• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 31 Шілде, 2019

Шетелдіктерді мойындатқан шеберлер

638 рет
көрсетілді

Түркістанға келген туристердің естелік ретінде өз еліне кәдесый әкетіп жататыны заңды. Еліміздің өзге өңірлерінен зиярат жасауға келгендер де құрқол қайтпайды. Осы орайда әсіресе шетелдіктердің терракот (күйдірілген балшық) кәдесыйларға аңсары көбірек ауады екен. Шетелдіктер қызығатын, саздан жасалған балбал, сазсырнай, құмыралар алыстан әкелінбейді, әрине киелі қаладағы шеберлер орталығында жасалады.

Қазақстан қолөнершілер одағы­ның мүшесі Абайхан Рысбаевтың айтуынша, шеберлер орталығына шетелдіктер жиі келеді. Оларға қолөнершінің мінсіз жасаған өні­міне қарағанда, айқыш-ұйқыш болса да өзі жасаған бұйым таң­сық. «Құмыра жасайтын ұршық­қа отырып, саздан бұйым шы­ғар­ғысы келеді. Басым бөлігі ке­сенің пішімін шығаруға тырысады. Көптеген мемлекеттерде арт-те­рапия кең тараған. Яғни, адамның пси­хикасындағы күйзелісті өнер арқылы жеңуге тырысады, глинотерапия шетелдіктерді ерекше қызықтырады. Саз-топырақпен физиологиялық емделу де пайдалы. Көрмелерге ша­қыр­ту алып, Франция, Таиланд секілді елдерге барғанымда архи­тектуралық ескерткіштен тыс адамдарды қол­өнер бұйымдары қатты қы­зық­тыратынын аңғардым. Құмыра жасайтын ұршығымды өз дүңгір­шегіме қоямын да, қонақ­тар­дың көзінше ыдыс жасаймын. Шетел­діктер ерекше ықыласы ауып, қызығушылық танытады», дейді шебер.

Алматы көркемсурет учили­щесінің керамика факультетін бітір­­ген Абайхан аға қайта жаң­ғырту шеберханасында, яғни реставрация саласында жұмыс істеп келеді. Реставрациямен қатар құ­мыра жасайды. Шебердің айтуынша, әр ұлттың өзіне тән мі­незі, менталитеті қолөнерде ай­қын көрінеді. «Түркістандағы қазба жұ­мыстары кезінде табылған ыдыс­тар формалық тұрғыда ерекше. Қазба жұмыстарынан табылған тұрмыстық бұйымдардан талғамды байқаймыз. Бұйымдар терракот күйінше қалады. Немесе аңдар мен өсімдіктер бейнеленеді. Кә­десый жасағанда бағзы заманғы шеберлердің талғамымен санасамын. Ұлттың болмысынан, тарихынан дерек беретін кәдесый әрқашан трэндтте», дейді А. Рысбаев.

Қолөнер адамды ішкі болмыстың үйлесімділігіне жетелейді деп есеп­тейтін шебердің айтуынша, кілем тоқу, көзе, құмыра, киізден түр­лі бұйым жасау шетел азаматтарына қызықты.

 

Түркістан облысы