• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Қараша, 2019

Рухани тұтастыққа арналған жиын

267 рет
көрсетілді

Елордада Қазақстан дінтанушыларының тоғызыншы форумы өтті. Алқалы жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, басқа аймақтардағы дін саласындағы жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, дінтанушылар мен теологтар, жоғары оқу орындары дінтану факультеттерінің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Дәурен Абаевтың айтуынша, дінтанушылар форумы мемлекеттік-конфессиялық қаты­настардың өзекті мәсе­ле­лерін тал­қылайтын ықпалды диалог алаңына айналған.

«Бұл шараға отандық ғы­­лыми-сарапшылар қа­уым­дас­тығы, үкіметтік емес ұйым­дардың және діни бірлестік өкіл­дерінің жыл сайын белсенді қаты­суы ізгі дәстүрге айналып келеді. Бүгінгі форумда талқы­ла­натын тақырыптар да, сіздердің пікірлеріңіз де өте маңызды. Өйткені бұл жиын ең алдымен, азаматтық қоғамның діни экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыстарының рөлін нығайтуға бағытталған», деді министр.

Сонымен қатар министр өз баяндамасында деструктивті діни ағымдардың жақтаушылары азайып келе жатқанын айтты. Бұл үкіметтік емес ұйымдар және оңалту орталықтарымен ынтымақтастықтың нәтижесі екенін атап өтті.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда республикамызда дін саласында 7 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Олар негізінен ақпараттық түсін­діру жұмыстарын жүргізу, дес­труктивті идеяларды ұстанатын азаматтарды оңалту және діни экстремизмге қарсы насихатпен ай­налысады. «Соңғы 3 жылда 78 мыңға тарта әртүрлі шара өткі­зілді. Алайда, алдағы уақытта бұл жұмысты бұдан да белсенді жүр­гізу керек. Жалпы, алдын алу шараларын қысқартып, тәуекел тобындағылармен жұмысты күшейт­кен абзал», деді Дәурен Абаев. Ми­нистрдің атаған тәуе­кел то­бына жұмыссыздар, өзін өзі жұ­мыспен қамтитын азамат­тар, студенттер мен маусым­дық жұмыс істейтін жұмыс­шылар енеді.

Одан кейін министр жыл басынан бері интернет-алаңда 25 мыңға тарта заңға қайшы ма­териал жойылғанын хабар­лады. «Терроризм мен діни экс­тре­мизм идеологиясы насихат­талған 13 мың материалға шек­теу қойылды. Алайда, бұл бағыт­тағы жұмысты әлі де жетіл­діру керек. Қарсы насихат бо­йын­ша әлеуметтік желідегі қолға алын­ған шаралар әлсіз. Жарияланған ма­териалдың форматын қайта қарап, сапаға мән беру керек», деді ол.

Жиында сөз алған Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Терро­ризмге қарсы орталық басты­ғы­ның орынбасары Сергей Швей­киннің айтуынша, Қазақ­станда деструктивті ағымды ұста­на­тындардың саны 20 мыңнан асады. Сонымен қатар ол ХХІ ғасырдың басынан бастап әлем­де 72 мыңнан астам теракт тір­келгенін, оның салдарынан 170 мыңға жуық адамның көз жұмғанын айтты. «Олар көп жағдайда радикалды, діни идеологияның ықпалымен жасалады. Интернеттегі насихаттың нәтижесінде біздің азаматтар да шетелдегі террористік ұйым­дарға қосылып кетті. Радикалды наси­хат­тың қақпанына көзқара­сы қалыптаспаған, діни білімі жоқ, жастық максимализмі басым жастар түседі. Қазақстан­дықтардың «Әл-Каида» лаң­кес­тік ұйымының құрамына кіру үшін Ауғанстанға баруы алғаш рет 2008 жылы тіркелген еді. Бүгінге дейін радикалды топтардың қатарын толтыру үшін 800-ге тарта Қазақстан азаматы елімізден кеткен. Олар негізінен халықаралық террористік ұйым­дардың – ДАИШ пен Әл-Каида, Хайят Тахрир аш-Шам құрамында жүр. Олардың басым көпшілігі деструктивті идеологиялық ағымда болған. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, террористер мен экстремистер дәл сол деструктивті ағымды ұстанатындардың қатарынан шығады. Қазіргі таңда біздің есебіміз бойынша Қазақстанда деструктивті идеологияны ұстанатындардың саны 20 мыңнан сәл асады. Олардың көбі Атырау, Түркістан, Қарағанды мен Ақтөбе облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында. Осыған байланыс­ты біздің басты міндет – діни ахуалды оңалту», деді ҰКҚ өкілі.

Ал Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз деструктивті ағымға ерген азаматтарды радикалды райынан қайтару жұмысы жайында баяндама жасады. Бас мүфтидің айтуынша, қазіргі таңда білім мен тәжірибесі толысқан имамдардың осы бағыттағы жұмыстарының нәтижесінде елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат жат ағымнан бас тартады екен. Сонымен бірге Серікбай қажы Ораз ақсақалдар институтының жұмысын жандандыру мен тарихи жерлерді аралауды қолға алуды ұсынды. Оның айтуынша, осы арқылы халыққа тарихты түсініп, дәстүрлі дінімізді дәріптеуге мүмкіндік ашылмақ.

Пленарлық отырыстан соң форумға қатысушылар діни саланы реттеу процесінде туындайтын негізгі мәселелерді, ақпараттық-түсіндіру жұмы­сын тиімді жүргізу, интернет кеңістігінде радикалды идеологияға қарсы тұру және деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан зардап шеккен адамдарды оңалту мәселелерін талқылады.