• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Қазан, 2019

Бизнестің дамуына бастаған форум

153 рет
көрсетілді

Шығыс пен Батыс түркілерінің арасын жалғап тұрған алтын арқау – Әзербайжанның астанасы Бакуде салтанат құрған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті алыс-жақын шетелдік БАҚ назарынан тыс қалған жоқ. Жетінші рет өткен саммиттің жетістіктері мен мемлекет басшыларының мәмілесі туралы басқа басылымдардың не дейтінін шолып өтсек.

Жарыса жазылған жаңалықтар­дың алды – Өзбекстанның Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше болуы. Алғашқылардың бірі болып хабарды Қырғызстандық Еlgezit басылымы жариялады. Басылымның жазуынша, Өзбекстан кеңеске қосылу ниетін 2018 жылы 3 қыркүйекте Чолпон-Атада өткен  алтыншы жиында білдірген. Бұл жаңалық кеңесті құру шешімі қабылданған Нахчыван келісімінің он жылдығына тұс келіпті. Естеріңізде болса, осыдан он жыл бұрын, 2009 жылы Әзербай­жан­да түркітілдес мемлекеттер – Әзер­бай­жан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия президенттері Түркі кеңесін құру жөніндегі тарихи құжатқа – Нахчыван келісіміне қол қойған болатын.

Түркияның TRT AVAZ арнасы биыл Түрікменстанның да кеңеске қызығу­шылық танытқанын, бақы­лаушы мемлекет болуға бейілді еке­нін хабарлады. Осы ретте Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы Түр­кі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев­тің Ашғабатқа аттанатынын, мұның кеңестің аймақтағы рөлін арттыра түсетінін мәлімдеді. Сонымен қатар арна Әзербайжан Президенті Илхам Әлиевтің Түркі кеңесін құру туралы бастама көтеріп, елдер арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына  ерекше үлес қосқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Түркі әлемінің жоғары орденімен салта­натты түрде марапаттағанын хабар­­лайды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Сооранбай Жээнбеков баста­ған Қырғыз елінің Кеңестегі төраға­лығын жоғары бағала­ғанын да айтып өткен.

Daily Sabah газеті Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған экономика, ынтымақтастық мәселелерімен қатар аймақтағы терроризмге қатысты ойымен бөліскенін жазады. Ақпаратқа сүйенсек, Түркия Президенті мұндай ғаламдық проблеманы шешудің бірден-бір жолы бірігу екенін айтқан. Осы орайда Түркия жүргізіп жатқан Сириядағы әскери опе­рацияның мақсаты босқындарды еліне қайтару екенін, бүгінде 3 миллион си­рия­лықты Түркия­да паналатқандарын айтып, бауырлас елдерді Сирияға қолдау көрсетуге шақырған. Сонымен бірге ол Түркі кеңесінің мәртебесі БҰҰ Қауіпсіз­дік Кеңесі мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы секілді деңгейге көтерілетініне сенімін білдірген. Оған қоса Бакудегі шараның қатысушы елдердің экономикасына қатысты жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектесетінін айтқан. Доллардың Түркия экономикасына ықпал етуін төмендету керектігін, Каспий дәлізінің Түркия экономикасы үшін маңызы туралы да сөз қозғаған. Режеп Тайип Ердоған бұл бағыттағы жұмысты ілгерілету кедендік ынтымақтастықты күшейтуге тікелей байланысты екенін де ескертіп өткен. Коммерциялық қарым-қатынасқа кедергі келтіріп отырған барлық квотаны алып тастауы да арадағы байланысты нығайта түсерін Түркия Президенті назарға алыпты. Одан кейін Әзербайжанның үлкен мәселесіне айналған таулы Қарабахқа қатысты бітпеген дауды бейбіт жолмен шешуді қолға алу керектігін жеткізген.

Ресейдің ТАСС агенттігі кеңес күн тәр­ті­бін­дегі негізгі мәселелердің бірі орта және кіші бизнесті дамыту екенін атап өткен. Агенттік Түркі кеңесінің Бас хат­шысы Бағдат Әміреев Кеңеске мүше мемлекеттер арасын­дағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән беріліп, күн тәртібінің негізгі тақырыбы шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде кеңінен сөз қозғалғаны туралы жазады. Түркі кеңесінің аясында 17 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында құрылған Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы Кеңеске мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға үлкен үлес қосатыны айтылған. Сонымен бірге өткен аптада Ташкентте 500 кәсіпкердің қатысуымен кең көлемде бизнес форум өткені туралы, Бакуде де дәл осындай үлкен бизнес форум ұйымдастырылғаны туралы хабарлайды. «Осы екі форумда ондаған келісімге қол қойылды. Осы жылдың экономика саласындағы тағы бір маңызды бастамасы – Түркі инвестиция қоры. Аталған қор шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қолдау арқылы елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығына серпін беруі тиіс» делінген агенттік хабарламасында.

Басқосуда Түркітілдес мемлекеттер­дің ынтымақтастық кеңесіне төрағалық еткен Қырғызстан тізгінді Әзербайжанға табыстайтынын, Баку де өз кезегінде бауырлас мемлекеттер арасындағы эконо­микалық серіктестікті дамытуды қолға алатынын хабарлағаны да ресейлік агенттік ақпаратында көрініс тапқан.

Әзербайжанның Turan тәуелсіз агент­тігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Түркі­тілдес мемлекеттердің ынты­мақ­­тас­тық кеңесін Түркі мемлекет­терінің ұйымы деп атауды ұсынғанын хабар­­лайды. Агенттіктің хабарлауын­ша, Елбасы Кеңес атын өзгертумен қатар 2040 жылға дейінгі даму жоспарын ойластыруды да ұсынған. «Нұрсұлтан Назар­баев кеңес сөзін ұйыммен алмас­тыру к­еңес­тің маңызын да, деңгейін де жоғары­лататынын айтты» делінген хабарламада.

Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастық кеңесі шеңберінде Прези­денттердің екіжақты кездесулері де бір­қатар БАҚ назарынан тыс қалмады. Кеңеске мүше елдердің ұлттық басылымдары мен арналары биылғы жиыннан көптеп ақпарат берді.