Қызметкерлердің нарықтағы бәсекеге сай болуы, білімі мен тәжірибесі компаниялардың негізгі стратегиялық ресурсына айналды. Сондықтан жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін кез келген ресурс сияқты жұмысшыларды да үнемі жетілдіріп, бағыттап, сынап отыру шарт. Осының тиімді бір жолы – корпоративтік университеттер. Мекеменің экономикалық жағдайының тұрақтылығын сақтай отыра, жұмысшыларын кез келген уақытта компанияның қалыптасқан жүйесінен шығармай оқыту бүгінде көптеген халықаралық компанияның тәжірибесінде бар.
Корпоративтік университет ұғымы еңбек нарығында 1950 жылдары қолданысқа енді. 1914 жылдан бері қызметкерлерін оқытудың тиімді әдістерін іздеп келген General Electric компаниясы 1956 жылы жүйеленген оқу орнын ашады. Одан кейін 1961 жылы әйгілі McDonald's корпорациясы ресторан менеджментін оқытатын Hamburger University-дің жұмысын бастайды. Бүгінде 80 000 түлегімен мақтанатын оқу ордасы әлі де корпоративті университеттер көшін бастап тұр. АҚШ-та басталған феномен көп ұзамай әлемнің басқа да мемлекеттерінде жалғасын тапты. 1988 жылы АҚШ-та корпоративті университеттер саны 400 болса, бүгінде 4000-ға жетіпті.
Корпоративті университеттердің міндеттері әр алуан. Дегенмен негізгі мақсаты – қызметкерлер мен басқару жүйесін үздіксіз дамытып отыру. Әлемдік корпорациялардан үлгі алған компаниялар елімізде де бар. Бүгінде құрылыс саласындағы үздік компаниялардың бірі саналатын BI Group пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өздеріне тиесілі университеттерімен мақтана алады.
Әр университеттегі дәрістердің форматтары мен оқу мерзімі әртүрлі. Бірақ тек өз қызметкерлерімен шектеліп қоймай, маман даярлаудың қалыптасқан үлгісін басқа да компаниялармен бөлісуге әзір. «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті алғашында «ҚазМұнайГаз» компаниясының бастамасымен кадрларды дамыту орталығы ретінде ашылды. 2009 жылы «Самұрық-Қазына» компаниясына өтіп, университет ретінде қайта құрылады. Содан бері оқу орны 223 семинар өткізіп, 19 903 маман оқытқан. Оған қоса қашықтықтан оқыту жүйесі де қолға алынған. Виртуалды университет бағдарламасы бойынша 78 курс ұсынады.
Компания мамандарды даярлау міндетін толықтай университетке жүктеген. Өйткені оқу орнының курстары басшыларға арналған бағдарламадан бастап, «HR Qyzmet» деп аталатын кадр мамандары курстары, команда құруға арналған шараларды да қамтыған. Сонымен бірге корпоративті семинарлар өткізіп тұрады. Жыл сайын университет түлектері арасында конкурс жарияланып, үздіктерін университетте тегін оқытып, компанияға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Ал BI Group компаниясына тиесілі BI University елімізде ғана емес, Ресейдің Иркутск қаласында да маман даярлайды. Оқу орны төрт бағытта жұмыс істейді. Кәсіби бағыт сала бойынша мамандардың білімін жетілдірсе, корпоративті бағдарламалар компания этикасы, бизнес стратегиясы сияқты дағдыларды үйретеді. Басқару бағдарламалары көшбасшыларды даярлап, еңбек нарығындағы қажетті біліктіліктерді оқытып, тек компания менеджерлерімен шектелмей, басқа да ұйымдардың басшыларына қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге тұлғалық даму бағдарламалары адам бойындағы жеке қасиеттер, кәсіби дамуға қажетті дағдыларды оқытып, студенттерге бағыт-бағдар беретін тренингтерден тұрады. Университет бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Иркутск қалаларында жұмыс істейді. BI University де отандық ЖОО студенттерін іріктеп, оларға компанияның қалыптасқан ережелері мен мәдениетін үйретіп, келешекте құрылыс саласындағы үздік компанияға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Оқу орны 2012 жылы ашылғаннан бері 7000-нан астам маман даярлаған. Олардың 58-і бүгінде корпоративті университет тренерлері.
Елімізде корпоративті білім беруді қолға алуға мүмкіндігі бар компаниялар баршылық. Мәселен, «ҚазМұнайГаз», «Қазақмыс», «Қазақстан темір жолы» немесе жылына 19,2 млрд теңге табыс көретін 2000 жұмысшысы бар «Баян Сұлу» кондитерлік компаниясы өз мамандарын өздері даярлауға мүмкіндіктері бар. Корпоративтік университеттер, яғни өз кадрларын өздерінің қалыптастырып үлгерген ережелері, жүйесіне сай оқыту компания шығынын азайтпақ. Өйткені онсыз да жиі өзгеретін еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандарды қайта оқыту, біліктілігін арттыру компанияның өсуінің алғышарты. Training Magazine халықаралық журналы 2017 жылы шағын кәсіпорындар қызметкерлерін қайта оқыту үшін адам басына 1 886 АҚШ долларын жұмсағанын анықтаған. Оған қоса, әр қызметкерге қайта даярлау курстары үшін орташа есеппен 33,5 жұмыс сағаты қажет екен. Patriot Software компаниясы жұмысшылар жалақысының 21,4 пайызын қайта даярлау курстарына жұмсайтынын айтады. Еліміздегі статистикаға көз жүгіртсек, 2017 жылы 89 мың отандық мұғалімді қайта даярлауға 13,3 млрд теңге бөлінген. Дәл сол жылы республика бойынша мұғалімдердің жалпы саны 325 мың болғанын ескерсек, қалған мұғалімдерді жаңа бағдарламаға сай қайта даярлау үшін тағы да 35 млрд теңге қажет екен.
Сарапшылар корпоративтік университеттер арқылы компанияның кадрларды оқытуға кететін шығынын 10 пайыздан 50 пайызға дейін қысқартуға болатынын айтады. Көршілес Ресейде корпоративтік университеттер саны жыл санап артып келеді. «Газпром», «ЮКОС», «Росинтер Ресторанс», «Ингосстрах», «Евросиб», «Сбербанк» компанияларының басшылары корпоративтік университет материалдық шығындардың азаюымен қатар, мекеме жұмысының тиімділігінің артқанын айтады. «Ингосстрах» компаниясының мамандардың біліктіліктілігін арттыру орталығының басшысы Любовь Гвоздилина қызметкерлерді компания ішінде оқыту арқылы бір жылда 76 000 АҚШ долларын үнемдегенін айтады. Оның айтуынша, 2000 жылы компания қызметкерлерінің 76 пайызы ерікті түрде қайта даярлау курстарына жазылуды бастаған.
Жоғарыдағы статистика мен әлемдік компаниялардың мысалдары мамандарды компания ішінде оқыту тек экономикалық тұрғыдан бөлек, қызметкерлерді ынталандыру, жаңа технологияларға қызықтыру, уақыт үнемдеу жағынан да тиімді екенін дәлелдеп отыр. Жаңа деңгейді бағындырған маманның жаңа лауазымға көтерілері сөзсіз. Бұл қызметкерге жігер мен сенім беріп, үздіксіз дамуға жетелейді. Экономикалық шығыны былай қалғанда, университет түлектерінің арасында үздіктерін таңдауға, оларды қалыптасып үлгерген ережелер мен жүйеде оқытып, компанияның дәстүрі мен мәдениетін, мақсаты мен міндетін еңбек нарығына енді қадам басқан жас маманға сіңіруге, бейімдеуге мүмкіндік береді. Университет түлектері өз түйгендерін әріптестеріне үйретіп, мекеме ішінде қызметкерлердің бірін бірі қолдау сияқты маңызды әрі жақсы дәстүр қалыптастырады. Басқаша айтқанда, корпоративті университет мекеме шығынын азайтып қана қоймай, жұмыс тиімділігін арттыру, еңбек нарығындағы сұранысқа дайын болу, мекеме ішіндегі атмосфераны жақсарту, қызметкерлер арасындағы, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы байланысты нығайтуға себеп болатын орта.