• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Мамыр, 2019

Мемлекет пен мецанат біріксе баспана мәселесі шешіле ме?

1393 рет
көрсетілді

Бүгінде елімізде 30 мыңнан астам көп балалы отбасы баспанасыздар қатарында өмір сүріп жатыр екен. Олар бірінші кезекте тұрғын үймен қамтылатын әлеуметтік топ санатына кіргенімен, мемлекет әлсіз қорғалған әулеттерді бірден баспаналы етуге қауқарсыз.

Әрине, ниет бар. Қазір бұл мақсатқа бюджет қоржынынан 370 млрд теңге шамасында қаржы есептеліп, мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтуды 2024 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Бірақ, бүгінгідей ғаламдағы экономикалық дағдарыс пен баға құбылмалығын болжап болмайтын кезеңде мемлекеттің бұл уәдесі орындалмай қалу да ықтимал. Оның үстіне тұрғын үй құрылысы нарығындағы тұтыну сұранысы әлі күнге дейін сыртқы нарыққа тәуелділіктен арыла алған жоқ. Демек, отандық құрылыс компанияларының әлеуметтік жеңілдігі бар санат үшін арзан үй салуға аса бейіл болмай отырғанын түсінуге болады. Ал мемлекет салынып жатқан үй бағасының тұрғындарға қолжетімді болғанын қаншалықты қалағанымен, құрылыс шығынын бюджет ақшасына субсидиялауды доғаратыны анық. Демек, еліміздегі орташа статистикалық өмір сүру деңгейіндегі адам үшін жинақтаған жеке ақшаға пәтер сатып алу мүмкіндігі жоқ деуге болады.

Алайда, көпбалалы аналардың тұрғын үй проблемасын шешуге қатысты қара аспанды төндірудің де реті жоқ. Басқаша айтқанда, мемлекет шешуге үлгермеген мәселеде отандық мецанаттар көмекке келуде. Оның бір дәлелін жыл басынан бері жекек қаржысына үй сатып алып, оны мұқтаж отбасыларға тарту етіп жатқан жетісулық кәсіпкерлердің игі ісінен байқауға болады. Қалталардың жергілікті атқарушы билікпен тізе қоса қимылдап, мұқтаж жандардың мәселесін түбегейлі шешуге жасаған қадамы жайлы бұған дейін де жазғанбыз. «Жетісулықтар жақсылық жасаудан жарысып жатыр» деген сол мақаламызда қаңтар мен наурыз айы аралығында жеке кәсіп иелерінің көпбалалы отбасыларға үй сатып алып бергеніне тоқталған едік. Осы ізгі дәстүр сәуір айында да тоқтаған жоқ. Баспаналы болғандар қатары көбейді. Қоныс тойын тойлау мамыр айындағы мерекелердің қарсаңында да жалғасып, шаңырақ шаттығы әуелеп тұрды.

Мәселен, Текелі қаласының тұрғыны Назгүл Күжекееваға жергілікті кәсіпкер үй сыйлады. Назгүл - «Күміс алқалы» жас ана. Бұған дейін қаланың шеткі ауданынан бір ескі үйді жалға алып тұрып келген екен. Жақында көпбалалы отбасының жағдайымен танысқан Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев баспана мәселесін шешуге қол ұшын беретінін айтқан. Қала басшысы өз кезегінде іскер азаматтарға құлаққағыс жасапты. Алғашқы болып Текелідегі «АСПМК-519» серіктестігінң директоры Виктор Сычев көмек берді. Кәсіпкер Күжекеевтер отбасына қаланың ішінен 4 бөлмелі үй сыйлады.

- Текелі қаласында 415 көпбалы отбасы тұрады. Олардың ішінде 170 адам баспанаға зәру. Біз әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен  көпбалалы аналардың мәселесін шешуге үнемі қолдау жасап келеміз. Жақында «Күміс алқалы» ана назгүл Күжеекеваның баспаналы болу қуаныш бөлістік. Іскер азаматтарға рахмет. Қиындық туғанда қалталы азаматтар қамқор болуға әзір. Бұл - адамдық борышымыз, - дейді Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев.

Ал  Панфилов ауданында бір күнде 40 отбасы қоныс тойын тойлады. Баспаналы болғандардың арасында 13 көпбалалы отбасы бар. Кілт тапсыру салтанатында қуаныш иелерін құттықтаған Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов биыл өңірде тағы 240 пәтерден тұратын  5 қабатты үй салынатынын жеткізді. Сондай-ақ, аудан басшысы жыл соңына дейін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен тағы көп балалы он отбасыға үй салып беруді жоспарлап отырғанын айтты.  Осы шарада 3 бөлмелі пәтердің кілтін қолына алған 7 баланың анасы Жұпар Үмбетова көп жылдар бойы пәтер жалдап қиналғанын жеткізді. Рамазан айының қарсаңында баспаналы болған қуанышты ана аудан, облыс әкімдігіне алғысымнан басқа айтарым жоқ дейді. Осындай қуанышымен бөліскен 7 баланың анасы Татьяна Камурова бұл күнді 6 жыл күткенін айтып, қуаныштан көзіне жас алды. Жалпы, жыл басынан бері кәсіпкерлердің қолдауымен Панфилов ауданында 11 отбасы баспаналы болды. Қазір ауданда үй кезегінде 2648 отбасы тұрған болса, оның ішінде 268 көп балалы отбасы бар екен.

Мамырдың мерекелі күндерінің қарсаңында Алматы облысының Ақсу ауданында тұратын көпбалалы ана Самал Қожахметова үшін күтпеген қуаныш болды. 7 баласын жетелеп жүріп өсірген ол баспаналы болды. Су жаңа үйдің кілтін Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов салтанатты түрде табыс етті.  Биыл Жансүгіров ауылының оңтүстік-шығысынан жаңадан 20 үй салынып, пайдалануға беріле бастаған еді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген баспаналарда қазір күн сайын қоныс тойы тойлануда. Негізінен әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған санат өкілдері пен мемлекеттік қызметшілерге беріліп жатқан үйлер жаңа үлгіде салынған. Самалға бұйырған 3 бөлмелі үйдің аумағы  68,43 шаршы метр екен. Енді «Алтын алқалы» ананың Мадияр, Данияр, Диана, Бейбіт және Алия, Ақбота, Жанарыс атты ұл-қыздары осы кеңсарайдай үйде өсетін болды.

- Аудандағы көпбалалы отбасыларға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Қазір 58 көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы үй кезегіне тіркелген. Оның ішінде үшеуі «Алтын алқа», он екісі «Күміс алқа» иегерлері. Олардың да мәселесін ретімен шешеміз, - дейді Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.

Алакөл ауданында да баспана зардабын тартып жүрген көпбалалы отбасылар бар. Қазір ауданда 1384 көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы есепке алынған, олардың ішінде 165 әулет тұрғын үй кезегінде тұр екен. Жетісу кәсіперлерінің ізгі акциясының аясында аудандағы  іскер азаматтар 6 бірдей отбасына үй сатып алып беріп, қуанышқа кенелтті. Мысалға, Екпінді ауылындағы «Майқынов Е» шаруа қожалығының басшысы Ермек Майқынов өз ауылдасы,  «Күміс алқа» иегері Қарақат Сартбаеваға 7 бөлмелі үйді сыйға тартты. Үйі мен күйі келісіп, қуанышқа кенелген тағы екі көпбалалы отбасы Қабанбай ауылынан болды. Облыстық мәслихат депутаты, «Қабанбай жолаушы тасымалы» серіктестігінің директоры Қанат Қожабеков пен Алакөл аудандық мешіті тізі қосып, екі әулетке бірден үйдің кілтін тапсырды. «Күміс алқа» иегері Светлана Ақшолақова мен Зоя Старченконың отбасы енді өз шаңырақтарында өмір сүреді. Ал «Достық – Тазалық» серіктестігінің директоры Шалқар Жақсыбаев болса Қызылащы ауылында тұратын мұқтаж отбасына 4 бөлмелі баспана алып берді.

Дерек бойынша Алматы облысының қалталы азаматтары бүгінге дейін елуден астам көпбалалы отбасыларға баспана алып беріпті. Бұл игі іс жалғаса беретіні анық. Демек, мемлекет пен мецанаттар болып тізе қосса, әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған санаттағы адамдарды тұрғын үймен қамту мәселесі оң шешімін таба беретіні сөзсіз.

Алматы облысы