Түркі әлемі зерттеу институтының профессоры Метин Экинджи түркі әлеміне құнды жазбаны Қазақстаннан тапқанын айтады. Дегенмен ақпарат құралдары профессор оны Қырғызстанда тапты деген қате хабар таратқан. Бұл жаңалық әлеуметтік желілерде де қызу талқыға түсті. Алайда бұған қазақстандық ресми құрылымдар әзірге жауап бермеді.
Зерттеушінің karar.com агенттігіне берген сұхбатында аталған жәдігер 61 беттен тұратын қолжазба екенін айтып өткен. «Таяудағы Қазақстанға жасаған сапарымда қазақстандық зерттеушілер бізге жазбаларды көрсеткен болатын. Зерттей келе табылған нұсқанын шамамен XIV немесе XVI ғасырларға тиесілі екенін анықтадық. Дәлірек айтқанда, бұл нұсқаның басты ерекшелігі – бұған дейін Дрезден мен Ватиканнан табылған алдыңғы екі жазбадан да көне болуында» дейді Метин Экинджи.
Профессор жаңа нұсқаның білім әлеміне зор үлес қосып, Қорқыт атаға қатысты зерттеулерді толықтыратынына сенеді. Дастанды түгелдей латын қарпімен көшіріп, түрік тіліне аударып, көпшілікке ұсыну жоспарланған.
«Қорқыт ата» дастаны – түркі әлеміне ортақ, құнды жәдігер. Дастанның алғашқы екі нұсқасы 1815, 1952 жылдары Германияның Дрезден қаласы мен Ватиканнан табылған болатын.