• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Шілде, 2019

Қайғысыз қара суға семірер немесе біз қандай әлемде өмір сүріп жатырмыз?

930 рет
көрсетілді

Халық арасында «тарих қайталанады» деген бір ұлағатты сөз бар. Бұл айтылғанның ақиқаттығына ешкім күмән келтіре қоймаса керек. Өкініштісі, жақсылықтардан гөрі жамандықтар жиірек қайталанатынға ұқсайды.

1932 жылы Қазақстанды жайлаған ашаршылық қасі­реті­нің негізгі себептері бүгін­де баршаға белгілі. Былай алып қарасаңыз, билік ешкімді жаза­ламаған, «тамақ бермей, ашық­тыру керек» деп үкім де шы­ғармаған, бар болғаны қа­зақ­­­тардың қолындағы малын түк қалдырмай сыпырып алған. Соның салдарынан аң-құс атып, балық аулап дағды­ланбаған халық аштан қырыла берген. 

Кейін білгеніміздей, бүтін­дей бір ұлтқа қарсы осындай жауыздық әрекетті қасақана ұйымдастырған Голощекин оны өз ақылымен ойлап таппа­ған екен. Сөйтсек, бұл тәсіл­ді ХІХ ғасырда, яғни Қазақ­станда орын алған апаттан 50-60 жылдай ғана бұрын амери­калықтар үндістерге қарсы қолданыпты. Олар не істеген дейсіздер ғой? 

Қазіргі Америка құрлы­ғын жаулап алған еуропалық­тардың жергілікті халыққа жы­лы көзқарас таныта қой­мағаны мәлім. Үндістер мен басқыншылар арасындағы қақтығыс ХVII ғасырдан бас­тап-ақ кең етек ала бастай­ды. Алғашында ол жерге, шека­раларға, тауарларға бай­ланысты туындап, еуропа­лықтар үндістердің елді ме­кендерін толассыз тонауға ұшы­ратады. Ал тәуелсіздігін алып, іргесін нығайтқан ХІХ ғасырдан бастап Құрама Штат­тар үндістерге қарсы шай­қасты жоспарлы түрде жүр­гізуге көшеді. Мәселен, 1825 жылғы заңға сәйкес, егер жер­ді АҚШ азаматы «ашқан» болса, үндістер оған деген мен­шік құқығынан сол сәтте айырылатын болған. Арада тағы да бес жыл өткенде үндістерді құнары жоқ қу тақыр жерлерге, резервацияларға жаппай күштеп көшіруді бастайды. Соры қайнаған жергілікті ха­лықтың көбі ол жерлерде де ұзақ тұрақтай алмаған. Егер үндістер көшірілген жерлер­ден алтын немесе басқа да бір қазба байлық табыла қалса, оларды одан әрі ығыс­тырып отырған. Мұндай озбырлық әрекеттердің бәрі мылтықтың ұшымен, білек­тің күшімен жергілікті тұр­ғындарды қынадай қыра отырып жүргізілгені белгілі. Дегенмен, америкалықтар үшін мұның өзі жеткіліксіз кө­рінген. Сөйтіп олар үндіс­тердің күшін бөлшектеп, «азық-түлік базасын» жойып ба­рып өздеріне бағындыруды мақсат еткен. Осылайша аме­рикалықтар үндістердің ең басты азығы саналатын бизондарды қыруды қолға алады. Соның салдарынан ХІХ ғасырда саны 75 миллионға дейін жеткен жануарларды түп-түгел дерлік жер бетінен жойып жібереді.

Сол замандарда Додж есімді америкалық офи­цер: «Әр бизонның өлімі – ол үн­дістердің жер бетінен жойылуы» деген екен. 

Бизон етінен қағылып, ашаршылыққа ұрынған үндіс­тердің бір бөлігі үйлерін тастап безіп кетсе, енді бір бөлігі ақ нәсілділердің есі­гінде қызмет істеуге мәжбүр болған. Бұл аз десеңіз, үндіс­тер қоныстанған аймақ­тармен шекаралас ор­наласқан қалалардың басшылары ақ нәсілділердің кел­геніне риза емес үндістерді өлтірген адамдарға арнайы сыйлық та тағайындап отыр­ған. Жатжерліктер тарапынан жасалған осындай зор­лық-зомбылық салдарынан миллиондаған үндістің қы­рылғаны бүгінде баршаға бел­гілі жайт. Тіпті Д.Станнард есімді зерттеуші «100 миллион адам құрбан болды» деген мәлімет келтірген көрінеді.

1876 жылы үндістердің бір көсемі еуропалықтар тура­лы былай деген екен: «Ал­ғаш көргенде біз олармен кез­дескенімізге қуандық. Біз олар өздерімен бірге жарқын өмір әкелді деп ойладық. Олар кедей әрі әлсіз болған кезде біз оларды паналатып та­мақ бердік. Ол өзі аты-жөні жа­зылған қағазға қол қоюды ұсын­ды, берген уәделерін орын­дайтынына Күннің және өзде­рінің Құдайларының аты­мен ант етті. Ал артынан өздерінің солдаттарымен, түрмесімен және темір бұғау­ларымен қорқыта бастады. Ақ нәсілді адам әлі де көретін жарық күні бар біз үшін қасірет пен қайғы. Сендер оның өркөкірек, үстем­шіл, залым және қані­пезер екенін білесіздер. Қатар тұрып, оған қараған шақта сіздер нені сезінесіздер? Оның балық көзіндегі суық көз­қарас. Қулық, зұлымдық және іштарлық. Ол росомаха сияқты бұқпантайлап келеді де саған тиесілінің бәрін ұрлайды. Ол барған сайын жиірек келіп, көбірек алады. Ал әкете алма­ғандарын бүлдіреді және аздырады». 

Бір қызығы бүгінгі Еуро­пада жұмыс істеп тұрған кей­бір халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының қызметіне көз жүгірте отырып, біз өзімізді осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын орын алған кейбір жайттардың сол күйі қайталанып жатқанының куәсі болғандай сезіндік. 

Солардың бірі – бір қараған­да, әлем елдерінің бәріне кө­мек көрсетіп жатқандай көрі­нетін Халықаралық валюта қоры. Шынымен де аталған қордың жариялап отырған мін­деттері өте ізгілікті көрі­неді. Олар: дамушы мемлекеттерге көмектесу, экономи­каны қолдау, несиелік қар­жыландыру, ішкі рынокты дамыту. Бірақ осы қор «арқылы» экономикасы ғана емес, мем­лекеттілігінен айырылған елдер де бар екен.

Қаржы берудің басты негізі  – елдің төлем қабілеті болып табылады. Сондықтан да қарыз алған үкіметтер өз экономикасын бюджет профициті пайда бола­тындай тұрғыда қайта құруға мәжбүр. Бұл дегеніміз, мемлекет ішкі экономикалық бағдарламаларды субсидия­лау мүмкіндігінен айы­ры­лып, амал­сыздан бизнес­ке де­ген салық жүктемесін ұл­ғай­туға, тұрғындар үшін та­рифтерді өсіруге, әлеу­мет­тік бағдарламаларға тие­сілі шығындарды қысқар­туға барады деген сөз. Мем­лекет­тік кәсіпорындарды жеке­шелендіру де осылайша жү­реді. Айта кетерлігі, Дүние­жү­зілік банк те дәл осылай жұмыс істейді.

Кейбір мәліметтерге жүгін­сек, ХВҚ қаржылан­дырған бір де бір ел гүлденген мемлекетке айнала алмапты. Мәселен, 1980 жылы қордан 180 миллион доллар несие алған Сомали қордың нұсқаулықтарын қатаң сақтайды, соған қа­ра­мас­тан оның соңы ел эко­номикасының күйреуіне, тұрғындар арасын­дағы қақты­ғыс­тарға және мемле­кет­тіліктің жойылуына апарып соқтырады. Ал 1982 жылы Судан да 250 миллион доллар несие алып, қордың кеңесі бо­йынша құрылымдық реформалар жүргізеді. Оның артынша ел экономикалық күйреу мен саяси дағдарысқа ұшырап, ақырында мемлекет өз аумағының бір бөлігін жоғалтып тынады. Сексенінші жылдардың басында ХВҚ-дан 3,4 миллиард доллар несие алған Мексика экономикасы жүргізілген «реформалар» салдарынан толықтай күйреуге ұшырап, ел тұрғындарының өзге мемлекеттерге қоныс ауда­руы басталады.

Руанда, Чили, Югославия, Грекия, Украина, Ресей сияқ­ты елдер де осындай сцена­рийді бастан кешкен. Рас, мұнай бағасының жоғары бо­луы­ның нәтижесінде 2007 жылы Ресей қор алдындағы бүкіл борышын өтеп, аталған ұйым агенттерінің ықпалынан құтылды. 

Дүниежүзілік сауда ұйымы да ХВҚ-мен үндесе жұмыс істейтін болып шықты. Даму­шы ел халықаралық қаржы ұйымының қаржылық қысы­мында тұрған шақта кезекті несиелік траншты бермес бұрын бұл мемлекет үшін тиімсіз шарттарда ДСҰ-ға мүшелікке өту талабын қоятын көрінеді. Ал сауда ұйымына мүше болған елдің рыногына ешқандай баж салығынсыз импорттық тауарлар ағыла бас­тайды да, ол өз кезегінде елдің экономикасына нұқсан келтіреді.

Біз бұл жерде тіпті кейбір батыстық елдердің тәртіп орнатамыз деген желеумен өзге елдерге басып кіріп, олардың байлығын иеленіп, басшыларын өлтіріп жатқанын айтып та отырған жоқпыз. Бір қызығы, әлемде үндістерді қырғынға ұшыратқан елдің араласуымен тәртіп орнаған бірде-бір ел жоқ. Іс жүзінде жағ­дай мүлде керісінше өрбіпті.

Келтірілген мысалдардан шығатын қорытынды біреу: бір ел екінші бір елге көмектесіп, сол елді өркендетеді деген сөз әншейін қиял. Әлемдік тәжірибеде ондай жағдай болған да емес. Рас, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ бастаған мемлекеттер өз еншілеріне тиген ГФР-дың күйреген экономикасын көтеру үшін едәуір қаржы құйды. Бірақ ол әрекеттің де артында неміс ұлтын жарыл­қау ниеті емес, саяси астар жатқан болатын. Ал енді инвестиция мәселесіне келер болсақ, бұл да тегін жатқан батпан құйрық емес. Ондайды қазақ «Алмақтың да салмағы бар» деп өте орынды айтқан. 

Осындайда «Арам пиғыл­мен берілген сыйлық әрқашан ауыртпалық әкеледі» деген француз жазушысы Во­венаргтің сөзі еріксіз ойға оралады. Бәлкім, біреулерден көмек сұрамас бұрын оның артының қалай боларын бағамдап алған дұрыс шығар дейтінің де осындай кез. Әлде, бәрінен де, халқымыз айт­қандай, қара су ішсең де қайғы-мұңсыз өмір сүрген артық па?..

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, журналист