Рас, Қазақ елінің Тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш арыстары Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың сенімді серігінің бірі болған Мырзағазы Есболұлы қайта тірілгендей болды.
«Алаштың Мырзағазысы: қайраткерлік ғұмырнамасы және шығармашылық мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқандарды осындай сезім баурап алды. Өйткені А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мен осы білім ордасындағы «Рухани жаңғыру» кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен бұл конференция 1938 жылы нақақтан атылған күрескерге арналған алғашқы іс-шара болатын. Сондықтан конференцияның тізгінін ұстаған филология ғылымдарының докторы, профессор, «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі Алмасбек Әбсадық сөздің басын «Бүгін Алаштың Мырзағазысы ортамызға келді деп біліңіздер» деп бастады. Ал Мырзағазы Есболұлы кім болған еді?
Мырзағазы 1891 жылы Торғай облысындағы Қостанай уезіне қарасты Аманқарағай болысының Жолдыбай ауылында дүниеге келді. 1891 жылы патша өкіметі қазақ даласын қазыналық деп жариялағаннан кейін Аманқарағай болысының аумағына да қара шекпенділер қоныстанады, содан бүгінге дейін Жолдыбай ауылы тұрған жердің төңірегі Лаврентьевка деп аталады. Алғашқы сауатын болыстық мектептен ашып, кейін мұғалімдік мектепті тәмамдайды. Кейбір деректер бойынша, Мырзағазы Петербордағы мұғалімдік институтты (қазіргі Герцен атындағы Санкт-Петербург педагогикалық институты) бітіреді, кейін медициналық білім алады. Елдің, жердің мұңын мұңдаған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне мақалалары шығып тұрған. Тіпті Петербордағы «Мусульманская газетаның» тілшісі болады. Екі тілде бірдей жазған Мырзағазы 1923 жылы Ташкентте жарияланған «Түркістанда келімсектер орнаған аудандардағы жер мәселесі» атты кітап жазады. Онда Ресей патшалығының қазақ даласындағы отаршылдық саясатын қанын шығара сипаттайды. 1924 жылы ресейлік профессор Д.Кудрявскийдің «Как жили люди в старину» атты кітабын «Арғы мәдениет» деген атпен қазақ тіліне аударып басады.
Жасы едеуір кіші болса да, Мырзағазы аласапыран уақытта Алашорда көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақыптарға серік бола білді. Мысалы, 1916 жылы «Июнь жарлығына» байланысты қазақ даласындағы дүрбелең кезде Әлихан Бөкейханның бастамасына қолдау көрсетіп, майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жігіттеріне бас-көз болу үшін Батыс майданға аттанып, Минск маңындағы әскери қосындарды аралайды. 1917 жылы шілде айында Орынборда өткен І жалпықазақтық құрылтайда құрылған Алаш партиясының қатарына өтеді. Сол жылдың желтоқсан айында өткен П жалпықазақ құрылтайында Алаш автономиясы жарияланып, Мырзағазы Есболұлы Қостанай уезі кеңесінің тұрақты өкілі, кейінірек Алашорда үкіметінің Қостанай уезі бөлімінің төрағасы болады.
Мырзағазы Есболұлы 1929 жылы Қызылорда қаласында Алаштың 44 қайраткерімен қатар тұтқынға алынады. 1938 жылы Ленинградта «үштіктің» шешімімен ату жазасына кесіледі. Оның өзі ғана емес, отбасы, туған-туыстары тоталитарлық жүйенің құрбанына айналады. Сол кездегі әділетсіз саясат, қуғын-сүргін әйелі Рахима Асфендиярованың өзіне қол салуына мәжбүр етеді, балалары Шағатай мен Жаңатай Мырзағазының өтінішімен ағасы Шаяхметтің атына жазылады. Ұрпақтарының айтуына қарағанда, Мырзағазының отыздан артық туысы түрлі деңгейде қуғын-сүргін көреді.
Конференцияда белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай Мырзағазы Есболұлының тергеу ісі жөнінде әңгімеледі. Ол Алаш қайраткерінің уақыттың аласапыран кезіндегі атқарған қызметтерін аса жоғары бағалайтынын айтты.
– Уақыттың қазақ халқы үшін тұтқырлы кезеңдерінде Мырзағазы атқарған істердің біріне мына оқиғаны жатқызар едім. 1930 жылы Ресейде жер игеру, келімсектерді оналастыру, қазақтың артық жерін анықтау жөнінде үлкен пікірталасты басқосу болады. Сонда қазақтар атынан Мырзағазы барады. Ол кезде діннің ықпалы мықты болған, бұл жиынды шіркеу ұйымдастырады. Сонда алдымен синод шығып сөйлеп, христиан діні толық тарау үшін қазақ жеріндегі үш адамның екеуі келімсектер болуы тиіс деген пікір айтады. Осы пікірін қаулыға енгізуді ұсынады. Отырыста Мырзағазы Есболұлы қазақ жерін қорғап сөйлейді. Синодтың «үш адамның екеуі келімсек болуы керек» деген сөзіне қарсы шығады. Қазақ жерін қарау, есептеу керектігін айтады. Соның арқасында синодтың сөзі ары өрлемей, ұсыныс күйінше қалады. Ал шіркеудің бұл отырысты ұйымдастыру себебі 1902 жылы айтылып, кейінге қалдырылған қазақтарды жаппай шоқындыру жоспарына дайындық болатын» деді Тұрсын Жұртбай. Осы оқиғадан-ақ Мырзағазының орыс тілінде есесін ешкімге жібермей, сауатты сөйлейтін білімді, өжет, намысты, жүректі азамат болғаны білінгендей.
Конференцияда Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіндегі «Алаш» ғылыми зерттеу институтының директоры, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлыұлы Мырзағазының П Николай патшаның 1916 жылғы «июнь жарлығына» сәйкес ұлт көсемі Әлихан Бөкейханмен бірге Батыс майдандағы қара жұмысқа салынған қазақ жігіттеріне барып, жүргізген жұмыстары жөнінде айтып берді. Сонымен қатар Мырзағазы Есболұлының конференцияға қатысқан ұрпақтары мен туыстарының арасынан Хакімбек Мәтенов, тағы басқалар сөйлеп, Мырзағазының тарихи тұлғасы туралы айта келіп, ол 1929 жылы тұтқындалғаннан кейін туыстарының көрген азапты өмірінен деректер келтірді. Мырзағазының ағасы Мырзахмет, жеңгесі Қалипа Байгурина, олардың ұлы Әлжан 1929 жылы Карлагте «халық жауы» ретінде атылады. Анасы Жанғайша ұлдарының уайымы мен өзіне тыным бермеген тергеулерді көтере алмай сол 1929 жылы көз жұмады.
Конференцияда Мырзағазының туған жері – бүгінгі Әулиекөл ауданындағы бір мектеп пен көшеге оның атын беру туралы ұсыныстар айтылды. Конференцияның пленарлық мәжілісінен кейін қатысушылар екі секцияға бөлініп, тақырыпты жалғастырды. Алаш ардақтысына арналып ас беріліп, әруағына құран бағышталды.
ҚОСТАНАЙ
Суретте: ортада Ахмет Байтұрсыновтың оң жағында отырған Мырзағазы Есболұлы, сол жағында – Міржақып Дулатов