Биыл ұлтымызға қызмет етудің ұлық үлгісін көрсеткен, сонысы үшін қызыл империяның қасап қырғынына ұшыраған Алаштың ардақты ұлдарының бірі, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толып отыр. Әрине, Тұрар туралы, оның бүгінгі «Егемен» – кешегі «Еңбекші қазақ» газетіне басшылық жасағаны және басқа да қайраткерлік қызметі туралы көп жазуға болады. Біз бүгінгі мақаламызда оның бұрын аса айтылмаған қыры – жасырын ұлттық ұйымдармен байланысы туралы әңгімелеуді мақсат еттік.
Рысқұлов жасырын ұйымға мүше болған ба?
Түркістан ұлттық автономиясы большевиктік билік тарапынан күштеп құлатылғаннан кейін, тәуелсіздік идеясының төңірігіне топтасқан ұлттық ұйымдар бұл кезеңде негізінен үш бағытта күрес жүргізді: Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастыру, үкімет аппараттары мен партия қатарында жасырын күрес жүргізу және ұлттық майданның ауқымын кеңейту. Бұл туралы Мұстафа Шоқай: «...Дұшпанға қарсы қарулы күресті партия, үкімет аппараттары ішіндегі күрестермен байланыстыру керек. ...Мемлекеттің іштей біріккен күштерін өздерінің ұлттық тәуелсіздігі жолында Ресейге қарсы күресіп жатқан басқа да халықтардың күресуімен үйлестіру лазым. Тығырықтан шығудың бұдан басқа жолы жоқ. Тек осылай еткенде ғана бостандыққа жету мүмкін болады», деп жазған еді.
Заки Валидидің естеліктеріне сүйенер болсақ, құрамына Түркістан, Башқұртстан, Бұхара, Хиуа өлкелік партия комитеті мүшелерін тартуды көздеген және «Шығыс социалист партиясы» деп аталған бұл жасырын ұйымға башқұрт Зәки Валиди, татар Илияс Алкин, Мирсаид Сұлтанғалиев, өзбек Низам Хожаев, қазақ Ахмет Байтұрсын пен Тұрар Рысқұлов мүше болған еді. Олар әуелгіде партия ретінде жасақталып, Коминтерннің құрамына енуге әрекет жасағанымен, Компартия бұл партияның құрылуына түбегейлі қарсы болғандықтан, жасырын ұйым ретінде жұмысын жалғастыра берді. Түркістан тарихының білгірі, профессор А.Беннигсен 1920 жылдың көктемінде Мирсаид Сұлтанғалиев, Зәки Валиди, Тұрар Рысқұлов және т.б. көрнекті тұлғалардың жасырын ұйым құрып, Кеңес өкіметіне қарсы астыртын күрес жүргізгенін жазады. Автордың айтуынша, бұл жасырын топ үш бағытта жұмыс жүргізген еді: Партия қатарында, үкімет аппараттарында басшылық қызметтерде бола жүріп, тәжірибе жинақтау; жаңа кадрлар даярлау мақсатында оқу ордалары мен білім ошақтарын қолға алу; Басмашылық қозғалысы сияқты кеңес өкіметіне қарсы ұлттық топтармен байланыс орнатып, ұлттық мемлекет құрудың алғышарттарын даярлау.
Қалай болған күнде Тұрар Рысқұловтың жасырын топтың мүшесі болғаны анық. Расында, Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін Орталық партия комитетіне қарсы аянбай күрескен Тұрардың уақыт өте келе жасырын ұлттық ұйымдармен байланыса отырып, ұлт-азаттық майданның рухани діңгегіне айналғанын аңғару қиынға соқпаса керек. Профессор А.Беннигсеннің сөзімен айтқанда, коммунистік партия қатарына өткенімен Тұрар Рысқұлов өмір бойы ұлтшыл болып қалған еді. Ал бұл екі идеяның бір арнада тоғыспайтыны айдан анық болса керек.
Ырыққа көну ме, ымыраға келу ме?
Түркістан автономиясы небәрі екі айдай өмір сүріп, 1918 жылдың ақпан айында большевиктер тарапынан күштеп таратылды. Міне, осы кезде Түркістан ұлтшылдарының басылымы «Ұлығ Түркістан» газетінде үндеу-мақала жарияланды. «Бүгінгі міндеттеріміз» деп аталатын мақала Қоқандағы жайттан кейін Түркістандағы жағдайдың мүлде ауырлай түскенін, халықтың қуғын көріп, жұрттың аштан қырылғанын баяндай келе, елінің ертеңіне алаңдайтын ойлы азаматтарды ұйымдасып, жаңа үкіметке мүше болуға, осылайша ұлы Түркістанның тағдырына араша түсуге шақырды.
Міне, Тұрар Рысқұловтың саясат сахнасына шығуы дәл осы кезеңмен тұстас келеді. Ғалым О.Қоңыратбаевтың сөзіне сенсек, Рысқұлов партия қатарына 1917 жылы емес, 1918 жылы қыс айларында, яғни Қоқандағы қызыл қырғыннан және билік большевиктердің қолына толықтай өткеннен кейін мүшелікке қабылданған. Сонымен қатар Тұрар Рысқұловтың партиялық жарналарды уақытында төлемегені үшін партия қатарынан шығарылғанын ескерер болсақ, Рысқұловтың партияны әспеттеп, әсте құрметтемегенін, оны тек халқына қызмет ете білу үшін ғана таңдап алғанын айқын аңғарамыз. Оның үстіне, бұл тұста тек Рысқұлов қана емес, Ресейдің қол астындағы түркі халықтарының көптеген саяси жетекшілері де большевиктік билікпен ымыраға келген еді. Әсіресе, большевиктермен істесуге құлық білдіргендер арасында ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілдері мен жәдитшілдер аз емес-тін. Мәселен, Ресейдегі мұсылман ұлттардың рухани жетекшілері, жәдитшіл Рызаеддин Фахреддинов пен Мұса Жаруллах Бигиев Қазан төңкерісін үлкен үмітпен қарсы алғанын жасырған жоқ. Ал Мирсаид Сұлтанғалиев, Молланұр Вахитов, Ғалымжан Ибрагимов бастаған татар зиялылары мен өзбек Мүнәууар Қари, Убайдулла Хожаев, Файзулла Хожаев сынды жәдитшілдер партия қатарына өтумен ғана шектелмей, үкімет мүшелері болып, жауапты қызметтер атқарды.
Бұл тұста қалың дұшпан мен қаулаған оттың ортасында қалған ұлт зиялыларының халық тағдырына араша түсерлік амалы таусылғандай еді. Қылышынан қан тамған, Алашорданы таратып, Шоқай сынды ерлерді өлімге қиған адмирал Колчак пен ақ генерал, атаман Дутовтың түркі жұртының тәуелсіздігіне төзіммен қарап, олардың тұтастығына көз жұма алмайтыны да шындық еді. Міне, сондықтан, жұрты үшін жанын беруге дайын алаш ардақтыларының жаңа үкіметпен ымыраға келуін ең әуелі шарасыздықтан туған әрекет ретінде қарастыру керек.
Тәуелсіздіктен айырылып, шарасыз қалған түркістандық зиялыларды большевиктермен ымыраласуға итермелеген негізгі себептердің бірі – большевиктер мен партия жетекшісі В.И.Лениннің ұлттар жөніндегі, соның ішінде Ресейдің қол астындағы бодан ұлттар жайындағы пікірлері болса керек. Өйткені Ресейде великорустық шовинизм белең алып тұрған бұл кезеңде дәл большевиктер сияқты бодан ұлттарға «жанашырлық» танытқандар жоқтың қасы болатын. В.И.Ленин 1913 жылы «Просвещение» журналында жарық көрген «Ұлт мәселесі жөніндегі сын заметкалар» атты әйгілі мақаласында «Кімде-кім ұлттар мен тілдердің тең праволылығын мойындамайтын болса және қорғамайтын болса, ұлттық езгіге немесе правосыздық атаулыға қарсы күреспейтін болса, ол марксист емес, ол адам, тіпті, демократ та емес», – деп атап көрсеткен болатын. Пролетариат «күн көсемі» 1914 жылы жарық көрген «Ұлттардың өзін өзі билеу правосы туралы» атты мақаласында өзін ұлттардың шынайы жанашыры ретінде көрсетуге тырысты. Бұл ұстаным большевиктер билік басына келген алғашқы кезеңде де өз жалғасын тапты. 1917 жылы 2 қараша күні Ресейді мекендеген халықтарға ерікті түрде өзін өзі билеу құқын берген «Ресей халықтары құқықтарының декларациясы» жаряланып, 1917 жылы 20 қараша күні В.И.Ленин мен И.В.Сталин қол қойған «Халық комиссарлары кеңесінің Ресей мен шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына үндеуі» жарияланды. Бұл үндеу әрбір мұсылманның жүрегінен берік орын алардай әсерлі жазылған еді: «...Ресей мұсылмандары, Еділ бойы мен Қырым татарлары, Сібір мен Түркістан қырғыздары (қазақтары) және сарттары, Закавказье түріктері мен татарлары, Кавказ чешендері мен тау халықтары, Ресей патшалары мен қанаушылары тарапынан мешіттері мен ғибадат ету орындары қиратылып, діні мен әдет-ғұрыптары тапталып келген, барша жұрт! Бұдан былай сіздердің діндеріңіз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз еркін деп, оларға ешкім қол сұқпайды деп жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық өміріңізді еркін және кедергісіз құра беріңіздер».
Расында, бұл үндеу Ресей қол астында езілген жұрттарға ғана емес, барша шығыс халықтарына ерекше есер еткен еді. Тіпті татар Сұлтанғалиев «шығыстың мұсылман халықтары отарлық езгіде жаншылған пролетар халық» деп жазса, түрікшілдік идеясы жетекшілерінің бірі Зия Гокалп «Ресейдегі түріктер не істеу керек?» атты мақаласында «патшалық Ресейдің күйреуімен бірге Тұран даласындағы түріктердің толық тәуелсіздік алатын кезі келді» деп қуанышпен хабарлады.
М.В.Фрунзе бұл шешімдерді «пантүрікшілдік», «панисламшылдық» және «буржуазиялық ұлтшылдық» деп қаралады. Ол 1920 жылы 14 сәуірде «күн көсем» В.И.Ленинге жазған хатында Т.Рысқұловқа төмендегідей баға берді: «олар белгілі бір коммунистік емес элементтерден құралған және тек объективті жағдайдың ықпалымен ғана коммунистік туды көтеруге мәжбүр болған адамдар».
Осы тұста Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалар ортақ дұшпанға қарсы большевиктік билікті қолдану керек деп ойлайтын еді. Мәселен, татар зиялысы Ханафи Мұзаффар 1922 жылы жарияланған еңбегінде дүниежүзілік империализмге қарсы большевизмді қолдану қажеттігіне баса назар аударды. Ол «Біз үшін басты мәселе ұлтымыздың өмір сүруі. Сондықтан, еуропалық империализмге қарсы большевиктік билікті барынша қолдануға күш салу қажет. Ал коммунизм идеясының ұзаққа бармасы анық». Жаңа үкіметті қолдап, оның қаз тұрып кетуіне қызмет жасаған, алайда Сталиннің тұзағына да бірінші болып іліккен Мирсаид Сұлтанғалиев та: «Мен большевиктердің жанында өз ұлтымды сатып, оның қанын сору үшін жүрген жоқпын!» деп жазған болатын. Сондықтан, ұлтының қасіретті тағдырына қабырғасы қайысып, жаны ауырған, осы үшін жанқиярлық жасап, билікпен күресіп, тым болмағанда оның саясатымен іштей келіспей кеткен тұлғалар тәуелсіздік жолында жанын қиған азаттық шейіттері.
Міне, осылайша Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарының өзінде большевиктік биліктің жымысқы саясатын жақсы түсінген Тұрар Рысқұлов, енді астыртын күрес жолын таңдап алған еді. Бұл орайда, Ыстанбұл қаласында шығатын «Себиулрешад» газетінде жарияланған «Большевиктердің кім екені енді белгілі болды. Алайда Ресейдегі мұсылмандардың олармен келісіп, ымыраға келіп істесуден басқа амалы да жоқ» деп жазған сөздері еске түседі.
Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығы жолындағы күрес
Большевиктер Ресейдегі өкімет тізгінін толық қолына алып, жер-жерде билік жүргізе бастағанда бастапқы ниетінен тайқып шыға келді. От пен оқтың арасында жүріп оқиғаларға куә болған Зәки Валидидің естеліктеріне жүгінер болсақ, біршама деректерге ұшырасамыз. Мәселен, 1919 жылы Зәки Валиди мен Тұрар Рысқұловтың арасында Лениннің великорустық шовинизмі жайында әңгіме болады. Әңгіме барысында өзінің бастан өткерген жағдайы мен В.И.Лениннің жақын серіктерінің бірі Г.А.Петровскийден естіген жайтты тілге тиек еткен Зәки Валиди, Лениннің саясатта өте тұрақсыз екендігі және оның ұлттық мәселеде І Петрден өткен шовинист екендігін айтады. Бұдан кейін сақ қимылдаған Тұрар Рысқұлов көп уақыт өтпей өте құпия құжаттарды қолға түсіріп, бұларды сыртқы дүниеге шығарып, жариялау үшін Зәки Валидиге береді. Коминтерн отырысынан кейін өзге ұлт өкілдеріне берілмей, тек славяндарға ғана жасырын үлестірілген бұл құжаттарда большевиктердің Ауғанстан, Иран, Түркия және араб елдері сияқты шығыс мемлекеттерде таптық төңкеріс ұйымдастыру мақсатында түрлі айла-шарғыға барып, туыстық белгілер мен тілдерді ажырату, діни алауыздық пен ұлтшылдықты қоздыру және арандату сияқты жасырын тапсырмалар берілген екен. Міне, осылайша Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарының өзінде большевиктік биліктің жымысқы саясатын жақсы түсінген Тұрар Рысқұлов, енді астыртын күрес жолын таңдап алған еді. Бұл орайда, Ыстанбұл қаласында шығатын «Себиулрешад» газетінде жарияланған «Большевиктердің кім екені енді белгілі болды. Алайда Ресейдегі мұсылмандардың олармен келісіп, ымыраға келіп істесуден басқа амалы да жоқ» деп жазған сөздері еске түседі.
Ташкент қаласында 1919 жылы «Иттихат ва таракки» атты жасырын ұйым құрады. Зәки Валиди естеліктеріне сүйенсек, бұл ұйымның құрылуында Тұрар Рысқұловтың зор ықпалы болған. Осы жылы Ташкентте Тұрар Рысқұлов, Садуллах Тұрсынхожаев және Низам Хожаевтың ұйытқы болуымен басқосу өтеді. Нәтижеде, Садуллах Тұрсынхожаев, Абиджан Махмуд, Убайдулла Хожаев сияқты Түркістан автономиясы үкіметінің бұрынғы мүшелері тарапынан астыртын ұйым құрылады. Османлы мемлекетіндегі «Иттихат ва таракки» партиясын негізге алып құрылған бұл ұйымның жетекшілерінің бірі, «Иттихат ва таракки» партиясының өкілі, кавказдық Емин Ефендизаде еді. 1917 жылы қос төңкерістің арасында «Түркістан адеми меркезиет» партиясының құрылуына мұрындық болған және Түркістан автономиясы тұсында Мұстафа Шоқаймен тізе қосып, бірге жүрген Ефендизаде, большевиктік билік орныққаннан кейін Рысқұловтың жанына келді. Ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшілерінің бірі Зәки Валиди кейінірек: «Тұрар Рысқұловты көре алмайтын едік. Өйткені оны үкімет мұқият қадағалайтын еді. Дегенмен, Дінше сияқты сенімді адамдары арқылы ол бізге хабар жіберіп, тапсырма беріп отыратын еді», деп жазды.
Тұрар Рысқұлов отаршылардың езгісінен толық құтылуды және ұлттық тәуелсіздік пен Түркістанның тұтастығын басты мақсат етіп алған еді. Осы мақсат жолында, 1920 жылы 17-20 қаңтар күндері өткен Түркістан Коммунистік партиясының V конференциясы мен Мұсбюроның төтенше ІІІ конференциясында Рысқұлов әйгілі баяндамасын жасап, онда мұсылман түрік халықтарын соңынан ілестіре алатын партия құру қажеттігіне тоқталады. Тұрар осы конференцияда ТКП-ның атауын «Түрік халықтарының Коммунистік партиясы» деп атауды, Түркістан Республикасын «Түрік Кеңес Республикасына» айналдыруды және оның құрамына Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан, Әзербайжан сияқты түрік жерлерін қосуды, осыған орай жаңа Конституция қабылдауды ұсынады. Бұл ұсыныс арқылы Рысқұлов Түркістанды Ресейдің құрамынан толық бөліп алуды көздеген еді. Қайсар ұлдың қаймықпай жасаған ұсынысы қызу қолдау тауып, конференцияға қатысып отырған, атағынан ат үркетін орыс большевиктерінің өзін оң шешім қабылдауға мәжбүрлейді. Алайда бұл шешімдерге отаршылдық пиғылдағы орталық пен большевиктік биліктің келісуі екіталай еді. Расында, солай да болды. 1920 жылы 23 ақпанда М.В.Фрунзе бұл шешімдерді «пантүрікшілдік», «панисламшылдық» және «буржуазиялық ұлтшылдық» деп қаралады. Ол 1920 жылы 14 сәуірде «күн көсем» В.И.Ленинге жазған хатында Т.Рысқұловқа төмендегідей баға берді: «олар белгілі бір коммунистік емес элементтерден құралған және тек объективті жағдайдың ықпалымен ғана коммунистік туды көтеруге мәжбүр болған адамдар». Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі жолында жасалған бұл идеяға кезінде ұлттар теңдігі жайында үндеу қабылдап, бүкіл шығыс жұртшылығына үйіп-төгіп уәде берген В.И.Ленин мен орталық партия комитеті өре түрегеліп, конференция шешімдеріне қарсы шықты. Өйткені Тұрар Рысқұлов 1920 жылы 25 мамыр күні Компартия Орталық комитеті мен В.И.Ленинге жазған қосымша баяндамасында Түркістанның мемлекеттігін қалпына келтіру, Мұсылман Қызыл Армиясын құру, шет елдермен дипломатиялық және экономикалық байланыстар орнату, Түрккомиссия мен шовинистік рухтағы орыс коммунистерін Түркістаннан алып кету сияқты талаптар қойған еді. Коммунистік партия жетекшілері Рысқұловтың әрекетінен шошынып, оны дереу «пантүрікшілдікпен» айыптады. «Рысқұловшылдық» деген атау пайда болған осы кезеңде бір белсенді тіпті, екпінін баса алмаған күйі «Валидов пен Рысқұлов сияқты ұлтшылдарды жергілікті жұмысшы табының дұшпаны және халық жауы ретінде әшкерелеу қажеттігін» айтады. Бұл жайында кейінірек Зәки Валидов (Тоған) былай деп жазды: «1920 жылы 4 ақпанда болған бас қосуда Тұрар Рысқұлов пен «Иттихат ва таракки» партиясының өкілі Емин Ефендизаденің Түркістанда Түрік республикасын құру, «түрік ұлттық армиясын» жасақтау және ішкі мәселелерді Түрік республикасының еркіне қалдыру сияқты ұсыныстары өтпей қалды. Большевиктер Рысқұловқа сенуден қалды».
Сондай-ақ мұсылман коммунистерінің жетекшілерінің бірі Мирсаид Сұлтанғалиев орталықтың отаршылдық пиғылдағы бұл шешіміне қарсы наразылық білдіреді. Бірақ орталық партия комитеті М.Сұлтанғалиев пен өзге де Түркістандық мұсылман коммунистердің пікірлерін құлаққа ілген жоқ. Мұның есесіне, 1923 жылы Мирсаид Сұлтанғалиевтің ісі қаралып, әйгілі «сұлтанғалившілдік» деген атау пайда болған кезде Тұрар Рысқұлов та идеялас серігіне араша түсіп, «Сталин қателеседі!» деп ашық айтқан еді. Өйткені, Тұрар Рысқұлов пен Мирсаид Сұлтанғалиев бастаған мұсылман ұлт зиялылары өздерінің алдына отаршылдардың езгісінен құтылып, ұлттық тұтастық пен толық тәуелсіздікті мақсат етіп алған еді.
(Жалғасы бар)
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ