• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 13 Мамыр, 2019

Гуайдоның сәтсіз ұмтылысы

875 рет
көрсетілді

Венесуэладағы саяси дағдарыс өзінің шарықтау шегіне жетті. Президент Модуро мен оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо өздерін елдің шынайы басшысы деп атаудан жалығар емес. Модуро билікті сақтап қалуға барынша тырысып жатса, Гуайдо оны тартып алудың амалын жасап жатыр. Соғыста барлық әдістер орынды демекші, олар өз мақсатына жету үшін бәріне баруға даяр. Тіпті, Гуайдо жақында мемлекеттік төңкеріс жасауға да тырысып көрді. Тек екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің керімен бұл текетірестен халық қана зардап шегіп жатыр.

Бүгінде Венесуэла халқының 80 пайызы жарықсыз отыр. Ел­дегі ең ірі Гури электр стансасын­да ақаулар шыққан. Модуро мәсе­лені шешудің орнына «АҚШ им­пе­ралистері біздің халыққа жа­рия­лаған электронды соғысы тоқ­тайды. Боливар және Чавес хал­қын ешкім жеңе алмайды. Па­т­­риот­тар барынша біріксін» деп туит­терінде жазып қойды. Құдды бір Кеңес Одағының идеоло­гия­лық ұраны дерсің. Жағдайды Гуайдо да пайдаланып кетті. Сөй­­тіп ол да туиттерінде «2009 жылы билік электро энергетикада апатты режім енгізді. 2013 жылы оны милитаризация жасады. Энер­гожүйесінен 100 млрд дол­лар­дай ұрланған» деп жария­лап қойды. Жалпы бүгінде саяси мәлім­деме­лер осылайша әлеуметтік желі арқылы жиі жасалады. Бұл әдет­ті кезінде Дональд Трамп айна­лымға енгізген еді. Екі саясат­кер осылайша туит аты­­сып жүр­ген­де соңғы 4 айда жа­­рық­­тың жо­ғы­нан ауруханалар­да 79 науқас көз жұм­ған. Дәрі-дәр­мек, азық-түлік сақтай­тын орын жоқ. Транспорт жү­йесі тоқ­тап қалды. Тамақ жетіс­пейді. Ел валюта­сы боли­­вар құн­сызданып кеткен. Гипе­ринф­ля­ция 1,6 млн пайызды құра­ды. Ен­ді кеше ғана Бразилия Вене­суэла­ның валютасы боливарды басып шы­ғар­майтыны мәлім болды. Бұл жағ­дай соңғы 5-6 жылдан бері жал­ға­сып келеді. Соның кесірінен 3 млн-дай азамат өзге елдерге көшіп кеткен.

Гуайдо осы жылдың қаңтарын­да өзін жаңа президент деп жа­риялаған соң оны әлемнің 50 мем­лекеті мойындады. Модуроны Ресей, Беларусь, Түркия, Қытай, Куба ғана жақтап отыр. Тек жақта­майды, ара-арасында көмегін де беріп тұр. Батыс әлемі Модуроны мойындамады, себебі былтырғы президент сайлауында ол үлкен заңсыздықтарға жол берген дейді. Сонымен қаңтардан бері елде екі билік режімі орнады. Гуайдо осы процеске нүкте қою үшін жақында Азаттық операциясын жасауға тырысты.

Операцияның мәні – халықтың және Гуайдо тарапына көшкен кейбір әскерилердің көмегімен мем­лекеттік төңкеріс жасау бо­латын. Себебі Карлота әуебаза­сын­дағы біраз әскерилер оппозиция тарапына көшіп кеткен еді. Енді Венесуэлада әскерилер мен әскерилер бір-біріне қарсы шыға бастады. Бірақ Азаттық опе­ра­циясы әлі мақсатына жеткен жоқ. Гуайдо өз сөзінде армия оның тарапына көшкенін айтып жүр. Ол әскерилерді оппозицияға көшіру үшін келіссөздер жүргізіп те келеді. Бірақ әлі де болса Қор­ғаныс министрі Владимир Лопеc бастаған әскерилер Нико­лас Модуроға адал. Осы адалды­ғын паш ету үшін Модуро әскерилер­дің айналасында тұрып, телевидениеден бірнеше рет сөйледі де.

Венесуэла халқы Модуроға қанша қарсы болса да, әлемнің басым бөлігі оны сынап жатса да, билікті сақтауда негізгі рөлді қару иесі армия атқарып тұр. Себебі әскерилер Модуро билігін қор­ғаш­тап отыр әрі көшеге наразылық көрсетуге, митинг­ке шыққан азаматтарды жаза­лап келеді. Мәселен, 2019 жылы тек сол митинг, пикеттерден Вене­суэлада 57 адам көз жұмған. Даму­шы елдерде саяси дағдарыс орна­са, ірі державалардың араласа­тын әдеті бар. Сирия, Ливия, Украи­на, Грузияны еске алыңыз. Осы жолы да Модуроға өзге елдер­ден үлкен қысым жасалып жатыр. Мәселен, Дональд Трамп Венесуэ­ланың жаңа басшысы деп оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдоны мойындады. Кейін АҚШ әдетіне салып, осы елдің ең ірі мұнай компаниясы PDVSA-дың активтерін бұғаттады. Алайда елде аштық басталғанын көріп, гуманитарлық көмек жібермек болған. Модуро оны қабылдаудан бас тартты.

Енді Венесуэлаға шетелден әскер кіргізу мәселесі тұр. Вашинг­тон бұл жолды да қарастырып жатқанын бірнеше рет ашық мә­лім­деді. Оппозиционер Хуан Гуайдо оған қарсы емес екенін айтқан-ды. Жақында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео: «Егер қажеттілік туын­даса, әскери әрекетке баруымыз мүмкін. Бұл – АҚШ-тың қолынан келеді. Әрине, жағдайды зорлық-зомбылыққа жеткізбеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Сол үшін барлық тараптарды оқыс әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз. Біз Мадуро орнынан кетіп, жаңа сайлау өтіп, Венесуэлада биліктің бейбіт жолмен ауысқанын қалаймыз» деді.

Алайда Ресей оған жол бер­меу­ге тырысып бағуда. Биыл жыл басында Мәскеу Каракасқа Модуроны оппозициядан қорғау үшін «Вагнер» атты жеке әскери компаниясының 400 жалдамалы жауынгерін жіберді деген мәлімет тарады. Бұл компания бұған дейін де сарбаздарын жіберген секілді. Ресей Модуроны қорғау үшін 400 адаммен шектелмейді. Мәселен, биыл Венесуэлада Калашников автоматын шығаратын зауыт ашылады. Сондай-ақ Ресей Су-30МК2 жойғыш ұшақтарын, Ми-35М тікұшақтарын, Т-72 танктерін, БМП-3 и БТР-8 брондалған маши­наларын жіберіпті. Енді бұл көмекке, әскер саны одан әрі арт­­қанына қарсы емеспсіз деп Вене­суэла­ның әскери басшылары жақын­да мәлімдеме жасады.

Сонымен, Венесуэла бүгін аш­тық­тан да, саяси дағдарыстан да ти­ты­ғып, шаршаған ел. Жоғарыда айт­қандай, Николас Модуро бар күші­мен билікте қалуға тырысып бағу­да. 35 жасар оппозиционер Гуа­й­до оның орнына келудің ама­лын жасап жатыр. АҚШ пен Ресейд­ің күресі де осы елде қатар жүруде. Бұрынғы қырғи-қабақ со­ғыс­тың XXI ғасырдағы жалғасы. Бірақ қос тарап та осы дағдарысқа нүкте қою үшін әскери шабуылға жол берілсе, талай жан бекер көз жұ­матынын түсінеді. Себебі Вене­суэ­ла­ның өз ар­миясы да әлсіз емес. Жал­пы осы жағ­дай бұ­рын­нан келе жат­қан саяси тезис­ті қайта еске түсі­реді. Шетелдіктердің ішкі ісіңе ара­лас­қаны – мемлекеттің берекесі қашқаны.