• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Шілде, 2019

Ауылдағы бір күн

1169 рет
көрсетілді

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» тарауында көрсетілген мектеп туризмін дамыту жұмыстары бойынша Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Village life» жобасын ұйымдастырды.

Қала мен ауыл қазақтары сырт көзге айырмасы жоқ көрін­ге­ні­мен, байыппен қарасаң ерек­ше­ліктері көзге ұрып тұрады. Ауыл балаларында еркіндік мол­­дау. Олар атқа мініп, өзара жа­рыс ұйымдастырады. Ұсақ мал, жылқы қайырады. Сөйлеу мәнері де қанық, қала балаларына қарағанда сөздік қоры мол, ата-баба дәстүрін бала кезінен ұста­нып өседі.

Жобаның алғашқы жұмысы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының үздік оқушыларының қатысуымен Сырдария ауданының Бесарық ауы­лында жалғасты. Ауылға келген қалалықтар атқа міну мә­дение­тімен танысты. Ұмыт қал­­ған көне сөздердің ұғымына қанықты. Төрт түлік, тұрмыс-тіршілікке байланысты ырымдар мен тыйымдардың жай-жапсарын біліп, ауылдағы маман­дық иеле­рі­нің жұмыс барысын көрді.

Облыстық музейдің «Архео­логия және этнография» ғылы­ми-зерттеу бөлімінің Сыр­да­рия ауданы Бесарық ауылына ұйым­дас­тырған экскурсиялық-саяхаты қала­лық балаларды ата-баба дәс­түріне қанықтырды. Олар өз құрдас-құрбыларымен ұлттық ойын­дар ойнады.

Ауыл – алтын бесік, қазақтың құт-қайнары. Бүгінде әлемді аузы­­на қара­тып отырған дана саясаткер, алып тұлғалар да тамырын құт-мекен ауылдан тартқанын мақтанышпен айтып отырады. Дүние жүзіндегі ең ірі білім ошақтары Оксфорд, Кембриджде математикадан ағылшын тілінде дәріс беріп жүрген академик Асқар Жұмаділдаев – Сыр өңі­рі­­нің перзенті. Сұлу қыздың бұры­мындай болып, ирелеңдеп ағып жатқан Сырдарияға шомы­лып, жалаң аяғын қияққа талай қидырған академик өзін арман­шыл, білімге құштар қылып өсірген ауылын үнемі айтып жү­ре­ді. Ауылдағы мәре-сәре қы­зық­та осындай жайттар да айтылды. Қала балалары жылқының жалына жармасып мініп, қиқулап шапты. Қыздар әже-апаларымен кілем тоқудың жай-жапсарын білді, шиге құрт жайды.

Жобаның әу бастағы мақсаты –  Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында жас ұрпақты ауылдың тұр­мыс-тіршілігімен, негізгі кәсібі – мал шаруашы­лы­ғы­мен, ат­қа міну мәдениетімен таныс­­тыру, қазақ халқының ауыл шаруа­шылығына байланыс­ты ұмыт қалған көне сөздерді бала жадында жаңғырту, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, мал шаруашылығына қатысты ырым-тыйымдарды көрсету болатын.

Жобаға 16 мектептен 800 оқушы қамтылады. Ауылда бір күн болған сол оқушылар өміріне үлкен азық алып қайтатыны анық. Олар өздерінің, яғни қазақтың жаны ауылда екендігін түйсініп қайтады. Сөздік қорымызға «асфальтта өскен бала» деген сөз тіркесі кіргелі қашан. Ол дегені­ңіз, ата-баба дәстүрінен алшақ­та­ған мәңгүрт, рухани бейшара дегенді білдіреді. Ауылға бірер күн болса да барып, бар тіршілігімен танысып, саф ауасымен тыныстап қайтқан жас балалар өзінің рухани қайнарының өзегін тауып қайтады. Жобаның жетістігі де осы болса керек.

«Village life» жобасы аясында оқушыларға ортағасырлық Қышқала және Бұқартөбе қала­шық­тарына тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастырылды.

 

Қызылорда облысы