Сонда дейміз-ау, тәуелсіздік алғанымызға жиырма жеті жылдан асты, тарих үшін бұл көп уақыт болмағанымен, Қазақстан сияқты шағын мемлекет үшін елдің қыруар шаруасын тындырып үлгеруге жетерлік-ақ уақыт. Ал біз болсақ енді кіріскелі жатырмыз. Басқаны былай қойғанда, арнайы бағдарлама қабылданып, белгілі бір көңіл бөлінсе де тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету ісінің өзі мандымай қойды. Соның салдарынан мыңдаған отбасы пәтер жалдап өмір сүруге мәжбүр. Қала шетіндегі күтімсіз қалған саяжайларды жағалап жүргендер қаншама?..
2005 жылдан бастап елімізде жол құрылысының жоспарлы түрде қолға алынғанына қарамастан бұл мәселе де әлі күнге дейін күткендегідей нәтиже берген жоқ. Тіпті қыруар қаржы жұмсалып салынған жолдардың өзі арада жыл өткенде қайтадан жөндеуді қажет етіп жатыр. Автокөлігімізбен ара-тұра сапарға шыққанда ондай жамау-жасқауларды көзімізбен көріп те жүрміз. Ал темір жол туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір кездері облыс орталықтары болған Арқалықтан Жезқазғанға, Жезқазғаннан Қызылордаға баратын болат жолдың болмай тұрғанын айтсақ та жетіп жатыр. Қазақтың қасиетті жерлерінің бірі саналатын Ұлытау өңірі, бірыңғай жергілікті ұлт өкілдері қоныстанған Аманкелді-Торғай-Ырғыз өңірі темір жолды өңі тұрмақ түстерінде де көре алмайтын шығар. Әйтеуір әупірімдеп жүріп Шар-Өскемен, Алтынсарин-Хромтау жол үзіктерін салу арқылы Ресей аумағымен жүруден құтылдық. Оған да шүкір деп отырмыз.
Кейбір мәліметтерге сенсек, Қазақстандағы мал басы кешегі кеңестік кезеңдегі мал санына мүлде маңайламаған да көрінеді. Соның салдарынан халық денсаулыққа зиянды екеніне қарамастан, ұнтақтан жасалған сүт тағамдарын тұтынуға мәжбүр. Егер ет тағамдарына келер болсақ, оның да біраз бөлігі сырттан әкелініп жатыр дейді білетіндер. Жеміс-жидек пен көкөністің сырттан тасымалданатынын бұрыннан білетінбіз, ал енді мал бағатын ұлан-байтақ жеріміз бола тұра етті өзге елдерден алу деген біздің пайымдауымызша, күлкілі нәрсе.
Астықтың отаны бола тұра бұл салада да өндіріп тастағанымыз онша болмай шықты. Таяуда бір телеарна көрші елдердің Қазақстан астығын дайын ұн күйінде емес, шикізат, яғни бидай күйінде арзанға алып, одан өздерінің түрлі тағамдар әзірлеп жатқандарын жеткізді. Нан бағасының жылдан жылға қымбаттай беруінің себебі де осылайша бидайдың сыртқа сатылып кетіп жатқанында сияқты.
Елдің күнкөрісінің негізгі қайнар көзіне айналған мұнай саласында да жаңа кен орындарын ашып экологияны бүлдіргеннен өзге мақтанарлық іс тындыра қоймаппыз. Бүгінде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының үшеуі де кеңестік кезеңнен қалған мұралар. Үш ауысымды мектептерді жоямыз, таЗа ауыз сумен қамтамасыз етеміз деген уәделеріміз де мәресіне жете алар емес.
Осындай олқылықтардың салдарынан болса керек, Статистика агенттігінің мәліметі бойынша еліміздегі жұмыссыздық 2019 жылы 4,9 пайызды құрап отыр. Бұл әрине, ресми тіркелген мәлімет. Нақты жағдайдағы көрсеткіштің бұдан әлдеқайда жоғары екеніне еш күмән жоқ. Ал орташа айлық жалақы 40-50 мың теңгенің көлемінде ғана екен. Мақтануға тұра ма, жоқ па, оны ойлы оқырман өзі бағамдай жатар...
Атқамінерлер уәде беруден әлі де жалығар емес. Ондай қылықты шарасыздықтың салдары деп түсінген дұрыс. Қазақ «Ұялған тек тұрмас» дегенді де осындайда айтқан. Бірақ соңғы жылдары елімізде орын алып жатқан кейбір оқиғалардан аңғарылып жүргендей, халық құрғақ уәдеге сенбейтін болған сияқты. Соған қарағанда олар да толып жатқан уәденің орындалуын күте-күте жалыққан болса керек. Олай болса, аңқау елді сойылмаған малдың асылмаған етімен алдарқатуды доғарып, сөзден іске көшкен жөн болар еді дейсің. Оның өзі біле білген адамға онша қиын да емес. Бар болғаны жұмысқа деген ынтаны оятып, барлық салада тәртіп орнатып, басшылар өзіне де, өзгеге де талапты күшейте түссе жетіп жатыр.
Қалың бұқараның алдына шығып сөз сөйлер шақта «Бал тамған өтіріктен, қан тамған шындық артық» деген халық нақылын да естен шығармаған абзал.