• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Тамыз, 2019

Судьяларға сұраныс жоғары

173 рет
көрсетілді

Жақында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 16 судьяға сұраныс бары хабарланды. Ал былтыр республика бойынша 245 маман тапшы болған. Жыл сайын 10 мыңға жуық түлек заң факультетін тәмамдайтынын ескерсек, сот өкілдерінің жетіспеушілігі неге азаймайды?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 25 қазанындағы Қазақстан халқына Жолдауында судьяларды іріктейтін конкурс талаптарын өзгерту керегін айтты. Елбасы сот жүйесіндегі бос орындарға 100 үміткердің 5-еуі ғана сынақтан өте алғанын мәлімдеді. Ал 2019 жылы 470 судьяның кәсіби сынақтан өтетіні белгілі болды. Бұл тапсырма Жоғарғы сот пен Жоғарғы сот кеңесіне жүктелді. Соған сәйкес, былтырдан бас­тап судья болуға үміткер жаңа ережемен сыналады. Алғашқы кезеңде үміткер психологиялық тесттен өтіп, эссе жазады. Сонымен қатар оның мемлекет заңын білуі мен оны іс жүзінде қолдана алу қабілетін тексе­ре­ді. Алғашқы кезеңнен сүрінбей өткен­дер Жоғарғы сот өкілдерімен жеке сұхбат­та­сады. Талаптардың күшеюі есебінен бүгінде мамандар саны азайды.

Солтүстік Қазақстан облыстық соты­ның төрағасы Ерлан Айтжанов жаңа талаптардың маман тапшылығына әсер ететінін айтады. «Судья тағайындау бұрынғыға қарағанда қиындады. Жаңа тағайындалған, қайта тағайындалған мамандарға талаптар күшейді. Бұған бәрі төзе бермейді, қалағанның барлығы сынақтан сүрінбей өтеді дей алмаймыз. Сондықтан мамандарды өзіміз үйретіп, оқытамыз. Тәжірибелі мамандар өз білгендерімен бөліседі, жастарға әр мәселені қалай шешу керегін, эссе жазуды, сұхбаттасуды үйретеді», дейді облыстық сот төрағасы. Жаңа талаптар мен конкурс ережесінің өзгеруі саладағы бі­лікті мамандардың іріктелуіне алып келді. Бұл да өз кезегінде маман тап­шы­­лығын туғызары сөзсіз. Ерлан Айтжановтың айтуынша, бүгінде Сол­түс­­тік Қазақстан облысы бойынша аудан­­дық сот төрағалары мен қалалық, эконо­­микалық соттардағы бос орындарды есептегенде 16 маманға сұраныс бар.

Егер жыл сайын заң факультетін мың­даған түлек тәмамдаса, бұл ма­ман­­дық көпшілік үшін жоғары сұ­раныста болса, қажеттіліктің өтелмеу себебі неде? Статистикаға сүйенсек, тәуелсіздік алғалы бері республикадағы универ­си­теттерде 250 000-ға жуық заң факуль­те­ті­нің түлектері даярланған. Еліміздегі 127 жоғары оқу орнының жартысында, яғни 61 университетте заң факультеті бар. 2015 жылғы дерекке бойынша, заң факультетін 9 889 адам тәмамдаған.

Бәлкім, мәселенің мәні жалақыда шығар? Алайда ол сандарға қарасақ, судьялардың айлығы аз емес секілді. Өйткені жұмыс өтілі мен квалификация­сына байланысты 450 мың теңгеден 550 мың теңгеге дейін барады. 2018 жылы еліміздегі орташа жалақы көрсеткіші 164 552 теңге болғанын ескерсек, сот өкілдері орташа көрсеткіштен 3 есе көп жалақы алады. Халық санына байланыс­ты әр облыстағы сот өкілдерінің саны да құбылмалы, яғни ауданға байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан әр облысқа нақты қанша маман қажет екенін алдын ала белгілеу қиын.

Маман тапшылығына ықпал ететін тағы бір мәселе – жүктеменің шамадан тыс болуы. Жоғарғы сот өкілі Абай Рахметулин сот өкілдерінің шамадан тыс жүктемелері маманның денсаулығына, отбасына әсер ететінін, кейде жұмыстан кетуіне де алып келетінін айтады. «Бір судьяның ай сайынғы жүктемесі 147 істі құрайды. Бұл дегеніміз олар күніне 7-8 іспен танысып, соларға қатысты шешім шығаруы керек. Негізі, бұл бір маман үшін көп», деді сот өкілі.

Әлем тәжірибесіне көз жүгіртсек, Еуропаның бірқатар елінде, Ресейде де сот қызметкерлері конкурс бо­йын­ша тағайындалады. Ал АҚШ-та сот өкілдерін Мемлекет басшысы та­ғай­ын­дап, Сенат бекітеді. Сондықтан олардың жасына, біліміне қатысты нақты шектеулер жоқ. Швейцарияда сот өкілдерін таңдауға аймақ тұрғындары да қатыса алады. Статистикаға сүйенсек, Ұлыбританияның сот өкілдері ең үлкен жалақы алатындар. Олардың орташа жылдық жалақысы АҚШ долларына шаққанда 174 476-ны құрайды. Бұл мемлекеттің орташа айлық көрсет­кі­шінен 5,1 есе көп. Швейцария мен Норвегия, Ирландия елдерінің сот өкіл­де­рі де жоғары жалақысымен мақтана алады. Германиядағы сот өкілдерінің орташа жалақысы 41 127 еуро болса, Әзербайжан сотының қыз­мет­керлері 12 603 АҚШ долларын алады екен. Албания, Армения, Эстония, Италия, Монако, Черногория мен Ресей елдерінде сот өкілдерінің белгіленген мөлшерден артық жұмысына бонустар төленеді.

Сот өкіліне үміткерлер арасындағы конкурс талаптарын күшейту жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Бұл бір жағынан сот жүйесінің реттелуі үшін оң ықпалын тигізеді. Дегенмен сынақтан сүрінбей өтіп жатқандар аз. Ал ол заң саласына мамандар дайындайтын университеттерге сын. Жалпы, сот өкілдеріне қойылған жаңа талаптар мамандардың саны емес, сапасын арттырары сөзсіз.