Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты өзінің ең алғашқы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы кезеңге арналған даму мақсаттары мен міндеттерін айқындап берді.
Жолдаудың басым бағыттарының бірі ретінде білім берудің сапасын жақсартуды атап өтті. Жоғары білім саласында мамандар даярлауға және мамандарды жұмысқа орналастыру талаптары күшейтілетін болады.
Жолдау барысында Мемлекет басшысы оқытушылар мен ұстаздардың әлеуметтік жағдайына да көңіл аударды. Келесі оқу жылынан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өсетінін және 4 жыл ішінде еңбекақысы екі есе артатынын айтып кетті. Бұл орайда ЖОО оқытушыларының еңбекақысы мемлекеттік грант бағасына байланысты болғандықтан, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің мемлекеттік грант бағасын қайта қарау туралы ұсынысы өзекті екенін айта кету керек.
Президент еліміздегі ғылым саласының тиімділігі мен сапасына аса көңіл аударуды тапсырды. Тағы да бір қолдау тапқан мәселе – шағын және орта бизнесті дамыту. Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес іске асыруымыз керек бірқатар құрылымдық міндеттердің бірі ретінде тиімді шағын және орта бизнесті дамыту – қала мен ауылды дамытудың негізі екенін атап өтті. Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді.
Егер дамыған елдермен салыстыратын болсақ, мысалы, Ұлыбританияда шағын және орта бизнес ІЖӨ-нің 80 пайызын құрайтын болса, Қазақстанда қазіргі таңда 27 пайыз төңірегінде болып тұр, ал 2050 жылға дейін 50 пайызға жету межесі тұр. Сондықтан аталған бастама шағын және орта бизнес дамуына серпіліс беретіні сөзсіз.
Осыған орай, Yessenov University-де кәсіпкерлік білім беру бағытында Каспий өңірі жастарының, жаңа бастаушы кәсіпкерлердің және оқытушылар құрамы арасында инновациялық-кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, келешекте стартап идеяларды табысты бизнеске айналдыру мақсатында «Сaspian Еntrepreneurship Сenter» орталығы құрылды. Мұнда студенттердің бизнес идеяларын, стартап жобаларын дамытуға қолдау көрсету арқылы өңірдегі шағын бизнестің дамуына үлес қосу көзделген.
Мемлекет басшысы туризмді дамытуға, әсіресе экономиканың маңызды саласы ретінде эко және этнотуризмді дамытуға ерекше назар аудару керектігін тапсырды. Бұл орайда, Маңғыстау өңірі өзінің географиялық табиғаты, тарихи құнды байлығы бойынша осы бағытта жұмыстарды жандандыруға мүмкіндігі зор екенін керек. «Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылымды, бірінші кезекте жолдарды салуды қамтамасыз ету, сондай-ақ білікті мамандарды даярлау маңызды» деп айтылғандай, қазіргі таңда университетте туризм саласына мамандар дайындау – маңызды міндеттердің бірі болып тұр.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың ерікті қызметке қатысуын кеңейту, оларға белсенді өмірлік ұстаным дағдыларын қалыптастыру өзекті, маңызды, азаматтық қоғамды нығайтуға негізделген жұмыс екендігі де Жолдауда айтылды. Бұл орайда, университетте жақсы бастау алған «Қоғамға қызмет» пәнінің аясында үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік мекемелермен бірлескен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мүгедектер мен қарттарға арналған қайырымдылық акциялар өткізіп, 1500-ден аса ерікті студент қатысқан жүзден аса әлеуметтік жоба іске асырылды. Осы орайда, осы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев университетке келгенде оқу орнының осы бағыттағы жұмысына оң баға бергендігін айта кету керек.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басымдықтары мен бастамаларын, оның қуатты мемлекет қалыптастыру жолындағы күш-жігерін шын жүректен қолдап, жүзеге асыру – баршамыздың мақсатымыз бен мұратымыз.
Берік АХМЕТОВ,
Yessenov University ректоры
Маңғыстау облысы