Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.
Жиынға Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Өңірлердің әкімдері отырыс жұмысына селекторық байланыс арқылы қатысты.
Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы өскелең ұрпаққа мемлекеттік сана қалыптастыру, оларды отаншылдыққа тәрбиелеу жөніндегі басты идеологиялық бағыттардың түп-төркінінде мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мәселесі тұрғанын ерекше атап өтті.Басқосуда Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев сөз сөйледі. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова Мемлекет басшысының мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық наградалар саласында берген тапсырмаларының орындалуы және Республикалық комиссияның 2020 жылға жұмыс жоспарын бекіту тақырыбында баяндама жасады. Министр мемлекеттік рәміздерді дайындайтын шетелдік кәсіпорындар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, 2019 жылдың 8 айында олардың импорт көлемі 3,4 млрд теңгені құраған. Осы орайда Ақтоты Райымқұлова стандартқа сай емес рәміздерді импорттауға тыйым салу қажеттігін айтып өтті. Сонымен бірге дайын өнімді шетелден сатып алатын кәсіпорындардың лицензиясын қайтарып алу қолға алынғанын хабарлады. Бұл тұрғыда комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев Сауда және интеграция, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірлесіп мемлекеттік рәміздерді дайындаушыларға арналған біліктілік талаптарын күшейту арқылы мемлекеттік рәміздерді елдің аумағында ғана өндірудің толық циклын қамтамасыз етуді және олардың импортына тыйым салу туралы тапсырма берді. Мәдениет және спорт министрі еліміздегі мемлекеттік рәміздерді жасап шығаратын кәсіпорындар арасында мониторинг жүргізілгенін хабарлады. Оның қорытындысы бойынша, лицензияланған 63 кәсіпорынның 29-ы ғана талаптарға сәйкес жұмыс істеген. Сауда және интеграция министрлігіне қалған кәсіпорындардың жұмысына тыйым салу керектігі айтылды. Одан кейін министр мемлекеттік рәміздерді дәріптеу мақсатында барлық мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде, ЖОО-ларда мемлекеттік рәміздер бұрышы барын еске салды. «Дегенмен, Қазақстанда геральдика, вексиллологиялық кешенді зерттеулер жоқ. Осыған қатысты базалар, еңбектер, арнайы мектептер, тіпті мамандар да жоқтың қасы. Бұл ретте арнайы орталық ашу қажеттілігі туындап отыр», деді А.Райымқұлова. Сонымен бірге министрлік тарапынан ведомстволық наградалардың дәрежелерін алып тастау, ұқсас наградаларды біріктіру, мемлекеттік ұйымдардың тақырыптық негізіне сай емес немесе мемлекеттік мекемелердің барлығына ортақ наградаларды алып тастау не біріктіру ұсынылды. «Мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалардың жалпы саны – 183. Оның 103-і медаль, 80-і төсбелгі. Наградалардың ең көбі Ішкі істер министрлігіне тиесілі. Ведомство атына 36 награда тіркелген, ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 27 награда бар. Кейбір министрліктердегі «Үздік автокөлік жүргізушісі» мен «Құрметті автокөлік жүргізушісі» сияқты ұқсас наградалар көп», деді министр. Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек патриотизмді насихаттау турасында сөз қозғады. Оның айтуынша, Nur Otan партиясының қолдауымен 10 қазанда Алматы қаласында биіктігі 40 метр болатын тутұғыр орнатылған. Сонымен қатар елімізде мемлекеттік туды қоғамдық орындарда пайдалануға, ілуге болмайды деген жалған стереотиптің барын айтты. «Түркияда, АҚШ-та мемлекеттік ту көше бойында, жеке аулаларда, қоғамдық орындарда ілулі тұрады. Ал бізде ол заңмен қудаланады деген қате түсінік бар. Осы орайда партия «Менің туым – менің Отаным» акциясын өткізіп жатыр. Акция негізінде мемлекеттік туымызды қоғамдық орындарда, туристік жерлерде, тіпті автобустарда ілу қолға алынды», деді Бауыржан Байбек. Сонымен бірге республикамыздағы облыс орталықтарының көбінде ту-тұғырлардын барын да атап өтті.Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов білім жүйесіндегі мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану саласындағы жұмыстар туралы баяндама жасаса, Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев пен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Е.Аймұқашев мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану бойынша жұмыс тәжірибесі туралы сөз сөйледі. Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев «Сайлау жүйесін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» медалін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, биылғы Президент сайлауына 48 000 бақылаушы қатысқан. Олардың ішінде мектеп мұғалімдері де, шетелдік сарапшылар да бар. Ал бұл ұсыныс қабылданған жағдайда, Дүниежүзілік сайлау күнінде, яғни ақпан айының алғашқы бейсенбісінде табысталмақ. Қ.Көшербаев бұл тұрғыда «Геральдика орталығын» құру керегін айтып, аталған мәселе сарапшылармен бірге талқыланатынын жеткізді. Жиын соңында комиссия төрағасы, Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев тарапынан облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығымен бірлесіп, барлық облыстар мен қалаларда мемлекеттік рәміздерді насихаттау орталықтарының ашылуын қамтамасыз етсін деген тапсырма берілді. Оған қоса Nur Otan партиясы бастамасымен қолға алынған «Менің туым – менің Отаным!» республикалық патриоттық акциясына жан-жақты қолдау көрсетілу керектігін айтты. «Уәкілетті органдардың, аудандық және қалалық әкімдіктердің, шалғайдағы ауылдық округтерде мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау саласындағы жұмысына бақылау күшейтілсін», деді Қ.Көшербаев. Ал Ұлттық экономика министрлігі, Сыртқы істер, Мәдениет және спорт министрліктеріне «жалпыелдік бренд» құру бойынша жұмыс нәтижесін комиссияның келесі отырысында таныстыруды міндеттеді. Отырыс соңында Республикалық комиссияның төрағасы тарапынан Мәдениет және спорт министрлігі, Әділет министрліктерімен бірлесіп мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларын оңтайландыру бойынша нақты іс-шаралар қабылдап, Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған Республикалық комиссияның 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту және орындау жөнінде тапсырма берілді.