• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қазан, 2019

Тұңғыш Тіл форумы өтеді

385 рет
көрсетілді

Әлі күнге дейін қоғамдық өміріміздің барлық саласында күнделікті қолданыс құралы бола алмай отырған қазақ тілінің бүгінгі жағдайы қай-қайсымызға да жақсы мәлім. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді», деп мәлімдеуі алдағы жылдар кезеңіне жаңа міндеттер жүктегені рас. Елімізде ғылым, білім, бизнес, медиа сынды алпауыт сала мамандары бас қосып, тұңғыш рет Тіл форумын өткізбек. 

Президент жанындағы Орта­лық коммуникация қызме­тінде өткен бри­финг­­те «Жаһандану және ұлт­та­­ну үдерісіндегі қазақ тілі­нің өміршеңдігі» атты рес­пуб­ликалық тіл форум­ы­н­ың маңызы, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің келешегін айқындау мақсаты жан-жақты тар­қа­тылды. Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ұлт бірлігін ны­ғай­­тудың маңызды факторы ретінде саналатын қазақ тілін мемлекеттік қыз­мет және қоғамдық-саяси, әлеу­мет­тік кәсіпкерлік сала­сы­­ның барлығында да батыл қолданысқа енгізіп, қазақ­стандықтардың өмір­лік қажетіне айналдыру қолға алынып отырған мем­ле­кет­тік бағдарламаның бас­ты стратегиялық мақсаты екен­ді­гін айтып өтті.

– 24 қазанда өтетін Тіл форумының басты мақсаты – Қазақстандағы қазақ тілінің болашағы мен келешегін өркендету, өрістету. Сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасы тапсырмасымен қолға алынған қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру мәселесіне бай­ланысты кезең-кезеңімен атқарылған жұмыстарды тал­қылау, алдағы бағыт-бағ­дарымызды анықтау. Қазір Мәдениет және спорт минис­трлігі мен «Тіл-Қазы­на» ұлттық ғылыми-практи­калық орталығы тарапынан көптеген қоғамдық пікір­­лермен санасу мақса­тын­да ғалымдармен, бұқара халықпен кездесулер және терминология, латын әліпбиі бойынша оқыту бағытында бағдарламалар жүргізіліп жатыр, – деген вице-министр форум аясында жыл бойы атқарылған жұмыстар ретінің толық есебі берілетінін атады. Оның айтуынша, форум барысында жаңа әліпбиге негізделген оқыту және үйрету әдістемелерін әзірлеу, сонымен бірге латын графикасын IT технологияларға ақпарат кеңістігінде бейім­деу бо­йынша сарапшылар әзірлеген өнімдер таныс­ты­рыл­мақ.

Мемлекеттік тілдің қол­даныс аясын кеңейту мәсе­ле­лері туралы сөз қозғаған Шайсұлтан Шаяхметов атын­да­ғы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орта­лы­ғы» КеАҚ-ның бас директоры Әлібек Асқар аталған форум жұмысына 500-ге тарта түрлі сала мамандары қаты­сатынын жеткізді.

– «Тіл-Қазына» ұлттық ғылы­ми-практикалық орта­­лы­ғы Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графика­сы­на көшіру бойынша бірнеше бағытта жұмыстар жүр­гізіп келеді. Ең алды­мен әліпби және оның емле ережелеріне байланыс­ты сауалнама, сынама жұмыс­та­рын жүргізу қолға алынған еді. Нәтижесінде халық көзқарасының оң екендігі байқа­лды. Оларға бодандық сана­дан құтылудың бір жолы сияқты көрінеді. Көше­ге шықсаңыз да жарнама, түрлі мекеме атаулары латын қарпімен жазылып жатады. Форумда әр облыс атқарылған жұмыстар реті бойынша өзінше есеп беретін болады. Сонымен қатар емле ережелерін үйрету курстары ұйымдастырылып, мұғалімдер мен әдіскерлерге жаңа емле бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйектен бастап Орталықтың жанынан емле ережелерін үйретуге арналған оқу сыныптары ашылды. Орталықтың басты мақсаты – жаңа әліпбиді меңгерген білікті мамандар даярлау, – деп түйіндеді сөзін.

Форумда әліпби мен қазақ тілін оңай әрі тиімді жолмен үйрететін заманауи интерак­тив­ті құралдардың көрмесі өтеді. Секция жұмыстары Ғылым, білім және тіл; Бизнес және тіл; Заң және тіл; БАҚ және тіл; Мемлекеттік тіл болашағы – жастар болашағы; Өңірлердегі тілдік ахуалды талдау сынды бірнеше бағыт­тар­ды қамтитын болады.

– Өздеріңізге мәлім, тарихта Тіл форумы деген дүние бұрын-соңды болмаған. Тұң­ғыш рет өткелі отырған форумда тіл мамандары мен осы саланың сарапшыларын ғана шақырмаймыз, Мем­ле­кет­тік тілдің құ­жат­тар, іс-қағаз­дар жүргізу сала­сын­дағы мәселелері шаш етек­тен. Сол сияқты бизнес орта қазақша сөйлемей мемле­кет­тік тіл өз тұғырынан көрін­бей­тініне көзіміз жетті. Қо­р­даланған мәселерді шешу үшін бизнес пен мемлекет арасындағы байланыс­ты­рушы «Атамекен» кәсіпкер­лер палатасы сынды ірі ұйым өкілдерін шақырып, бірге талқылаймыз, – дейді Шайсұлтан Шаяхметов атын­­дағы «Тіл-Қазына» ұлт­тық ғылыми-практикалық орта­лы­ғы» КеАҚ-ның ғалым хатшысы Анар Фазылжан.

Секциялық жұмыстар бары­сында мемлекеттік тіл­дің бизнес, ғылым, білім, БАҚ салаларындағы қолда­ны­сын кеңейту, қазақ тілін меңгертудің заманауи әдіс­те­месі, жаңа әліпби емле­сі­не қатысты мәселелер бойынша пікірталас өтеді.