• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Саясат 05 Маусым, 2019

Еуропарламент сайлауы: Кәрі құрлықтың жаңа саяси күштері

843 рет
көрсетілді

Мамырдың 23-26-сы аралығында Еуропарламентке сайлау өтті. Еуропаның 28 еліндегі партиялар Еуропарламенттегі 750 депутаттық ман­датқа таласты. Көктемде Бри­тания Еуроодақ құрамынан шығып, мандат саны 705-ке азаяды деп күтілген. Дегенмен Брексит келіссөзі әлі жалғасып жатқандықтан, Британия осы сайлауға қатысуға «мәжбүр» болды. Алайда брит елі одақ құрамынан шыққан күні сол елден сайланған депутаттар да Еуропарламентті тастап шығуы тиіс. Енді бұл парламент алдағы 5 жылда жарты миллиард еуропалықтардың мүддесін қорғауы керек. Түсінікті болу үшін біздің елдің саяси жүйесімен салыстырсақ, Еуропарламент – ол Мәжіліс, ал Еуропалық кеңес – Сенат. Ол кеңестің құрамына 28 елдің басшысы кіреді. Еуропалық коммиссия –үкімет. Яғни, атқарушы билік.

Еуропарламент күрделі құрылым. Оның құрамына 28 елдің депутаты кірген соң, олар саяси ұстанымдары бойынша фракцияларға бірігеді. Мәселен, консерваторлар, социал­демократтар, жасылдар, либералдар және басқалар. Бұған дейін Еуропарламентте екі фракция басым болды. Ол консерватор Еуропаның халық партиясы – 218 орын және социал-демократтар альянсы – 186 орын. Алайда мамырдың соңында өткен сайлауда ұлттық мәселені жалаулатып, Еуроинтеграцияға сен­­бей­тін популистер мен климат та­қырыбын көтеретін жасылдар партиясы алға шығады деп болжанған. 

Болжам жартылай болса да, шын­дыққа ұласты. Жоғарыдағы қос партия біраз орнынан айрылды. Нәтиже мынадай. Бұл жолы Еуропаның халық партиясы – 

179 орын, социал-демократтар альянсы 153 орын, Либералдар мен демократтар альянсы 105 орынға ие болды. Бұлар Еуропаның одан әрі бірігуін қолдайтын саяси күштер. Бұл жолы біраз әлсіреді. 

Есесіне, жасылдар – 69 орын, Еуропаның консерватор жә­не реформистері – 63 орын, Франция­дан Марин Ле Пен бастаған Ұлттар мен бостандық Еуропасы – 58 орын. Ал Брекситті жақтаған британ Найджел Фарадждың Еуропа бос­тандық пен демократия үшін пар­тиясы 54 орын алды. Бұлар әр мемлекеттің егемендігі сақталуын қалайтын, Еуропаның одан әрі терең интеграция­сына қарсы саяси топтар. Олардың Еуропарламенттегі үлесі осы сайлауда арта түсті. Антверпен университетінің профессоры Дэвид Крикеманс жаңа партиялар ықпалды күшке айналуы мүмкін дейді: «Экстремистік партиялар, әсіре оңшыл партиялар, еуропалық интеграцияға сыни көзқарастағы қозғалыстар аймақта үлкен саяси күшке айналып келеді. Жекелеген елдерде ғана емес – бүкіл Еуропада. Енді олар Еуропарламентте үшінші ірі партияға айналуға жақын. Қа­ласаңыз, олар еуропалық шешім­дерге тосқауыл қоятын күнге де же­туі мүмкін».

Британияның Еуроодақтан шы­ғуы, Италияда популистік үкі­мет­тің құрылуы, Еуропада мигранттар санының артуы, жаһандық жылыну – мұның барлығы қатар­дағы еуропалықтардың саяси көзқарас­тарына әсер етті. Сол үшін олар ұлт­тық мәселені жиі көтеретін, ми­г­рациялық саясатты сынайтын, таби­ғат мәселесін даулайтын жаңа партия­ларды қолдай бастады. Бұдан бөлек, Еуропа елдерінің одан әрі бір одақ аясында терең интеграцияға түсуі көпшілік тұрғындарға ұнай қой­мады. Себебі Брюссельдің біт­пейтін бюрократиясы біраз елдің еге­мендігін шектеп тастады. Сол үшін осы сайлауда Еуропарламентте еуроскептиктердің саны артты. Еуро­одақта 28 ел өзара тең деп санал­ғанымен, билік ресурсы әлі де Гер­мания мен Францияның қолында қалып отыр. 

Еуропарламент үшін келесі мәселе – Еурокомиссияның төр­ағасын бекіту. Басқаша айтса, Еуро­одақтың премьер-министрін тағайындау. 2014 жылдан бері осы қызметті атқарған люксембурлық Жан-Клод Юнкер қызметінен кетпек. Демократиялық мемлекеттердің заңы бойынша Парламентте қай саяси партияның үлесі басым болса, үкімет басшысы да сол партиядан шығуы керек. Алайда қазіргі Еуропарламентте айқын фаворит партия жоқ. Олардың өзгелермен коалиция құруына тура келеді. Еуроодақ комиссиясының төрағасы маңызды қызмет. Сол үшін ондай кандидаттың тағдырын шешуді Ангела Меркель мен Эммануель Макрон депутаттарға бере қоймас. Олардың әрқайсысы бұл қызметке өз елінің өкілін ұсынып жатыр. Меркель Манфред Веберді қолдаса, Макрон Мишель Барньені жақтап отыр. Екеуінің де мүмкіндігі мол. 

Манфред Вебер қазір Еуропар­ламенттегі ең үлкен саяси күш Еуро­па халық партиясының төрағасы әрі Меркельдің Германиядағы үзең­­гілесі. Ал Мишель Барнье Еуро­одақ атынан Брексит бойынша Бри­таниямен келіссөз жүргізген таны­мал саясаткер. 2004-2005 жылдары Францияның Сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Көптеген мәселе бойынша үнемі одақтас болып келген Меркель мен Макрон дәл осы мәселеге келгенде әрқайсысы өз кан­дидатын бекітуге барын салып жатыр. Себебі Еурокомиссияның төрағасы ертең Еуроодақтың саясатын жүргізуде айтарлықтай билік ресурстарына ие болады. Кімнің айы оңынан туып, бағы жанатыны әзірге белгісіз. Брюссельде аталған мәселеге қатысты біраз келіссөз жүріп жатқан сыңайлы. 

Айтпақшы, Еуропарламент біраз елдегі аутсайдер саясаткерлер үшін өз ықпалын арттыруға жақсы мүм­кіндік. Мәселен, Марин Ле Пен Францияда екі рет президент сайлауында жеңілді, оның партиясы өз еліндегі парламентте 8-ақ орынға ие. Алайда Еуропарламенттегі сайлауда жеңіске жетті. Тіпті, Франция президенті Э.Макронның «Алға, Республика» партиясының алдын орап кетті. Ал Найджел Фарадж Бри­тания Парламентіне мүше де емес. Оның партиясы халықтан қол­­дау таппаған. Ол негізінен Ұлы­­британияны Еуроодақтан шы­­ғаруды көксейтін саясаткер ре­тінде ғана танымал. Бірақ соған қа­рамай, Еуро­парламент сайлауында өз елінде дәстүрлі партияларды артқа тастады. Ал Каталонияға тәуелсіздік алып беремін деп, елін­де істі болып, Испаниядан қа­­шып кеткен Карлос Пучдемон да жақында Еуро­парламентке депу­тат болып сайланды. Төрт рет Ита­лияның үкіметін бас­қарған 82 жас­тағы Сильвио Бер­лускони де Еуро­паның ортақ пар­ламентіне депу­таттық мандатты жеңіп алды. Яғни, бірқатар сая­саткердің екінші тынысы ашылды.

Жалпы Еуропарламент үшін өткен бұл сайлау дәстүрлі кон­сер­ватизмді қолдайтын қатардағы Еуропа азаматтарының саны азая бас­тағанын көрсетті. Кәрі құрлықта жаңа идеологияны басшылыққа алатын партиялардың уақыты келе жатқандай.