• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Шілде, 2019

Газ қорынан туған дау

570 рет
көрсетілді

Жерорта теңізінің шығыс бөлігінде тағы да шу шықты. Ежелден бері түрлі саяси ойындар мен шиеленістердің «мәңгілік мекеніне» айналған теңіздегі айқай-шу осы жолы Кипр аралы төңірегінде болып тұр. Себебі бұл аймақта табиғи газдың қоры табылған болатын. Ал Түркия мамыр айында Кипрдің батыс тұсынан бұрғылау жұмыстарын бастаған еді. Кейін аралдың шығыс жағындағы қайраңға түріктің «Явуз» бұрғылау кемесі келіп, барлау жұмыстарына дайындық жасай бастады. Сөйтіп аймақтағы өз мүдделерін қорғауға бекінген елдердің арасында дау-дамай басталды.

Түркияның әрекетіне Еуропа­лық одақ, АҚШ, Израиль, Грекия, Мысыр бастаған елдер қарсылық танытуда. Барлығы дерлік «Кипр мемлекетінің егемендігіне қол сұқпаңдар» деуде. Өйткені Батыс елдері үшін Кипр аралы бір­тұтас болуы керек. Бірақ, Түр­кия Солтүстік Кипр Түрік Рес­пуб­ликасын жеке мемлекет ретін­де таниды. Сондықтан ресми Ан­кара Еуроодақты мәселені шешу­ге атсалысқысы келмейді деп айып­тайды. Әрі аймақта өз­дерінің де бұрғылау-барлау жұ­мыс­тарын жүргізуге қақылары бар екенін алға тартады.

Жерорта теңізі қайраңында мол көмірсутегі қоры бар екені жай­лы әңгімелер 2000 жылдары айтыла бастаған. 2002 жылы Жер­орта теңізі акваториясындағы Кипр, Мысыр, Израиль, Сирия, Ливан елдері Түркияны көзге іл­мес­тен, теңіздің шығыс жаға­лауынан «айрықша экономи­ка­лық аймақтар» құрып алған болатын. Ал Түркия да қарап қалмай, Кипр түріктерінің мүд­десі аяққа тапталды деп, өзіне ың­ғайлы экономикалық аймақты БҰҰ арқылы бекіттірген еді. Бірақ Кипр мемлекеті 2007 жылы Түркияның қарсылығына қара­мастан аймақтың 13 жерінен мұнай-газ қорын барлауға әрекет жасап, трансұлттық мұнай-газ компанияларына рұқсат бере бас­тады. Сәйкесінше Түркия өзінің Turkish Petroleum-TPAO компаниясына Солтүстік Кипрдің теріскейі мен шығыс бөлігінде барлау жұмыстарына рұқсат берген. Кипр мемлекетінің шетел­дік компаниялардың бұрғылау жүргізуіне рұқсат берген 1,4,5,6 және 7-ші нүктелері Түркияның TPAO компаниясы барлау жасауы тиіс аймақтарымен қиы­лы­са­тын болса, 3-нөмірлі орын TPAO барлау жүргізіп жат­қан аймаққа кіріп кетеді екен. Әл­бетте, жағдайдың бұлай қалып­тасуы екі жаққа да ұнай қоймасы анық. Сондықтан әркім өз де­ген­дерінен қайтқылары келмей отыр. Әрі Түркияға қысым жа­сау­ға бағытталған кезекті саяси ойынға да ұқсап келеді. Ал түрік­тердің де ымыраға келгісі жоқ.

Түркияны оқшаулап тастауды көздейді

Негізі Жерорта теңізінің жаға­лауын­дағы елдердің көбі аймақ­тағы ең қуатты мемлекеттердің бірі Түркияны оқшаулап тастауға ұмтылатыны байқалады. Еуропа мен бірқатар араб мемлекеттері теңіз түбінен табылған мұнай мен газдан түріктерге үлес бер­меуді көздейтінін аңғарамыз. Грекия, Кипр, Италия, Израиль, Палестина, Иордания мен Мысыр биылғы қаңтарда бірлескен газ форумын құрғаны бар. Сол кезде Кипр Грекиямен бірлесіп Мысыр, Израиль, Иордания мем­лекеттерімен жеке-жеке келі­сім жасасқан. Оларды АҚШ пен ЕО-да мейлінше қолдап бақ­ты. Сөйтіп аймақтағы елдер Түр­кия­ның Жерорта теңізіндегі үле­сін шектеп, түріктерді Анта­лия шығанағына қарай тық­сы­рып тастауды көздеген сыңай­лы. Алайда, түріктер де оңай беріле қоймайтынын байқатты. Мамырда «Фатих» атты бұрғылау кемесін әскери теңіз күштерінің қорғауымен Кипр төңірегіне жеткізіп, теңіз қайраңына барлау жасауды бастатып жіберді. Енді оған «Явуз» кемесі қосылып отыр. Сөйтіп «тепсінісіп келгенде, тең атаның ұлы» бола алатын­дықтарын көрсетті.

Жалпы, Жерорта теңізі айма­ғында қазір Түркияның сүйенері һәм геосаяси ойындарда ең бас­ты «көзірі» Солтүстік Кипр Тү­рік Рес­публикасы болып отыр. Жаһан­да Түркиядан басқа еш­бір мем­лекет тәуелсіздігін мойын­дама­ған бұл ел түріктердің таны­мында «Бала Отан» деген мәнге ие. Түркияның өзі – «Ана Отан». 2015 жылы теңіз ортасы арқылы құ­быр өткізіп, аралдың ауыз су мә­селесін шешкен Түркия Сол­­түс­тік Кипрдегі түріктердің құқын алға тарта отырып, арал­дың теріс­кейіндегі аймаққа ұдайы көмек көрсетіп, қажет кезінде геосая­си ойындардың құралы етіп пай­далануда. Газ өн­діруге қатыс­ты дауда да Ан­кара осы тәсіл­ді қолданып келеді. Әрі Түр­кия билігінің Еуропалық одақ пен НАТО-дағы әріптестеріне таға­тын айыбы да айқын. «Осы күнге дейін Кипр мәселесін шешуге ниет танытпадыңдар. Арал­дағы түрік халқының құқына пыс­қы­рып та қарамадыңдар. Енді бізге не істе дейсіңдер?!» дейтін ұста­ным­да отыр. Ал Еуропа жұр­ты Грекияны қолдап, Кипрдің бөлін­­беуі керек екенін алға тартады. Түрік­терді аймақтағы «тентек ба­лаға» теңейді. Грекияның жаңа­дан тағайындалған сыртқы істер министрі Никос Дендиас: «Түркия Жерорта теңізі шығыс аймағының бұзақы баласы болуын қойып, салмақты ойыншыға ай­налуы керек» десе, Түркия сырт­­қы істер министрлігі: «Еу­ро­­па­ның нағыз еркесі деген атақ Грек­ияға лайық. Ал Еу­­ро­­­па­­­ның нағыз бұзақы бала­сы – ха­лық­­аралық құқыққа қай­­­шы ке­лгеніне қарамастан Еуро­­­па­­лық одаққа мүше болып алған, Гре­киямен бірігіп жыл­дар бойы Жерорта теңізің шы­ғыс ай­мақ­тарының берекесін кетір­ген Оңтүстік Кипр грек әкім­шілігі» деген жауап беріпті. Екі жақт­ың да уәжі қисынды. Өйт­кені Кипр мәселесі 1974 жылдан бері әлі шешілген жоқ. Аралдың солтүстігі түріктердің, оңтүстігі грек­тердің иелігінде. 1962-1974 жыл­­дары аралдағы гректер жер­гіл­ікті түріктерге зорлық-зом­бы­лық жасап, жаппай қырып-жойған кездері де болған. Кейін Түркия аралға әскер кіргізген еді. Сөйтіп Сол­түстік Кипр Түрік Рес­пуб­ли­касы құрылған. 1983 жылы. Бірақ оны Түркиядан басқа ешкім мойындаған жоқ. Ал Оңтүстік Кипр Еуропалық одаққа мүше болып алды. Түріктердің қарсы уәжі де осы.

«Айша демалысқа шықсын»

...Бұл осыдан 45 жыл бұрын түріктер Кипрге әскер кіргізген кезде қолданылған құпия бұйрық. 1974 жылдың 20 шілдесінде Түркия Кипрге десант түсіргені бар. Кейін, осы жылғы 8 тамызда Түркияның сол кездегі сыртқы істер министрі Тұран Гүнеш Женевада болған кездесулердің нәтижесіз аяқталғанын білген соң премьер-министр Бүлент Ежевитке осы құпия сөзді айтыпты. Сөйтіп түріктер Кипрдегі операциясының екінші кезеңін бастаған. Бірақ қазіргі жағдайда аймақта әскери қақтығыстардың бола қоюы екіталай. Өйткені өңірде Ресейдің, АҚШ пен Ұлы­британияның, Францияның және өзге де бірқатар елдердің әскери күштері шоғырланған. Сирия­дағы шиеленіс әлі аяқтал­май тұрып, НАТО құрамындағы мемлекеттердің өзара әскери жан­жалға бара қоюы мүмкін емес. Бірақ биыл түріктер «Mavi Vatan-2019» әскери жатты­ғуын өткізген. Түркия тари­хын­­дағы ең ірі әскери-теңіз жат­ты­­ғуына елдің 100 ден астам кеме­сі қа­тысты. Бұл да көрші-қо­лаң­­ға қыр көрсетудің бір түрі. Сәй­ке­сін­ше Грекия да, Кипр де әске­ри жаттығулар өткізіп тұра­ды. Деген­мен ара-тұра мәселеге әс­ке­­рилердің де араласатыны бар. 2018 жылдың басында Түр­кияның әскери кемелері Кипр­­ге жақын аймақтарда ENI ком­паниясының SAIPEM2000 бұр­ғылау кемесін тоқтатқан. Со­­ны­мен қатар Анкара 2018 жы­л­дың қазан айында грек фре­гат­тарының бірі Түркияның «Бар­барос Хайреддин Паша» ғылыми-зерттеу кемесін қыспақ­қа алғанын мәлімдеген еді. Бірақ мәселе екі елдің бір-бірін айыптауынан әріге бармаған. Солай бо­лып та қала береді. Өйткені өңірде әскери қақтығыс басталса, теңіз қайраңынан газ өндіру де мүмкін болмай қалатынын бай­лықтан үлес алғысы келетін­дердің барлығы біледі.

Газ қоры қанша?

Жерорта теңізін жағалай қон­ған елдердің көз құртына айнал­ған газ мөлшері кейбір сарап­шылардың есебіне сенсек, тым мол болмаса керек. Нақ­­­тылай айтқанда, даулы ай­мақ­та барланған газ қоры 2 трлн текше метрден сәл асатын көрінеді. Бұл дегеніңіз шамамен 500 млрд доллардың өнімі. Әрі Ресейдің «Газпромы» бес-ақ жылда өндіретін газ көле­міне тең. Салыстырар болсақ, Қазақ­стандағы бір ғана Қарашығанақ кенішінде 1,35 трлн текше метр газ қоры бар. Елімізде барланған газ қоры кемі 3,7 трлн текше метр, жаңа геологиялық барлау нәтижесінде бұл көрсеткіш 10 трлн текше метрге дейін жетуі мүм­кін. Бір сөзбен айтқанда, Кипр төңірегінде табылған газ қоры аймақтағы ірі елдердің өк­пе­лесуіне татитындай деңгейде емес. Мәселе Жерорта теңізінің түбіндегі газда емес, аймақтағы күштердің бір-біріне моральдық қысым жасауында жатқан сияқты. Түр­кияның Ресейден С-400 зенит­тік зымыран кешендерін алуға бел бууы, сөйте тұра НАТО елдері бірлесіп жасап жатқан F-35  ұшағы өндірісіне қатысуы, өздерінің танктерін құрастырып, отандық әскери ұшақтарын 2025 жылы ұшырмақ болған амбициясы Кипр төңірегіндегі ойындарға себеп болған сыңайлы. Өңірдегі ең қуатты һәм «тентек баланы» өз дегендерінен шығармау үшін супердержавалар барын салары анық. Қорқытып-үркітпек болады, алдап-сулайды. Газ қорын барлауға қатысты дау да сол көп тәсілдің бірі тәрізді.