныңыз. Төрт жылда бір өтетін Олимпиадаға дүние жүзіндегі барлық мемлекет өзіндегі барды көрсету мен әлемге даңқын асыру, сөйтіп мемлекетінің намысын қорғау үшін барады.
Сонымен, сырттан мықты спортшыларды шақырдық. Бұл рас. Сонда неден ұттық неден ұтылдық?!
Ұтылған түгіміз жоқ. Асығымыз алшысынан түскен жеріміз көп.
1996 жылы Қырғызстан түлегі Юрий Мельниченко Атланта Олимпиадасында қолымызды алтынға жеткізді. 2004 жылы Георгий Цурцумия (грек-рим) мен Геннадий Лалиев (еркін күрес), 2008 жылы Теймұраз Тигиев (еркін күрес), Анна Важенина (ауыр атлетика) Олимпия ойындарының күміс медалін елімізге тарту етті. Қысқы спортта Елена Хрусталева Олимпия ойындарының ақтық сынында күміске ие болды. Бұған дейін, Қазақстан құрамасының қатысты деген аты болмаса, Смирновтан кейін медаль сыңғырын ұмытқанымыз қашан.
Осы спортшылардың бәрі Ресейден келді. Елінде құрамаға ілікпеді, үлкен спорттан тыс қалды. Қазақстан қанаттандырып, жарысқа салды.
Ұтқанымыз, дүние жүзінде бәсі бөлек спортшылармен бірге жаттыққан өзіміздің атлеттеріміз өсті. Важенина еліне қайтса, заңды. Үлкен спортпен қоштасты, демалуына хақысы бар. Мельниченко мен Манукян балуандарымызды баптап жүр.
Ең ауыр салмақтағы Нұрмахан Тінәлиев секілді балуанымыз екі әлем чемпионатында жүлде алып жатса, онымен күрес кілемінде күнде тартысатын Георгий Цурцумияның да үлесі бар. Өз ішімізде Нұрмаханға тіресуге жарайтын балуан жоқ. Цурцумия өсіріп жатыр.
Елена Шалыгина келгелі қыздар күресі шыңдала түсті.
Бұлар болмаса өз спортшыларымыз шықпас еді дегенді айтқалы отырғанымыз жоқ. Жалпы, елішілік жарыстарда шеберлігі жоғары спортшымен белдесудің жөні бөлек. Әйтпесе, 1996 жылы Атлантада Мәулен Мамыровтың еркін күрестен алған жалғыз қола медалінен кейін ондай биік арман болып қалды емес пе. Бүгінде Дәулет, Дәурен деген жігіттеріміз осы сеңді бұзуға дайын. Грек-рим күресінде алтыннан олжа салуға Алматтың бәсі жоғары, Нұрмахан мен Дархан да олжасыз қайтпас. Осы жігіттердің өсуіне Юрий Мельниченко мен Мкхитар Манукянның еңбегі жоқ деп ешкім айтпайды.
Сырттан легионерлер шақыру – барлық мемлекеттерге тән үрдіс, ешкім алтынға таласатын спортшысын бермейді. Өзің тәрбиелеп, өзің биікке шығарып жатсаң, бұл енді мемлекеттік жұмыс.
Алысқа бармай-ақ, көрші Өзбекстанды алайық. Соңғы екі Олимпиадада олардың өз спортшылары алтын ала алмай жүр. Афинада Ресейден әкелінген грузин және осетин балуаны Өзбекстанға алтын сыйлады. Бейжіңде Артур Таймазов сол ел үшін екінші мәрте Олимпия ойындарының чемпионы болды.
Осы жігіттердің арқасында өзбек күресі айтарлықтай өсті. Ала топылы ағайындар Лондонда үстінен құс ұшырмай отырған Артур Таймазовтан үшінші алтынды күтетіндіктерін жасырмайды. Ұлттық намыс дегенде өзбек жұрағаты ешкімге дес бермейді. Сондықтан оларға мемлекетінің атын шығару үшін алтын керек.
Біз де сөйтеміз. Қай жақта, қайда дүниеге келсе де Қазақстанда спорт шеберлігін жетілдіріп, Қазақстан атынан сынға түскен спортшы – ол біздің адам, ол біздің отандас.
Бізге керегі – Отанымыздың мерейін үлкен спортта асқақтату болса, сол спортшылар қолымызды биікке жеткізіп жатса, ол қалай бөтен болады?!
Қазақ спортының өскеніне, өркендегеніне бәріміз де мүдделіміз. Кейбір әріптестеріміз спортшылар алып отырмыз деп “аһ” ұрған Ресейдің өзі кетеуі кеткен футболын көтеру үшін Бразилиядан бастап біраз мемлекеттерден ойыншылар шақырып, допты тебе алатын жағдайға жетті. Еуропа да Дрогба секілді қара маржандарға күні түсіп отыр. Франция мен Англия құрамаларын сырттың ойыншылары құраса да ондағылар француз, ағылшын емес демейді. Өйткені, отан намысы бәрінен қымбат. Ал, біздің Елена Шалыгина: “Менің Отаным – Қазақстан”, – дегенді айтады. Спорттағы үлкен жетістіктеріне Қазақстан байрағы астында жетті. Ниеті түзу досты кеудеден итеріп, келімсек деу дұрыс емес. Әрине, бір Алмат Кебісбаевтың Лондондағы алтыны бізге өте қымбат. Алмат, Нұрмахан, Серік, Данияр, Дәулет, Дәурен, өзіміздің Илья сияқты ақберендер көбірек шығу үшін бапкерлеріміз күн-түн тынбай жұмыс істеулері керек. Сонда ғана біздер сырттан көмек алмаспыз. Ал, Қазақстанды Отаным деп танып, қазақ байрағының астында бәсекеге түсетіндер сіз бен бізге алыс емес. Зүлфия мен Арли Лондонда алтыннан салым салып жатса, “келімсек” деп мұрнын шүйіріп жүргендердің өзі шаттанып, бір-бірінен сүйінші сұрарына кепілміз. Өйткені, Қазақстанның, жер иесі – қазақ халқының дүние жүзінде бағасы артқанына жүрегі жоқтар ғана қуана алмайды.
Бақтияр ТАЙЖАН,“Егемен Қазақстан”.
Алматы.