• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Қазан, 2019

Қырғыз елі Абайды ардақтады

902 рет
көрсетілді

Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің бастамасымен 15 қазанда Бішкек қаласының Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде «Қырғыз-қазақ – бір туған» тақырыбында үштоғысты іс-шара өтті. Ол ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбайұлының қырғыз тіліне тәржімеленген өлеңдерінің «Өлөң – сөздүн падышасы» атты жинағының тұсаукесерімен басталды.

–Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­лы­ғымен 2020 жылы қазақтың ұлы ақыны және жалпы шығыс жұртына ортақ тұлға – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы атап өтіледі. Ұлы ойшылдың ме­рей­тойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ ұйымдарының ая­сын­да тойланатын болады. Осы­ған орайлас, Қазақстанның ел­ші­лігінің қолдауымен Абай Құ­нан­байұлының таңдамалы өлең­дерінің қырғыз тіліндегі аудармасы «Өлең – сөздің патшасы» деген атау­мен жарық көріп отыр, – деді Қазақстан Республикасының Қыр­­ғыз Республикасындағы Тө­тен­ше және өкілетті елшісі Қай­рат Нұр­пейі­сов рәсімнің бас­талуында.

Елші Абайдың бірқатар өлең­дерін қырғыз тіліне кеңес заманы тұсында аударған көр­некті қыр­ғыз ақындары – Социалистік Ең­бек Ері Аалы Токомбаевтың, Қыр­ғыз Респуб­ликасының Ба­тыры Соорон­бай Жусуев­тің ең­бе­гін ерек­ше айтып, сондай-ақ жинақта қо­­мақты орын бе­ріл­ген бұрын аударыл­маған өлең­дерді қырғыз жұртына танытып отырған кейінгі буынның, әсі­ресе қазіргі жас, талантты ақын­дардың талпынысы жақсы ны­шан екенін атап өтті.

Іс-шараның қырғыздың ұлт­тық универ­ситетінде ұйымдас­тырылуына ұйытқ­ы болған осы оқу орнының проректоры Са­дык Алахануулу Тиллебаев өз ке­зегінде Абай Құнанбайұлының шығармаларының маңы­зына тоқталып, олар қырғыз елі үшін аса құнды көркем дәулет, асыл қа­­зы­на екенін тілге тиек етіп, «Ұлы ақынның еңбектерін екі елге бір­дей ортақ мирас» деп айт­­сақ жа­раса­ды» деп сөзін тұ­жы­рым­дады.

Одан кейін сөз алған Қырғыз Республика­сының халық ақыны Гүлсайра Момунова 1944 жылы жеке кітап болып шыққан Абай жырлары қырғыз ақындарының бірнеше буыны сабақ алған поэзия мектебі болғанына тоқталып, «ақын болған соң, ишарасын жасайын» деп, қазақ елі және Абай туралы өлеңдерінен үзінді оқып берді.

Казагым, боорум, өзүмсүң,

Қарегим-кара көзүмсүң.

Эмне десем жарашкан,

Куюулуп түшкөн сөзүмсүң,

Баурум деген кезиңден

Бал тамган таттуу сөзүңдөн,

Ак көңүл барпаң казагым,

Айланып кетем өзүңдөн!

                * * *

Абайдай уулу Адам бар,

Ала-Тоодой караан бар.

Пенденин ою жетпеген,

Аскасы бийик дабан бар.

Чыгышта ар бир акындын,

Устаты болуп калган бар.

Ойго бай, терең ырлардын,

Ордосу болуп калган бар.

Содан кейін Гүлсайра апай қырғыз әншілеріне қосылып, Абай­­дың «Айттым сәлем, Қа­лам­­қас» әнін нәшіне келтіре орындап, көпшілікті шат­тыққа бөледі. Осылайша ресми іс-шараның өзі Абай айтқандай, «құлақтан кіріп, бойды алған» ғажап, әсерлі сәтке айналып шыға келді.

Дөңгелек үстелге қатысушы­лар­­дың Абай шығарма­шы­лығы туралы пікірлерінен кейін «Қыр­ғыз-қазақ – бір туған» тақы­рыбы­ның шеңберінде келелі ой-пікір­лер басталды. Кіріспе сөз Қазақ­станның Қырғыз Республи­ка­сындағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Қайрат Нұрпейісовке берілді.

–Бүгін Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан үшін атаулы күн, яғни 1992 жылы 15 қазанда Қа­зақ­­стан Республикасы мен Қыр­ғыз Рес­публикасы арасында дип­лома­тия­­лық қатынас орна­ған. 1997 жы­лы 8 сәуірде екі елдің мемле­кет басшылары қол қойған «Мәң­гі­лік достық туралы шарт» ба­уыр­лас халқымыздың бірлігін мызғымастай бекемдеді, – деген Қ.Нұрпейісов алқалы жиынның маңызына тоқталды. Дөңгелек үс­телдің мақсаты – қазақ пен қыр­ғыз халқының туыстығы мен дос­тығын нығайту, екі ел­дің тату көршілігін насихаттау, кей­бір са­лалардағы түйінді мәсе­лелер бойынша ұсыныстар беру. Елші Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Назар­баевтың «Қазақ пен қырғыздан жақын халық жоқ» деген аталы сөзін Қырғыз­станның Президенті Сооронбай Жээнбеков те берік ұстанып отырғанына тоқталды. – XIX ғасырдың ортасында ағартушы-ғалым Шоқан Уәлиханов «Ма­нас» эпосын алғаш рет қағаз беті­не тү­сіріп, оның ғылыми тұр­ғыдан зерт­телуіне жол аш­қан. Жамбыл мен Тоқтағұл қа­тар шапқан дүлдүл ақын еді, Шың­ғыс Айтматов Мұх­тар Әуезовті ұстаз тұтты, екінші Мұхтар – Ша­ха­нов Шыңғыс Айт­матовпен аға-дос болды, мұның бәрі бола­шаққа үлгі. Қазақ пен қыр­ғыздың бас­панасы – киіз үй мен боз үй­дің адамзат мұрасы ре­тін­де ЮНЕСКО-ның тізіміне бір аталыммен кіргізілуі екі елдің туыс­тығын, рухани жақындығын әлем­ге айқындап берген зор оқиға. «Өсер елдің баласы, бірін бірі ба­тыр дейді» демекші,  ежелден құ­да-құдандалы болған, бірін-бірі іздей­тін бауыр – қазақ пен қырғыз қай заманда да тату-тәтті тіршілік ете береді деген сенімдемін, – деп сө­­зін түйіндеді.

Елшіден кейін сөз алған қыр­ғыз­дың белгілі публицист-қалам­гері, «Қырғызфильм» ки­но­­сту­дия­сының бас режиссері Баян Сарыгулов қырғыз-қазақ ын­­ты­мағын дәріптеген деректі фильм түсіріп жатқанын хабарлады. Өскелең технологиямен фильм түсіруді меңгерген режис­сер «Ғы­­лымда әр нәрсенің коды бар. Адам­ның коды – тіл, ал енді қыр­­ғыз бен қазақтың коды бір» деп, жақында Бішкекте болып өткен қазақ-қырғыз ақын­дарының ай­тысында зал­дағы қырғыз көрермендері қа­зақ ақын­­дарының төгілген жырла­рын қазақтай түсініп, ду қол ша­­­па­лақтап қуаттап отырғанын мы­­салға келтірді.

«Қырғыз-қазақ – бір туған» та­қы­рыбын­дағы пікірлерін КСРО-ның халық әртісі Кайыргүл Сарт­баева, Қырғызстанның халық әр­тісі, «Манас» орденінің ие­гері Дарика Жалгасынова, та­рих­шы-сарапшы Жумагул Байдил­деевтер жал­ғас­тырды. Д.Жалгасынова сонау 1939 жылдары қырғыз-қазақ өнер қайраткерлерінің кезек-кезе­гімен Мә­с­кеуде болған онкүндігінде бас­талған екі елдің театр сала­сын­дағы байланысы бүгінге дейін үзілмей келе жатқанын сөзіне арқау етті. Сол жылдары Қырғыз опера және балет театрында «Қыз Жібек» опе­расы сәтті қойылып, қырғыз елі­н өзіне баурап ал­ған. Тарихшы Ж. Байдилдеев ар­хивтік деректерге сүйеніп,1920 жыл­дардағы қырғыз-қазақ қарым-қатынасы жөнінде екі кітапты қа­тар жазып бітіріп, тұсаукесерін осындай алқалы жиында өткізуді жос­парлап отырғанын жариялады. Кітаптың біреуі қазақ пен қыр­ғыздан шыққан Алаш арыс­тарына арналған.

Іс-шараның үшінші бөлігінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталған Қазақстан хал­қына Жолдауы, оның негізгі маз­мұны егжей-тегжейлі заманауи­ цифрлы технологияның қос­тауымен елге таныстырылды. Іс-шараға келген Қырғызстанның бұ­қаралық ақпарат құралдарының өкіл­дері ақпараттарды іле-шала таратты. Сондай-ақ осы іс-шараға арнайы шығарылған Жолдаудың қыр­ғыз және орыс тілдерінде жа­рық көрген біріктірілген кітап­шасы алқалы жиынға қатысу­шыларға үлестірілді.

 Назарбек БАЙЖІГІТОВ