Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Қазақ ССР Тілдер туралы» алғашқы Заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқаны үшін зиялы қауым өкілдеріне Мемлекет басшысының Алғыс хаттарын тапсырды.
Ана тілінің мерейін өсіріп, қолдану аясын кеңейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналу мәселесіндегі еңбектері үшін марапатталғандар қатарында «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Осман, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Ө.Айтбаев, халық жазушысы М.Шаханов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры К.Матыжанов, жазушы С.Елубаев, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Т.Жанұзақов, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары М.Құлкенов, Ұлттық аударма бюросының редакторы Н.Қожабекова, жазушы-публицист Ж.Кенебай, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы С. Смайылдың есімі аталды.
Әкімдіктегі кездесу тіл тағдырына алаңдап жүрген зиялы қауымның келелі мәселені тағы бір қозғап өтуіне себеп болды. Тіл жанашыры, ақын Мұхтар Шаханов осыдан отыз жыл бұрын қазақ тілінің тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңде қабылданған заң тарихына тоқталып өтті. Алайда, арада отыз жыл өтсе де тіл тағдыры айналасындағы түйткілді мәселелер шешімін тапқан жоқ. Жазушы Смағұл Елубайдың айтуынша, «Тіл туралы заңның солқылдақтығынан тілдің көсегесі көгермей келеді. Қағазға түскен заң далада қалды. Ана тілінде саясаткері де, зиялысы да сөйлегісі келмейтін біздей ел жоқ. Мекемелер басшылығында отырғандар қазақ тілін нашар меңгерген болса, шетелде оқитын жастарымыз орыс тілінде сөйлеуге құмар. Айдың, күннің аманында ана тілінде сөйлемеу – ата-бабамыздың алдында жасаған үлкен қылмысымыз», деп қынжылды қаламгер. Сондықтан алдағы қабылданатын тіл туралы дербес заңымыздың дамуына барша бұқара болып үлес қосуымыз қажет. Заң жобасы көпшіліктің талқылауынан өтуі тиіс, дейді С.Елубай. Мемлекеттік тілдің көсегесін көгертуде Алматы алдыңғы сапта болуы керек деген ұсыныс тастай отырып, тіл жанашырлары әкімге алты ай мерзімге тілге мораторий жариялау туралы да ойларын айтып қалды.
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек тіл, әдебиет, тарихты дамыту мәселесін саяси конъюнктура шеңберінен шығару керектігін айтады. Мемлекет стратегиясының маңызды салалары науқандарға қатыссыз үздіксіз дамуды қажет етеді. Бүгінде графикалық жүйеміз өзгеруде. Грамматика, фонетика заңдылықтары ғылымға тәуелді салалар. Латынға көшеміз дегелі іргелі істер атқарылды, тілшілердің біршама жағдайы да түзеліп қалғандығы әрине көңілге демеу. Десек те, тілді дамыту үшін түркі әлемінің жаңалықтары, дүниежүзілік заманауи жетістіктер басшылыққа алынуы қажет. Ал оны сапалы орындау үшін тілдің, әдебиет пен тарихтың заманауи талаптарын қолдану қажет.
Ал Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы қызметін бес жыл атқарып, оған дейін де тіл комитетінің тізгінін ұстаған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов қағаз жазумен, мәжбүрлеумен тіл мәртебесінің өспейтіндігін айтады. Ақпараттық кезең мен цифрландыру ғасыры әлемнің озық жетістіктерін қазақ тілінде сөйлетуді талап етіп отыр. Тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін білім мен оқулықтар мазмұны қазақ тілді заманауи ақпараттармен толықтырылуы қажет. Оның әдіс-технологиясын заманға икемдеп, теледидар, әлеуметтік желілерде қазақ тілді контентті көбейтіп, шетелдердің үздік деген фильмдерін қазақ тілінде сөйлету арқылы тілдің қолданыс аясын байыта алмақпыз. Ғалымның айтуынша, бүгінде орфографиямыздың да жайы мәз емес. Жастар қазақша оқымайды деген уәжімізді жиі айтамыз. Кезінде «Том Сойердің басынан кешкендері», «Капитан Гранттың балалары», т.б. қызықты шетел туындыларын өз әдебиетіміз сияқты қабылдап оқыдық. Алғашқыда аударма екенін де білмедік. Кітапханаларда кітапқа тапшылық деген болмады. Қалаған кітабымызды оқитын едік. Ал қазір қарама-қайшылыққа тап болдық. Мектеп бағдарламасында бар кітапты балалар не ғаламтордан, не кітапханадан іздеп таба алмайды. Интернет дамыды дейміз, шалғайдағы шағын мектептерге оқулық жетіспейді, ал ғаламтор қолжетімсіз. Бізге «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» сияқты жобалар керек. Аймақтарда заманауи технологиялардың қолжетімділігі балаларды артық салмақ арқалап жүруінен арылтқан болар еді. Сондықтан да әлемнің әр саладағы жауһарларын тұтынушысына қазақ тілінде жеткізу технологияларын жеделдету уақыт күттірмейді. Заманауи технологиялар арқылы аударма ісін жетілдіру де заман талабы. Ғылымның тілі, жаңалықтар тілі қазақ тілінде сайрап тұрса, кәнеки. Заңдарды қазақ тілінде жазу, кітапхана қорларын қазақ тілді оқулықтармен толықтырудың әлеуеті зор.
АЛМАТЫ