Испания автономиясы саналатын Каталонияда халық көтеріліске шығып, ел іші қарулы қақтығыстардың ошағына айналды. Шиеленістің себебін Испания сотының Каталония тәуелсіздігі үшін күресушілерді қамауға алу шешімімен байланыстырады. Қақтығыс нәтижесінде зардап шеккендердің саны күн санап өсуде. Әуежай мен автожолдар жабылған. Ереуілдің қашанға дейін созылатыны халыққа да, билікке де белгісіз. Ал наразылықты ұйымдастырушылар істің соңына дейін күресуге бел байлаған.
14 қазаннан бастап Испания қалаларының бірқатарында, әсіресе Барселонада мыңға жуық адам наразылық акциясына шығып жатыр. Наразылардың көбі – жастар. Ұйымдастырушылар акцияны «Демократия цунамиі» деп атапты. Бір қызығы, ұйымдастырушылар бұл наразылық алдын-ала жоспарланбағанын айтады.
Каталонияның тәуелсіздігін талап еткен жастар авто және темір жолдардың жұмысына кедергі жасауда. Билік Испаниядағы үлкендігі жөнінен екінші саналатын «Эль-Прат» әуежайын жабуға мәжбүр болды. Ереуілшілер бұл әрекетімен әлемнің назарын өздеріне аудармақ ниетін жасырмады. Олардың ойынша, бұл – Испанияның ғана емес, әлемдегі демократияның мәселесі. Алғашында бейбіт акция ретінде басталған наразылықтың соңы төбелеске ұласып, қару қолдануға алып келді. Шеруге шыққандар қаладағы бірқатар қоқыс контейнерін өртеп, қарулы күштер қызметкерлеріне шабуыл жасады. Полиция да ереуілшілерге оқ атты. Дер кезінде тоқтатпаса, Барселонаның туристік орындарына қауіп төнуі мүмкін дейді қала басшылығы. Өйткені ереуілшілер өртеп кеткен қоқыс контейнерлерінің ұшқыны белгілі архитектор Антонио Гаудидің еңбегі Ла Педрерудің маңына түскен. Ресми ақпаратқа сүйенсек, ереуіл басталған бірінші күннің өзінде-ақ 131 адам зардап шегіп, 50 адам ұсталған.
17 қазанда ереуіл ауқымы ұлғайып, ушыға түскен. Бұл жолы 40 мыңға жуық халық бас көтерді. Алаңға жиналғандар автокөліктерді өртеп, тәртіп сақшыларына жарылғыш заттар мен тас лақтырған. Ал полиция тікұшақтан пиротехникалық ракеталар жаудырған. Бір түннің ішінде қала бойынша 500-ге жуық өрт тіркелген. Құқық қорғау органдарының 54 қызметкері мен 18 ұлттық полиция қызметкері жарақат алған. Ал қамауға алынған ереуілшілер саны – 50. Бір ғана Барселонадан – 29, Таррагонеден –14, Льейде қаласынан 8 адам ұсталыпты.
Жағдайдың үдей түсуіне Испания құқық қорғау органдарының Каталония сепаратистерінің көшбасшыларын 9-13 жылға қамау үкімі себеп болып отыр. 2017 жылы бірнеше белсенді Каталонияның тәуелсіздігі туралы заңсыз референдум өткізуді қолға алған еді. 2 жыл бойы Мадрид сотында қаралған істің үкімі 14 қазанда жарияланды. Сонымен бірге сот Каталонияның экс-президенті Карлес Пучдемонды экстрадициялау талабын қайта қолға алып отыр. Оны да бірнеше жыл бұрын сепаратизмге қатысы бар деп айыптаған еді. Карлес Пучдемон бүгінде Бельгияда бой тасалап жүр.
Ал Каталония аймағының қазіргі президенті Ким Торра белсенділерді қамау демократияға нұқсан келтірумен тең дейді. Ол құзырлы орган өкілдерінен саяси тұтқындарды босатуын, репрессияны тоқтатуын сұрады. Ақпаратқа сүйенсек, қамалғандардың арасында ең ұзақ мерзімге кесілгені Ориол Жункерас екен. Оған 13 жыл бас бостандығынан айыру үкімі шығарылған. Заңсыз референдумға қатысы бар деп танылған Рауль Ромева, Жорди Туруль, Долорс Бассаларға 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ориол Жункерас Reuters-ке берген сұхбатында белсенділерді қамау Каталония тәуелсіздігі үшін күресушілерді жігерлендіре түсетінін, қозғалысты тоқтатпайтынын айтты. Испания үкіметі де белсенділерді тыңдауға әзір екенін білдірді. Мәселен, сәрсенбіде Испания үкіметінің басшысы Педро Санчес үш белсендімен кездесіп, олардың ойын тыңдап қайтты.
Испания басылымдарының болжамына қарасақ, ереуілшілер легі әлі де сейіле қоймайтынға ұқсайды. Наразылар жақын арада акцияларын Мадрид көшелерінде де жалғастыратынын айтқан. Бейбіт акцияның мұндай қантөгіске ұласатынын ешкім де болжамаған. Сондықтан зардап шеккендердің саны алдағы уақытта арта түсуі мүмкін. 10 қарашаға кезектен тыс парламент сайлауын белгілеген Испания билігі үшін мұндай бассыздықтың жалғасуы жақсы емес. Мұны білетін ереуілшілердің де артқа шегінер ойы жоқ. Каталония Испанияның ең бай аймағы екені де белгілі. Халқы республика бойынша ең үлкен салықты төлеп отыр. Бұл жолғы көтерілістің арты 2017 жылдағыдай биліктің елемеуімен не наразылардың қалауын орындауымен аяқталары белгісіз. Бұл ахуал Испания ғана емес, әлем жұртшылығын алаңдатып отыр.