Штуттгоф концлагерінің бұрынғы күзетшісі 17 қазан күні Гамбург сотында жауапқа тартылмақ. Оған 5 230 адамның өліміне қатысы бар деген айып тағылып отыр. Бүгінде 92-ге келген Д. Бруно есімді Германия азаматына 72 беттік қылмыстық акт дайындалған, енді ол заң алдында жауап береді.
Айыпталушы 70 жыл бұрын өзі қызмет еткен Гданскідегі Штуттгоф лагерінен мыңдаған мүрде көргенін, камералардан азапталғандардың дауысын естігенін мойындады. Бірақ өзіне тағылған айыппен келіспейді. Д. Бруноның айтуынша, жұмыс істеп жүргенде олардың біріне де қатыспапты. Жүрегі ауыратын бозбаланы майданға алмаған, сондықтан тек ел ішіндегі қызметке жараған Д.Бруно лагерьге күзетші болып қызмет етеді. Оқиға кезінде 21-ге толмағандықтан, сот процесі кәмелет жасқа толмағандар ісімен айналысатын коллегияға тапсырылған. Германия прокуратурасы айыпталушы туралы деректерді ескі құжаттардан тапқанын мәлімдеді. Германия сотының өкілі Даниэль Штеннер мұндай мәліметтерді концлагерьдің тіркеу кітаптарынан табуға болатынын айтады.
Штуттгоф лагері Германия Польшаны басып алғаннан кейін ашылған. Лагерь жұмыс істеген 9 жылда 110 мыңға жуық адам қамауға алынған, олардың 65 мыңы лагерьде көз жұмған. Бұл тек бір лагерьге қатысты ақпарат. Өйткені Аушвиц-Биркенау лагерінде кейбір дереккөздерге сәйкес 1,6 млн, ал енді бірі 2,5 млн адам өлтірілген. Штуттгоф – фашистік режім құрған алғашқы лагерь. 1945 жылы жұмысын тоқтатқаннан кейін, 1946 жылы Польша үкіметі лагерь қызметкерлеріне қатысты сот процесін бастады. Осылайша, лагерь коменданты Пауль Вернер Хоппе 9 жылға, Карл Отто Кнотт 3 жыл 3 айға сотталды. 1964 жылы тағы үш қызметкері жауапқа тартылып, Отто Хаупт есімді азамат 12 жылға, Бернхард Людтке 6 жылға сотталып, Карл Отто Кнотт ісі қайта қаралып, оны кінәсіз деп танып, босатты.
Ал Германия үкіметі ұлтшылдарды жауапқа тартуды 2011 жылы бастады. Құқық қорғау органдары 2011 жылы концлагерьлердің бұрынғы қызметкерлері Джон (Иван) Демьянюкке қатысты қылмыстық іс қозғап, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Ал 2013 жылы Баден-Вюртенберг федералды аймағында лагерьлердің бұрынғы 49 қызметкері тіркелгені мәлім болды. Олардың 9-ы өмірден өткен, 30-ы жауапқа тартылатыны хабарланды. Бірақ сот процесінен ешқандай ақпарат берілмеді. Сол жылы шілде айында Германиядан қашып кеткен ұлтшылдарды іздеу науқаны басталды. «Соңғы мүмкіндік» деп аталған кампания кезінде Германия көшелеріне тұрғындар «кеш, бірақ тым кеш емес» деген плакаттар ұстап шықты. Бұл халықтың ұлтшылдардың қай уақытта да тиісті жазасын алғанын қолдайтынын көрсеткендей. Құқық қорғау органдарының өкілдері дәл осы қылмыстық іс бойынша заң алдында жауап бергендердің аз екенін, тергеудің тым кеш басталғанын жасырмады. Онымен қоса, концлагерьдің бұрынғы қызметкерлерінің көбі дүниеден озды, ал айыпталып жатқандар 90-нан асқан қариялар. Ұлтшылдарға қатысты сот процесінің бір ерекшелігі, айыпталушының кісі өліміне қандай қатысы барын, кімді өлтіргенін нақты анықтау қиын.
Германияның заң жүйесі ұлтшылдар иерархиясының төменгі шенділеріне қатысты нақты шешім мен қолданылатын шара қалыптастыра алмай келеді. Өйткені концлагерьдің күзетшілері әдетте кәмелеттік жасқа толмаған, денсаулығына байланысты соғысқа бара алмағандар. Дегенмен прокурорлардың лагерь қызметкерлері адам өлімі туралы хабардар болды, тұтқындағы азаматтарға қашуға мүмкіндік бермеді деген тұжырымдары бұрынғы қызметкерлерді жазалауға себеп болып отыр. Бұл бір жағынан АҚШ-тың 2001 жылғы 11 қыркүйектегі әлемді дүр сілкіндірген террактіге қатыстылардың барлығын жаппай соттаған дәлелсіз сот процесінің үлгісіне негізделгендей көрінеді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуымен бірге «ұлтшылдар қуғыншылары» деген ұғым пайда болды. Олар – бір кездері ұлтшылдық принциптерінің себебінен басқа ұлт, этнос өкілдеріне жәбір көрсеткендерді өз еркімен тауып, тиісті құжаттарды дайындап, сотқа жеткізушілер. Осылайша, адам құқықтары мен Холокостты зерттеумен халықаралық деңгейде айналысатын Симон Визенталь орталығы құрылды. Олар жыл сайын қылмыскерлерді іздеу мен жазалау туралы ақпаратпен бөлісіп, мәлімдемелер дайындайды. 2011 жылғы мәлімдемесінде идеологиялық шектеулер мен заңды негізге алып, әскери қылмыскерлерді жауапқа тартудан бас тартқан 9 елді атады. Бұл тізімде Аустрия, Канада, Латвия, Литва, Норвегия, Сирия, Швеция, Эстония мен Украина бар. Жоғарыда айтылғандай, Германия үкіметі ұлтшылдарды жауапқа тартуды дәл осы мәлімдеме жарияламас бұрын бастаған еді.
Жалпы, геноцидке қатысты қылмысты қайта қарау Германияның әлем алдындағы жауапкершілігін мойындағанын білдіргендей. Германия үшін тарихын зерттеудің өзі саяси жауапкершілікті қажет етеді. Бір кездері Германияның Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер «немістер үшін өз тарихын зерттеу ұзақ әрі ауыр процесс» деген еді. Осы орайда мемлекет басшысы геноцид пен әскери қылмыстарды жасыруға тырысқандарды да сынаған. Нақты атын атамағанымен, бұл туралы деректер ашық айтылып, қажет жағдайда тиісті жазалар қолдануы керегін де жеткізді.
Германия армяндардың геноцидін мойындағанымен, холокостқа қатысты әзірге пікір айтпайды. Қайта керісінше, көп жылға дейін теріске шығарып келді. Бірақ уақыт өте үкімет те бұл туралы үндемей қалуға болмайтынын түсінгендей. 2007 жылы Германия Әділет министрі Холокост болмады дегендерді жазалауды ұсынған да еді.
Ендігі кезекте 93 жастағы тағы бір экс-күзетші сот алдында жауапқа тартылуы мүмкін. Бірақ оның сот процесіне қатысу мүмкіндігі денсаулығына байланысты әзірге белгісіз. Дәл осыған ұқсас жағдай бірнеше жыл бұрын да болған еді. Сот Освенцим лагерінің экс-есепшісі Оскар Гренингке 4 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Айыпталушы түрмеде бірнеше күннен соң көз жұмды. Германия үкіметінің ескі құжаттарды қайта қарап, асығыстық танытуы концлагерьлердің тірі жүрген саусақпен санарлық бұрынғы қызметкерлерін жазалап үлгеруге тырысуы ма дейсіз. Дегенмен жарты ғасыр өтсе де заң алдында жауапқа тартып, айыптыларды соттау кей қылмыстардың мерзімі болмайтынын көрсеткендей.