• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Мамыр, 2019

Сипаты бөлек «сыпайылық»

4248 рет
көрсетілді

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде көлік­теріне «Вежливые люди» деген жазуы бар қағаз жапсырып алатын азамат­тардың суреттері жиі шыға бастады. Көбі көлік­терінің терезесіне жапсыратыны байқалады. Әрине, «әркімнің жеке меншік мүлкі ғой, өзі біледі емес пе?» деп уәж айтқыңыз келетін шығар. Бірақ «сыпайы адамдар-вежливые люди» деген атаудың қайдан шыққанына назар аударып көрдіңіз бе? Бұл жазу ел азаматтарының қандай ниетте жүргенін көрсететін белгі екенін білесіз бе?

Естеріңізде болса, 2014 жылы Қырым тү­­­­­­бе­гінің «халқы» аяқ астынан Ресейге қо­сылатынын айтып, қиғылық салған кезде өңірдегі қалалар мен елді мекендерде ешқандай айырым белгілері жоқ, жасыл киімді әскерилер пайда болған. Сол кезде, дәлірек айтқанда 2014 жылдың 28 ақпанында блогер Борис Рожин оларды алғаш рет «вежливые люди» деп атады. Кейін бұл атау кең тарап кетті. Интернет қолданушылардың бірқатары «жасыл адам­дар» деп те атады. Сол әскерилер Қы­рым­дағы Украина қарулы күштерінің бөлімшелерін қоршап, қарусыздануға мәжбүрлеген болатын. Кейін, түбекте референдум болды да, Қырым Ресейге қосылып кетті. Бұл оқиғаның салдары аз болған жоқ, әрі түбекке қатысты дау-дамай әлі бітпеді. Біздің халықаралық саясаттағы дау-дамайға қатысымыз жоқ, бірақ журналист ретінде әлгі «сыпайы адамдардың» қайдан шыққанын зерттегенбіз. Сөйтсек, көптеген дерек көзі сол әскерилерді Ресей қарулы күштерінің сарбаздары деп бағалайды екен. Ресей Федерациясының Еуропалық одақтағы тұрақты өкілі В.Чижков 2014 жылы Қырымға бастапқы кезде 16 мың, кейін тағы 9 мың ресейлік әскери қызметші немесе «сыпайы адамдар» жіберілгенін ресми түр­де мойындағаны бар. Кейін РФ Қорғаныс министр­лігіне қарасты «Военторг» ЖАҚ «Роспатент» мекемесіне «вежливые люди» сауда белгісін тіркеу жөнінде өтініш жасады. Сөйтіп, осындай жазуы бар киім-кешек те, әртүрлі кәдесыйлар мен жапсырмалар да нарыққа шығып кетті. Бәлкім, сырт көзге бұл белгілердің әсері жоқ сияқты болуы мүмкін. Алайда, Қазақстанға ене бастаған «сыпайы адамдар» белгілері ел ішінде өзгеше ойлайтындар бар екенін, олардың біздің елді «Отаным» дей алмайтынын көрсетеді. Яғни, өзге мемлекеттің идеологиялық ықпалының әсе­рінен шыға алмайтын, Қазақстанның тәуел­сіз ел болып отыруы «ағаларға» ғана қатысты деп ойлайтын азаматтар бізде де бар деген сөз. 

Әрине, ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Біздің мемлекет те пиғылы бұзылған тұлғалардың қолымен от көсеп, ел ішін ала тайтай бүлдіруді көздейтін  топтардың, тіпті мемлекеттердің болуы мүмкін екенін жақсы біледі. Бұл мәселеге қатысты арнайы құжат та қабылданды. 2017 жылдың 29 қыркүйегінде бекітілген «Қазақстан Республикасының «Әскери доктринасында» «гибридті» күрес әдістері» деген ұғым бар. Доктринада: «гиб­ридті» күрес әдістері – қарсы күресетін мем­лекет аумағындағы жағдайды тұрақ­сыздандыру үшін әскери күшті (оның ішінде қарсы тұрған тараптың аумағындағы арнайы операциялар, жекеменшік әскери, күзет компанияларының күштерін), әскери емес құралдарды кешенді қолдану, сондай-ақ басқа мемлекеттердің, террористік, экстремистік ұйымдар мен сепаратистік қозғалыстардың әлеуетін пайдалану арқылы әскери-саяси және әскери-стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу тәсілдері» делін­ген. Яғни, елге қауіп тек кезенген мылтық пен бағытталған зеңбіректен ғана төнбесе керек. Ел ішінде іріткі салып, адамдардың ойын бұзатындар да, тіпті қате жасалған  құқықтық нормалар да, өзгенің рухани құндылықтары да  қауіпті болып отыр. Сондықтан да шығар, мемлекет гибридті күрес тәсілдерін пайдалануға ұмтылатындар табылуы мүмкін екенін ескерген жайы бар Сонымен қатар Әскери доктринада «Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігі мен әскери қатерге ықпал ететін негізгі жағдайлар мен факторлар» деген бөлім бар. Онда «сепаратизм белсенділігінің өсу қарқынының сақталуы, басқа мемлекеттер аумағындағы мүдделерге қол жеткізу үшін сыртқы күштердің сепаратистік қозғалыстарды пайдалану» ықтималдығы бар екені айтылған. Бір сөзбен айтқанда, елдің қорғаныс қабілетін әлсіретуге бағыт­талған шаралар кез келген сәтте ұйымдас­тырылуы мүмкін. Әскери доктринада оның алдын алу қажет екендігі көрсетілген. Демек, отандастарымыздың арасында пайда болған «сыпайы адамдарға» құмарлық жақсылықтың нышаны емес. «Вежливые люди» деген жазуы бар киім-кешек алғаш рет 2014 жылы сатыла бастаған. Биыл осы жазуды көліктеріне жапсырып алатындар қарасы көбейіпті. Содан да болар, қоғам белсендісі, «Қазақстан барысы» қазақ күре­сін дамыту қоры қамқоршылар кеңесінің төр­ағасы Арман Шораев әлеуметтік желіде дабыл қақты. Құлақ ассақ игі еді  оған. Ал, агрессия құралына ай­налған топтардың нышандары мен атауларын қолдану жақсылыққа апармайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін фа­шизм­нің белгісі саналған свастикаға әлем елде­рінің көбі, соның ішінде Германияның өзі де тыйым салғаны бар. Яғни, әлем халқы қарапайым нышанның да адам санасына ықпалы зор екенін біледі. Әрине, біз де білеміз, бірақ салғырттығымыз ба, әйтеуір «сыпайы адамдар» белгісіне тыйым салған жоқпыз әлі...