• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Мамыр, 2019

Елбасының әлеуметтік бастамалары – халық игілігіне бағытталған бағдарламалар

1075 рет
көрсетілді

Өткен жылы еліміздің Тұң­­ғыш Президенті – Елба­­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Прези­денттің бес әлеуметтік бастамасы» жөнінде халыққа арнаған үндеуінде: «Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр. Бірақ Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды!» деп, әрбір қазақстандық от­ба­сына баспана алудың жаңа мүм­кіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмыскерлердің еңбек­ақысын көбейту жөніндегі кең ауқымды шараларды жария­лаған болатын. Бұл ел экономи­касының алға басуының, қоғам­да­ғы саяси тұрақтылықтың нә­тижесінде жүйелі іске асырылып қана қоймай, ауқымы одан әрі кеңейтіле түсуде.

Парламент Елбасының ел игілігіне бағытталған бастама­ларын қажеттілігіне қарай заң­на­малық тұрғыдан уақтылы қам­тамасыз етті. Мәселен, Мә­­жі­лістегі Nur Otan партия­­­сы фра­к­циясына мүше депутат­тардың бастамасымен қолданыс­тағы заңнамаға «7-20-25» бағдар­ламасын іске асыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді.

Аталған бағдарлама бойынша былтыр екінші деңгейлі 8 банк арқылы 4350 отбасының өтінімдері мақұлданып, соның 3497-сі жалпы сомасы 42 миллиард теңгенің жеңілдікті не­сиесін алды. Әйткенмен, 1237 отба­сының өтінімдері қанағат­тандырылған жоқ. Бұған олардың жеткілікті кірісі болмауы және несиелік тарихының нашарлығы, яғни бұрынырақ банктерден алған қарыздарын өтемегендігі себеп болды.

Көптеген азаматтың 20 па­йыз мөлшеріндегі бастапқы жар­­­­наны төлеуге мүмкіндігі жоқ­тығын ескерген Елбасы 2018 жылғы 5 қазанда жария ет­кен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұр­мыс сапасын арттыру» атты Жол­дауында әкімдерге жер­гілікті бюджет есебінен білік­тілігі жо­ғары педагогтерге, медици­на қызметкерлеріне, полицей­лерге және өңірге қажетті бас­қа да мамандарға тұрғын үй сер­­­­­­­ти­фикаттарын беруді тап­сырған болатын. Бұл ретте Нұр-Сұл­тан қаласының әкімдігі өзге өңір­­­­лерге өнеге көрсетіп, бас­панаға мұқтаж 100 отбасының әр­­қайсысына бастапқы жарнаны төлеу үшін 1 миллион теңге мөлшерінде қаржылай көмек берді.

Қазір «7-20-25» бағдарла­масын іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіру қарастырылуда. Осы орайда біздің сайлаушылармен болған кездесулерімізде ата-аналар өз балаларына же­ңіл­дікті ипотекамен баспана са­­тып әперуге рұқсат беруді сұ­­­­ра­­ғанын айта кеткен жөн. Сон­­дай-ақ ауылдық жерлерде қыз­мет істейтін мұғалімдер мен дәрігерлер де аталған бағ­дар­ламамен қаладан пәтер сатып алғылары келетіндіктерін біл­дірді.

Елбасы кірісі төмен көп ба­ла­лы, толық емес және мүм­кіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың қамын ойлап, Nur Otan партиясының ХVIII съезінде оларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие өсімінің мөлшерлемесі 2-3 пайызды құрайтын тұрғын үй займдарын беруді тапсырғаны мәлім. Бұл мақсатқа жақында республикалық бюджетті нақты­лау кезінде 50 миллиард теңге бөлу қарастырылды. Осы игі бастамаға 7 жыл ішінде 350 мил­лиард теңге жұмсалмақшы. Мұның өзі жыл сайын 6 мың көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Елбасының жалақысы төмен жұмыскерлердің еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту жөніндегі бастамасы да заң жүзінде не­гіз­деліп, үстіміздегі жылдан бас­тап жалақысы 25 айлық есеп­тік көрсеткіштен (немесе 63 мың 125 теңгеден) төмен 2 мил­лионға жуық адамның жеке табыс салығының мөлшері бұ­рын­­ғы 10 пайыздан 1 пайызға дейін азайтылды. Бұған қоса, Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жол­дауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырған болатын. Бұл тапсырма да заңнамалық тұр­ғыдан қамтамасыз етіліп, іске асырылды.

Халықтың тұрмысы тө­мен топтарын әлеуметтік қол­дау­ды күшейту мақсатын көз­деген Елбасының Nur Otan пар­тиясының ХVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін аз қамтылған және көп балалы отбасылардың жиынтық кірісін есептеу кезінде мынадай төлем түрлері – «Күміс ал­қамен» және «Алтын алқамен» наградталған көп балалы аналар мен көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы және студенттік стипендиялар есепке алынбайтын болып ше­шіліп, заңдастырылды. Осы жөнінде Мәжіліс депутаттары өткен жылғы қарашада болған «Үкімет сағатында» Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізген болатын.

Сонымен қатар қазір қоғамда отбасылардың жиынтық кірісінен зейнетақы төлемдерін да алып тастау қажет деген пікір айтылуда. Осыған орай Үкімет отбасы кірісінің әрбір түрін жиынтық кіріске қаншалықты орындылығын талдай отырып, алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылдауы қажет.

Елбасының Nur Otan партия­сының ХVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес 2019 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын ұйым­дар қызметкерлерінің жал­ақысы 30 пайызға көтері­леді. Бұл шара денсаулық сақ­тау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл ша­­руашылығы және басқа са­лалардағы 1 миллионнан ас­там азаматтық қызметшінің әл-ауқатын біршама арттыруға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ халықпен тікелей жұмыс істей­тін атқарушы органдардың тө­мен­гі буын қызметкерлерінің жа­лақысы орташа алғанда 25 пайызға көбейтіледі.

Сонымен бірге депутаттар жалақыны есептеу үшін не­гіз ретінде қарастырылып кел­ген базалық лауазымдық айлық­ақыны алып тастау арқылы ең­бекке ақы төлеу жүйесін қайта қа­рау туралы ұсыныс айтып жүр. Бұл ретте базалық лауазымдық айлықақының мөлшері 2011 жылдан бері өсірілмегенін де ескерген жөн. Біздің ойымызша, келешекте базалық есептеу көрсеткіші ең төменгі жалақы болғаны дұрыс.

Елбасымыздың жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастар­дың жатақханадағы жағдайын жақсарту жөніндегі бастамасы да іске асырыла бастады. Осы мақсатта Парламент кейбір заң­намалық актілерге жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша тиісті түзе­тулер енгізіп, студенттік жатақ­ханалар құрылысы үшін және мем­лекеттік гранттар санын кө­бейту үшін құқықтық негіздер жа­сады.

Үстіміздегі оқу жылында білім гранттарының саны 20 мың­ға ұлғайтылды. Қазіргі таңда 69 мың 59 студент жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен оқып жүр. Жоғары бі­лімді техникалық кадрлар мен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға жұмсалатын шығын әрбір грантқа шаққанда 346,6 мың теңгеден 635,8 мың теңгеге дейін көбейтілді. Әйткенмен, ветеринария саласының мамандарын даярлауға бөлінетін бюджет шығындары бұрынғы мөлшерде қалғандығы қисынсыз деп санаймыз. Алдағы уақытта бұл мәселе де оң шешімін табуға тиісті.

Елбасының шағын несие беруді көбейту жөніндегі бас­тамасын іске асыруға өткен жы­лы республикалық бюджет­тен қосымша 20 миллиард тең­ге бөлініп, қаржыландыру көлемі 62 миллиард теңгеге дейін ұл­ғайтылды. Алайда жаппай кә­сіп­керлікті дамытуға бағыт­талған осынша қаржының 59,5 миллиард теңгесі, немесе 95 пайызға ғана игерілген. Ал біз ауылдық елді мекендерде болған сайын жеке кәсібін аш­­қысы келетін азаматтардың екін­ші деңгейлі банктердің филиалдары талап ететін кепілдің болмауына байланысты несие ала алмай жүргендіктері жайлы шағымдарын естіп жүрміз. Өйткені оларға ауадай қажетті ақпарат жетпей жатыр. Айталық, олар «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» акцио­нерлік қоғамы (АҚ) ауылдағы тұрғын үйлерді де, жерді де, автокөлікті де, өзге техниканы да кепілдік мүлік ретінде қабыл­дайтындығынан бейхабар болып шықты.

Өткен жылдан бастап сатып алынатын ауыл шаруашылығы техникасы үшін субсидия беру де енгізілген. Атап айтқанда, ли­­­­зинг­тік компаниялар техника алу үшін сұрайтын 25 пайыздық бас­­тапқы төлемді шаруалар «Нә­тижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы бойынша берілетін субсидия арқылы төлей алады. Жалпы, ауыл тұрғындары кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін адамдарға мемлекет тарапынан әртүрлі жеңілдіктер қарастырылып отырғандығын және «Сыбаға» сияқты бағдар­ла­малардың тиімділігін біле бер­мейді. Себебі оларды көпші­лікке түсіндіру, бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы насихаттау жеткіліксіз. «Ауыл ша­­руашылығын қаржылай қол­дау қоры» АҚ басқармасының төрағасы Жандар Омаровтың айтуынша, тіпті мемлекеттік телеарналардың өздері де мем­лекеттік бағдарламаларды түсін­діру үшін қыруар ақы төлеуді сұрайды екен. Өкінішті-ақ!..

Қыста жағылған көмірдің қара түтіні будақтап, тынысты тарылтып тұратын өңірлердің тұрғындары Елбасының елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жөніндегі бастамасының игілігін көретін күн де алыс емес: «Сары­арқа» магистралды газ құбы­рының бірінші кезеңіндегі желі­сінің құрылысы өткен жылғы желтоқсан айында басталды. Оны аяқтау және гидросынақтан өткізу 2019 жылдың соңына белгіленіп отыр. Энергетика ми­нистрлігінің мәліметіне қа­ра­ғанда, келесі жылы Нұр-Сұл­тан қаласына, Ақмола және Қа­рағанды облыстарының елді ме­кендеріне «көгілдір отын» беріле бастайды.

Түйіндей айтсақ, Елбасының әлеуметтік бастамалары бүгінгі таңда ел билігіндегі салиқалы сабақтастықтың нәтижесінде дә­йек­ті жалғасын тауып, ха­лық игілігіне бағытталған, аса ма­­­­ңызды әрі ұзақ мерзімді бағ­дар­ламалар ретінде іске асырылу үс­тінде.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі