L'Oreal фирмасы былтыр сұлулық саласында әлемдік көшбасшы болуды мақсат етпейтінін мәлімдеген кезде, сұлулық индустриясындағы салалық өзгерістерді айқын байқатқан болатын. «Соңғы 30-40 жылда косметикалық өнімдерге қатысты әйелдердің сұраныстары өзгерген жоқ, бірақ енді жаңа технологиялар неғұрлым талғампаз тұтынушыны қалыптастырды, – дейді L'Oreal фирмасының технологиялық бөлімшесінің вице-президенті Гив Балух.
Сонымен бұл саладағы технологиялық дамудың озық жаңалықтары қандай?
1. Дербестік және жасанды интеллект
Гив Балухтың айтуынша, әйелдердің тең жартысы тері түсіне сай рең таба алмайтындарына шағымданады. Ал бидай өңді, қара қыздар үшін таңдау еркі тіпті шектеулі. Мәселен, Lancome компаниясының Le Teint Particulier сканері 20 мың тональды крем ұсынады. Алайда осынша мың сан кремді дүкендерде бір уақытта ұстау мүмкін емес. Осы олқылықтың орнына аталған фирма Teint Particulier деп аталатын арнайы аппаратты ұсынып отыр. Ол қолма-қол тері реңіне сай жасанды интеллект алгоритмін қолдана отырып, кремнің түстік гаммасын анықтап береді. Алынған деректер өңделіп, қажетті түс таңдалады. Крем рецебі бірден машинаға беріліп, дүкенде қажетті түстер араластырылады. Тиімділігі жөнінен сатып алушыларға ұнап та жатыр, әйткенмен бағасы да баршылық.
2. Виртуалды бояну
Онлайн-дүкендер ыңғайлылық үшін қосымша нақтылық технологияларын қолданысқа шығарды. DM неміс дүкені виртуалды макияж бағдарламасын ұсынды. Мысалы, Sephora фирмасы қолданатын Virtual Artist бағдарламасы клиенттерге смартфондардың көмегімен ерін далабының мыңдаған түрін таңдауға көмектеседі. Қолданба тері құрылымына сай шешім қабылдап, бет әлпетіңізге қона кететін бояуларды дереу анықтайды. 2016 жылы Virtual Artist қосымшасымен 200 миллионнан астам клиент тәжірибеден өткен.
3. «Ақылды» күтім
Бет күтімін бағалау үшін компьютерге қаншалықты сенесіз? Тайваньдық New Kinpo Group фирмасы жасаған HiMirror құрылғысы «ақылды айна» болуға талпынады. Құрылғыны іске қоссаңыз болғаны, бетті суретке түсіріп, әжімдер мен дақтар, құрғақтық пен сезімталдық деңгейін анықтап береді. Шектік шкала бойынша бағалап, косметика таңдауда жекелеген кеңестер ұсына алады. Техниканың аты техника, толықтай сене беруге де болмас, десе де белгілі бір шамада пайдалы екені рас.
4. 3D макияж
Ерте ме, кеш пе визажист роботтардың шығатыны расқа айналатындай. Биыл Лас-Вегастағы тұтынушы электроникасы көрмесінде таныстырылған Proctor and Gamble фирмасының Opté 3D құрылғысы көпшілікті таң-тамаша етті. Ерекшелігі сол, секундына 200 кадр түсіретін шағын камерасы арқылы бет терісін біркелкі сканерлей отырып, микропринтер сізді әп-сәтте бояндырып береді. Микропринтердің дәлдігі соншалықты, салыстырмалы шығын мейлінше аз жұмсалады. Бұйымның жаппай өндірісі 2020 жылға қарай жоспарланып отырғанын ескерсек, визажистердің қазірден бастап өзге салада іздене бергені дұрыс па дейсіз.
5. Виртуалды косметика
Кең танылған виртуалды косметика ешкімді таңғалдырмайтын болды. Әуелден солай болуы тиістей, әлеуметтік желілерде қалаған образда «боянып», дүр сілкініп шыға келетіндер көп. Яғни, бұрынғыдай бар өнеріңізді салып боянудың, шашыңызды он күн тарап, бес күн өрудің қажеттілігі жоқ. Instagramm желісінде париждік Инес Марзет жасаған виртуалды сүзгілерін киіп алсаңыз болғаны, әп-сәтте қалаған образда қаһарманға айналып шыға келесіз. Әралуандығымен ерекшеленетін оның фантастикалық бейнелері аз уақытта жаппай танылып кетті. Ол жасаған фильтрлер сериясы Snapchat желісі қолданушыларын да әжептәуір қарық қылып тастаған тәрізді.