• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Сәуір, 2019

Қандастарға арналады

687 рет
көрсетілді

Елге оралған отандастарға көмек көрсету мақсатында байланыс-орталығы іске қосылады. «Отандастар қоры» коммерциялық емес АҚ президенті Нұртай Әбіқаев пен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев өзара әріптестік және серік­тес­тік қатынастарды нығайту туралы меморан­дум­ға қол қойып, жаңа бір келелі істің басын қайырды.

Байланыс орталығы «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсете отырып, оралман мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алу, әлеуметтік жеңілдік пен төлемақыларды, мемлекеттік көмекті белгілеу мәселелері бо­йынша сондай-ақ оралмандар мен иммигранттарды жұмысқа орналастыру үшін оларға өңірлік квота белгілеуге қатысты кеңестер береді. Бизнес ашу және технологияларды дамыту бойынша кеңес алу үшін қала және облыс әкімдіктерімен, ұлттық компаниялармен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен, «Зерде» және «ҚазАгро» холдингтерімен серіктестік қарым-қатынастар орнатылып жатыр. Сонымен бірге қазақстандық ұялы операторлар нөмірлерінен тегін қоңырау шалу мүмкіндігі қарастырылған.

Байланыс орталығына 1404 (мобильді қоңырау шалу), +7 (7172) 981404 (шетелден қоңырау соғатындарға), 8-800-080-1404 (Қазақстандағы қалалық телефоннан) нөмірлері бойынша хабарласуға болады. Сондай-ақ орталық қызметкерлерімен WhatsApp, Telegram және Skype мессенджерлері арқылы байланысқа шығуға болады. 

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрыл­ған «Отандастар қоры» тарихи отандарына оралған, сондай-ақ шетелде тұрып жатқан отандастарына көмек пен қолдау көрсету мақсатында бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр. Қордың негізгі міндеттерінің бірі Қазақстанға оралып жатқан отандастарға жылдам бейімделуге көмектесу. Бірыңғай байланыс орталығының ашылуы барлық қажетті көмекті жинап қана қоймай, оралмандар мен шетелде тұрып жатқан отандастарымыздың проблемаларын шешу үшін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, қолдау көрсетуге қажетті ақпараттың дереккөзі бол­мақ. Мұндай қызмет түрінің пайда болуы мемлекеттің отандастардың проблемасына деген назарының деңгейін көрсетеді», дейді Н.Әбіқаев. 

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1991-2016 жылдар аралығында Қазақстанға 1 мил­лионнан аса қандастарымыз көшіп келген. Игілікті бастамаға қол қою кезінде тараптар келешекте бірлескен шаралар өткізу ісін талқылады. Қ.Есекеев жобаның әлеуметтік маңызы зор екенін әрі өзара ынтымақтастыққа негізделген барынша қолайлы шарттарды жүзеге асыруға ынталы екендіктерін жеткізді. Аталған жобаның атқарылу мерзімі 2022 жылға дейін деп белгіленді.