• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2019

Газ құбыры құрылысы ойдағыдай

681 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Энергетика министрлігінің халық алдындағы есебінің қорытындысы бо­йынша баспасөз-конференциясы өтті. Онда министр Қанат Бозымбаев сала бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында баяндады.

Министрдің айтуынша, Мем­лекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың сайлауалды тұғыр­намасын іске асыру жоспары ая­сында отын-энергетикалық ке­ше­нінде жаңа кен орындары іске қосылады деп жоспарлануда. «Мұнай-газ саласында ағымдағы жылдың 5 айы ішінде 36,5 млн тонна мұнай өндірілді. Жедел жос­пар 101% -ға орындалды» деген Қ.Бозымбаев биылғы мұнай өндіру жоспары 89 млн тонна көлемінде белгіленгенін атап өтті. Сондай-ақ Қашағанда ағымдағы жылғы 14 сәуір-19 ма­мыр аралығындағы жөндеу жұ­мыстары мерзімінен 10 күн бұ­­р­ын аяқталғанын мәлім­деді. Те­ңіз және жерүсті құры­лыс­та­рын­да техникалық жұмыстар жүр­­г­ізілген. Мұндағы мұнай өн­ді­ру кө­лемі қазір тәулігіне 400 мың бар­рельге жеткен. Мұндай ре­­корд­­ты көрсеткішке жылдың со­­ңы­на таман қол жеткізіледі деп жос­­парланған болатын. «Ал­дағы уа­қытта Теңіз кен орнын ке­ңей­ту жобасы аяқталса, 2024 жылы өндіру көлемі жы­­лына 39 млн тоннаға дейін ұл­ғая­ды» деді министр. Бүгінгі таң­да жобада 45 мыңнан астам қазақ­стандық жұмыс істеуде. Ве­домст­во басшысының мәлім­де­уін­ше, елімізді газдандыруға бө­лі­нетін қаражат көлемі жыл­дан-жылға ұлғаю үстінде. Нәти­же­сін­де халықты көгілдір отынмен қам­ту көлемі 49,7%-ға жетті. Қазіргі күні шамамен 9 мил­лионға жуық адам газ тұтынуда.

Айта кетейік, 2019-2021 жылдар кезеңінде газдандыруға ар­нал­ған қаражат өңірлерді дамыту, «Нұрлы жер», сондай-ақ ағым­дағы жылғы 27 ақпанда Nur Otan партиясының XVIII съезінде берілген Елбасының жеке тапсырмаларын жүзеге асыру үшін әзірленген бағдар­ла­ма­ларда көз­­делген. Осыған сәйкес бұл жұ­мыс­­тың одан әрі өрістей бе­ре­тінд­ігі атап өтілді. Сөйтіп елі­міз­дің 13 өңірінде осы кезең ішін­де 100-ден астам жоба іске асы­рыл­мақ. «Ел­басы тапсырма­ларын іске асыру шеңберінде газ­дандыру жобалары енді 1 млн-нан астам тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бе­реді», деді министр. Сонымен қатар Қ.Бозымбаев 2019 жылдың со­ңында елді мекендердің газдан­дырылу деңгейін 50%-дан асыру жоспарланғанын айтып өтті. Сары­арқа газ құбырының тарты­луына байланысты ел астанасымен бірге, бірінші кезеңде Қара­ғанды, Теміртау, Жезқазған, Сәт­баев, Саран, Шахтинск қала­ларының 171 елді мекені көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек. Жоба ая­сын­да еліміздің 142 мың тұрғы­ны отынның осы қолайлы түріне қол жеткізетін болады. Энерге­тика министрі «Сарыарқа» газ құбы­рының белгіленген кес­теге сәй­кес салынып жатқанын да атап өтті. «Қазіргі уақытта Жез­қаз­­ған қаласына жақын жерде дәне­­кер­леу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін­ге шамамен 420 шақырым құ­быр дә­не­кер­ленді. Бұл газ құ­быры ұзынды­ғының 40%-ын құ­райды» деп мәлімдеді. Дәнекерлеу жұмыстарының орташа қарқыны күніне 7-8 шақырым. Осы іске 2200-ден астам адам мен 700-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған.

Қ.Бозымбаев еліміздің «жа­сыл» экономикаға көшу бағ­дарына сәйкес жаңартылатын энергетика секторы жоспарлы түрде дамып келе жатқанын айтып өтті. «Электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2020 жылға қарай 3%-ға дейін, 2025 жылға қарай 6%-ға дейін, 2030 жылға қарай 10%-ға дейін артады» деді ол.

Егер 2014 жылы Қазақстанда қуаты 177 МВт болатын 35 ЖЭК объектісі болса, бүгінде жал­пы қуаты 679 МВт болатын жаңар­ты­латын энергия көздерінің 74 объектісі жұмыс істеуде. Жыл соңына дейін қуаты 236 МВт болатын тағы 10 ЖЭК объектісін іске қосу жоспарланып отыр. Сөй­тіп жаңартылатын энергия көз­дері объектілерінің санын 2020 жы­лы – 95 (1483 МВт), 2021 жылы 119 (2096 МВт) бірлікке жеткізу көз­делуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында экологиялық ортаны қорғау бойынша жол кар­тасының әзірленіп жатқаны атап өтілді. Осы шараға орай жаңа Эко­логиялық кодекс жобасын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мұндағы ең негізгі бағыттардың бірі – «лас­таушы төлейді» халықаралық экологиялық қағидатын іске асыру. «Ластаушы үшін айыппұл тө­леудің орнына ластауға жол бер­меу және ең озық қолжетімді тех­нологияларды енгізу эконо­микалық жағынан тиімді болады» деді министр. Ал эмиссиялар үшін өндіріп алу жүйесі және төлемдер мөлшерлемесі қайта қарастырылатын болады.

Енді жергілікті бюджеттерге түсе­тін экологиялық төлем­дер­дің ке­мінде 50%-ы эколо­гия­лық мәсе­лелерді шешуге жұм­са­­латыны заңнамалық түрде бе­кі­тілмек. Қазіргі уақытта Эко­ло­гиялық кодекстің жобасы бел­сенді талқылануда.