Бұл күндері Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан әлем чемпионатын Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері 1 күміс және 2 қола медальмен қорытындылады. Атап айтсақ, 55 кило салмақта белдескен Қорлан Жақанша екінші орынды иеленсе, 60 кило және 63 кило салмақ дәрежелерінде күш сынасқан Мейрамбек Айнағұлов пен Алмат Кебісбаев үшінші сатыға табан тіреді. Осы нәтиженің арқасында бейресми командалық есепте жерлестеріміз Өзбекстан құрамасымен бірге 8-9 орындарды өзара бөлісті.
Нұр-Сұлтандағы жарысқа төрткүл дүниенің ең мықты деген балуандарының түгелге жуығы жиналды. Себебі осы додада алғашқы алты орынды иеленген саңлақтар 2020 жылы Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарында өнер көрсету құрметіне ие болады. Одан кейін тағы үш іріктеу сыны бар екені рас. Біреуі – құрлықтық, екеуі – әлемдік лицензиялық турнирлер. Алайда мықтылардың дені Олимпиада жолдамасын күні бұрын иеленуді құп көреді. Өйткені осы мәселе неғұрлым тезірек шешілсе, сол күннен бастап, төртжылдықтың басты додасына еш алаңсыз даярлана беруге болады. Міне, осындай оймен қаруланған апайтөстер Қазақ елінің астанасын бетке алды.
Алғашқы күні Олимпия ойындарының бағдарламасына енбеген салмақ дәрежелері бойынша бәсекелер өтті. Бұл жарыста Қорлан Жақанша (55 кило), Алмат Кебісбаев (63 кило), Демеу Жадыраев (72 кило) және Мақсат Ережепов (82 кило) ел намысын қорғады. Осы төрт жігіттің арасынан Алмат пен Демеуге айрықша сенім артылды. Алғашқысы – осыған дейін үш әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген саңлақ, екіншісі – 2017 жылғы дүниежүзілік додада күміс жүлдені еншілеген сайыпқыран. Өз елімізде өтіп жатқан жарыста олар алтын тұғырға көтеріледі деп үміттендік. Бірақ бұл жолы да Алаш жұртына алтын медальдың сыңғырын есту бақыты бұйырмады. Бұл жарыста Жадыраев екінші айналымнан аса алмады. Ойда-жоқта ол германиялық Михаэль Феликс Виумайерге жол берді. Кебісбаев үш бірдей қарсыласын қапы қалдырғанымен, жартылай финалда Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы Шинобу Отаға есе жіберді. Дәл осы жапон жігітінен қандасымыз Бразилияның астанасында өткен Олимпия ойындарында ұтылған еді. Нұр-Сұлтанда да Шинобу шаң қаптырып кетті. Бірақ Алматқа өкпе айту орынсыз. Олай деуге негіз бұл – Кебісбаевтың әлем чемпионаттарындағы төртінші жүлдесі. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері арасынан осындай толағай табысымен тек Юрий Мельниченко ғана мақтана алады. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары атой салған отандасымыз дүниежүзілік додаларда екі алтын және екі күміс жүлде олжалады. Әрине, медальдардың сапасы жағынан Мельниченконың Кебісбаевтан көші ілгері екені еш дау туғызбайды.
Ел астанасында Қорлан Жақанша керемет өнер көрсетті. Бұрындары осындай ұлы дүрмектерде күш сынасып көрмеген балуан әр жекпе-жегін көпті көрген кәнігі көкжалдармен аса жоғары деңгейде өткізді. Өзгелерді айтпағанда, былтырғы әлем және Еуропа чемпионы, әзербайжандық Елдениз Әзизлиді ары да, бері де лақытырып, 11:5 есебімен жеңіске жетті. Жақаншаның тек дүниежүзілік және құрлықтық біріншіліктің қола жүлдегері Нугзари Цурцумияға ғана әлі жетпеді.
Грек-рим күресі шеберлері арасындағы жарыстың соңғы күні Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхамедов жүлделі орындар үшін таласты. Екеуі де жартылай финалда сүрінді. Мейрамбек былтыр әлем және Еуропа чемпионаттарында қарсылас шақ келтірмеген ресейлік Сергей Емелинге есе жіберсе, Асхат мажарстандық Томас Лоурецпен тең түсті. Мұндай жағдайда ереже бойынша соңғы ұпайды кім алса, жеңіс соның еншісіне жазылады. Бұл ретте Венгрия спортшысының бағы жанды.
Қола медаль үшін тартыста 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Айнағұлов 2018 жылғы дүниежүзілік және құрлықтық додаларда үшінші орынға табан тіреген украиналық Ленур Теміровтің тас-талқанын шығарды. Ал бастапқы бәсекелердің бірінде Олимпиада мен әлем чемпионатарының екі дүркін жеңімпазы, Еуропаның төрт дүркін чемпионы, ресейлік Роман Власовқа тізе бүктірген Ділмұхаммедов шешуші тұста өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовтан айласын асыра алмады. Нәтижесінде қандасымыз бесінші орында қалып қойды.
Отандық балуандар арасынан Мақсат Ережеповтің де жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндігі болды. Жапония мен Беларусь өкілдерін ұтқан қазақ жігіті ширек финалда әзербайжандық Рафиг Гусейновпен күресіп жатып қабырғасын қайыстырып алды. Енді ол жұбаныш бәсекелеріне қатысуға тиіс еді. Алайда ауыр жарақат алуы салдарынан Мақсат боз кілемге шықпады.
Өзге балуандарымыз сенім үдесінен шыға алмады. Әсіресе, жергілікті жанкүйерлер Мейіржан Шермаханбетке қатты қынжылды. 67 кило салмақта өнер көрсеткен қазақтың жас дарыны былтыр Будапеште айшықты өнерімен көзге түсіп, қола медальды мойнына ілген еді. Содан бері осы балуан жайында жылы сөздер жиі айтылып жүрді. Майталман мамандардан бастап, қатардағы жанкүйерлерге дейін мақтауын да, жақтауын да асырды. Бірақ ел намысы сынға түскен сәтте Мейіржан кеңінен көсіле алмады. Өзінің тұсаукесер кездесуінде-ақ ол есімі көпшілікке беймәлім америкалық Эллис Коллеманнан жеңіліп, көрермендер қатарына қосылды.
Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионаты барысында қуанған да, қынжылған да сәттеріміз аз емес. Алдымен қуанышымызбен бөлісейік. Біріншіден, 1993-2019 жылдар аралығында тәуелсіз Қазақстанның түлектері әлем чемпионаттарында 22 мәрте бой көрсетіп, соның алтауынан қоржынымыз бос қайтты. Жеті рет жалқы жүлдені қанағат тұтсақ, сегіз мәрте қос медальды қанжығаға байладық. Яғни, осы күнге дейін бір жарыста екі реттен артық жеңіс тұғырына көтерілген жоқ едік. Бұл жолы үш бірдей өреніміз жүлде алып, туымызды көкте желбіретті. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай табыс! Екіншіден, Бақтияр Байсейітовтің кейбір шәкірттері жарыс жолында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары секілді байрақты бәсекелерде атой салған апайтөстермен еш қаймықпай айқасып, оларды жолдарынан ығыстырды. Бұл да атап өтуге тұратындай оқиға!
Қынжылған сәттеріміз мынадай: біріншіден осы жарыста әр салмақ дәрежесі бойынша алты жолдамадан сарапқа салынса, соның екеуі ғана біздің жігіттерге бұйырды. Ол жолдамаларды Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхамедов иеленді. Ал Қорлан Жақанша мен Алмат Кебісбаев жүлдегерлер қатарынан көрінгенімен, оларға Нұр-Сұлтанда лицензия бұйырмады. Себебі, айтулы қос балуанның өнер көрсеткен салмақ дәрежелері Олимпия ойындарының бағдарламасына енбеген. Екіншіден, 20 жыл бойы аңсаған алтынға бұл жолы да қолымыз жетпеді. Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері арасынан соңғы рет 1999 жылы Мкхитар Манукян әлем чемпионы атанған болатын. Сол кезден бері жерлестеріміз қанша талпынғанымен, бұл белесті бағындыра алмады. Барша жанкүйер осы жолы сол олқылықтың орны толатын шығар деп үміттенді. Бірақ өз елімізде, өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында өткен жарыста ешбір өреніміздің жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуге күш-жігері жетпеді. Әрине, бұл өзекті өртеген өкініш!
Қазақстанда тұңғыш рет жалауы желбіреген әлем чемпионатының жалпы командалық есебінде Ресей құрамасы көш бастады. Олар 2 алтын мен 3 күміс медальды олжалады. Екінші және үшінші орынды Грузия мен Жапония өзара бөлісті. Әрқайсысы 2 алтын мен 1 қоланы қоржынға салды.
Ендігі үмітіміз әйелдер күресі мен еркін күрес шеберлерінде. Осы жарыста Қазақстанның балуандары бас жүлде алып, алдағы күндері өз жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөлейді деп үміттенеміз. Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада лицензиялары сарапқа салынып жатқан айтулы әлем чемпионаты 22 қыркүйекте өз мәресіне жетеді.