• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Қазан, 2019

«Ақыны ақ Ертістің – Қимадиден...»

770 рет
көрсетілді

Жуырда көрнекті ақын, өлкетанушы, қазақ өнерінің жанашыры, жыршы, сазгер, Ұлы Отан соғысының ардагері, қаламгер жерлесіміз Қимадиден Нығмановтың туғанына 95 жыл толуына орай ақынның туған жері – Ақтоғай ауданында мерейтойлық əдеби-рухани шара ұйымдастырылды.

Ақын рухына тағзым етуге жиналған жұртшылық ең алдымен қаламгердің туған ауылы - Жаңабет елді мекеніндегі марқұмның зиратына барып құран бағыштады. Бұдан соң осы ауылдағы Қ.Нығманов атындағы мектепке жиналған жұртшылық, ақынның құрметіне арнайы ашылған мұражайдың тұсаукесер рəсіміне қатысты. Мұражайдың салтанатты ашылуына Ақтоғай ауданының əкімі Қаршыға Арынов, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының иегері, ақын Арман Қани, сондай-ақ қаламгердің жары – Дәметкен Үсенова мен ақынның ұрпақтары мен жерлестері қатысты.

Ақын атындағы мұражайға оның көзі тірі кезінде қолданған заттары, домбырасы, құндыз бөрігі, шапаны, жазу машинасы, қолжазбалары тағы да басқа жеке заттары қойылған. Қимадиден ақын ел аралап жүрген сәттерінде фотоапаратын қасынан тастамаған екен. Өлке тарихын жинақтаумен айналысқан Қ.Нығманов өңірге белгілі азаматтардың фотосуреттерін түсірумен де айналысқан. Бүгінде бұл мұражайда өнер иесінің кезінде өзі түсірген көне суреттері сөйлеп тұр.

Халқы еркелетіп Қимаш ақын атап кеткен қаламгердің құрметіне арналған əдеби шара аудан орталығында жалғасын тапты. Бұл күні ақынның екі кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Ақдидар» және «Өмір жаңалықтары» кітаптары оқырман қауымға жол тартты.  

Салтанатты жиын барысында аудан əкімі Қаршыға Арынов əдебиетсүйер ағайынды қуанышты сəтпен құттықтады.

-Қимадиден Нығманов өңір тарихын жазуда елеулі еңбек сіңірген тұлға. Тарихтың ащы шындығы мен жаңа өмірдің жаңалықтарын қағазға түсіріп, артына өшпес мұра қалдырған қаламгердің әрбір дүниесі болашақ ұрпақ үшін құнды. Ақын есімін есте сақтап, мәңгілік құрметтеу жас ұрпақтың парызы. Қ.Нығмановтың әлі ешқайда жарияланбаған туындылары көп. Ақынның мол мұрасын халыққа насихаттау мақсатында «Ақтоғай рухани жаңғыру» қоры ақынның «Ақдидар» кітабын жарыққа шығаруды жөн деп таптық, - деді аудан әкімі.

Өмірден ертерек озған ақынның қолжазбаларын көзінің қарашығындай сақтап, тұтынған заттарын осы күнге қаз қалпында жеткізген Қ.Нығмановтың жан жары Дәметкен Үсенова. Аудан әкімі Қаршыға Зәлмұқанұлы шара барысында Дәметкен апаға құрмет көрсетіп, иығына қамзол жапты.

Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Арман Қани қаламгерге қатысты кешегі күндерден естеліктер айтты. Ол Қимадиден Нығмановтың суырыпсалма өнер иесі екендігіне ерекше тоқталып өтті. Қимаш ақын республикалық аламан айтыстарға Ертіс – Баян өңірінен топқа түсіп, сан додаларда аймақ намысын абыроймен қорғады.  

Шара барысында мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқып, өңірге белгілі өнерпаздар әндерін шырқады. Сондай-ақ көрермендер «Мен Нығмановты оқимын» атты эстафеталық челленджге қатысушылардың өнерін тамашалады.  

Ақынның қолжазбаларын зерделеп, жинақтап, баспаға дайындаған азамат - белгілі айтыскер ақын, журналист, Қ.Нығмановтың жиені Бейбіт Бөжен. Ол атадан қалған асыл мұраны жарыққа шығару мақсатында соңғы бірнеше жылда көз майын таусып еңбектенді. Нәтижесінде, «Ақдидар» және «Өмір жаңалықтары» кітабы оқырманмен қауышты.

Қимадиден атамыз көзі тірісінде «Ақдидар» кітабын баспаға өзі дайындаған еді. Жыр жинағының алғысөзін Мұқағали Мақатаев жазады. Ал Қадыр Мырзаәлиев, Әзілхан Нұршайықов, Жұбан Молдағалиев бастаған сол кездегі қазақ әдебиетінің классиктері бұл кітапқа рецензия жазған. Кітап басылып шықса, атамыз КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданатын болады. Өкініштісі, ақын науқастанып өмірден өтіп кетеді де, кітап жарыққа шықпай қалады. Бүгін Қимаш атамыздың асыл арманы орындалғандай болды. Ақынның бұрын еш жерде жарияланбаған туындылары осы кітапқа енгізіліп, аудан әкімдігінің қолдауымен қайта жарық көріп отыр. Атамыздың қолжазбаларын жинақтай отыра, өңір тарихына қатысты көптеген дүниелерге куә болдым. Ақын аманатын жарыққа шығару маған үлкен жауапкершілік жүктеді,- дейді Бейбіт Бөжен.

Ал «Өмір жаңалықтары» кітабының басылып шығуына қаламгердің ұрпақтары демеушілік жасаған. Бұл кітапқа ақынның 5 жасынан бастап өмірінің соңына дейінгі өңірде болған түрлі тарихи оқиғалар енгізілді. Қуғын-сүргін, алапат аштық жылдары, Ұлы Отан соғысындағы зұлматты кездердегі елдің тұрмыс-тіршілігі, елеулі оқиғалардың барлығын осы кітаптан оқуға болады. Қаламгердің мол мұрасын жинақтаушы Бейбіт Бөженнің айтуынша, Қимаш ақынның Жақсыбай абыз Құттықадамұлы туралы тарихи деректерге толы кітабы баспаға дайындалу үстінде.

Қолына қалам мен қаруды қатар ұстап, Ұлы Отан соғысына қатысқан жылдарда, майданнан елге оралған соң да Қимаш ақын сүбелі шығармалар жазды. Сол кездегі «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетімен шығармашылық байланыста болды. Мәселен, қаламгердің «Мақаштың ерлігі», өлеңдер топтамасы, «Еділ құрбаны» дастаны оқырман жүрегінен орын алды.

Естай өлеңдерін зерттеп, зерделеп, Иса ақынды өзіне ұстаз тұтқан азаматтың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі жайлы ауыз толтырып айтуға болады. Сан алуан өнерді бойына тоғыстырып, Қимаш ақын – қимас ақын атанған аймақтың айтулы тұлғасының еселі еңбегі елімен бірге жасай береді.  

Алпысбай ХОНЖ

Павлодар облысы