• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Маусым, 2019

Түркістанды төрге шығаратын төрт бағыт

563 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев өткен жылы 19 маусымда Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекіткен болатын. Осылайша ғасырлар белесінен сүрінбей өткен Түркістан өзінің тарихи мәртебесін қайта иеленді.

Осылайша Түркістан облы­сының құрылғанына бір жыл толды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтулы күнге орай Түркістан қаласындағы Жастар ресурстық орталығында баспасөз-мәс­ли­хатын өткізді. Жиынға респуб­ликаға танымал БАҚ басшылары мен өңірлік төртінші билік өкілдері арнайы қатысты.

Тарихи маңызы зор кездесуде сөз алған өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев: «Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі тапсырма берген болатын. Осы орайда 2018 жылдың 29 желтоқсанында аталған кешенді жоспар бекітілген еді. Аталған жос­парға еніп отырған жобаларды іске асырудың Түркістан облысы үшін мультипликативтік әсері өте зор болды. Облыс орталығында зәу­лім ғимараттар мен сәулеттік нысандар бой көтеріп келеді. Түркістанды азық-түлік қауіпсіздігімен қам­тамасыз ету мақсатында қала аймағында радиусы 15 шақы­рымды құрайтын азық-түлік және жасыл белдеу қалыптастыру жобасы бас­талды. Ғалымдардың сүйемелдеуімен ақыл­ды технологияларды қолдана отырып жүзеге асатын белдеу екі кезең бойын­ша жүзеге асады. Бұған қоса 8 ірі инвес­тициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Облыста атқарылған шаруалардың барлығы халықтың өмір сапасын жақсарту, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жасалынып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады», деді.

Арада небәрі бір жыл өтсе де өңір қарқынды дамудың жолына түсіп, облыс орталығы болған Түркістан қаласы жаңа кейіпке еніп келеді. Мәселен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін осы бір айдың көлемінде Үкімет тарапынан аса маңызды 5 қаулы қабылданды. Оның ең маңыздысы – «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту­дың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары».

Сонымен қатар халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақ­сатында облыста ауқымды жұ­мыстар атқарылуда. Атап айт­сақ, көп балалы аналарға атау­лы әлеуметтік көмек көр­сету мөлшері орташа есеппен 40 пайызға артып, 2019 жылы          103 464-тен астам отбасы өтініш білдірген, оның 65 946-на атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Түркістан облысы бойынша жыл соңына дейін 1 032 көп балалы отбасы  пәтермен қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, 2019 жылдың 5 айында Түркістан облысы бойын­ша барлығы 1724 пәтер тапсырылды. Жыл қорытындысымен 50 тұрғын үй, яғни 2 613 пәтер пайдалануға беріледі. Сон­дай-ақ медицина саласында облыстық бюджет есебінен 2018 жылы шалғай елді мекендерге 62 модульдік медициналық пункт сатып алынды, 2019 жылы 19 модульдік медициналық пункт орнату жоспарланды.

Облыста 2 қалалық, 4 аудан­дық емхананың құрылысы және Түркістан қаласында №3 облыстық перинаталдық орталығына жапсарлас 150 орындық перзентхана және 900 орындық 1 білім ұясының құрылысы жүруде. Биыл мемлекеттік және салалық бағдар­ламалар аясында 3315 жаңа жұ­мыс орны ашылды. Бұл өз кезе­гінде жұмыссыздық деңгейінің төмен­деуіне айтар­лықтай әсер етті. Нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дар­ламасы шеңберінде 24 478 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты.

Облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым, со­ның ішінде жылу, су тарту жүйесі, газ және электр­мен жабдықтау бойынша көптеген мәселе шеші­мін тапты. Қазіргі таңда Түркіс­тан қаласында әкімшілік-іскерлік орта­лық пен мәдени-тарихи орталықты бұрын қолданылмаған инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүр­гізілді. Жаңадан салынып жат­қан нысандарды жылумен қамтамасыз ету және оның сапа­лық көрсеткішін арттыруды қамта­масыз ету бойынша тиімсіз және ескі шешім­дердің орнына жаңа технологиялар қол­да­нылды.

Қала халқын және нысандар­ды тұрақ­ты және үздіксіз электрмен жаб­дық­тауды қамтамасыз ету мақ­с­атында үш қосалқы стансаның құ­рылысы жоспарлануда. Түркістан қала­сындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ағымдағы жылдың соңына қарай халық­тың 56 пайызын газбен қамтамасыз ету жоспар­да бар.

Сонымен қатар Түркістан қаласын 83 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар басталды. Бүгінгі таңда құрылысы қарқынды жүріп жатқан Түркістанда 29 нысан салынады. Оның ішінде жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысанның құрылысы басталды. Биыл 7 нысан пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, облыс әкімдігі, «Астана алаңы», Медиа орталық, Олимпиадалық резерв­тегі спорт мектебі, саябақ, музы­калық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев­тың тапсырмасына сәйкес, Түр­кістан қаласында туризм саласы бойынша колледж ашу жұмыстары жүргізілуде. Сон­дай-ақ экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық ба­ғыт­та 57 туристік маршрут әзір­ленді. Соның бірі − Қасқасу туристік-рекреациялық кешені, «Ұлы Жібек жолы» ұлттық қолөнер шеберлері орталығын» жасақтау, Шығыс базарын салу жоспарда бар.   

Ауа райының қолайлылығы, ха­лық­тың еңбекқорлығы – өңірдің инвес­тициялық қабілет­тілігін көрсететін басты өлшемнің бірі. Биылғы жылдың алғашқы бес айында инвестиция көлемі 60 млрд теңгеден асты. Сондай-ақ  облыста бүгінде экспорттаушылар үшін 24/7 бірыңғай Call Center жұмыс істеп келеді және кәсіпкерлерге арналған барлық қажетті ақпарат орналасқан веб-портал сынақтан өткізілуде. 

Түркістанның әлеуметтік-экономи­калық дамуымен қа­тар, Түркістан қаласының идео­логиялық негіздемесін қалып­тастыру бойынша 4 бағыт айқын­далған болатын. Олар: бірін­шіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Міне, осы 4 ба­ғыт бойынша идеологиялық жұ­мыстар қолға алынады. Оның бір­қатары Түркістан облысының 1 жыл­дығы аясында басталып та кетті.           

Араға ғасыр салып бабалар арманы орындалып, қайта түлеу, түрлену кезеңіндегі Түр­кіс­танда әр сала бойынша құ­рылыс жұмыстары  қарқын­ды жүргізілуде. Қала тұрғында­рының жанарына мол үміт ұялап, жүздеріне күлкі үйіріліп келеді.

 

Түркістан