• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Шілде, 2019

Ядролық қару деректері неге құпия?

1006 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталған ядролық қару иелену жанталасы қазір бақталасқа ұласып кетті. Сол бәсекеде үстем шыққан атом бомбасын жасап, ядролық оқтұмсықтардың санын көбейтуге ұмтылды. Бастапқыда бұл жойқын қару тек қарсыластың әкімшілік және әскери-өндірістік орталықтарын, ірі әскери-теңіз және авиациялық базаларын жоюға арналғанымен, қазір ол тіршілік атаулыны тып-типыл ететін қуатқа ие.

Алыптар арпалысы

Негізі ядролық қаруы бар мем­лекеттер санаулы. Стокгольм әлем проблемаларын зерттеу институтының (SIPRI) баяндамасына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, 2019 жылдың басында то­ғыз мемлекетте – АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Израиль және Солтүстік Кореяның иелігінде ша­мамен 13 865 бірлік ядролық қару болған. Баяндамада ядролық қару саны өткен жылдардан азай­ғаны және бұл прогресс әлем­дегі атом бомбаларының 90 пайызына иелік етіп отырған АҚШ пен Ресейдің есебінен жүзеге асқаны атап көрсетілген.

Бұл жанталаса қарулану кө­ңілдегі күптілікті азайтқа­нымен, мәселенің екінші жағы үрей шақырады. Өйткені бәсекелес екі алып держава – АҚШ пен Ресей ядролық оқтұмсықтарды, ядролық қару өндірісі нысандарын, зымыран және әуемен жеткізу жүйесін жаңғыртуға бағыт­талған көлемді және қым­бат бағдарламаларын жарыса жүзеге асыруда.

Оған қоса, 2021 жылы бұл тараптардың стратегиялық шабуылдау қаруларының санын қысқарту және шектеу туралы келісімінің мерзімі аяқталады. Қазір екі елдің мүдделі органдары келісім мерзімін созу немесе жаңа шарт жасау мәселелерін талқылап жатыр.

Осы орайда SIPRI-дің ядролық қарусыздану бағдарламасының директоры Шеннон Кайл: «Ресей мен АҚШ арасындағы ядролық күш­терді қысқарту жөніндегі ке­лісім мерзімінің ұзаруына сенім азайып барады. Өйткені екі елдің ара­сындағы саяси және әскери қайшылықтар ушығып кетті», деді.

Түптеп келгенде, бүгінде әлем­дік деңгейде осы ядролық қа­рудың мәні өзгеріп кеткендей әсер қалдырады. Қазір ядро­лық қаруы бар мемлекеттің қай-қай­сысы да өзге елге бомба тас­­тау жауапкершілігін де кө­тер­месі анық. Сонда да ядролық қа­ру қарсыластарына саяси-эко­номикалық қысым көрсету, ыз­ғар­лану мен айбат шегу құ­ралына айналып кетті десе болады. Екін­ші жағынан әлемдегі саяси, әске­ри тепе-теңдіктің сақ­талуына да ядролық қарудың оң әсері барын жоққа шығаруға болмайды.

Әрине, кезінде БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің столын туфлиімен сабалап, қоқан-лоққы көрсетті делінетін Никита Хрущевтің заманы өтті. Бірақ сол социалистік идеяны ұстанатын Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын ара-тұра ниеттес атасының жолын қуып, әлемдік әскери-саяси жүйені сілкілеп алып тұрады. Мысалы, 25 шілде күні Ким Чен Ынның армиясы Жапон теңізіне қарай қысқа қашықтыққа ұшатын зымыран атты деген дерек пайда болып, Жапония мен Оңтүстік Корея әскері өре түрегелді.

«Ядролық қару жоқ, бірақ оны қолданамыз»

Халықаралық қоғамдастық ядролық қарулану мәселесінде Қытайдың белсенділігі арта түскеніне едәуір қобалжулы. Өт­­кен айда Жапонияның Осака қаласында G20 саммитінің ая­сында Ақ үй мен Кремль қо­жайын­дары – Дональд Трамп пен Владимир Путин қарулануды ба­қылаудың заманауи үлгілерін қол­дануға байланысты келіс­сөздерді жалғастыра беру бойынша пәтуаға келгенімен, Америка президенті бұл мәселеге Қытай тарапын қатыстыру керектігін айтты. Негізі АҚШ пен Ресейдің Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою келісімінен шығып, келіссөздердің күйреуіне бұл келісімге Қытай жағының қ­а­тыспауы да себеп ретінде ай­тылған болатын.

Халықаралық сарапшы­лар­дың пайымдауынша, Қытайдың 1964 жылы қабылдаған ядро­лық доктринасында қазір айтар­лықтай өзгеріс жоқ. Бірақ соңғы 20 жылда, тіпті кейбір сарапшы­лар Қытай билігінің басына Си Цзиньпин келгелі бұл елдің ядро­лық қаруға ықыласы ерекше ауға­нын айтып отыр. Бүгінде Қы­тайда болжамды есептеулер бо­йын­ша 290 ядролық оқтұмсық бар екен. Осыдан оншақты жыл бұ­рын оның саны екі есе аз болған.

Бұл жөнінде Американың «Тынық мұхит форумы» зерттеу орталығының ядролық саясат бөлімінің директоры Дэвид Сантороның мақаласында: «Қа­зір Қытайдың ядролық заряд­тар­ды тасымалдаудағы түрлі қа­лыптағы, мобильді, икемді жә­не тиімді жүйесінің жедел жаң­ғыр­ты­лып, аясы кеңейе түс­ке­ні алаң­датады» деген пікір айтыл­ған.

Жалпы, Қытайдың бұл саланы жаңғыртудағы амалдары мен жетістіктері халық­ара­лық сарапшылардың ұй­қысы­н қа­шы­рып отырғаны да рас. Өйт­­кені халықаралық қоғам­дас­тық Қытай тарапы қару­ла­рын әбден жетілдіріп, ядро­лық оқтұмсықтарының санын қа­жетінше көбейтіп, әбден ке­ме­ліне келген соң өзгелерге сая­си-экономикалық, әскери күш көр­сетеді деп алаңдайды.

Ядролық держава сана­тындағы Үндістан пен Пәкістан өздерінің кейбір ядролық сынақ­тары туралы там-тұмдап мәлімет бер­генімен, арсеналдарының жағдайы мен көлемі туралы жақ ашпайды. Бірақ халықаралық қоғамдастық та жауға айналған бұл екі елдегі ядролық қару саны көбейіп келе жатқанын іш­тей сезеді. Сонымен қа­тар Пә­кістанның ішкі саяси тұ­рақ­сыздығы, этникалық қақты­ғыстар, экономикалық дағдарыс, оның ішінде байлар мен кедейлер арасының алшақтап кетуі қарулы қақтығыстарға ұласып кетсе, ядролық қару арсеналы терроршылар, басқа да арам ниетті топтардың қолына түсіп кетер ме деген қауіп бар.

Мұндай құпия саясатты Израиль де қатаң ұстанып ке­леді. Халықаралық ұйымдар, оның ішінде SIPRI-дің өзі израил­дық­тардан ақпарат алудан күдерін үзген. Негізі Израиль билігі өзде­рінде ядролық қару барын айтқан да емес, жоққа да шығарған кезі жоқ. Міне, осы құпиялық небір күдікті ойларға жетелей түседі. Осы ретте 1969-1974 жылдары Израильдің премьер министрі бол­­ған Голда Меирдің мына сөзі көп жайтты аңғартса керек: «Бізде ядро­­лық қару жоқ, бірақ қажет болса, оны қолданамыз».

1985 жылы Израильдің ядро­лық арсеналы жайында алғаш рет құпия мәліметтерді шетелде жүріп жария еткен Израиль зерттеу орталығының бұрынғы қызметкері Мордехай Ванунуды Израильдің арнаулы қызметі елге ұрлап әкеліп, 1986 жылы сотталып кеткен еді. Мемлекетке сатқындық жаса­ды деген айып­пен кінәлі деп танылған М.Вануну түрмеден тек 2004 жылы ғана босап шықты.

Қазірдің өзінде ядролық державаларда дәл осындай сырт­қы және ішкі майдан, арпа­лыс­тардың жүріп жатқанына еш­қандай күмән жоқ.