Ауылшаруашылық саласында синтетикалық биология, мыңжылдық фермерлер, жылына бірнеше мәрте өнім беретін егін алқаптары сынды адамның ақыл-ойы, техниканың мүмкіндігімен тұрмысқа етене еніп келе жатқан жаңа үрдіс қалыптасып үлгерді. Дамыған елдердің қолы жеткен бұл үрдістен дамушы елдер де дәмелі.
Дәстүрлі техника мен цифрлы технологияның жемісі
Тек қажетті қаражат бөлінбей, тиісті мамандар дайындалмай, цифрлы технологияның «жілігін шағып, майын ішетін» ІТ мамандарға мүмкіндік берілмей отырғаны тұсау» болуда. Дымы құрып, діңкелеп жүрген шаруалардың еккен егінін шашау шығармай орып алу үшін заманға сай, көпфункционалды техникалар керек-ақ. Бірақ өкініштісі сол, елімізде бұл салаға бөлінетін қаражат көлемінің аздығынан есептен шығарылуы тиіс ескі техникалардың қолданысы республика бойынша 60 пайызды құрап отыр.
Кейінгі жылдары дүние жүзінде халық санының күрт өсуі жаһандық проблемаға айналып, ғалымдар азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінің уақыт өткен сайын күрделене бастағанын айтады. Сұранысты қамту мақсатында астық өнімдерін алудың тиімді тәсілдері заман талабына сай өзгеріп, цифрлы технологиялар тудырған таңғажайыптар өнім көлемін еселеп арттыруда.
Бұған дейін Market Research Future сараптамалық орталығы трактор, комбайн, жерді тегістеуші сынды ауылшаруашылық техникаларының жаңа дәуірі басталғанын, бір-бірімен өзара байланыста болатын, ортақ жүйеге қосылған құрылғылардың құрастырылып жатқанын мәлімдеген болатын. Дәстүрлі техника мен цифрлы технологияны тоқайластыра білген дамыған елдерде Google Earth және роботтандырылған жүйелер астық өнімдерін арттыру үшін бір арнаға шоғырландырылған.
Болашақта ауылшаруашылық саласында тың жаңалықтар орын алуы бек мүмкін. Себебі AgTech үрдістері, яғни синтетикалық биология мен мыңжылдық фермерлер, жылына бірнеше мәрте өнім беретін егін алқаптарының жаңа дәуірі басталмақ. Оған дәлел, осыдан 4 жыл бұрын ауылшаруашылық технологияларына салынған инвестиция көлемі 4,6 млрд долларды құрады. Содан бері бұл салаға салынған қаражат артпаса, кеміген жоқ.
Соңғы зерттеулерге сүйенсек, 2030 жылға қарай саладағы өндіріс көлемі 60%-ға артуы мүмкін. Желілік технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшы саналатын Cisco компаниясы таратқан мәлімет бойынша азық-түлік секторында интернет заттарын пайдаланудың әлеуеті зор. Жабдықтар мен материалдардағы датчиктерді пайдалана отырып ауылшаруашылық ресурстарын жинауды, тексеруді жеңілдететін IoT жүйесі пайда болысымен оған 14,4 трлн доллар шамасында қаражат салынды.
Онда IoT датчиктері арқылы фермерлердің әлемнің кез келген бұрышында отырып өнімін көруге, бақылауға, нақты уақыт режімінде қажетті ақпараттарды алуға мүмкіндігі бар. Егер егін алқабының бір бұрышына су жетпесе, иә болмаса қажетті минералдар керек болса, IoT датчиктері жүйе арқылы бұл туралы шаруаға ақпарат береді. Мұндай жүйені қолданысқа ерте енгізген АҚШ-тағы фермерлер дрондардың көмегімен құрғақшылыққа және қоршаған ортаның басқа да зиянды факторларына қатысты мәліметтерді еш қиындықсыз алып отыр. Тіпті «ақылды дрондар» тұқым себу сызбаларын талдау және жоспарлау арқылы топырақтың сапасын болжау үшін де пайдаланылады.
Бүгінде агрохимикаттарсыз егін алқаптарын елестету мүлде мүмкін емес. Жаңа технологиялардың бұл салаға етене енуі химиялық қоспалардың да орнын алмастыруға әбден қабілетті болып отыр. Мысалы, John Deere шығарған бүрку және жұлуға арналған роботтар арқылы агрохимия қоспаларын қолдану көлемі 90 пайызға кеміген.
Бұл ауылшаруашылық саласына енген цифрлы технологиялар ағынының бір парасы ғана. Етене енген жаңа үдерістің пайдасы мен парқын түсінген елдер бұл салаға ерекше ықылас танытып отыр. MRFR таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қытай мен Үндістанда алдағы үш жылда азық-түлік өнімдеріне сұраныстың артуына байланысты ауылшаруашылық технологияларына қажеттілік те артпақ. Оны өтеу үшін аталған мерзім аралығында АҚШ және Канада сияқты елдер ауыл шаруашылығындағы техника нарығына өз өнімдерін ұсынуды арттыруға ниет танытуда. Еуропада шығарылған бірнеше қызметті қатар атқара алатын тракторларға да сұраныс аса жоғары. Оның өзгеден артықшылығы қауіпсіздікті қамтамасыз етуінде болып отыр. Таяуда Еуропада ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру және фермалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған тіркеу жүйесі әзірленді. Бұл жүйе арқылы трактор жүргізушісі агрегатты, тіркемені және тракторды қолмен жалғаудың, иә болмаса ағытудың орнына бұл жұмысты өз орнында отырып атқара береді.
Фермерлер үшін цифрлы-виртуалды әлем қалыптасып келеді десек артық айтпаған болар едік. Әлбетте, техника дамып, өнім артқан сайын сапаның сын көтермейтінін білеміз. Дәл қазіргі уақытта ауылшаруашылық технологиясы көш ілгері дамыған елдердің жанды жері де осы сапалы өнімге қол жеткізу болып отыр. Ал бізде сапалы өнім бар болғанымен, оны орып алуға жеткілікті жағдай жасалмай келеді.
Басты себеп – қаражат аз
Бір кездері Парламент Мәжілісінің депутаты Шаймардан Нұрымов еліміздегі ауылшаруашылық техникалық паркі ескіргенін айтып мәселе көтерген еді. Ол өзінің депутаттық сауалында Елбасының ауылшаруашылық өндірісіндегі еңбек өнімділігін кемінде 2 жарым есеге арттыруды тапсырғанын, оны орындау үшін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді заманауи техникамен тез арада қайта жарақтандыру қажеттігін айтқан-ды. Негізінен пайдалану мен жөндеудің техникалық шарттары бойынша тракторлар, комбайндар мен басқа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Қазір бізде қолданылған техниканың 60%-ға жуығының мерзімі өтсе де, қолданыстан шығарылмаған. Оның үстіне ескірген техниканың қуаты 40 аттың күшін құрайды. Салыстыру үшін айтар болсақ, АҚШ-та 300, Германияда 500 аттың күшін құрайтын техникалар жұмыс істейді. Тозығы жеткен техниканың салдарынан өндіріс шығындарының үлесі 20%-ға жетіп отыр.
− Ауыл шаруашылығына машиналар мен жабдықтар паркін уақытында жаңарту үшін отандық агросекторға арналған машиналарды шығару ісін жандандыру қажет, – деген депутат шаруалардың Беларусьтен қосалқы бөлшектерді сатып алуға мәжбүр екенін, оның құны тым қымбатқа түсетінін де айтқан еді. Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнеркәсіптік кешенінде заманауи техникалардың үлесі ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде емес. Мысалы, былтырғы ресми дерекке сәйкес, елімізде 152,6 мың жаңа трактор болса, оның қолданыста жүргеніне 10 жыл толмағандарының үлесі 15 пайызды ғана құрайды. Ал есептен шығуға тиіс тракторлардың үлесі – 65 пайыз. Республика бойынша 41,5 мың бірлік комбайнның 40 пайызының жылы жаңа, яғни пайдалану мерзімі 10 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Есептен шығарылуға тиістісі – 46 пайыз. Мал азығын дайындау техникасы 66,7 мың бірлік, оның ішінде жаңа машиналар саны 11 пайыз, есептен шығаруға жататын машиналар 67 пайызды құрайды. Топырақ өңдеуге арналған техниканың көрсеткіші тіптен төмен. 381,3 мың бірліктің тек 2 пайызы ғана жаңа болса, есептен шығаруға жататыны – 84 пайыз.
Әлбетте, ескі техниканы өңдеп есі шыққан жеке шаруашылықтардың аграрлық секторға еселеп үлес қосуы екіталай. Мәселенің оң шешім таппауының себебі – ауылшаруашылық техникаларын жаңартуға бөлінген қаражаттың аздығы. Мәселен, үш жыл бұрын елімізде аталған салаға 105 млрд теңге бөлінсе, сол кезеңде әлемдік нормаға сәйкес шаруашылық техникаларына бөлінуі тиіс сома көлемі бес есе артық болған. Жасыратыны жоқ, ірі шаруа қожалықтарының өзі техника паркін тұтастай жаңартуға қауқарсыз. Сондықтан мемлекеттің қолдауымен отандық техникаларды сатып алуға ынталандыру және лизинг түрінде мемлекеттік қолдау көрсету арқылы техника жаңартудың мүмкіндіктері қарастырылып отыр. Оның үстіне Қазақстанда құрастырылған техникалардың бағасы шетелдіктермен салыстырғанда 2-3 есеге арзанға түспек.
Атқарылып жатқан шаруалар нәтижесіз емес
Таяуда Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елімізде отандық машина жасау саласына көңіл бөлініп, биыл ауылшаруашылық техникасын сатып алуға бюджеттен 65 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің Үкімет басшыларының келісіміне сәйкес елімізде К-744 комбайнын құрастыру бойынша уағдаластық бар. Қостанайда – комбайн, Көкшетауда – Камаз құрастырамыз. Бізде құрастырылатын техникаға 25% субсидия беріледі. Қосымша тағы 10% жергілікті бюджеттен берілуі мүмкін екенін айтқан бірінші вице-министр мемлекет тарапынан техникаларды жаңартуға қолдау көрсету үшін инвестициялық субсидиялау және техника лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты шаралар қарастырылғанын да жеткізді. «ҚазАгро» ҰБХ АҚ Басқарушы директоры Асылхан Жувашевтың айтуынша, енді жыл сайын техниканы 6%-ға жаңартып отыру межесі бекітілген. Бұған дейін бұл көрсеткіш бар болғаны 1,5-2%-ды құрады.
– Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасын енгізуінің нәтижесінде сыйақы мөлшерлемесін жылдық 4-6%-ға дейін тиімді төмендету мүмкіндігі бар. Нәтижесінде өткен жылы өтінім көлемі 1,5 есеге артты, – деді А.Жувашев.
Айта кетерлігі, 2018-2019 жылдары Агробизнес бағдарламасы шеңберінде 1690 ауылшаруашылық техникасын сатып алу үшін 25 млрд теңгені құрайтын 940 несие берілген. Жылдан-жылға несие арқылы техникасын жаңартуға ниетті шаруалар саны артып отырғанын көруге болады.
Отандық өндірістің келешегі зор
Таяуда ғана Үкімет басшысы Асқар Мамин Қостанай қаласындағы Индустриялық аймақта болып, «Беларусь» және «Кировец» тракторлары өндірісін іске қосты. Елдегі ауылшаруашылық техникаларына сұранысты өтеу үшін қолға алынған бастаманың нәтижелі болуына барлық мүмкіндік қарастырылған.
Сарапшылар қазақстандық ауылшаруашылық машиналарын жасаудың қаншалықты тиімді екенін бұған дейін де сан мәрте айтқан болатын. Осыған байланысты «АгромашХолдинг KZ» АҚ ауылшаруашылық техникаларын шығаруды жандандыру мақсатында ілкімді жобаларды іске қосып отыр. Бұл компания Essil астық және жемшөп жинайтын комбайндарды және Lovol тракторын, тырма, дестелегіш, сепкіш және басқа да өнімдер мен қосалқы бөлшектер, сондай-ақ олардың бөлшектерін шығарумен айналысады. Ағымдағы жылдың соңына дейін Essil маркалы 400-ден астам астық жинайтын комбайн, 300-ден астам тіркеме және аспалы техника, 250-ге жуық орта тартқыш сыныпты трактор шығару жоспарлануда. Былтыр Қазақстанда шығарылған комбайндардың 80%-ы аталған кәсіпорынға тиесілі. Жоспар бойынша өндіріс көлемін жылына 1000 комбайнға дейін ұлғайту көзделген. Қазір Essil 760, 740, 750 және 730 модельдері сатылымға шықты. Өткен жылы бұл комбайндар толықтай сынақтан өткізіліпті. Шығыс Қазақстан облысындағы «Саябақ» шаруа қожалығының директоры Ерлан Мұстафиннің «Агромашхолдинг KZ» АҚ зауытынан несиеге алған бірнеше комбайны бар.
– Шетелдік комбайндардан еш кем емес. Сапасы сын көтереді. Былтыр жаңа техникамен 600 гектар күнбағыс, биыл 200 гектардай бидай ордым. Негізі техниканы «ҚазАгроҚаржы» арқылы несиеге алдым. Шаруашылықтың қарызы болмаса тиісті құжаттары түгел болса несие алуда ешқандай қиындық туындамайды. Менің алғаным – құны 38 млн теңгені құрайтын Essil 740 комбайны. Бұл соманың 9 жарым млн теңгесін мемлекет субсидия ретінде қайтарып берді. Былтыр алған техниканы 7 жыл төлеймін. Биыл тағы біреуін алу үшін өтініш беріп қойдым. Бұған дейін де «Агромашхолдинг KZ» техникасын несиеге алып, оны жаптым, – дейді шаруа қожалығының иесі. Оның айтуынша, нарықтық заманда отандық шаруалар үшін «АгромашХолдинг KZ» ұсынған мүмкіндіктер қолайлы. Себебі қазір ешкімнің қолында бірден сатып алатын дайын ақша жоқ. Сол үшін несие шарттары ұтымды болмақ. Оның үстіне мемлекеттің қолдауы тағы бар. Қазақстанда құрастырылғандықтан алынған техникаға бір жылдық кепілдік беріледі. Бұзылған жағдайда ауыстыратын құрылғылары да уақытылы жетеді.
Отандық техникаға сұраныс жыл мезгіліне қарамастан тұрақты түрде артып келеді. Е.Мұстафин сияқты шаруаларға техниканы «ҚазАгроҚаржы» АҚ және «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы алу бүгінде аса тиімді болып отыр. Айта кетерлігі, мемлекет тарапынан жасалатын мұндай көмек тек елімізде құрастырылған ауылшаруашылық техникаларына арналған. Қазір «Агромашхолдинг KZ» АҚ қызметі ішкі нарықпен қатар, Өзбекстан мен Ресейге де өнімдерін экспорттауды жоспарлап отыр.