Сонымен қатар елімізде халықтың өмір сапасын жақсарту үшін нақты әрекеттер жасалып жатқанын атап өткен-ді. Алайда, әлі де талай мәселенің бар екені анық. Мемлекет басшысы Үкіметке сол мәселелерді шешу міндетін жүктеді. Өйткені өмір сапасына қатысты халықаралық рейтингтерде Қазақстан алғашқы елу елдің қатарына да кірмейді.
Әлемде Quality of life index дейтін өлшем бар. Бұл – адам өмірінің сапасын бағалайтын зерттеулердің нәтижесі. Мұндай зерттеулермен түрлі ұйымдар айналысып жататыны бар. Дегенмен, Numbeo дейтін жаһандық деректер қоры жариялайтын рейтингке жүгінетіндер көп. Зерттеу орталықтары өмір сапасын азаматтардың төлем қабілеті, қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, өмір сүру деңгейі немесе өмір сүруге қажет шығындарының көлемі, жылжымайтын мүлік бағасы, жолға жұмсайтын уақыты, қоршаған ортаның ластануы мен климаттық жағдай тәрізді бірқатар өлшемдерді ескере отырып анықтайды. Ал БҰҰ-ның адам дамуы индексі өмірдің ұзақтығы мен адам денсаулығы, халықтың сауаттылық деңгейі мен білім беру жүйесі, өмір сүру стандарты мен адам басына шаққандағы жалпы ұлттық өнім көлемі арқылы анықталады. БҰҰ рейтингінде былтыр біздің ел 187 мемлекеттің арасынан 57-орында тұрақтаған.
Бір сөзбен айтқанда, адам өмірінің сапасына қатысты халықаралық өлшемдерде біздің ел көшбасшылар қатарына кіре алған жоқ. Бұл өлшемдер іс жүзінде әлеуметтік мемлекет құруды мақсат тұтқан елдердің нақты жағдайын сипаттайтындықтан, еліміз үшін де өте маңызды саналады. Өйткені біз «әлеуметтік мемлекет» құруды мұрат тұтқан жұртпыз.
Қазақстан Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Ата Заңның осы бабындағы «әлеуметтік мемлекет» қалыптасу үшін Мемлекет басшысы айтқан адам өмірінің сапасына айрықша мән берілуі керек. Өйткені «Әлеуметтік мемлекет» деп әдетте өз мүмкіндігін ескере отырып азаматтарының жақсы өмір сүруіне жағдай жасайтын, жеке адамның дамуына мүмкіндік туғызатын, сөйтіп қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік деңгейін төмендетуді мақсат тұтатын мемлекетті атайды. Конституция бойынша біздің мемлекет те сондай міндет арқалаған. Демек адам өмірінің сапасын өлшеуге қажетті талаптар әлеуметтік мемлекет құру шарттарымен үйлеседі деген сөз. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке берген тапсырмаларында бұл өмір сапасының өлшемдері толық қамтылды. Енді тек атқарушы биліктің оны дұрыс орындағаны керек.
Тұрғындар табысы өсуі керек
Адам өмірі сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі – азаматтардың табысы мен төлем қабілеттерінің артуы. Мемлекет басшысы ел халқының, соның ішінде әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың табысын арттыруға бағытталған шаралар жасалып жатқанын айтты. Елімізде атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар саны 3 есеге өсіп, 1,5 млн адамға жетіпті. Бұл дегеніңіз ел халқының 8,1 пайызы. Ал әлеуметтік қамтамасыз ету бағытына арналған қаржы триллиондарға кетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев тек 2019 жылы бұл бағытқа 3,4 трлн теңге бөлінгенін айтқан еді. Бұл сома 39 түрлі әлеуметтік төлемге жұмсалатын көрінеді. Сондай-ақ елде 2,1 млн-нан астам зейнеткер болса, 685 мың шамасындағы адамның түрлі деңгейдегі мүгедектігі бар екен. Демек, шамамен 2,8 млн адамның табысы елдегі орташа жалақы көлеміне жетпейді деген сөз. Өйткені елдегі орташа зейнетақы 86 мыңға жақындайды. Ал Статистика агенттігі елдегі орташа жалақы мөлшерін биылғы маусым айында 177 мың 963 теңге деп көрсеткен. Бірақ мұндай көлемдегі жалақыны елдегі жұмысқа қабілетті 9 млн адамның барлығы алмайтынын ескеру керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 1,4 млн мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің жалақысы өскенін мәлімдеген еді. Алайда, жалпы алғанда елдегі орташа жалақы деңгейі ең мол еңбекақы мен ең төменгі жалақының орта тұсын жобалап есептелетінін ұмытпаған абзал. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Б.Сапарбаевтың айтқанынан ұққанымыз елдегі жұмыспен қамтылғандардың 70 пайызы немесе 6 млн адам зейнетақы жарнасын аударып жүрген көрінеді. Осы алты миллион адамның 85 пайызы зейнетақы жарнасын 85 мың теңгелік еңбекақы есебінен аударады екен. Егер осы деректі статистика ретінде қарастырсақ, 5 млн 100 мың адамның жалақысы 85 мың теңге деген сөз. Мұныңыз елдегі орташа жалақыдан екі есе аз. Ал осыдан екі жыл бұрын Credit Suisse Research дейтін зерттеу орталығы қазақстандықтардың 97,6 пайызы жылына 10 мың АҚШ долларына дейін, 2,1 пайызы 10 мыңнан 100 мың долларға дейін, 0,3 пайызы 100 мың доллардан көп ақшалай табыс табатынын жазғаны бар. Таза пайда емес, ақшалай табыс. Содан бері жағдай қатты өзгермегенге ұқсайды. Орташа жалақы 177 мың теңге болғанның өзінде бір адам жылына 2 млн 124 мың теңге табыс табады. Бұл шамамен 5,6 мың доллар. Демек, Президенттің халықтың табысын көбейтуге айрықша мән беруі өмір сапасының жақсарту бағытындағы маңызды қадам болып отыр.
Қауіпсіздік дейсіз бе?
Біз жүгінетін индекстерді жасаушылар өмір сапасын жақсарту мәселесінде адамның төлем қабілетінен кейінгі орынға қауіпсіздік мәселесін қояды. Рас, біз тыныш, бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Сырттан төнер қауіп-қатердің алдын алуға барымызды салатын елміз. Бірақ адам өміріне қауіп төндіретін факторлар соғыста ғана кездеспейді. Бейбіт күнде де азаматтарға қатер төнуі мүмкін. Маусымның соңында Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі қоймасының жарылуы соған нақты дәлел. Ал 2019 жылдың 6 айында елімізде 860 адам жолдағы оқыс оқиғалардың салдарынан мерт болыпты, олардың 13-і – бала. Көлік қағып немесе көліктердің соқтығысуынан зардап шеккендер саны 9 мың 425 болса, соның ішінде жараланған балалар саны 1880-ге жетіпті. Жалпы, биылғы алты айда 147 мың 881 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл – құқықтық тұрғыда қылмыс болып саналатын оқиғалар деген сөз. Ал сыбайлас жемқорлыққа байланысты тіркелген қылмыстық істер саны соңғы алты айда 1946 болыпты. Бір сөзбен айтқанда, өмір сапасының жақсаруына кері әсер ететін факторлар азаймай тұр. Яғни, бейғам, тып-тыныш өміріңіздің шырқын қылмыскерлер де, салғырт-салақтық та, жемқорлық та, өз қызметін сапасыз атқару да бұзуы мүмкін. Нашар жолдар, ескі көлік, ережеге бағынбау, тәртіп пен заңға мойынсұнбау, ұрлық-қарлық, мемлекет мүлкіне қол сұғу... Қысқасы, мәселе көп. Президент «өмір сапасы» деу арқылы бұл индекске кіретін барлық мәселені тұспалдағаны анық. Тіпті, «жалған» ажырасу мәселесін де атап өткені бар. Мемлекет басшысы ел ішінде құжат жүзінде ажырасып, іс жүзінде бірге тұратын ерлі-зайыптылардың көбейгенін тілге тиек етті. Олардың мақсаты атаулы әлеуметтік көмек алу немесе жалғызбасты ана, әке ретінде мемлекеттің жәрдеміне қол жеткізу болса керек. Сырт көз «мұның қауіпсіздікке қандай қатысы бар?» дейтін шығар. Алайда, «жалған» ажырасулар отбасы институтының іргесін шайқап жатыр. Әке-шешесі құжат жүзінде ғана ажырасып, іс жүзінде бірге тұратын отбасының балалары ерте ме, кеш пе, ата-анасы жайлы ақпаратты естиді. Бұл дегеніңіз бала психологиясына соққы болары анық. Екіншіден, мұндай адамдар шынымен мұқтаж жандарға берілуі тиіс қаржыға ортақтасып отыр. Сөйтіп «әлеуметтік мемлекет» құруға кедергі жасайды. Ресми статистикадағы ажырасулар саны да аз емес. Өкінішке қарай, былтыр ел бойынша 54,8 мың неке бұзылған. Ал некеге тұрғандар саны 137,8 мың болыпты. Демек, әрбір мың отбасының 398- інде неке бұзылған. Ажырасқан ерлі зайыптылардың ең көбі немесе 27,1 пайызы 5-9 жыл бойы отасқандар болып шыққан. Демек, бұл статистиканың да астарына терең үңілген абзал. Отбасы институты әлсіресе демография да құлдырайды, елдің экономикалық, саяси, әскери қауіпсіздігіне де кері әсерін тигізеді. Өмір сапасы да төмендейді.