Қазір Жетісудың жолдарына қатысты ел пікірі екіге жарылады. Бір тарап аймақтағы ішкі қатынастың сапасына оң баға берсе, екінші топ құрылысы қызу жүріп жатқан күре жолдардағы мәселені тілге тиек етері сөзсіз.
Қалай болғанда да, облыста қызу жүріп жатқан, еліміздің Оңтүстігі мен Шығысын жалғайтын транзиттік дәліз бойындағы қазіргі кедергілер уақытша қиындық қана. Өйткені өңір арқылы өтетін 312 шақырымдық «Талдықорған – Өскемен» автожолы мен ұзындығы 184 шақырым болатын «Үшарал-Достық» автожолын салу жоспарға сәйкес алдағы 3 жылдың ішінде аяқталуға тиіс. Одан әрі автобанның құрылысы Шығыс Қазақстан облысының аумағында жалғасады.
Ал ішкі жолдардың деніне күрделі жөндеу жасалып, көбісі жаңадан төселген екен. Мәселен, аймақтағы 17 аудан мен 2 қаланың тыныс-тіршілігіне жан бітіріп тұрған қозғалыс өзегі іспетті ішкі жолдың жалпы ұзындығы 6138,6 шақырымды құрайды. Өткен жылы осы ішкі қатынас жолының сапасын сараптаған мамандар, жол сапасы 78,1 пайызға жақсарды деген шешім шығарды.
Жалпы, Алматы облысында жергілікті маңыздағы жолдарды салу мен жөндеуге жыл сайын 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Ал биыл ішкі жолдардағы қауіпсіз және үзіліссіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатына 17 359,815 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 6 374,117 млн теңге – республикалық бюджеттен, қалған 10 985,698 млн теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Енді осы қаржыға аймақтағы 23 шақырым жолды қайта салу мен жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Айтпақшы, Алматы қаласы мен Талдықорған қаласына дейінгі 270 шақырымға жуық күрежол әлемдік стандартқа сай салынып, жолаушыларға қызмет көрсетуде. Ал «Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аумағынан басталатын автокөлік жолы еліміздің батысына қарай жалғасып, күншығыс пен батыс Еуропаны жақындата түсті.
Күрежолдың экономикалық кіріс көзі ретінде қалыптасуының дәлелін облыс аумағында екі бағыт бойынша ақылы трассаның іске қосылуын айтуға болады. Жыл басында Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас тас жолы ақылы қызмет көрсетуге көшті. Қазір көлік иелері Алматы қаласынан Қапшағай қаласына дейінгі 42 шақырым жолды жүріп өткені үшін 200 теңге көлемінде ақы төлейді. Дәл осындай әдіс Алматы қаласы мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығы аумағына дейінгі көлік дәлізіне де қолданылуда.
Үлкен Алматы айналма көлік жолы құрылысының басталуы да Алматы облысының аумағындағы жолдардың дамуына қосылған сүбелі үлес болмақ. Жұрт «БАКАД» деп атайтын алып құрылыстың алғашқы нәтижесі алдағы 4 жыл ішінде белгілі болмақ. Ал жолдың толық дайын болуы 2036 жылға дейін созылады екен. Демек, еліміздің Оңтүстігі мен Шығысын жалғап жатқан Жетісу жолдарының маңызы арта бермек.
Алматы облысы