• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қазан, 2019

Жалпыхалықтық сипатқа ие жоба

546 рет
көрсетілді

«Қазақстанның киелі жерлері­нің географиясы» арнайы жобасы бойынша екі жыл бойы ауқым­ды жұмыстар жүргізіліп, бірінші кезең жемісті аяқталып отыр. Осы ретте Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Туған жер» қазақстандық өлке­танушылар бірлестігі» қоғам­дық бірлестігі Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық музейімен бірлесе отырып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты III халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияның басты мақсаты – «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру қорытындысын шығару, тарихи-мәдени мұраны зерттеу және көпшілікке тарату саласында халықаралық тәжірибе алмасу.

2017 жылдың сәуір айында Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланып, халықтың санасына жалпы­ұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау туралы айтылған болатын. Нәтижесінде Ұлттық музейдің жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, Қазақстанның киелі нысандарын анықтау бойынша жұмыс жүргізіле бастады. Аталған жоба негізінде діни сәулет ғимараттары, қалалар, елді мекендер, қорғандар, қорымдар, ғибадат­ханалар тізімделіп, олар туралы тың дерек­тер жинақталып, нәтижесінде «Қазақ­станның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты еңбектер жарыққа шықты.

Конференцияны ашқан Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Шәйкенұлы аталған жобаның жалпыха­лықтық сипатқа ие болғанын атап өтті.

– Жобаны атқаруға еліміздегі археолог мамандар ғана емес, әр өңірдің жергілікті халқы белсене араласты. Со­лар­мен ақылдасып барып, өңірлік қа­сиетті нысандардың тізімі жасалды. Бұл ж­ұмыстардың нәтижесі бүгінгі конферен­ция барысында жан-жақты айтылады, – деді Алмаз Шәйкенұлы.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Мәдениет және спорт вице-ми­нистрі Өркен Бисақаев Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы маңызды әрі өзекті тақырып екендігін, ендігі кезекте киелі жерлер туралы жаңалықтарды, мәліметтерді ғылыми айналымға енгізіп, болашақта оқулықтарға енгізуге ықпал ету ойластырылып жатқанын алға тартты.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстан халқының біртұтастығын, ішкі бірлігін күшейту, сондай-ақ ішкі туризмді дамыта отырып, идеологияны күшейту керектігі атап көрсетілген болатын. Осыған орай елімізде «Рухани жаңғыру», соның ішінде «Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы» арнайы жобасы аясында көптеген маңызды іс-шара атқарылып жатыр. Бүгінде еліміздің барлық мемле­кеттік органы, мәдениет, білім беру ұйымдары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері осы жобаға белсене қатысып, өз үлестерін қосуда. Ұлттық музейдің жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» орталы­ғының ұйымдастыруымен еліміз­дің өңірлеріне экспедициялар жіберіліп, түрлі еңбектер жазылып, киелі жерлердің виртуалды және интерактивті карталарын әзірлеу сияқты жобалар жүзеге асырылды, – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев.

Жиын барысында киелі жерлер географиясының теориялық-әдістеме­лік негіздері, Қазақстанның рухани қасиетті орындарын зерттеу, сақтау және көп­шілікке тарату бойынша практи­ка­лық ұсыныстар, Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясын музей кеңістігінде қайта таныстыру мәселелері талқыланды. Қазақстанның «Ардагерлері ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтарды сақтау бо­йынша бірнеше ұсыныс тастады.

– Баршаға аян, Кеңес дәуірі «Құдай жоқ», «дін – апиын» деп трактордың табанына салып, құлаған қабырғаны құрылысқа пайдаланып, мешіттерді қой қораға айналдырған еді. Қазір қайта қалпына келтіру, түзеу бағытында үлкен жұ­мыстар басталды. Қазақ бұрын­нан аруақ­ты қастерлеп, ата-баба басын дәріп­теуге мейлінше мән берген. Қа­сиетті тұлғалар, біздің тарихымызға тиісті ес­керткіштер тек біздің Қазақстанның аума­ғында ғана емес. Сондықтан әлем­нің әр түкпірінде жатқан тарихи мұраларымызға мұқият, тиянақты болсақ деген тілегім бар, – деген қоғам қайраткері көнекөз құнды мұраларымызды қалпына келтіре­тін, көркем туындыларды өз технологиямыз дəрежесінде өңдеп, сапасын сақтауға баса назар аудару мақсатында реставрация ісіне ден қою керектігін айтты.

Конференция барысында Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жоба­сына белсене атсалысқан тарих ғы­лым­­дарының докторы, профессор Жам­­был Артықбаевты, Түркістан об­лыс­тық тарихи-өлкетану музейі археология бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Ержі­гітова­ны, Қызылорда облысының мәде­ниет, архивтер және құжаттама басқар­масы тарихи-мәдени мұра, музей және кітапхана бөлімінің басшысы Жанар Нұржақыпованы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Конференцияға Қазақстан Республи­касы Орталық мемлекеттік музейі­нің директоры Нұрсан Әлімбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы, шетелдерден келген ғалымдар, жергілікті өлкетанушылар, музей қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ халықаралық жиынға «Айгине» мәдени зерттеулер орталығының дирек­торы Г.Айтпаева (Қырғызстан), мәде­ниеттану докторы Д.Н Замятин (Ресей), М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университеті доценті Е.И.Ларина (Ресей), Акдениз универ­ситетінің профессоры, PhD докторы А.Карачах (Түркия), В.Н.Каразин атындағы Харьков ұлттық университеті археология мұражайының директоры И.Б.Шрамко (Украина), этнография­лық музей директоры Л.Кемечи (Мажар­стан), Оман Сұлтанаты Ұлттық музейі­нің бас директоры Д. әл-Моосави арнайы шақырылып, арнаулы тақырыптар бо­йынша сөз сөйледі.

Сондай-ақ конференция аясында Қазақстан музейлеріндегі мамандардың халықаралық әріптестігін нығайту және музей мамандарының қоғамдағы беделін арттыру мақсатында «Халықаралық музейлер кеңесінің қазақстандық комитеті» заңды тұлғалар бірлестігінің отырысы өтті. Аталған комитет 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітіп, Қазақстан музей мамандарының шетелдік музейлермен байланысын жолға қою, музей мамандарының идеяларын қолдау және оны іске асыру, халықаралық гранттарға қатысу барысы жан-жақты айтылды.

Аймақаралық мәдени байланыстарды мейлінше нығайтып, жаңа идеялар мен жобалардың туындауына себепкер болған алқалы жиынды рухани қазынамыздың кең өріс алуына жол ашатын маңызды қадам дегеніміз жөн.