• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 07 Маусым, 2019

Ақжайық ауылдарына инвестиция барады

1214 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында 2027 жылға қарай мал басы қазіргіден екі есе көбейеді. Өңірдің ет экспорты әлеуетін қазірдің өзінде біраз ел көріп отыр: 2018 жылы батысқазақстандық 3 мың тонна ет Иран, Ресей, Армения, Тәжікстан және Қытай елдеріне жөнелтілген. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласын кешенді дамытудың келешегі жайлы Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғали ЕСҚАЛИЕВ әңгімелейді.

– Елімізде ауыл шаруашылығын қолдауға зор көңіл бөлінеді. Батыс Қазақстан облысы ет бағыты бойынша ірі қара саны жөнінен Қазақстанда екінші орын алады. Еліміздегі ет бағытындағы сиырдың 20 пайызы біздің облыста. Бұл үлкен көлем. Бірақ мұнымен тоқтамай, 2027 жылға қарай мал басын екі есеге өсіруге шешім қабылдадық. Мысалы, қазір 500 мыңдай етті сиыр болса, сегіз жыл ішінде 1 млн басқа дейін көбейтуді Үкімет мақсат қойып отыр. Бұл оңай шаруа емес. Қазір әлемде сиыр етіне сұраныс жоғары. Көршілеріміз Ресей мен Қытай жыл сайын 1,7 млн тонна сиыр етін тұтынады. Араб елдері, Иран, Израиль да айына кемінде 100 тонна қозы етін тұрақты тауып бере алатын ірі дайындаушыларды іздейді. Батыс Қазақстан облысының мұндай әлеуеті бар. Бірақ бұған жоспарлы, жүйелі, тыңғылықты дайындық керек, – дейді Ғали Нәжімеденұлы.

 

Оралдық ет – бренд

– Батыс Қазақстанның байтақ даласында еркін жайылған төрт түлік малдың еті бүгінде шынымен де біраз жер­де брендке айналған. Малды өзі­мізде семіртіп сойып, тікелей нарыққа шы­­ғару үшін қандай шаралар жасалып жа­тыр?

– Өңірде қазір 12 шағын мал бор­дақылау кешені бар. Бүгінде тағы 3 бор­да­қылау кешенінің құрылысы басталды. Ол жерде жалпы саны 30 мыңдай ірі қара болады. Оның ең үлкені – Қазталов ауда­ны Талдыапан ауылындағы 20 мың бас малға арналған кешен. Одан бөлек Теректі мен Тасқала ауданында да осындай кешен салынады. Инвесторларды осы кәсіпке қызықтырып, тартып жатырмыз. Өйткені жергілікті етті ірі қара тұқымы – қазақтың ақ бас сиыры бар, сапасы өте жоғары, сұранысқа ие. Сапалық қасиеттері жағынан герефордтан кем емес, әрі біздің табиғат жағдайына бейімделген.

– Облыстың негізгі су артерия­сы – Жайық өзені болғанымен, мал­ ша­руашылығына қажетті су көзде­рі­нен тап­шылық көріп отырған ауылдар бар. Бұл мәселе қалай шешіледі?

– 20 жыл бұрын өңірде 220 мың гектардай көлтабан алқап болған екен. Қазір соның 80 мың гектардай ғана бөлігі қалған. Біздің міндет – алдағы үш жыл ішінде 200 мың гектарға дейін көлтабанды жерлерді қалпына келтіру. Бұған толық жағдай бар. Мәселен, мамыр айында ғана облыс бюджеті есебінен Қазталов ауданында 11 шақырымдық су арнасы жөнделіп, пайдалануға беріледі. Сол-ақ екен, «Мясная индустрия» ЖШС мал азығы үшін қажетті көлтабанды қалпына келтірді. Қазір бұрынғы ескі су арналарын қалпына келтіріп, мал жайылымдарына су жеткізу бойынша 17 жобаны қарап жатырмыз. Мысалы, Азнабай-Тайпақ су жүйесін қалпына келтірсек, 300 мың гектар жайы­лым жерді сумен қамтыр едік. Бұл өз кезегінде Жайықтың сол жағалауындағы жалпақ даланы малға толтырады.

 

Инвестор игілік әкеледі

Өңір басшыларының инвесторға деген игі көзқарасы аймақтың ауыл шаруашылығы ахуалына әсер етпей қоймайды. Өткен жылы өңірдің негізгі капиталына қосылған инвестиция көлемі 453 млрд теңгеге жетті.

– Инвестор өз бизнесі үшін ыңғай­лы жер іздейді. Міне, осы жерде облыс елдің өзге өңірлерінен несімен ерек­ше­ленеді?

– Орал қаласының айналасынан 1000 шақырым радиус аймақта 20 млн-ға жуық адам тұрады. Ірі мұнай-газ кә­сіпорындары, агроөнеркәсіп кешен­дері шоғырланған, авто және темір жол дәліздері дамыған өңір. Одан бөлек, облыстың өз газы бар, электр қуатынан да өзгеге тәуелсіз. Тағы бір фактор – өңірде әуелден өңдеуші кәсіпорындар жақ­сы қалыптасқан, батысқазақстандық техникалық маман кадрлардың кәсіби біліктілігі де жоғары.

Шынында да шетел инвестициясын тарту – Қазақстан үшін өте маңызды стратегиялық бағыт. Жыл соңына дейін геоақпараттық портал ашамыз. Бұл порталдан ықтимал инвестор өзіне керекті ақпаратты – су, бос жер телімі, шикізат, инфрақұрылым туралы мәліметті көре алады. Жердің статусы, бос болса, аук­цион­­ға қашан түсетіні, қандай шарттары бар, бәрі көрінеді. Бұл спутниктік мони­торинг арқылы жасалады. Шетелдік ин­вестор Қазақстанға келмей тұрып-ақ бәрін өлшеп-пісіп, ақпарат ала алады. Бұл ірі бизнеске арналған қолдау.

Сондай-ақ осы порталда инвесторлар облыстың бесжылдық жоспарын көре алады. Яғни, құрылыс нысандары, жол қай жерде салынады, таяудағы бес жылда қайда газ тартылады, су құбыры, мектеп, аурухана, т.б. инфрақұрылымдар салынады, облыстың даму бағыты қа­лай болмақ – бәрі ашық тұрады. Тіпті жеке жобалар, Қарашығанақ жобалары, мем­лекет-жекеменшік әріптестігі бойын­ша жүзеге асатын құрылыстар да осы пор­талда тұрады. Бұл бизнеске бағдар үшін керек.

Бұдан бөлек, облыстағы ірі жобалар­дың жүзеге асуын «Битрикс 24» базасында жасалған арнайы бағдарлама арқылы онлайн-режімде бақылап отырамыз. Артық жиналыс, телефон қоңырауынсыз әр қадамға мониторинг жасалады. Жоба барлық деңгейде өз уақытымен жүруі керек. Егер жобаның бір кезеңінде іркіліс болса, инвесторға дер кезінде қолдау көрсете алмасақ, жалпы жобада, ақырғы нәтижеде кідіріс болады. Әрі имиджге де нұқсан келеді. Сондықтан инвестициялық рейтингке өте мұқият болу қажет.

 

Жаңа технология –

жақсы көмекші

– Облыс мемлекеттік қызметтерді ашық көрсетуден елімізде ең алдыңғы қатарда келеді. Мұнда «ашық әкімдік» ша­­ралары соңғы екі жылдан бері жүйе­­­­лі өтеді. Ал өндіріс саласына цифр­­­­­лы технология, ашықтық прин­­­­­цип­тері қалай енуде?

– Дұрыс байқағансыз, өңірде жаңа технология жаппай қолданысқа еніп келеді. «Smart uralsk» мобилді қосым­шасының 33 парағы бар, жақында қол­дану­шының сайлау учаскесін көрсететін қызмет қосылды. Ал «iKomek 109» тұр­ғындардың сан түрлі мәселелерін қабыл­дап, жедел көмек ұйымдастыратын орта­лық. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет түр­лерін электронды форматқа көшіру де алдыңғы қатарда. Мәселен, www.zem.kz сайтын­да жер телімдері онлайн сатылып жатыр. Яғни Орал қаласындағы бос жер телім­дері сайтта жарияланып, аукцион арқылы кәсіпкерлерге сатылады. Адам­мен тікелей қарым-қатынас жоқ. Сы­байлас жемқорлық тәуекелі азайған.

Жаңа технология ауыл шаруашы­лы­ғына бүгінде дендеп еніп жатыр. Мысалы 12 мың гектар егіс алқабы бар «Тұлпар» компаниясында небәрі 32 адам қызмет етеді. Өнімді өңдеу мәселесі, технология­ны пайдалану әрқашан еңбек өнім­ділігін арттыруға да тікелей әсер етеді.

Біз кәсіпкерлерді үнемі жаңаша жұ­мыс тәсіліне көшуге үндейміз. Өріс­тегі малын қолындағы смартфон арқылы бағып отырған қожалықтар бар. Оларға бақташы, су тартатын жұмысшы, т.б. керек емес, өйткені су, жел, күн қуаты арқылы көп шаруасын бітіріп отыр.

Технология демекші, өңірде экспорт­қа шығарылатын еттің «шежіресі» – блокчейн шынжырын жасау ісі де қол­ға алынбақ. Яғни батысқазақстандық ет­ті сатып алған тұтынушы мал­дың қай­да туып-өсіп, қай жерде жа­йыл­­ға­нын, қандай ветеринарлық шаралар жасалғанын, қалай сойылып, қапталғанын көре алады.

 

Батыс қақпаның

бағы ашылса

– Мамыр айында жұмыс сапарымен Орал қаласында болған Мемлекет басшысы өңірде индустриялды аймақ жасақтауды тапсырған болатын. Бұл тапсырма қалай орындалып жатыр?

– Бүгінде жобаның жобалау құжат­тары дайын. Индустриялды  аймақ үшін Теректі ауданы Ақсуат ауылы маңынан 280 гектар жер бөлінген. Бұл жерге бар­лық қажетті инфрақұрылымдар тартылып, бірнеше бөлікке бөлінеді. Бизнес өкіл­деріне жеңілдікпен берілетін бұл аймақ­та негізінен өңдеуші кәсіпорындар бой көтереді деп жоспарланып отыр. Бұл жобаға келер жылы республикалық бюджеттен қаржы сұраймыз. Қосымша инвесторлар да тартылады. Бұдан бөлек Тасқала мен Ақжайық ауданынан, Орал қаласынан көлемі 3-5 гектарлық шағын индустриялды аймақтар салу да жоспарланып отыр.

Өз басым әр жердегі шағын кәсіп­орындар үшін инфрақұрылым тартып, көп қаржы шығындағаннан гөрі осындай индустриялды аймақтарға күш салған жөн деп есептеймін. Индустриялды ай­маққа салынған қаржының қайтарымы мол болады.

– Батыс Қазақстан дегенде әдет­те «Еліміздің батыс қақпасы» деген теңеу жиі айтылады. Ресей Феде­ра­ция­сының 5 облысымен шектесетін, Еуро­паға ең жақын жатқан қазақ же­рі бол­ғандықтан, өңірдің өзге ай­мақ­­тарымен салыстырғанда, бұл ар­тық­шылығын қалай тиімді пай­ла­нуға бола­ды?

– Макродеңгейде қарар болсақ, облыс Қытай/Оңтүстік-Шығыс елдері мен Еуропа мемлекеттері арасындағы көлік қатынасында ерекше орын ала алады. Оны тек сауатты әрі тиімді пайдалана білу керек. Бірнеше жыл бұрын Саратов облысы Озинка ауданы мен біздің Тасқала ауданы шекарасында «Тасқала-Озинки» атты ірі транс­порттық логистикалық орталық салу тұжырымдамасы әзірленген. Ме­нің ойымша, осы жоба жүзеге асса, Шы­ғыстағы «Қорғас» орталығы секілді аймақтық жүк хабына айналу мүмкіндігі бар. Өйткені көлік компаниялары үшін Еуропадан әкелінген жүкті бізге қал­дырып, осы жерден Қытай мен Оң­түстік-Шығыс Азия елдерінің тауарларын алып кету тиімді болар еді. Ал «Қорғас» кешенінде шығыстық ком­паниялар еуропалық жүкті алып кететін болады. Сонда «Тасқала» мен «Қорғас» аймақтық хабтары арасында қазақ­стандық көлік компанияларына да жұмыс табылады.

Міне, келешекте осындай логис­тикалық жүйе жүзеге асса, өңірдің тран­зиттік мүмкіндігі әжептәуір артады. Бұл облыс экономикасының дамуына да зор әсер етеді.

– Көлік тасқыны көбеюі өңірге не береді?

– Соңғы жылдары мемлекеттік «Нұр­лы жол» бағдарламасы бойынша республикалық және жергілікті дең­гейдегі жолдар жаппай жөнделіп жатыр. Үш жыл ішінде 1000 шақырым жол күрделі жөнделсе, биылдың өзінде 400 километрдей жол жаңартылады. Шекара бекеттерінде іркіліс тумауы­ үшін қоз­ғалыс жолағын көбейтіп жатырмыз. Осындай жұмыс биыл Самара облы­сымен шекарада аяқталады. Осының бәрі өз нәтижесін беруде. Жыл басынан бері 5 ай ішінде жүк тасымалы 11%-ға артты, 2018 жылы 117 мың көлік өтсе, 2019 жылы 130 мыңға жетті.

Ірі көлік компаниялары қауіпсіздік мәселелеріне, жүргізушінің жол бойында уақтылы демалуына ерекше назар аударады. Сондықтан облыс аумағындағы ірі автожолдар бойында транзиттік жүк тасымалдаушы көліктер үшін тамақ­танатын орны, автотұрағы бар, көлік жөндейтін цехы, жанармай бекеті, т.б. кешенді қызмет көрсететін «А» дең­гейлі автокемпингтер санын көбейту қа­жет. Өңірде соңғы жылдары жол құ­рылысының қарқын алуы өзімен бірге жол бойындағы қосымша қызметтерді де алға сүйрегені қуанарлық жағдай.

Халықаралық автожол дәліздерінде «А» деңгейлі автокешен әзірге Чапаев селосында, Орал-Атырау автожолының бойында ғана бар. «А» және «В» деңгейлі тағы бірнеше нысан салынуда. Осындай кешендер Атырау және Ақтөбе облыстарымен арадағы шекараға да керек. Биыл Атыраудан Саратовқа тіке шығатын Үлкен Шаған-Тасқала жолы салынуда, бұл жерге де кемпинг керек. Яғни кәсіпкерлер үшін тым жақсы бизнес көзі көбейіп келеді. бұл бағытқа қаржы салам дейтін инвестор болса, қолдау көрсетуге әзірміз.

 

Ауыл шаруашылығына қолдау керек

– Мемлекет басшысының мамыр айындағы сапарында Батыс Қазақстан об­лысы ауыл шаруашылығында ең­бек өнімділігі көрсеткіші бойынша 15-орын­да деген сын айтылған еді.

– Иә, Елбасы агроөнеркәсіп кеше­нінде 5 жыл ішінде еңбек өнімділігін арт­тырып, қайта өңделген ауыл шаруа­шылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Бұл бизнес тиімділігін анықтайтын маңызды көр­сеткіш. Мәселені шешу үшін екі ба­ғытта қатар жұмыс атқарылуда. Бірін­шіден, есеп-қисапты реттеу керек. Мә­се­лен, жыл сайын басқа өңірлерге 40 мыңдай ірі қара, 110 мыңдай қой, 9 мың жылқы тірілей жөнелтіледі. Бірақ бұл облыстың өнімі ретінде тіркелмейді. Осының кесірінен еңбек өнімділігі көрсеткішін 20%-ға жоғалттық. Одан бөлек, етке тапсырылатын ірі қараның сойыс салмағы 329 кило деп есептелген. Ал шын мәнінде бұл 370 килодан кем емес болатын. Бұл да көрсеткішті 10%-ға төмендетті. Сондай-ақ ауыл ша­руашылығы секторында қызмет ететін адам санын да нақтылау қажет. Міне, осыларды ескерсек, өңірдің ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі туралы шынайы ақпарат шығады.

Еңбек өнімділігін арттыратын екін­ші бағытымыз кешенді және жүйелі мем­лекеттік қолдау нәтижесінде ғана жүзеге асатын салмақты жоба. Бұған шетелден әкелінетін асыл тұқымды малды субсидиялау, жергілікті асыл тұқымды шаруашылықтарды қолдау, жеңілдікті несиелер керек. Қазір осы саланы дамытуда «зәкірлік кооперация» әдісін қолға алдық. Оның мәнісі – құрамында асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар, шаруа қожалықтары мен ауылдағы кооперативтер, бордақылау алаңдары және өңдеуші ет комбинаттары болатын жүйе қалыптастыру. Шынын айту керек, 1000 және одан да көп сиыр бордақылайтын кешендерге мемлекет қолдауын, субсидия алу ісі оңай болады. Өйткені ірі шаруашылықтардың экспорт мүмкіндігі де зор. Бірақ мұның бәрі нарықтық жол­мен табиғи жүруі тиіс. Ешкімді әкім­шілік әдіспен зорлап біріктіруге болмайды.

Міне, жергілікті кәсіпкерлер мен ше­телдік инвесторлар қатысқан осындай кешенді жобаларды көбейте алсақ, мал басын екі есеге арттыру туралы жос­парымыз тезірек жүзеге асып, ішкі на­рықты да етпен толық қамтып, экспорт көр­сеткіштерімізді де жаңалар едік.

Өйткені жеке компаниялар нарық жағдайына әлдеқайда бейім келеді. Мы­са­лы, біздің оңтүстік аудандардың бірінде ашылған 20 мың бас мал бор­да­қылайтын кешен канадалық техно­ло­гияны енгізіп жатыр. Яғни, мал ашық ас­­пан астында, тақтай шарбақпен қор­шал­­ған алаңда еркін жүреді. Бұл арзанға түседі.

Өңірде макарон фабрикасы, кондитер комбинаты, күнбағыс пен мақсары майын өндіретін кешендер еңбек тиімділігін көздейді. Ет комбинаттарымен бірге, жылына 800 мың дана қой мен сиыр те­рісін өңдейтін кәсіпорын ашылды. Қал­бырдағы ет өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын «Күбілей» ЖШС да тері өң­деуді мақсат етіп отыр. Бұл жерде бізге шикізатты терең өңдеп, дайын өнімге айналдыратын инвесторлар қажет. Өнім экспортқа шығуы үшін стандарттық талаптарға сәйкес жүйелі өндіріс керек. Өңірдегі ет комбинаттары халықаралық талаптарға сәйкес келіп, саны мен сапасы сай келетін жас мал дайындауы тиіс.

– Бүгінде жергілікті асыл тұқымды түлік түрлеріне қолдау керек деген пікір жиі естіліп жүр.

– Өңір басшысы Алтай Көлгінов Пар­­ламентте сөйлеген сөзінде жер­гілік­ті, отандық асыл тұқымды мал шар­уашы­лығы нысандарын мемлекеттік қол­дау мәсе­лесін көтерген еді. Өйткені дер ке­зінде қолдамасақ, отандық ғалым­дардың талай жылғы еңбегі нәтижесінде пайда болған жергілікті асыл тұқымды малдан айырылып қалуымыз мүмкін. Мәселен, біздің еділбай қойы сыртқы да, ішкі де нарықта сұранысқа ие. Өкінішке қарай, еділбай қошқарына берілетін субсидия мөлшері азайып кетті, саулыққа бе­рілетін жәрдем мүлдем тоқтады. Фермерлер қазір қой өсіргісі келмейді. Бейнеті көп, табысы аз. Облыста сиыр мен жылқы саны жыл сайын 30-40 мың­ға көбейсе, қой саны өспей, тоқырап қал­ды. Мұның соңы қой етінің бағасы өсуіне соқтыруы мүмкін. Сондықтан да ма­мырдың 24-інде Парламент мүше­лері алдында облыс басшысы қой шаруа­шыл­ы­ғын мемлекеттік қолдау туралы мәселе көтерді.

Еліміздің салық заңдылықтарында да жер­гілікті тауар өндірушілерінің қо­лын байлайтын кедергілер кезде­седі. Мәселен, өңірдегі аса ірі ет өнім­дерін өндіруші «Күбілей» ЖШС тәжіри­бесін алайық. Егер «Күбілей» етті тұрғын­дардан, халықтан сатып алса, кәсіпорын қосымша құн салығын екі мәрте (өзі үшін және жекелер үшін) төлейді. Ал шетел­ден әкелсе, төлемі аз болады. Сон­дық­тан кәсіпкер әрине, өзіне тиімді жағын жасап, шетелдің нәрсіз етін алдырады. Бұл да үкіметтік, заңдық деңгейде шешілетін мәселе.

 

Ауылға, жастар, ауылға!

– Жастар жылы Ақжайық өңірінің ауыл жастарына қандай оң өзгеріс болар екен?

– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша тірек елді мекендерін анық­тап, халық өзін жайлы сезінуі үшін бар­лық инфрақұрылым, спорт, мәдениет орын­дарын салуды бастадық. Таяу арада барлық аудан орталығында дене­шынықтыру-сауықтыру кешендері іске қосылады. Ауыл мәдениетін, тазалығын көтеру үшін көшеге мал кіргізбеу, мал қо­раларын ауыл сыртына салу жөнінде бастама көтеріліп жатыр.

Шынын айтсақ, өңірдің ауыл шаруа­шылығы саласында жастардың үлесі өте аз. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуда. Со­ның бірі – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық уни­верситеті ұсынған заманауи үлгілі ферма түрлерінің жобасы. Яғни БҚАТУ қой шаруашылығы бойынша үш ферма, сүт бағытында – бір, ет бағытында екі ферманың жобасын жасады. Ол Тасқала мен Ақжайық ауданындағы оқу шаруашылығында ашылмақ.

Бұл жоба – ЖОО мен облыстық әкім­діктің ортақ жұмысы. Ол ойдағыдай жү­­зеге асса, жастарға жақсы мүмкіндік ту­мақ. Яғни жас кәсіпкер капиталын са­лады да бірден дайын бизнеске ие бо­лады. Мысалы, 100 бас тайыншаны бор­­дақыға байлайтын ферма жобасын алайық. Ферманың жеткілікті жайылым ал­қабы бар, бәрі дайын. Әкімдік жер береді, даму институттары жеңілдікпен қаржыландырады. Университет ғылыми жағынан көмектеседі, ветеринарлық қол­дау көрсетеді. Ірі бордақылау ке­шен­дері де малды қабылдауға дайын. Осылайша жас кәсіпкер малды өсіріп, бордақылау алаңдарына өткізеді. Міне, осындай бірнеше моделді ферма дайындап жатырмыз. Осындай он шаруашылықты бір жерге жинасақ, мың бас малды бордақылайтын кешен пайда болады. Бір фермада екі адам қызмет етеді. Әрине, бұл жерде жас кәсіпкердің өзінде де жауапкершілік болады. Моделдік ферма шығындарының 5-10 пайызын өз қаржысымен көтеруі тиіс. Қалғанына біз көмектесеміз. Мұны біз биыл бастап кетпекпіз.

– Ғали Нәжімеденұлы, әңгімеңізге рахмет.