• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Қыркүйек, 2019

Уақыт көшіндегі жарнама: телевидение ме, блогерлер ме?

2160 рет
көрсетілді

Жарнама нарығы да экономиканың бөлігі. Ол тек тауарды ұсыну емес, халықтың мәдениетін, таңдауы мен талғамын да ескере отырып, жұмыс істейтін жүйе. Яғни, жарнама тауар ұсынушыдан тек қаржыны ғана талап етпейді. Заманына қарай адамы өзгергендей, жарнама нарығы да уақыт талабына сай ауысып отырары анық. Теледидардың дәурені өтіп, әлеуметтік желілердің күші басым заманда жарнаманың күйі қандай?

Кезінде елдің ермегі теледидар мен радио, одан қалса газет еді. Жар­на­ма берушілердің де жағдайы бас­қа болатын. Арна таңдаумен шек­телетін тапсырыс берушілер бүгінде әлеуметтік желідегі жарнаманы бір ба­тырманың көмегімен-ақ бұғаттай салатын тұтынушыға ұсыну үшін бло­гер таңдап, орта іздеп, әлеуметтік желілер­-дің мүмкіндіктерін зерттеп әлек.

Қазіргідей таргет, аудитория түсі­нігі қалыптаспаған өткен 10 жылдықта халық асыға күтетін, рейтингі жоғары бағдарламаның кезінде жарнамасы көрсетілген компанияның саудасы да жақсы, беделі де мықты болатын. Жарнама нарығын зерттеумен ай­налысатын TNS Сentral Asia компа­ниясы ұсынған деректерге назар салсақ, бүгінде телевидениенің мысы бұрынғыдай басым емес. Компания ұсынған мәлімет бойынша, 2010 жыл­дың шілде айында «Еуразия 1» ар­насын халықтың 84,74 пайызы қарады десе, 2019 жылдың шілдесінде арнаның халықты қамту көрсеткіші 63,61 пайызды көрсетіп тұр. Бүгінде бағдарлама рейтингілері де әлдеқайда аз. Көбі сынап, әлі де күресіп жатқан түрік, үнді сериалдарының рейтингі 2010 жылдары 10 балдық бағалау бойынша 7-8 болса, бүгінде 3-тен әрең асады.

Не дегенмен статистика жарнама берушілердің әлі де көгілдір экранды таңдайтынын көрсетіп тұр. Оған жарнама нарығын зерттеумен айналысатын Advertising Association of Central Asia компаниясының дерегі дәлел. Компания зерттеуі бойынша, ақпарат алу үшін халықтың 52%-ы теледидарды, 8%-ы радионы, 6%-ы газет-журналдарды таңдаса, билбордтардың үлесі 18%, ал интернет ресурстар 16%-ды құрайды дейді. 2018 жылы елі­­мізде жарнамаға 144 млн АҚШ дол­лары жұмсалған. Оның ішінде 75 млн АҚШ доллары телевидениеге тиесілі.

Жарнама нарығының көлемі бо­йынша АҚШ алда. Көршілес Ресей әлем рейтингісінде 11-орында. Ресей Федерациясында 2018 жылы жарнамаға 7,4 млрд АҚШ доллары жұмсалып, оның 2,9 млрд АҚШ доллары телероликтерге бөлінген. Нарық көлемі 176 млрд АҚШ долларын құрайды. Көріп отырғанымыздай, теледидардың дәу­рені кетіп жатса да, жарнама беру­шілердің таңдауынан түсер емес. Сұра­ныс болмаса, жарнаманың да болмасы анық. Тапсырыс беруші тауа­рына байланысты аудиторияны да ескеретіні белгілі. 2019 жыл­дың І жартыжылдығы бойынша, елі­­­­міздегі арналарда сусындар мен дәрі-дәрмектің жарнамасы көптеп көр­сетілген. Соңғы жылдардағы тізім­ге қарасақ, олардың көбі шай, тұр­­мыстық заттар, жеке гигиенаға қажетті тауарлар мен шаш күтіміне қатысты жарнамалар. Яғни, тапсырыс берушінің негізгі аудиториясы – үй шаруасындағы әйелдер екені анық. Сарапшылар бүгінгінің жарнама берушісі бұрынғыдай рейтингі жо­ғары бағдарлама мен уақытты емес, нақты қаралым, яғни адам санын сатып алатынын айтады. Бұл да жарнама нарығының, маркетологтардың жұмысының өзгергенін көрсетеді.

Теледидардың орнын бірте-бірте стриминг қызметтер басып барады. Американың Netflix компаниясы тұтынушыға сапалы әрі жарнамасыз қызметтер ұсынады. Ақылы арна фильмдер, бағдарламаларға қоса, ауди­тория мен сұранысқа негіздеп өздері де тауар жасайды. Сонымен қатар Amazon Prime Video, CBS All Access, Hulu сияқты видеотекалар да бар. Бірақ ақысы төмен қызметін қоссаңыз, жарнамалардан қорғана алмайсыз. Көбінің сүйікті желісіне айналған YouTube те бүгінде жарнамадан көз ашпайды. Онлайн қыз­мет көрсететін компаниялар да аудитория­сын дәл тапқандай. Ту­рис­­тік агенттіктер, билет сату қыз­меттері, онлайн дүкендердің жарна­масы әр бейнероликтің басында, ор­тасында көрсетілетін болды. Бұл жар­наманың «Қорқыттың көріндей» еш жерден қалмайтынын да білдірсе керек. Дегенмен компания YouTube TV деп аталатын жарнамасыз балама ұсынып отыр. Ақылы қызметті қосу арқылы жергілікті арналарға қосылу мүмкіндігі бар. Компания кабельді арналарға жазылып, қажетсіз ақпарат алғаннан, өздерінің арналарына жазылу тиімді әрі үнемді екенін айтады. Компаниялардың саясатына жарнамасыз ақылы қызметтердің қосылуы маркетологтар, PR мамандарынан айла аспайтынын, заман көшімен іле­сіп келетінін көрсетіп отыр.

Тұрмыстық заттардың, онлайн қыз­меттердің жарнама беру жүйесін түсіндік. Ал барлық аудиторияға бір­дей келмейтін қызметтер мен басқа да тауарлардың жарнамасы қалай бол­мақ? Әлеуметтік желілермен бірге тар­гет деген ұғым пайда болды. Әр же­ліде өзіңізге қажет аудиторияны белгілеп, арнайы функциялар арқылы керегін таңдап, жарнама жасау мүмкін болды. Дегенмен әлеуметтік желіде жарнамаларды бұғаттайтын кері функ­­циялар бар, яғни тұтынушы кез кел­­ген ақпаратты «жұта» бермейді. Қа­зір блогерлер арқылы жарнама жасау трендке айналды. Алайда олардың нақты қанша адам шақырары белгісіз, жарнаманың да сәтті болуы екіталай. Контекст жарнамалардың елдің назарын аударғалы көп болмады. Халық арасында «күні бойы бір тауар туралы сөйлессең, желілерде сол туралы жарнама көрсетеді» деген аңыздар таралды. Тауар іздеп, іздеу жүйесінің көмегіне жүгінсеңіз де, бірнеше күн әртүрлі сайттардан сол тауарды көрсетеді. Бұлардың барлығы жарнама нарығының да мүмкіндіктерінің өсіп жатқанын байқатады. Мүм­кіндіктің өсуімен қатар қаржы талабы бар. Жарнама берушілер отандық блогерлердің қызметінің бағасы шарықтап тұрғанын айтады. Танымал блогер Әлішер Елікбаев инстаграм желісіндегі жарнамаға 1 200 000 теңге алатынын жазған еді. Желі белсендісінің парақшасына қарап, жарнама берушілерге бұл ақының кедергі емесін байқай аласыз. Соңғы кездері өзінің аудиториясы бар, ха­лық пікірімен санасып, көпшілікке белгілі дәрежеде әсер ете алатындарды «әсер етушілер», яғни influencer деп бөліп қарастыру қалыпты болды. Осыған сай, әлемде Influencer Marketing деп аталатын жаңа бір түсінік қалыптасты. АҚШ-тағы орта бизнес иелері жылдық бюджетінің 70 пайызын дәл осы жарнама түріне жұмсайды екен.

Компаниялар жаңа тауармен қатар оны ұсынудың да жаңа, тың жолдарын іздейді. Ағылшын философы, жазушы Олдос Хаксли «Жарнама – заманауи әдебиеттің қызық та қиын формасы» деген. Яғни, бұл – өзінше бір мәдениет. Алайда уақыттың, за­ман талабының өзгеруі жарнама берушілерге жаңа бір белестің бас­тал­ғанын көрсетіп жатқандай. Соңғы талдауларға сүйенсек, әлемдік жарнама нарығында елеулі өзгерістер барын байқай аламыз. Телевидениенің сұраныста екенін айттық, ал интер­нет нарығы 495 пайызға өскен. Интернет мүмкіндігінің күн санап артып жат­қанын ескерсек, жарнаманың да жаңа­лықсыз қалмасы анық. Бірақ қазір қай құралдың тиімді екені, қай блогердің пайда әкелері сол күйі белгісіз.